Елордада қазақтың үш бәйтерегі Сәкен, Бейімбет, Ілиясқа арналған ескерткіш ашылды. Сонымен қатар, Қа...
Алаштан қалған аманат
Кеше біз «Шаңырақ» орталығының ұйымдастырумен, «Алаштан қалған аманат» тақырыбына арналған рухани-танымдық кездесуге куә болдық. Оқырман назарына сол кездесуден репортаж ұсынамыз.
«Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының сценаристерінің бірі, «Дайағашшы» кітабының авторы, ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалым мен абайтанушы, алаштанушы ақын Ықылас Ожайұлы келеді дегенді естіп, іс-шара болар уақытты асыға күттік. Сағат тілі межелі мезетті соққанда «Шаңырақтан» табылдық. Екі жүз адамдық концерт залы лық толы. Дені – студенттер қауымы. Екі жақ жиекте тізіліп тік тұрған көрерменнің де қарасы мол.
Бір сәтте жарық сөніп, сахнаға «Шаңырақ» орталығының «Шалқыма» қылқобыз үйірмесінің жетекшісі Бөкен жырау көтерілді. Жыр төкті. Балқы Базар жыраудың «Өсиет» термесі кездесудің кіріспе сөзіндей естілді:
...Неше алуан өзгерген,
есітіп құлақ, көз көрген,
әр заманның өзіне,
ылиқты саз болар,
құлазыған далаға,
құладын тұрмас байласаң,
айдында шалқар көл болса,
аққу ұшып қаз қонар,
ақылын таппай іс қылсаң,
қайратқа сеніп күш қылсаң,
айбалтаны мұқалтар,
қайыңда қатты без болар...», – дегендегі ғибрат – ақылын тауып іс қылудың жолы Алаш өнегесінен тамыр тартып жатқандай...
Боздаған қобыз үні көрерменнің көңіл түкпіріндегі сезімді қозғағандай болды. Жырауға деген ыстық ықыластың ұшқыны жүрек жалынын маздатты.
Жүргізуші – ҚЖО Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Жарқынбек Амантайұлы сахнаға көтеріліп, кездесу қонақтарын көрерменнің қолдауымен, қолпаштауымен төрге шығарды. Ықылас Ожайұлы мен Ұларбек Нұрғалымұлы, Алаш тақырыбына тереңнен бойлап, ұлт руханиятына, өнер мен білімге қатысты тағылымды әңгіме өрбитініне іштей сеніп, ықылас білдіріп отырған қауымды тағатсыздандырмай сұхбатты бастап кетті.
Рухани-танымдық кездесудің әлқиссасы «Еліміз жаңа кезеңге қадам басып, саяси жүйеде, қоғамдық санада сілкініс жасауға талпыныс жасап жатқан Жаңа Қазақстанда Алаш идеясын, Алаш ұғымын насихаттаудың маңызы неде?» деген сауал болды.
Бұл сауалға Ұларбек Нұрғалымұлы жауап берді:
– Алпыс екі тамырында қазақ қаны айналып жатқан жұрттың барлығы Алаштың егіп кеткен дәнінен, Алаштың көксеп кеткен арманынан, Алаштың рухынан тамыр алса, оның болашағы да, шын мәніндегі арман-мұраты да асыл болмақ.
Алаш тақырыбы қанша қазсаң, таусылмайтын кен секілді. Және әр қазғаныңда қолыңа ілінетін алтын – асыл әрекеттер, асыл сөздер, асыл істер, сондай ауыр да аянышты, әрі асқақ тағдырлар.
Мен өзім Алаш тақырыбын аса терең білетін, соңына түсіп, шұқшиып, архив ақтарып, шаң жұтып зерттеп жүрген адам емеспін. Бірақ, кино тақырыбына келгенде, қасымдағы режиссер-сценаристермен, тарихшылармен бірге сол том-том кітапты ақтаруға тура келді. Сол кездің әр күнінде көзге лықсып жас келмейтін, көңілді тербемейтін сәт болған жоқ деп айтсам болатын шығар.
Алаш тақырыбын мен, ең әуелі, Ықылас Ожайұлынан еститін едім. Кейін «Алаш деген болыпты, солар бір ел болмақшы болыпты, жиналып бастары құралыпты, ол армандары орындалмай қалыпты, атылып, шабылып, тұқымы тұздай құрыған екен, одан кейін ғана біз 70 жылдан соң Тәуелсіздік алып, өмір сүріп жатырмыз» деген сипатта ғана білетін жұрт көп екеніне көзім жетті.
«Осы елге перзент боп тудым, мен не беріп, не қалдырып кетем?» деген кезде, ештеңеден тайсалмай, қайпай, қайсарлық қылған «Алаштың» соншама білімді, соншама оқымысты адамдарының рухына таң қалып, тағзым етпеске болмайды екен.
«Біреу – жұмыс қылайын десем тұрған жерім жаман дейді, біреу – маңайымдағы елім жаман дейді: бұлардың бәрі де – бос сөз!», - деген Ахаңның өзінің сөзі бар. Жұмыс істеу үшін ең қолайсыз орын, ол – түрме. Сол түрмеде де жұмыс істеуге болады. Түрмеде отырып Ахаң қазақтың ауада жүрген сөздері мен дыбыстарынан әріп жасап, қазақ тілінің теориясын, танымын шеге қаққандай қылып, ғылыми айналымға түсіріп кеткен. Бір мемлекет жасайтын еңбекті бір өзі жасап кеткен тұлғаның дидарын бүкіл қазақтың үлкен-кішісі білмеуі, бойына Ахаңның бір мысқал болса да қасиетін жұқтырып, елге қызмет етпеуі – ұлт болашағын бұлыңғырлататын тұман деп айтуға болатын секілді, – деді Ұларбек Нұрғалымұлы.
Жастар ақыннан өлең сұрады. Ақын: «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының достығына, татулығына ырза болған жұрттар: «Ахаң мен Жақаңның достығын берсін!» деп бата беретін болған екен ел ішінде. Бұл да – тарихта қалған бір өнеге. 1935 жылы сонау қиыр шеттегі Сосновец лагерінде қайтыс болған Міржақыптың қазасын естіген Ахаңның «Аза күйі» деп жазған жырым еді», – деп:
«Жарығым-ай, Жақаным-ай, жарығым,
Мына күннің ауырын-ай, ауырын.
Қайғы шоғы тамырымды қуырып,
Іртік-іртік іріп жатыр бауырым...», - деп басталатын өлеңін оқыды. Жастар ұйып тыңдап, Ахаңның сөзі осындай болса, болған-ау деп, тебірене тыңдады. Өлеңнің мына бір жолдары тіптен елжіретіп жіберді:
«...Шыдатпайды көңілдегі шер-күйік,
Өз ішіңнен жау шыққаны – ең күйік.
Өзің күйіп – ұлт ісі үшін күрессең,
Күреспесең, қауым күйіп, ел күйіп...»
Бұдан кейінгі:
«...Сен бар кезде заңғар таудай екенмін,
Сен жоқ кезде шөгіп қалдым шоқыдай...», – деген жолдар қос арыстың айнымас сертін, бір-біріне демеу, тіреу, сүйеу бола білгенін әйгілей түсті.
Ақын Ахаң боп ақтырылып келіп:
«...Қандай ауыр бізді туған замана,
Мен де жетіп қалғандаймын жағаға.
Ел басына тисе болды еркіндік,
Біздің өмір сол күндерге садаға!», - деп бір-ақ тоқтады...
Қошемет көрсетілді... Залдың тұс-тұсынан «Беу, шіркін!», «Бәрекелді!» деген дауыстар естілді.
Иә, арыстар аманаты – солардың өмірінің өтеуіне бізге тиген еркіндіктен қадірлі, асқақ не бар екен мына дүниеде?!
Өлеңнің әсерін Алаш жайлы әңгіме жалғап әкетті. Жүргізушінің: «Ықылас аға, «Алаш» идеясының мән-мазмұны туралы өзіңіз жиі айтып жүресіз. Алашты ел қылсам деп жұдырықтай жұмылған жандардың дені жастар болғаны анық. Олардың «Мен жастарға сенемін» деп қалдырған аманатын тәуелсіз елдің жастары, тізгін ұстаған азаматтары қалай арқалап жүр? Осы турасында айтып өтсеңіз...» деген сауалы орынды әрі дәл қойылғандай болды.
Ықылас Ожайұлы:
«Алаш» – байтақ тақырып, көл-дария тақырып. «Алаштың» мемлекеттік мазмұнын, «Алаш» идеясының негізгі құрылымын түсіну үшін мына дүниені айтпай кетуге болмас. Қазақ елі тәуелсіздікті қалай алды? Қандай негізде алды? Қандай саяси себептердің тінінде болды?
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін ала алмас еді, егер, 1936 жылы КСРО құрамынан кез-келген сәтте бөлініп кете алатын одақтас республика санатына көтеріле алмаса. Ленин «Одақтас ел кез келген сәтте бөлініп кете алады» деген деклорацияға қол қойды. Деклорацияның негізін Алаш арыстары қалап, қол қойдыртып алған болатын.
Бұл деклорацияға қол жеткізе алмас еді, егер, 1920 жылы Қазақ мемлекеті автономиялы республика болып құрылмаса.
Автономиялы республика болып құрылмас еді, егер, 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылмаса.
Ал, Алашорда үкіметі партия болып құрылмас еді, егер Алаш интеллегенциясының – Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов секілді серкелері болмаса...
Бүгінгі Қазақстанның саяси құрылымының негізгі тіні – тікелей «Алаш» партиясымен жымдасып, қойындасып жатқан ұғым. Ал, өкінішке қарай біздің, Қазақстанның тарихын, Тәуелсіздіктің тарихын тек 1991 жылдан бері қарай тарататын қателіктерге, келте пайымдарға ұрынып қалған жағдайымыз болды.
«Жаңа Қазақстан» қабырғаға шаптап қоятын әріптердің ғана түзілімінен тұратын сөз емес. «Жаңа Қазақстанға» жаңа сана керек, жаңа ар-ұят керек, жаңа мазмұн керек. Сонда ғана «Жаңа Қазақстан» ұғымының мәні мен мағынасы ашылады.
Біз «Алашқа» мерейтойлар өткізетін, ескерткіш орнататын, көше атауын беретін ұғым ретінде қараймыз. «Алаш» даталы сәттерде ғана айтылатын ұғым емес. «Алаш» – 62 тамырыңда, жүрегіңде, ар-ұятыңда өмір сүретін ұлы болмыс.
Өкінішке қарай, бізде Жаңаөзен оқиғасы болып жатқан кезде «Алаш» ұғымы еске түспейді, әділетті сайлау болып жатқанда «Алаш» ұғымы еске түспейді, нешетүрлі әділетсіздіктер орын алып жатқанда «Алаш» ұғымы еске түспейді.
Осыдан бір-ақ ғасыр ілгері уақытта, тарихи деректер 25 мың ұлт зиялысының жер үстінен жер астына сапар шеккенін айтады. Бұл дегеніңіз бір ұлттың ойлау формасына, оның сапасына үлкен дегродация тудырған, қиянат жасаған дүние.
Ал, Әлихан, Ахмет секілді тұлғалар сіз бен біздің белімізден тумайды, рухани хәлімізден туады, мазмұнымыздан туады, ішкі желігімізден туады.
Одан кейін, Большевиктік идея пайда болды. Әлиханның тілімен айтсақ, орыстың етегінен жем жеген мертік пен шартықтар пайда болды. Жағымпаздан – жандайшап, тексізден – құл-құтан, зинақордан – зұлым ұрпақ туды. Кеңестік зиянның тұрпаты пайда болды.
25 мың зиялымызды жоғалтқаннан кейінгі хәлімізді, Абайдың өлшеміне салып айтатын болсақ, «Еденица кеткенде, не болады өңшең нөл. Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел»...
Елді ел қылатын – тұлға. Адамзаттың тарихы деген – тұлғаның тарихы. Бір ғасыр бұрын біз сондай тұлғаларымыздан айырылған елміз. Сол ваккум әлі толған жоқ...
Қазір бізде Абайдың атын, «Алаштың» атын пайдалану деген белең алып кетті. Солардың есімін жамылып, қылмыс жасау деген әдет бар. Тендер жеу... Шынын айту керек, шын Алашшыл қайсы, өтірік Алашшыл қайсы, айыра алмай, өте қиын жағдайға түстік.
Әлихан да, Ахмет те сіз бен біздің мүсіркеуімізге мұқтаж емес. Нағыз мүсіркейтін адам – сіз бен біз. Біздің алаяқтығымыз, біздің кісілігіміздегі кемістік, біздің жемқорлық. Олар бүгінгі күнде өмір сүрсе де, сол жолды, сол принциптерді таңдайтын еді деп ойлаймын.
«Алаш» идеясы қағазда ғана өмір сүретін ұғым емес, ол біздің қанымызда өмір сүретін, әрекетімізде өмір сүретін ұғым болуы керек. Күн сайын аттап басқанда қозғалыста болатын ұғымдар болуы керек», - деді Ықылас Ожайұлы.
Бұдан кейін әңгіме кино тақырыбына ойысты. «Үлкен тақырыпқа қалам тербеудің, ауқымды тақырыпты қозғап, тарихи көркем фильмге сценарий жазудың салмағы қандай?», деп сауал тастады Жарқынбек Амантайұлы.
Бұл сауалға Ұларбек Нұрғалымұлы былай жауап берді:
«Кейінгі уақытта тарихи киноларға көңіл бөліне бастады. Осыдан үш жыл бұрын «Хабар» телеарнасында «Абай жолы» деген сериал шықты. Романның қалай, қандай қиындықпен жазылғанын, 1-2-томы шыққаннан кейін, қалған екі томның жарыққа шыққанға дейін, Әуезовтың 10 жыл не істегенін, қалай түрмеге түскенін, одан қалай құтылғанын және Құнанбайдың, Дәркембайдың образдарына байланысты өзгерістерді қалай енгіздіргенін, Кеңес үкіметінің ұлы суреткердің қаламының ұшын қисайтып, өзінің идеологиясын сіңіруге қалай күш салғанын көрген кезде, сондай ауыр азаппен жүріп осыншама ұлы туындыны қалдрып кеткен Мұхтар Әуезовтың ерлігіне қайран қаласыз.
«Осындай сериал түсіріледі» деп режиссер Мұрат Есжан келген кезде, шынымды айтсам, жүрексіндім. Өйткені адамзаттың Абайының аузына сөз салу, сөйлету, оны бүкіл елдің көруі; Бүкіл қазақтың тілтанымын түгендеген Ахаңның ауызына сөз салу, Мұхтар Әуезовты сөйлету, атқан оқтай жазуының өзі ғажайып дүние Міржақыптың аузына сөз салу деген – естігеннің өзінде маңдайым тершіп кететіндей жауапкершілігі үлкен дүние еді.
Соның үдесінен шығудың жолдарын жан-жақты қарастырдық. Сонда бір әдіс таптық. Бұл тұлғалардың барлығы қағаз бетінде қалған шығармасы бар адамдар. Абайдың біреумен қарапайым ғана екеуара сөйлескен сөздерінде, абайлап отырып, өлеңінің ішінен, қара сөздерінің ішінен, сөздерді екшеп-екшеп пайдаландық. Жазба тіл мен ауызекі тіл бір-біріне келе бермеуі мүмкін, бірақ соны қабыстыруға тырысып, кейіпкерлерді сөйлеттік. Абайдың кейбір сөздерін «Менде Абай сөзінің мәдениеті бар» деп айтатын Мұхтар Әуезовтың аузына салдық.
Бұл – кейіпкер тілінің ғана мәселесі. Одан кейін тұлғаның қайшылықты өмірі бар. Тарихты тізбектей берсе, ол деректі фильмнің жүгін арқалап қалғандай болып шығады. Көркем фильм мен деректі фильм екеуі – кереғар дүние. Екеуінің басын қосып, ортасынан бір дүние шығару деген – қиынның қиыны. Тұлғаның тағдырын, болмысын сомдап шығу да оңай дүние емес.
Халық көрсе, жақсы қабылдаса, көңілдерін білдірсе, сол дүниелердің керемет шыққанынан емес, сол тұлғаларға деген халықтың махаббат-сағынышының молдығынан деп есептеймін», – деп, бір түйіп, әңгіме ауанын ән тақырыбына аударды.
«Біз эстрадалық ән, би дегенге көбірек үйреніп қалғанбыз ғой, – деген Ұларбек Нұрғалымұлы ұлттық болмыстың дәстүрлі әнмен астасып жатуы керектігін баса айтты. – Халықтың ашу-ызысы болады. «Сол қайдан шығады?» деп талдау жасаймыз әңгіме арасында. Адам дәмі тәтті, бірақ қуаты жоқ тамақ жейді. Сол тәтті тамақты қанша жесең де, бойыңа даритын нәр болмағандықтан, қарының қайта-қайта ашады, тағы тамақ жеуге тіленіп тұрғандай болады. Бірақ, қуаты жоқ тәттілер тәбетіңді жауып тастайды.
Сол секілді, қазақтың дәстүрлі әні, күйі, термесі, жаңа Бөкен қобызбен айтып кеткендей жыры адамның шын мәніндегі өзінің адамдық мазмұнын толықтырып тұратын дүниелер еді, солардың көзі бүркемеленіп қалды.
Бұл кездесуде эстраданың әні болмаса да, Ықылас қазақтың әнін шырқайды», – деп кезекті Ықылас Ожайұлына ұсынып, қолына домбыра ұстатты.
Осы сәтте менің ойыма мынадай сөз келді:
Біз эстраданың есірігіне емес, есті адамның есіл үніне сусап жүр екенбіз...
Ықылас Ожайұлы сөзін: «Мен әннен бұрын, жастар туралы ойымды сабақасам деймін», – деп, Алаш тақырыбын тағы бір мәрте алға алып шықты.
«Алаштың» маған тигізген әсері қандай болды? Мен үшін Алаш кім? Егер бойымда титтей бір кісілік болса, титтей бір принциптер болса, қысқа күнде қырық құбылмаудың титтей бір әрекеті болса, сол Алаштан жұқты деп білем.
Мен «Парасат», «Құрмет» деген сыйлықтардың омырауға ғана тағылатын темір-терсек емес, Парасат пен Құрмет деген ұғымдардың адамның кеудесінде өмір сүретін, принциптерінде өмір сүретін ұғымдар екенін түсіндім.
Мен Алаштың арқасында құлдық пен қорқақтықтың, еркін адам ұғымының не екендігін, кез-келген дүниені демократиялық негізде түсіну керек екендігін, адамзаттық өлшемде, адамзаттық контексте қарау керектігін, әсіре ұлтшылдықтың елді жарға апарып жығатындығын түсіндім.
Мен Алаштың арқасында социалистік казармадан шыққан, соның қайшысына оталған бүгінгі интеллегенцияны ешқандай зиялы деп атамау керектігін түсіндім.
Өйткені шын зиялының нарқын бізге «Жаңаөзен оқиғасы», «Қаңтар оқиғасы» көрсетіп берді...
Біз «Алашты», Алаштың идесын – кандидаттық диссертация қорғайтын, шенге жететін, шекпенге жететін жол ретінде қарайтын болсақ, қатты қателесеміз. «Алашты» тану – мұрат, «Алаштық» танымға жету әр қазақ баласының парызы болуы керек.
Мағжан «Мен жастарға сенемін» дегенде, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жастарға ғана сенемін деді. Біз арыстандай айбаттымыз ба, жолбарыстай қайраттымыз ба, қырандай күшті қанаттымыз ба? Әуелі осы мәселені біліп алайық, осы критерилер орындалғаннан кейін барып, Мағжан ақынның сеніміне лайық боламыз.
Құр «Болашақ жастардың қолында» деген сөз бола ма?!
Сіз бен біз сол жастарға не істей алдық, қандай атмосфера қалыптастыра алдық? Мемлекеттік мазмұнға бойлай алатын деңгейге жеткізе алдық па? Аға болып біз не істей алдық? Мәселе осы тұрғыдан болу керек.
Біз Мағжанның суретін, өлеңін қабырғаға жабыстырып қойсақ, Алаш деген сол деп ойлаймыз. Жазылған әріппен, салынған суретпен, тұрғызылған ескерткішпен ештеңе бітпейді», – деді Ықылас Ожайұлы.
Ақын Алаш жайлы ойын өлеңмен өрнектесем деп, жыр оқуға кіріскен сәтте менің ойыма мынадай сөз келді:
Қазіргі ағаларымыздың «Мен жастарға сенемін» деген сөздері шарасыздықтан шыққан дәрменсіз үн секілді. Бұл «сенім», ел болашағының дұрыс болуына ықпал ету өздерінің қолынан келмеген соң, өз уақытында жарытып жасаған ештеңесі болмаған соң, жауапкершілік жүгін көтере алмай кейінгіге арта салу, өзінен ары итере салу секілді.
Ықылас Ожайұлы оқыған «Алаш» деген өлеңдегі мынандай шумақтар бізге ерекше әсер етті:
Олар...
...Шаттығы шанақтан күй болып өрекпін,
Қайғысы қобыз боп мұң шаққан.
Найзасы жасындай жарқылдап,
Жаңбырдай сіркіреп жебесі
Жауына тіл қатқан
Дұшпанын теп-тегіс жусатқан,
Бабасы тәрізді,
Даласы секілді аумаған...
Өлең әнге жалғасты. Әуелі халық әні «Бір бидай арпа» әні шырқалды. Халық «Бәрекелділеп!» бір әнді жұп қылды. Екінші кезекте Әбідірахман Асылбеков пен Мэльс Өзбековтың «Келші, айым» әні шырқалды.
Әсем ән әсерлі әңгімеге ұласты. Қазақтың ән салу мәдениетімен бірге ән тыңдау мәдениеті жоғары болғандығы, айтушыдан тыңдаушының парасаты биік, түсінігі терең болағаны жөніндегі сөзді Ұларбек Нұрғалымұлы баяндады:
«Қазақ баяғыда әнді қалай тыңдаған екен? Қалай сезінген екен?» деген ой туған.
Қазіргі әндердің мәнінін білесіздер ғой, «Ақ қайыңның түбінде, жігіт пен қыз кездесті» деген секілді, жеңілдің жеңілі ме, жеңілдің қаңбағы ма, сондай әндерді тыңдап құлағымызды тоздырып жүрміз.
Баяғы әндердің бір қатар жолы айтылып қалған кезде, сол жолдың мән-мағынасына тыңдап отырған адамдар тойып қалатындай еді.
Мысалы, жалпақ жұртқа әйгілі «Баянауыл» әніндегі:
«Баянауыл басында балалы құр,
Бір сөз айтам, ей қалқа, мойныңды бұр.
Ауылыңның тұсынан ән салғанда,
Ақбоз үйге сүйеніп қара да тұр», дейді. «Неге ақбоз үйге сүйеніп...» деп ойлайтынмын.
Солтүстік өңірде аты әйгілі болған Нұржан Наушабайұлы:
«Көкен-ай, қиылған қас екен-ай.
Ақбоз үйге сүйенген,
Біздің де қалқаш екен-ай», – дейді. Бұның да қалқасы ақ боз үйге сүйеніп тұр екен.
Ал атақты Балуан Шолақ «Ғалия» әнінде:
«Ойда тұрып Ғалия,
Ақбоз үйге сүйенгенде...», – дейді. Содан бұның барлығы неге ақ боз үйге сүйеніп тұр екен деген ой келеді.
Бұның жауабы мынандай екен?
Ақбоз үйге сүйену – қазақ тұрмысында көбінесе қыздарға байланысты екен. Бала күнімізде үйге сүйеніп тұрғанда үлкендер «Немене зарығып тұрсың, үй арқаламай, бар ары» деп ұрсып жіберетін. Үйге сүйену – сағыну, зарығу, қимастық сынды көкірек толы күрсіністі білдіреді.
Қазақ қызының елден ерек бір болмысы азамат ерге қанша ғашық болса да, оны ашық, жария айтпаған. Қыз қадірінің қымбаты да солай сақталып, мәңгі биік қалпында қала берді. Сондықтан да қазақ «қыздың үндемегені – келіскені» дейді. Демек оның әр қимылы маңызды, әр әрекетінде тіл бар тылсымға толы ғажайып әлем. Енді, жігіт те осыған сай сөйлеуі тиіс екен.
Ақбоз үйге сүйенген қыздың жайын айтқан жігіт қалқатайдың жүрегінің аңсары өзіне ауып, оның да зарығып жүргенін жеткізіп тұрған жоқ па? Иә, жігіт қызға ғашық екен, ал, қыз жігітті ұнатты ма деген сауалға мақтанышты жауабын осылай айтады. Әрине, әлемде жоқ сөз әдебі бұл. «Ол да маған өлердей ғашық, сындырдым» демейді. Қол жетпес қия шыңдағы қыз қадірін сол биігінен түсірмей, оның тек жалғыз ғана әрекет, қылығын көрсету арқылы диалогтың екінші жағындағы сөзді ашып береді. Мінеки, ай мен күндей аруды ақбоз үйге сүйендірген жігіт сөзі осылай өріледі.
«Қыз Жібек» фильмін қарап отырып, бір көіріністі көріп қалған кезде мен орнымнан секіріп тұрдым. «Шектіні шауып кел десем, бір шүйкебасына алданып қайтып келіпсің» деген Базарбай ұлына ризалығын бермей, жіпсіз байланып киіз үйде жалғыз жатқан Төлеген бір кезде шаңырақтан аспанға қарайды, қиқулап ұшып қаздар кетіп барады. Бұл режиссердің Төлегеннің енді кешігуге болмайтынын, Қыз Жібектің күдері үзілмесін десе аттану керектігін есіне салғандай ерекше көрініс. Иә, жігіт тағатсыз екенін көрдік. Ал, қыз не күйде? Ендеше, қараңыз! Қиқулап бұлтқа сіңіп кеткен қаздардан кейін камера бірден Қыз Жібекті табады. Мұңлы, сағынышты, зарыққан бейнеде ақбоз үйге сүйеніп тұр! Арғы жағы мұнартқан тау, қыз үкісін тербеген мазасыз желдің ызыңына Нұрғиса Тілендиев қосқан баяу ғана мұңлы музыка... Режиссер дәл осы бейнені тапжылтпай 20 секунд ұстап тұрады. Жібектің сағынышты, қамырықты күйін айтуға еш сөздің қажеті жоқ, керек десең сөз қуаты жетпес қамырықты күйін осылайша қапысыз көрсетеді. Көзін төмен салып әлденеше рет ауыр-ауыр күрсінеді... Міне, қаншама рет көрсе де әлі күнге дейін қазақ біткенді экранның алдына қайта «таңып» тастайтын «Қыз Жібектің» бір құпиясы! Онда қазіргі күнде өзіміз де түсіне бермейтін, тек түйсігіміздің терең түбінде көзі жылтырап жатқан ым, ишара түсініктерін түртіп өтетін көріністер молынан. Біздің жан жетпіс жеті атамыздан келе жатқан осындай азыққа шын семіріп, шын қуана алатынын, бізден үнемі осындай рухани азық сұраумен болатынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Сол азығы табылғанда жан рахат күй кешеді. «Қыз Жібекті» қырық рет көрсек те жалықпайтынымыздың сыры да осында болса керек...
Бұдан кейін Ұларбек Нұрғалымұлы «Бір бала» әнін талдап, «Талдан таяқ жас бала таянбайды...» және «Бала бүркіт түлкіден аянбайды» деген жолдардың мәніне үңілді. Бұл әңгімелер «Дайағашшы» кітабында шұрайлы тілмен, шырайлы кескінмен берілген. Есті оқырман кітаптан оқып алса, мүлдем басқа әсерге бөленері сөзсіз.
Ұларбек Нұрғалымұлының ән тыңдау мәдениетіне байланысты мына бір сөзі де ерекше әсерлі шықты:
«Біржанның «Бурыл тайы» бар ғой, сол ән «Таңбасы жоқ, ені жоқ бурыл тайды» деп бастағанда тыңдаушы шалдар: «Ой, пәлі-ай!» деп тебіреніп тыңдайды. Олар бурыл тайдың қыз екенін, таңбасы жоқ дегені оның қалыңы берілмегенін, ені жоқ дегені құдалық айттырылмағанын – бірін-бәрін біліп отыр.
«Сағасы өткел бермейді терең сайдың» – дегені ғашық жолындағы кедергілер екенін біліп бір тебіренеді.
Ал, «Құба жонға шоқытып шыға келсем,
Жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың» дегенде шалдар, «Әй, қап, әй деп сандарын бір-ақ соғады екен.
Қазақ әнді осылай тыңдаған екен, осылай қабылдаған.
Қазақ: «Тыңдаушысы ықыласты болса, айтушысы шешен болады» дейді ғой. Тыңдаушы жұрт айтушыдан шыққан энергияны өзіне сіңіріп отырған кезде, әнші әуелетіп, аспандатып, делебесі қозады, Абай айтқандай әсем ән «құлақтан кіріп бойды алады».
Ал, қазір біздің халықтың осындай үлкен дүниесін, мол мұрасын құйып алатын ой-қазанымыз тарылып бара жатқан секілді, асыл дүние асып төгіліп бара жатқандай көрінеді. Біздің әндерімізді тірілтетін ой-қазаны кең тыңдарман», - деп тоқтады Ұларбек Нұрғалымұлы.
Осы сәтте жас өнерпаз Тәттімбет Жасқайратұлы Тұрсынғазы Рахымовтың Мұқағалидың өлеңіне әуелеткен «Қазағым-ай» әнін шырқады.
Жоғарыдағы есті сөз Тәттімбет ән салып тұрғанда, санамда мынандай ойды сәулелетті:
Құр айқай – ән емес. Тәттімбет секілді, біздің көп әншіде әннің мазмұн-мәніне үңілу, бойлау жоқ. Әнші әннің табиғатын, өз болмысына сіңіруі керек. Әнші бойына сіңген ән оның дауысынан да, жүзінен де шуақ шашып тұрады.
Ал, біздің әншілер ән орындап тұрғанда бетінің қимылымен әннің мінезін, эмоциясын бермейді. Керісінше олар көзімен көрерменді шолып, кім қалай қарап отыр деп «интерес» қуып тұрады. Бұл тек Тәттімбетке ғана қатысты сөз емес...
Әннен кейін кездесудің шеуші кезеңіне аяқ бастық.
Бұл кезеңде көрерменге «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалынан бірнеше үзінді көрсетіліп, «Ол эпизодтарда режиссер не айтқысы келді, сценраистер жазған сөздің ишарасы не, астарындағы асқақ ой қандай?» деген сауалдарға жауап берілді.
Әуелі 1-сериядан үзінді берілді: Міржақыптың 1911 жылы Қызылжандағы мектепте бала оқыту сабағынан көрініс. Шәкірттер «Оқымысты бала» әңгімесін талдауда. Міржақып сабақты «Оқығандар қазақтың тұрмысынан, өмірінен ажырамауы керек. Әйтпесе күлкіге қалады һәм жетесіз болады» деп қорытындылады.
Ұларбек Нұрғалымұлы:
Бұны ашық мәтін деп айтсақ болады. Сценариді жазған кезде тұлғаның қай қырына көбірек мән береміз деген ой болды. Сонда, оқыған қазақтың қазақы болуы деген ең негізгі мәселе алға шықты. Сол оқыған қазақтың Міржақып екенін алға тартқымыз келді. Бүгін де сан түрлі бағдарламалармен шетелдерде оқып келіп-жатқан жас азаматтарымыз көп. Солар қазақылығынан айырылып жатыр. Осы мәселеде оқыған адамның Міржақыптың бойындағы болмыстан үлгі алуы керек деп ойлаймын.
Келесі 3-сериядан үзінді берілді: Алаштың ел қорғайтын ерлерінен әскер жасақталып, қазақ жастары оқу-жаттығу жасап жатыр.
Міржақып ат үстінде сөйлеп тұр: «Қазір айналаның бәрі ылаң. Әлі жеткен білгенін істеп жатыр. Мұндай қым-қуыт заманда закон жоқ, жол жоқ, қорғалайтын пана жоқ. Әркім өз-өзін қорғайды. Әуелі өлмеске, екінші мал-мүлкімізді талауға бермеске қолдан келер күшімізді, ісімізді сарп етер күн туды. Азаматтар, күш қайратты ұлт үшін аямай жұмсайтын орын осы. Мақсұтымыз – ұрпақ қамы. Ұранымыз – Алаш!».
Ұларбек Нұрғалымұлы:
Алаш әскерінің тарихы өте күрделі. Олардың мақсатын өздеріңіз білесіздер. Осы көріністің соңында Алаш әскері далада қонып жатады. Сол кезде кадрлар аспандағы самсаған жұлдыздарға өтеді. Сол жұлдыздар – қазақтың көгіндегі алаштың жұлдыздары, тұлғалары деген ым-ишараны бергіміз келді.
Келесі 5-серияның соңындағы көрініс: Міржақып жүз жылқының ішінен таңдаған жүйрігі Алагөзбен қоштасып барады.
Міржақып Алагөздің сілекейін орамалына жағып алып: «Кері заманға тап келіп, ұлы дүбір, бәйге көрмей, бауырың бір жазылмай қор болып кеттің-ау, жануарым. Алагөзім, мың жылқымен жарыссаң да маңдайың жарқырап жалғыз келеріңе бәс тігер ем», - деп қоштасады.
Бұл көріністің мәнін ашып, сөйлей бастағанда-ақ Ұларбек Нұрғалымұлының көмейіне жас кептеліп, дауысы булығып барып шықты:
Бұл көріністі жазған кезде көзге жас іркілген жағдайлар болып еді. Міржақыптың ауызымен Алагөз атына айтылған осы сөз – шын мәнінде Міржақыптың өзіне қатысты айтылған сөз. Аяғында тұсау, қолында кісен, адымын аштырмаған заман...
Міржақыптың қазақы болмысын, жан-дүниесін көрсету үшін сериалға жылқыны қосып едік. Міржақыптың бойында жүйрікті танитын көшпендінің түйсігі болған. Ол оқып қана осындай тұлға болған жоқ. Шынымен Алагөз деген аты болған. Кейін ол сценарий жазу барысында бір кейіпкерге айналып кетті.
Міржақыптың қазасын білдіртіп, лагерьден киім-кешегі келгенде Алакөз қорадан есікті бұзып шығып, ен далаға жалғыз шауып кетеді. Бұл көрініс – азапты өмірдің құрсауын бұзып шыққан Міржақыптың рухы деп түсінуге болатын шығар...
Келесі әңгіме желісін Ықылас Ожайұлы жалғады.
Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деген әйгілі бір сөзі бар. Шынымен Потанин қазақ жеріне келген, көрген. Қазақ даласының құрағы гүлдеп тұрған, бұлағы сылдырап ағып жатқан. Соның барлығы сыңғырлап әуез шығарып тұрған. Содан бізден Ақан шыққан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Естай шыққан...
Федор Моргун деген жазушы «Тың туралы ойлар» деген кітап жазған. Тың игеру жылдарында қазақтың тұтас даласындағы топырақ аударылып қалды. Топырақпен бірге қазақтың түсінігі, танымы аударылып қалды. Сол кітабында Моргун айтады: қаншама көкқасқа бұлақтар бар еді, солардың көзі бітелді, қаншама гүлдердің күлтесін шаң басты... Табиғатымыз бұзылды. Тың иегеру деген трагедия Семей полигонынан бір мысқал да кем болған жоқ.
Табиғат өзгерген соң біздің тағдыр да өзгерді, әннің құрылымы да өзгеріп кетті.
Тілі өзгерген адамның түрі де өзгереді. Гумилев: «Бір әріптің өзгеруі бір ұлттың антропологиялық бет-пішінін толығымен өзгертіп жібереді» , - деген. Қазақта бұрын 26-ақ әріп болған. Одан кейін 42 әріп пайда болып, қазақтың түр-тұлғасын түгелімен өзгертіп жіберді. Адамның тілі өзгергенде ән де, әуез де өзгереді. Бұл – үлкен мәселе.
Ән жайлы ойын осылай сабақтаған Ықылас Ожайұлы, келелі кездесуді: «Әр қазақ баласының сүйгені – Алла. Сүйенгені – әділет. Қорқынышы – надандық. Қорғайтыны – азаттық. Ауруы – Абай болуы керек деп ойлаймын», - деп түйіндеді.
Халық қошеметтеп ән сұрады. Шәмшінің «Ақ маңдайлым» әні және «Асыл еркем» әндері шырқалды.
Кездесу барысында лэд-экраннан «Алаш айтқан асыл сөздер» беріліп отырды. Сол асыл сөздер кездесуде айтылған әңгімелердің, ойлардың маңызын арттыра түскендей болды:
«Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек»; «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы»; «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта, адамы құрымай, жоғалмайды...», - деген Ахмет Байтұрсынұлының сөздері;
«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейханның сөзі;
«...Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң,
Үйренерсің, іздеп көрсең – қалмасаң.
Қу өнерді, бу беліңді, жегер сал,
Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң...», - деген Жүсіпбек Аймауытұлының сөзі;
«Үкімет халыққа таянып іс қылуға тиіс. Үнемі үкіметке сүйенген халық ілгері баса алмайды» және
«Етемін үміт жастардан,
Жаңа гүл шашқан бақшадай.
Мұрадын оңай кім табар,
Жар салып жұртқа қақсамай?
Халыққа,жастар,басшы бол!
Қараңғыда жетектеп.
Терең судан өтер ме,
Мың қойды серке бастамай?», - деген Міржақып Дулатұлы сөздері жігерімізді жаныды, миымыздың қатпарларында маужырап жатқан ойларды қозғады...
Кездесу соңында Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан сөз алып, тағылымды шараның өскелең ұрпаққа берер өнегесі мол екенін атап өтіп, «Екі сағаттық кездесуде осы отырған жастардың ішінен екуі екі ауыз сөз ұғып, ой түйіп кетсе біздің мақсатымыздың орындалғаны», - деді.
P.S:
Өзіміз де санамызды сілкінтіп, бойымызда бұлқынған еркіндіктің бұла күшін сезім ерекше тебірендік. Өзіміз шақырған студенттердің бірі WatsApp желісіне: «Шақырған қонақтарда келелі ойдың кені жатыр екен. Уақыт ұзағынан болса, әлі талай дүниенің басын ашып сырласуға лайық жандар. Бірақ, бізге «жақсы болды, керемет болды» деген сөздермен шектеліп қалуға болмайды. Өйткені, актуальды тақырыптар қозғалды. Айтылған әрбір сөз біздің оны әрмен қарай қозғап, талқылауымызға, және оны жылы жауып қана қоймай әрі қарай өрбітіп, өзегін ашуға сеп болуы тиіс деп ойлаймын, өз басым», - деген хабарлама жазып жіберіпті. Қуанып қалдық... бұл кездесуден оймақтай ой түйген ойлы жастар көп болуға тиісті...
Репортажды жүргізген: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,
«Найзатас» журналы