«Эмми-2021» сыйлығының номинанттары жарияланды. 73-ші марапаттау рәсімі 19 қыркүйекте Ло...
«Шығармашылық еркіндік» деген ойына келгенін істеу ме?
Мен 16.01.2023жылы кешке «Түркістан» газетінің сайтынан Мақсат Тәж-Мұраттың «Бұл – Мәншүктің әруағын қорлау» деген мақаласын оқыдым. (https://turkystan.kz/article/210397-maksat-tezh-murat-bul-menshuktin-eruagyn-korlau/). Онда ғалым, жазушы бауырымыз есімі елге мәлім Баян Алагөзованың басшылығымен түсірілген «Мәншүк» телесериалын тас-талқан етіп сынапты. Сөзіміз жалаң болмас үшін посттан сәл ықшамдап үзінді берейік.
«Алғаш түсіріледі деген хабар шыққанда қуандық. Десек те, айналдырған төрт-бес айда түсірілгеніне қарап, ішіміз қылп ете қалған. Бекер қауіптенбеген екенбіз. Украиндардың «Скоро робят – слепых родят» дейтін мәтелінің кері келіпті де қойыпты. Асығыс қимылдан ақаулы бала туыпты.
Біріншіден. Телесериалдық Мәншүк бейнесі сондай дөрекі. Айналасына ылғи зікірлі, қабағы ашылмайды. Тіпті алғы шепке кинохроника түсіруге келген киногерді жаққа шапалақпен бір тартады. Бірақ майдандастары, құрбы-құрдастары, үй-іші, ағайын-тума қалдырған естелік-деректердің бір де біреуінде Мәншүктің біреуге қол көтеру былай тұрсын, орынсыз ашу шақырып, дөрекі сөйлегені айтылмайды. Біз олардан қазақтың ана көрген, зипа мінезді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, ретті жерде ақжарқын, әзілге де жүйрік қызын көреміз» деп бастаған автор одан ары «сценарист көптеген оқиғаларды өз еркінше, ойдан құрастырған» деген өзінің сөзіне толып жатқан дәлел-дәйек келтіреді.
«Атымның сыры өзіме мәлім» дейді қазақ. Баян ханым осыдан бұдан біраз жыл бұрын да «Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу» ғашықтық эпосы жайлы телесериал түсіріп, оның алғашқы екі сериясын көруге шыдамымыз зорға жеткен біз сол кезде ол туындының махаббат-намеге үш қайнасы сорпасы қосылмайтыны жайлы мақала жазуға мәжбүр болған-тұғынбыз. Соны еске алып, кеше ютубтан бұл телесериалдың да алты сериясын асықпай көрдік.
Бірден айтарымыз, Тәж-Мұраттың «көптеген оқиғаны өз ойынан құрастырған» дегені сыпайы сөз, дәл атауы, автор бір оқиғаға байланысты келтіргендей, «шылғи өтірік». Себебі, фильмде бір де бір оқиға шындыққа жанаспайды. Жанасатыны – кейбір кейіпкердің аты-жөні мен оқиға, шайқас болған жерлердің атауы ғана. Телехикая мүлдем Мәншүк жайлы, Мәншүктің ерлігі жайлы емес, майдан шебіндегі Мәншүк пен Авдотьев деген кинохроникер, Комбат (фамилиясы айтылмайды), және соғыстан соң, 1969 жылы «Мәншүк туралы ән» деген сәтсіз кинофильм түсірген Мәжит Бегалиннің арақатынасы жайлы! Киноның басында аға сержант Мәншүктен шапалақ жеген капитан Авдотьевтің «халық жауының» қызының үстінен жазған арызы, Комбаттың ойнақтап жүріп оқ тиген капитанға қосып Мәншүкті алғы шептен тылға жібергісі келуі, капитанның кетпей қасарысуы жайлы. Алты сериялы фильмнің соңында бар-жоғы алты минуты ғана соғыс шайқасына арналған. Басты «қаһарманның» біреуі Авдотьевтің есімі Мәншүкке байланысты ешқандай құжатта кездеспесе, Мәжит Бегалин 1942 жылы ауыр жараланып, елге қайтып кеткен. Ал, оқиға 1943 жылы 10-15 қазанда болған атақты Невель шайқасында орын алған. Фашистер жағынан таңдаулы бес атқыштар двизиясы, екі танк армиясы, кеңестер жағынан бес жаяу әскер, үш атқыштар дивизиясы, екі танк бригадасы қатысқан, қала қолдан қолға өткен алапат айқастың тағдырын подполковник Комбат бір өзі жоспарлап, бір өзі шешіп тастай салады...
Мәншүк жайлы телесериалда ол қанқасап баталияның исі де жоқ, шайқас алты-жеті минутта тынады, онда жуырда Президент Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілген мерген, бір өзі 341 жаудың көзін жойып, «Әлемдегі ең атақты 100 мерген» қатарына қосылған Ыбырайым Сүлейменовтің аты да аталмайды. Сериалда қазақ ұлтынан бар болғаны төрт кейіпкер жүр, қалғаны ыңғай славян ұлтының өкілдері. Тіпті Мәншүкті ағасындай қамқорлаған рота аспазы Жолдас Алпысбаевтың орнында Мәншүкке темекі беріп «қамқорлайтын» Степан есімді кекілді ұлттың егде өкілі жүр. Және ол тек өз тілінде сөйлейді...
«Бұл – тарихи шындықты көпе-көрінеу бұрмалау: Алматыдан майданға аттанған құрамының 96 пайызы қазақ болған бригаданың құрамында «Ажал аңғары» мен Великие Лукидегі қырғыннан кейін де қазақ жауынгерлері аз болмаған (3410 адамның 1753-і қазақ, 1108-і орыс, 132-сі украин және т.б.). Пулемет батальонындағы (пулбат) қазақ пулеметшілері де аз емес-ті: пулеметтен атуды Алматыдағы әскери дайындық барысында-ақ жетік игеріп алған сержанттар – Өтепберген Есімбеков, Төлепберген Байбаев, Жаманбай Исабеков, Жүніс Бегалиев, Сайман Жәңгіров, Қабылдай Есекеев, Болатбек Асылов, Оразкен Мусин, Тыныштық Жаманқұлов, Садыр Бейсенов және Шаяхмет Тойбаевтар (біздің бейтолық есебіміз бойынша жиырмадан асады) басқарған пулемет бөлімшелері мен расчет-есептері майдан даласында арыстанша алысқан. Мәншүк расчётінің өзінде екі қазақ болған: Мәншүктің өзі, онымен Алматыдан таныс Тілеубек Мұқашев және екі орыс, екі украин. Сондай-ақ пулемет баталонының басшылығындағы бірқатар маңызды орынды қазақ офицерлер иеленгенін де айта кетуге тиіспіз, мысалы, батальонның штаб бастығы Қақабай Сүлейменов, батальон командирінің орынбасары Қалиасқар Қабделенов, батальон партия ұйымының жетекшісі Абдуллаев. Сценарийші шамалы құнт қылса, бұл деректердің қай-қайсысын да ашық дереккөздерден қиналмай тауып алар еді» дейді М.Тәж-Мұрат.
Телехикая сәйкессіздікке тұнып тұр. Невель шайқасы дейді жазу, яғни, 1943-жылғы қазан айының ортасы, ал экранда жайқалған жаз. Мәжит Бегалиннің біресе оң қолы, біресе сол қолы жаралы болып, таңылып жүр. Қайта-қайта көретініміз ұйықтап жатқан Мәншүк. Қайта-қайта аяғын суға салып, көлдің жағасында отыратын Мәншүк. Комбат Мәншүкті мақтап, капитан Авдотьевке «бұл сендей екі-үш еркекке татиды, бірнеше жүз фашисті жойған» дейді, ал соғыстың исі де сезілмеді. Фильм алты серия болған соң, және қатардағы көп пулемпетшінің бірі емес, біз алпысыншы жылдары мектепте оқып жүргенімізде «Қаракөз қазақ қызы Мәншүк батыр, Орнатқан дұшпанына заманақыр»» деп әнге қосатын, аты аңызға айналған батыр қыз туралы болған соң, қашан шайқас басталғанын көргің келіп отыруы заңдылық. Ал, экранда сөз, сөз, сөз. Бітпейтін-қоймайтын жалаң, пафос сөз! Оның бір де біреуі іспен дәлелденіп, бекітіліп тұрған жоқ. Есесіне кейіпкерлер қайта-қайта кинокамераның алдына келіп әңгіме, естелік айтады. Бұл шығармашылық топтың өзінше енгізген жаңалығы болса керек. Сериалдың соңғы жағында жалығып, ұйқы буатыны сондай, «киношниктер-ау, қайда Мәншүктің айқасы, қайда Невель шайқасы?!» деп айқайлағың келіп кетеді...
1969 жылы М.Бегалиннің «Мәншүк туралы ән» деген кинофильмінде майданның алдыңғы шебінде жүрген қойды, оның қозы туғанын көрсеткенде «қазақтың қойсыз өмірі жоқ» дегілері келді ме, бұл не сұмдық деп ренжіп едік, енді мына жерде тағы да қой. Тағы да оның қозы туғаны. Мәншүк оны бір солдатқа беріп жатып «амандығына басыңмен жауап бересің!» дейді. Дәл сол эпизодты 1969 жылғы фильмнен көшірмесе болмады ма?..
Ұлттық кітапханадағы Мәншүкке қатысты соғыс ардагерлерінің деректі кітаптарынан бастап мақалаларға дейін 600-ге тарта құжаттардың бәрін мұқият саралап, қазақтың қаһарман қызы жайлы терең да жан-жақты сараптама жасалған 445-беттік «Мұз бен жалын жыры» деген қазақша, «Анатомия героизма» деген орысша екі кітабы 2022 жылы жарық көрген М.Тәж-Мұраттың телесериал туралы тоғыз беттік көлемді сын мақаласына Баян ханымның 17.01.2023 ж. жазған жауабын ықшамдап берейік:
Құрметті Мақсат Тәж-Мұрат мырза! Мен - Оралдың қызымын. Апамыздың ерлігі мен өжеттігін үлгі етіп бой жеткен қазақтың қызымын. Ол жайлы туынды түсіру бірнеше жылғы арманым болғанын да жасырмаймын.
Енді сынға келетін болсақ. Біз деректі фильм түсіріп жатырмыз деп, 100 пайыз тарихи шежіре дайындаймыз деп те хабарламадық. Көркем фильм, жалпы көркем шығарма деген дүниенің жанрлық ерекшелігі - автордың қиялына ерік бере білуінде (бұл жерде және ары қарай қарайтқан біз – Ө.А.).. М.Мәметова жайлы бірнеше зерттеуді, биографиялық естелік пен көркем шығарманы түгел оқып шықтық(?). Арасынан бізге келіңкірейтін эпизодтарды алдық, кейбір оқиға мен кейіпкерді ойдан құрастырдық. Басты мақсат - өскелең ұрпақ қызыға тамашалайтын, отансүйгіштік пен достыққа, сенім мен сезімге толы ерекше дүние жасау.
...Деректі фильм мен көркем фильмнің жанрын ажырата алмайтындардың сөзіне қалатынымыз да өкінішті. Бірақ қалың көпшілік үшін тарихи фактке қарағанда актерлік ойын, әдемі кадр мен әуезді музыка маңыздырақ(?!).
Кезінде сынға ұшыраған Мәжит Бегалин түсірген фильмді білмейтін қазақ жоқ. Сол сияқты біздің туынды да өз көрерменін (бүгінгі таңда 1,5 млн адамға жуық) тапты. Ендеше шалғайдағы Минскке барып(?), күн демей, түн демей жасаған жұмыс өз миссиясын орындады», – дейді Алагөзова.
Біз не дейміз, Баян не дейді?
Бұған не деуге болады? Осы телесериалды бір талқылау кезінде жазушы Қойшығұл Жылқышиев "Түсірушілер бәрін көркем дүние заңдылықтарына апарып саяды "деп еді. Айтқаны айдай келді: Баян Мақсатқызы жауабында бастан-аяқ "Біздікі деректі дүние емес, көркем фильм, ал жалпы көркем шығарманың ерекшелігі — автордың қиялына ерік бере білуде "деп, бет бақтырмапты. Ия, ол рас, егер әңгіме өмірде болмаған, ойдан алынған адамның өмірі жөнінде болса, не бас кейіпкер өз атымен емес, айталық, Мағира Махметова деген атпен алынса. Ал мұнда Мәншүк Мәметова деп тұр, яғни, халық өмірін жақсы білетін, кітаптан оқып, хабарлардан тыңдап, көріп өскен тарихи тұлға жайында. Демек, қандай көркем шығарма болса да тарихи деректілікке негізделуі тиіс. Екіншіден, Мәншүк жайында ештеңені ойдан шығарып қажеті жоқ: оның деректерде таңбаланған ғұмыры мына ойдан шығарылған дүниеден әлдеқайда тартымды да мәнді.
Баян Мақсатқызы сын мақала авторына жауабында "Сіздің Мәншүк биязы, қой аузынан шөп алмайтын, талдырмаш ару болса, біздің Мәншүк —батыр "деп кекетеді. Мәншүк — Тәж-Мұраттың да, Мақсатқызының да Мәншүгі емес, ол Қазақтың Мәншүгі. Қазақ қызының бүкіл қасиетін —батырлығын да, әйел жаратылысына тән нәзіктігін де бойына бірдей жиған тұлға. Ия, Мәншүк өжет, қайсар болған, бірақ өзінің көзі жеткенін ғана орындамай тынбайтын қайсар ол. Бір деректе ғана оны аяп, алғы шепке жібергісі келмеген бір командирге қатты-қатты сөз айтып тастайды, ал бұдан өзге ашуланшақтығы, адамға қол көтергендігі жөнінде бірде-бір мәлімет жоқ. Баянның ойынша, Мәншүк — қарсы келген еркекті салып жібере алады екен, демек, батыр. О, тоба, осындай да түсінік болады екен-ау... Мұны көрген өзге жұрттың өкілдері қазақ қыздары жөнінде не ойлайды, зиялы әке-шешенің тәрбиесін көрген қыздары мынадай, өңгесі бұдан өткен дию шығар демей ме.
Осыдан кейін Баянның «Мәншүк туралы жазылғанды түгел оқып шықтық» дегеніне сенудің өзі қиын.
Бізге осындай фильмдер керек пе?
Бірден кесіп айтарымыз – керек емес! Неге? Себебі, бұл батырлыққа, Баян ханым айтқан «отансүйгіштікке» жетелейтін телехикая емес, жемқорлыққа, бюджеттің ақшасын қалай тезірек «бөліп жеуге» ғана үйрететін зиянды фильм. «Көшпенділердің» сценарийін Р.Ибрагимбековке жаздырған едік, бұл жерде сценарийді Федотов деген біреу жазған. Актерлер шынайылықты талап ететін кинода емес, шарттылықты талап ететін театрда ойнап жүргендей, өз рөліне бойлай алмаған, бір де біреуінің ойыны көңілдің қылын шертпейтін, жүрегіңді дір еткізіп, тұла бойыңды дүр сілкіндіре алмайтын, жасандылығы көзге ұрып тұрған шығарма. Зуһраның Мәншүгі де жан алып, жан беріп жатқан шайқаста да ұран сөздерді айқайлаумен болады. Кім сенеді оған?
Изоча стансасы үшін болған 1943-жылғы 15-қазандағы айқас 5-6 сағатқа созылған, 5-6 серияға жүк болатын, әр сағаты, әр минуты заманақырға айналған айқас. Биік төбедегі 3 пулеметтің екеуінің сарбаздары, Мәншүктің де жауынгерлері қаза тауып, оның бір өзінің үш пулеметке кезек еңбектеп жүріп жауды бірнеше сағат бойы өткізбеуі, нағыз шебердің қолында «Оскардың» 10 аталымына ұсынылатын, әлемге қазақты танытатын фильм болып шығар еді. Алдымен басынан, сосын қолынан жарақаттанған, ақыр соңында бір аяғы терісіне ғана ілініп қалған Мәншүк оқтары таусылып, жауға қарсы мылтықтың найзасын алып, қоян-қолтық ұрысқа әйгілі мерген Ыбырайым Сүлейменов бастап шыққан жауынгерлерді қорғау үшін зіл батпан пулеметті ашық жерге сүйреп апарады-дағы, соңғы оғы таусылғанша атысады. Міне, бес күнгі шайқастың осы апогейін шынайы түрде көрсете білуіміз керек! Ұрыстан соң сарбаздар Мәншүктің пулемет тұтқасына қарысып қалған қолын аша алмаған. Ал, Мәншүк жанын сақтағысы келсе, оқ-дәрісі таусылып, амалсыздан шегініп бара жатқан солдаттармен бірге шегінуіне мүмкіндігі бар еді. Оған «позицияңды тастама!» деген бұйрық та берілмеген болатын. Пулемет батальонының командирі оның өзінен бұрын қаза тапқан. «Жүр бізбен» деген қаруластарына «мен сендерді қалқалап, қорғап тұрмасам, сендер шығып кете алмайсыңдар» деп, өз еркімен қалып қойған.
Бізге шынайы соғысты шынайы көрсететін, нағыз қазақтың серкелерін іріктеп жинап алып түсіретін фильм керек. Ал, мына фильмді әзірге Бас прокуратура, Мәжіліс депутаттары ерінбей көріп, сосын бірлесіп, Мәдениет министрлігі халық қазынасының неге мұншалықты ұстағанның қолы, тістегеннің аузында кетуіне жол бергенін, «Хабар» телеарнасының бұл неткен елдің есебінен жасаған жомарттығы екенін тексеруі тиіс. Тексеріп қоя салмай, бәрі бүгін «әділ боламыз», «Жаңа Қазақстанды құрамыз» деп ұрандап жүр ғой, соны іспен көрсетіп, ең болмағанда Батыр қызымыздың бейнесін мазаққа айналдырғандарды, оның әруағын қорлағандарды жауапқа тартуы, шыққан шығынды, ең алдымен моралдық шығынды солардың есебінен қайтарып алуы тиіс.
Адам баласына келер бәле неден?
Бұндай киноны көрген соң «благими намерениями вымощена дорога в ад, добрыми делами – в рай» деген афоризмді еске түсіру ғана қалады. Өйткені, өмірде әрбір ізгі ниет (шынайы ізгі ниет болғанның өзінде) игі іспен аяқтала бермейді. Оны В.Черномырдин деген саясаткер «хотели как лучше, получилось как всегда» деп сипаттаса, М.Шаханов ағамыз бүркіттің тұмсығын «қисайып қалыпты ғой» деп, кесіп түзулемекші болған бір байғұс кемпір жайлы өлеңімен тұйықтаған. Дана қазақ «қолың көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» дейді, «аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дейді.
Ал, Наполеон: «Адамзаттың басына келетін бәленің бәрі әр адамның өз орнын тауып отырмауынан» деген. Шырағым, Баян, қазақтың тілін білмейтін, тілін білмеген соң оның қисса, ертек, аңыз-жырын білмейтін, жырын білмеген соң оның сырын, жанын білмейтін, мұңын түсінбейтін, болмыс-бітіміне бойлай алмайтын жан болған соң, қазақтың қасиетті қисса- жырларында, күллі әлемге үлгі ететін батырларында нең бар? Қазақ екі некелі болған әйелге тіпті жаңа түскен келіншекті қолтықтатпайды. Одан-дағы қолыңнан келетін іспен – әнші қыздарды дайындаумен, оларды әдемі, сұлу болуға баулумен, түк таппасаң жігіттердің көңілін қалай тауып, қалай олармен қыдыруды үйретумен айналыссайшы..
Өмірзақ Ақжігіт
Қазақ үні