Бүгін Ораза айттың алғашқы күні

Жаңалықтар
1540

Барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті әрі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы басталды.

Бүгін Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, бес парыздың бірін орындаған жандар ауыздарын ашады. Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтады. 

Ал Ораза айттың негізгі шарттары қандай?

 Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) осы мейрамды қалай өткізді? 

Тарихи деректерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Айттың мән-мағынасына келсек, Айт - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталады. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз - намаз оқу», - деген. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қалдырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы - мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың - араларыңдағы өшпенділікті жояды», - деп өсиет еткен. 

Ораза айт мерекесі шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады. Ол күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, мешітке - айт намазына хош иісті болып бару - Пайғамбары-мыздың (с.ғ.с.) сүйсіне жасайтын амалынан еді. Сондықтан да, бұл амал мұстахаб саналады. Себебі, бұл қасиетті жұма сияқты көпшілікпен ашық-жарқын араласатын күн. Жұма күні қандай амалдар сүннет болса, айт күніне де солай. Осы айтқа байланысты тағы бір сүннет амалы жайында хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын еді», - делінген. Бұл да әрбір мұсылман үшін сүннет. Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар, жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналады немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды. 

Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан - береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі еркшеліктері - адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. 

Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді. Қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке - Ораза Айт баршамыз үшін құтты болсын! 

Туған Отанымыз - Қазақстанымыз бейбітшілік пен татулықтың құшағында өсіп-өркендеп, ана тіліміздің мәртебесі арта берсін, ислам діні қанатын кеңге жая берсін! Қазақстандағы әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін!

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...