6 сәуірден бастап Қазақстандағы мектептер қашықтан сабақ беру форматын іске асырады. Осы орайда төрт...
Сапалы білім беруді өмірлік ұстанымына айналдырған ұстаз
(Айман Омарқанқызы жайлы шәкірттік лебіз)
Қаншама заңғар тұлғалардың ізі қалған, қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өзіндік орны бар қайраткерлерді үлкен өмірге қанат қақтырған Семей мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға қабылданған кезім... Өмірдің жаңа бір белесіне қадам басқаннан кейін көңілімде алаң бар. Оқу корпусының дәлізінде жаттаған өлеңдерін қайталап, қолдарындағы кітаптарына бар ынтасымен берілген факультетіміздің жоғары курс студенттерін көріп, тіптен алаңдай бастағанымыз жасырын емес. Мұның сырын өзіміз кейін 3 курсқа аяқ басқанда ұғындық.
Аталған курста «1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы» пәні оқытылды. Дәрістің алғашқы күнінде-ақ оқытушымыз – филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Омарқанқызы екі семестр бойы оқитын 100 роман мен жаттайтын өлеңдеріміздің тізімін ұсынды. Оқыған романдарымыздың мазмұнын біліп қана қоймай, романдағы әр детальға мән беруді үйрендік. Себебі оқыған романымыздың кез келген тұсындағы, оқып отырып аса мән бермей кететін жайттарды білмей қалсақ, көлемді романды оқығанымызды ұстазымызға дәлелдей алмай қалатын жайттар да болып тұратын. Ұстаз ретінде алдындағы шәкіртіне жоғары талап қоя білетін қаталдығы мен әр шәкіртіне мейірімі төгіліп тұратын аналық махаббатты бір бойынан табылатын Айман Омарқанқызымен таныстығымыз осы тұста басталды.
Ұстаздық тұлғасын өзіме үлгі тұтқан Айман Омарқанқызымен байланысым осы кезден бастап үзілген емес. Ғылым жолына аяқ басқан сәтімнен бастап әрдайым ақылын айтып, тілектестігін білдіріп отырды.
Айман Омарқанқызы ұстаздығымен қатар, қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына да өзіндік үлесін қосып жүрген ғалым. Қазақ әдебиетінің тарихына қатысты жазған еңбектерінің республика көлемінде танылуы осы сөзімізге дәлел.
Айман Омарқанқызының педагогикалық және ғылым саласындағы жетістіктері ескеріліп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша «ЖОО үздік оқытушысы» атанды.
Айман Омарқанқызы бүгінде отбасының ғана емес, бүкіл бір әулеттің ұйытқысы болып отырған ұлағатты әже, өмірлік серігін ардақтай білген адал жар, ибалы ұл, инабатты қыз тәрбиелеген аяулы ана. Мерейлі алпыс жасқа толып отырған ұстазым Айман Омарқанқызына жазарыңыз әлі де таусылмасын, зейінді шәкірттеріңіз көп болсын деген ізгі тілегімді білдіргім келеді.
Мөлдір Аманғазықызы,
Еуразия гуманитарлық институтының доценті,
PhD (философия докторы)