Халықаралық опера академиясы болашақ сахна жұлдыздарын қабылдауда

ТЕАТР
472

Astana Opera Халықаралық опера академиясы бірегей шығармашылық жобаға қатысуға үміткерлерді іріктеу үшін өтінімдерді қабылдауды 10 қыркүйекке дейін ұзартты. Әлемнің түрлі елдерінен келетін талапкерлерді байқаудың үш кезеңі күтеді, соның қорытындысы бойынша қазылар алқасы 10 дарынды жас вокалисті таңдап алады. Олар бір жыл бойы еліміздің бас театрының қабырғасында үздік шетелдік және қазақстандық коучтердің сабақтарында өз шеберліктерін шыңдайды.

 

Astana Opera Халықаралық опера академиясының жастар бағдарламасына іріктеу шарты бойынша тыңдауға қатысуға жоғары, орта-арнаулы (аяқталған/аяқталмаған) музыкалық білімі бар 18-35 жастағы үміткерлер жіберіледі. Сопрано, меццо-сопрано, контральто, контртенор, тенор, баритон, бас секілді әншілік дауыстардың барлық диапазон иелері академия тыңдаушылары бола алады. 

Онлайн түрде өтетін бірінші іріктеу турына қатысу үшін түрлі стильге және дәуірге жататын екі арияны орындап, бейнежазбаға түсіріп алу қажет. Екінші тур қатысушыларының рояльдің сүйемелдеуіндегі жанды ән шырқауын тыңдау «Астана Операда» өтеді. Үшінші тур қазан айының басында оркестрдің сүйемелдеуімен театр сахнасында өтеді деп күтілуде. Қазылар алқасының құрамына опера әлемінде танымал вокал ұстаздарын шақыру жоспарлануда.

Тыңдаушыларды құнды білім мен тәжірибеге ие бүкіл әлемнің танымал коучтерінің шеберлік сағаттары күтеді. Халықаралық академия бағдарламасы басты опера тілдерін (итальян, француз, неміс), актерлік шеберлік пен сахна қозғалысын үйретуді қамтиды. Академия солистерінің алғашқы шығарылымына Анна Ванди, Алла Симонишвили, Анатолий Гусев, Дмитрий Вдовин, Барсег Туманян, Франческо Медда, Фернандо Кордейро Опа, Марина Мещерякова, отандық опера жұлдыздары Жұпар Ғабдуллина, Азамат Жылтыркөзов, Талғат Мұсабаев секілді сахна шеберлерімен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Олардың көбі жаңа оқу жылында да академия тыңдаушыларына тәлімгерлік ететін болады. 

«Астана Опера» театрының жетекші солистерімен  Үлкен зал мен К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахналарында өнер көрсету, сондай-ақ концерттер мен кәсіби байқауларға қатысу мүмкіндігі жастар бағдарламасының маңызды құраушы бөлігі болмақ. 

Айта кету керек, Astana Opera Халықаралық опера академиясы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен құрылып, жұмыс істеуде. Бұл академия «Астана Опера» театрының имиджін нығайтуға бағытталған және ол театр дамуының берік негізі болып табылады

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...

Жаңалықтар

Елордада 18 мамыр күні Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жоспарланған концерт ұйымдастырушыл...