Қадыр сарайының сәтті қадамдары немесе бір жылдағы белестер

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
1844



Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында жүзеге асырылып жүрген «Елеулі есімдер», «Жұлдызды отбасы» және «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» секілді жобалар көпшілікке етене таныс. Аталған жобалар аясында орталықта бірқатар әдеби-мәдени іс-шара өткізілді. 

Бірлігі жарасқан ұжым түрлі шараны облыстық, республикалық деңгейде ғана ұйымдастырып қоймай, 2022 жылы шекара асып, Қырғызстанға барып қайтты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі шығармашылығының өзге елде де насихатталып жатқанын естігендер әлеуметтік желілерде «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымына алғыс жаудырды. Он күндік сапар аяқталған соң Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өнерпаздарды арнайы қабылдап, ризашылығын білдірді. Өнер иелеріне және ұжымды қолдап, жайлы автобуспен қамтамасыз еткен «UNISERV» ЖШС басшысы Нұрғазы Сәтбайұлына алғыс хат табыс етті. Қырғызстан Республикасындағы Бішкек, Талас қалаларында, Ыстықкөл аумағында өнер көрсеткендер осындай сапарларға алдағы уақытта да аттануға дайын. 

Орталық директоры Бауыржан Халиолла бастаған «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы Қырғыз телерадиокорпорациясының студиясында қонақ болып, «Қырғыз радиосының» тікелей эфирінде сұхбат берді. Концерттік бағдарламаға қатыса алмағандар Қайрат Кәкімов, Жаңылсын Хасанова, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Жансая Мусина секілді көшпелі ұжым мүшелерінің өнерін сол елдің телеарнасынан тікелей эфирде тамашалады. Жалпы Қадыр ақынның бай мұрасын ұлықтауды басты мақсат қылған орталық үшін 2022 жыл табысқа толы болды. 



– Ақын мұрасын насихаттау – шайырын шын қадірлеген жұртшылықтың еншісінде. Дүйім елге белгілі ақынның беделін аласартпай, биікке көтеріп келе жатқан орталық қаншама белестен өтті. Шығармашылық ұжым бүгінде өңір тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып келеді. Ұжым жұмысы сәт сайын жанданып, тың жобалармен толығуда. Мәселен, «Елеулі есімдер» жобасы аясында мәдениет, білім, денсаулық және басқа да салаларда бірнеше жыл бойы тер төгіп, біраз тәжірибе жинаған жандармен кездесу кештері өтті. Ал «Ауылдағы ардақтылар» жобасы ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Бұл жоба адал еңбегімен, игі істерімен, жомарттығымен һәм қарапайымдылығымен жерлестерінің алғысын арқалап жүрсе де, аты өңір тұрғындарына бейтаныс азаматтарды дәріптеуге арналады. «Жұлдызды отбасы», «Тасада жүрген таланттар» секілді жобалар биыл да жалғасын табады. Орталықтың фейсбук, инстаграм, твиттер әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына жедел әрі нақты ақпараттар жүктеліп отырады. Істелген жұмыс нәтижесін youtube бейнехостингіне де орналастырамыз. «Қадырцентр» жеке сайты іске қосылып, «Уайтмеджик» студиясы жүйелі жұмыс жүргізіп отыр, – дейді Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары Талғат Мықи. 

Орталықтың 150 орындық концерт залы бар. Әр апта сайын сол жерде әдеби-сазды кештер өтеді. Ақын-жазушылар, мәдениет майталмандары, еңбек ардагерлері Қадыр сарайында тұрғындармен қысылмай-қымтырылмай емін-еркін сұхбаттасады. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мәжіліс залында да түрлі шаралар ұйымдастырылады. Төменгі қабатта суретшілердің көрмесі орналасқан. Облыстағы қылқалам шеберлері ай сайын көркем картиналарын көпшілікке ұсынып, бір-бірімен пікір алмасады. 

Айта кетейік, «ЕЛЕУЛІ ЕСІМДЕР» – ең керемет жоба. Олай дейтін себебеміз, осы жоба аясында өткізілген кездесу кештеріне студенттер көптеп келеді. Олар есімі елге белгілі аға-әпкелерінің ақыл-кеңесін, қызықты оқиғаларын тыңдап, ой түйіп, сабақ алады. Былтыр Әленғали Керейтегі, Жанай Амантурлин, Сәрсенғали Бисенғалиев, Асқар Рақышев, Азамат Шынаров, Жәкен Омаров, Тілес Жазықбай, Хатимолла Бердіғалиев, Донеділ Қажымов, Бауыржан Ғұбайдуллин, Ұлдай Сариева секілді танымал тұлғалармен кездесу кештері өтіп, көрермендер ерекше әсерге бөленді. 

Орталық мамандарының мәлімдеуінше, балалар жылына орай «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты Мұқағали Мақатаев шығармаларын мәнерлеп оқу байқауы, облыстық «Самал» газетінің 20 жылдығына арналған «Баспасөз – бала көзімен» атты әдеби-сазды кеш және халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Бар мейіріміміз балаларға» атауымен мерекелік шара ұйымдастырылған. Шараға Орал қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы қонаққа шақырылған екен.

Қазақстан Суретшілер, Күйшілер, Жазушылар және Айтыскерлер Одағы тарапынан ұйымдастырылған біраз шара осы орталықта өтеді. Қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының мерейтойларына арналған кештер оздырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ұлттық мерекелері аталып өтіледі. Сонымен қатар Қадыр орталығына келген қадірлі қонақтарды мамандар ерекше ілтипатпен қарсылап, сый-құрмет көрсетеді. Қадыр Мырза Әлі оқыған кітаптармен, тұтынған заттармен, жалпы орталықта атқарылатын жоба-жоспарлармен таныстырады. 

Ақын атындағы әдеби-мемориалдық кабинет екі бөлімнен тұрады. Сөрелердегі Қадыр ақынның жеке кітапханасынан алынған 6767 кітап осы орталықтың ең маңызды, ең құнды қазынасы. Бірінші бөлім тарихи тұлғаларға, өңіріміздің әдебиеті мен мәдениетіне арналған. Өңірімізге табан тіреген өзге ұлттың ұлы тұлғалары жайлы мәліметтер де осы бөлімде орналасқан. Мұражайдың ең негізгі бөлігінде Қадыр ақыннан қалған мұралар қойылған. Бала Қадырдан дана Қадырға дейінгі өмір жолынан сыр шертетін көптеген ақпаратты осы бөлмеден табуға болады. 



Қадыр ақынның замандас досы, қаламдас сырласы, белгілі ақын Жанғали Нәбиуллин атындағы бөлменің есігі оқырмандарға әрдайым ашық. Сөрелерде Жанғали Нәбиуллиннің жеке кітапханасынан алынған кітаптар орналастырылған. 

– Қадыр сарайында халықтық «Әже сәлемі» ансамблінің бөлмесі ашылды. Осыған дейін де ансамбль іс-шараларға белсене араласып, өнер көрсетті, салт-дәстүрімізді насихаттады. Біз «Әже сәлемін» қолдауға қашанда әзірміз. Бұдан бөлек, орталықта Шерхан Талап, Асылан Тілеген, Айбол Исламғали секілді Алматыдағы әдеби ортаны мойындатқан, бүгінде үлкен-үлкен байқау-фестивальдерде алдына жан салмай жүрген жас ақындардың «Аңсаттың Жайық...» атты кеші өтіп, мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шыққан кітаптарының тұсауы кесілді. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Нұрлан Сәдірдің «Жынданбау үшін күлемін» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Өлкетанушы, жазушы-журналист, ақын Қайыржан Хасановтың туғанына 80 жыл толуына орай «Жырлайды Жайық...» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Жүрсін Ерман жүргізді. Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы мен Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының ұсынысымен Орал қаласындағы «Көктем» шағынауданында орналасқан №47 жалпы орта білім беретін мектепке Қадыр Мырза Әлінің есімі берілді. Жыл соңында өңіріміздегі жас қаламгерлердің қатысуымен «Жайықтың қаламгер жастары» атты қорытынды кеш өтті. Аталған шаралардың басым бөлігі жергілікті демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды, – дейді Талғат Жұмабекұлы. 

Орал қаласындағы сөз қадірін терең түсінуге ұмтылған оқушылардың басын қосатын танымал айтыс ақыны, «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусина атындағы өнер мектебі де осында. Танымал балетмейстер, «Қазына» би ансамблінің жетекшісі, атақты хореограф-ұстаз Талғат Ғатауовтың та өнер мектебі Қадыр орталығында жұмысын бастап, жас таланттарға жол ашуда. Өңірімізге танымал жас әнші Ерлан Қуанышевтың орталық жанындағы соңғы үлгідегі музыкалық құрылғылармен жабдықталған «Дауыс RECORDS» дыбыс жазу студиясында көптеген әндер өңделіп, жарыққа шығып жатыр. 

Өткен жылы қараша айында Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла мен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Қажғалиев екі мекеме арасындағы шығармашылық-ынтымақтастық байланысты жандандыру туралы меморандумға қол қойды. Екі жақты келісім нәтижесінде Қадыр орталығы жанынан құрылған «Дала дидары» ұжымы кеңейтіліп, этно-топ болып қайта жасақталмақ. Ұлттық музыканы, сондай-ақ Қадыр ақын шығармашылығын насихаттауға бағытталған, республикаға белгілі өнер иелерінен құралған этно-топ алдағы уақытта облысымызға қарасты аудандарға, өзге өңірлерге, сонымен қатар шет мемлекеттерге шығармашылық сапармен шығуды жоспарлап отыр.

2022 жылы желтоқсан айында бұл ұжым мәдениет және өнер саласы үздіктерін марапаттау кешінде «Үздік мәртебелі мекеме» аталымын жеңіп алды. Сонымен қатар былтыр орталық директорының орынбасары Сәуия Темірова, режиссер Сандуғаш Қайырғалиева, әдіскер Мәди Сабыров «Батыс Қазақстан облысының үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісімен, бас есепші Нұрсәуле Шатекова, мәдени-ұйымдастырушы Айнұр Ділмұхашева, әдіскер Аииза Шуканова «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және дыбыс режиссері Мейірхан Аюпов Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Қадыр орталығы биыл да осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізетін болады. Алдағы уақытта сурет және қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылмақ. «Қадыр жолымен...» жобасы аясында Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын насихаттау мақсатында құрылған «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы (этно-топ) Түркия еліне, Астана, Алматы қалаларына және республикамыздың өзге де өңірлеріне барып, түрлі әдеби-мәдени іс-шаралар өткізбек ниетте. Сонымен қатар «Көрісу айт» мерекесіне арналған «Көктемнің басы – көрісу» атты республикалық ақындар айтысын және қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Сағат Әбдуғалиевтің туғанына 75 жыл толуына орай «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның...» атты облыстық жыр мүшәйрасын өткізу жоспарлануда. 

Сәуия ТЕМІРОВА, 

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы директорының әкімшілік-шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

– Бұл орталық 49 маманды жұмыспен қамтып отыр. Шығармашылық жұмыс, ақпарат, есеп және шаруашылық бөлімінің мамандары ауызбіршілікпен жүйелі жұмыс істеп, нақты нәтижеге қол жеткізуде. Орталық 2015 жылы маусым айында ашылды. Мен бұл мекеме ашылмай тұрып, сол жылы мамыр айында орталық әкімшісі ретінде жұмысқа орналастым. Директордың әкімшілік-шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары ретінде қызмет атқарып жүргеніме 2 жылға жуықтап қалды. Ақын атын ардақтауды басты мұрат еткен Қадыр орталығы сол мүдденің жолында жұмыстана бермек.

Мейірбек БИСЕНҒАЛИЕВ, 

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының мәдени-ұйымдастырушысы:

– Қадыр орталығына жұмысқа орналасқаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Қоғамның жан-жақты дамуына ықпал ететін мәдениет саласында тер төгіп жүргеніме шын қуанамын. Орталық ұжымынан үйренерім көп. Рухани байлығымызды, мәдени мұраларымызды сақтау, насихаттау бағытындағы жоба-жоспарлардың жоғары деңгейде жүзеге асырылуына атсалысып, өңіріміздегі қаламгерлердің, зиялы қауым өкілдерінің кездесу кештерін көптеп ұйымдастырмақ ниеттеміз. Мәдениеті биік елдің мәртебесі де биік. Қадыр сарайындағы қызу жұмысқа бірден араласып, кіл кәсіби мамандардың, тәжірибелі тарландардың ақыл-кеңесін тыңдап, шыңдалып келемін. 

Мақсат ТҰЯҚ,

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының дизайнері: 

– Мен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында 2019 жылдың қазан айынан бері дизайнер ретінде қызмет атқарамын. Дизайнер деген ұғымның өзі түрлі салаға бөлінеді. Мәдени шаралардың афишасын, шақыру билетін және түрлі баннерлерді жасаумен айналысамын. Менің негізгі қызметім осы. Афиша, шақыру билет жасау үшін шығармашылық қиял немесе шабыт керек деп есептеймін. Әрбір шара сайын әртүрлі дизайнда жұмыс көрсетеміз. Кеш иесінің шығармашылығымен, өмір жолымен танысамыз. Небір сапасыз фотосуреттерді жаңғыртып, сапалы қызмет ұсынуға тырысамыз. Суретті өңдеу, суретке түсіру – бала кезімнен хоббиім. Ал сүйікті іспен шұғылдану – өмірлік мақсатым. Шығармашылықпен айналысатын адамды алғыс қанаттандырады, алға жетелейді. Орталық басшысы Бауыржан Ергенұлы «Мақсат – біздің орталықтың генераторы» деп еді. Бұл мен үшін үлкен құрмет және жұмысыма берілген баға. Ақпарат бөлімінде қызмет ету, тікелей әлеуметтік желімен жұмыс жасаудың өзі қазіргі таңда қиынның қиыны. Өйткені күн өткен сайын көпшілікті таңқалдыру, назарын аударту қиынға соғып жүр. Осы тұрғыда аянбай еңбек етуға әркез дайынмын. 


 Материалды дайындаған Марлен ҒИЛЫМХАН


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...