Көне және заманауи хореография үйлескен айрықша кеш

ТЕАТР
896

Бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі әлем – XIX және X ғасырлар өздерінің  оқиғаларымен және жаңалықтарымен қызықтырады. Бұл дәуірлердің көрінісін өнердің көптеген түрлерінен байқаймыз, дегенмен пластика тілінде сөйлейтін балет уақыт беталысын неғұрлым дәл жеткізеді. XIX ғасырдағы көне балет – М.Петипаның хореографиясында Л.Минкус пен Э.Дельдевездің «Пахитасы» мен ХХ ғасырдағы заманауи балет – В.А.Моцарттың музыкасына И.Килианның хореографиясындағы «Алты би» 5 ақпанда «Астана Опера» сахнасында таныстырылады. 

Балет тәсілдері мен бағыттарының бұлай әдемі үйлесуі көпшілікке бұрынғы замандардағы бишілердің мүмкіндіктеріне уақыт машинасынан қарағандай назар салуға мүмкіндік береді. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова әрдайым көпшіліктің талғамын қалыптастырып, көрермендер аудиториясын біліммен байытатын, керемет эмоциялар сыйлайтын қызықты бағдарламалар құрады. Бұл кеште «Астана Опера» симфониялық оркестрін Арман Оразғалиев басқарады. 

«Пахита» балетінен дивертисментті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова, халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Тарланов, «Астана Опера» балет труппасы, сондай-ақ Қазақ ұлттық хореография академиясының тәрбиеленушілері орындайды. Людвиг Минкустың музыкасына «Пахита» балетінен осынау ауқымды классикалық паны алғаш рет Мариус Петипа 1847 жылдағы «Пахитаның» қойылымына қосымша көрініс ретінде 1881 жылы қойған еді. 

– Осынау классикалық өнер жауһарының премьерасы біздің театрда 2016 жылы өтті, оған мен де қатыстым. Бұл туынды нәзік классикаға жататын ғасырлық тарихы бар өзге балеттердің қатарында тұр. «Пахитаны» балеттік бестселлер деуге болады, жақсы әдебиетке тең келетін бұл балет көпшіліктің бойына талғамды сіңіреді. Қойылымның ерекшелігі – мұнда классикалық бидің барлық мәнерін көрсетуге болады, алайда бишілердің көбін, әсіресе, мазурка стиліндегі қол көріністері қызықтырады. Менің ойымша, бұл балеринаға кербездік пен сымбаттылық қосады. Осы балетте М.Петипаның «Трильби», «Кандавл патша», «Қанатты ат», «Сильфида», М.Фокиннің «Армида павильоны» секілді көне балеттерден сан алуан вариациялар жеткілікті, соның нәтижесінде әрбір әртіс өзінің шеберлігін паш ете алады. Маған өзім орындайтын жеке вариация ұнайды, себебі онда техникалық элементтер, оның ішінде айналымдар өте көп. Және әлбетте, 32 фуэтені қамтитын әйгілі коданы дәл орындау маңызды! Осынау көлемді Гран-паға барлық дерлік кордебалет, солистер жұмылдырылған. Солай, «Пахитаны» орындау – балет труппасының жоғары кәсіби деңгейінің көрсеткіші, – деді Әнел Рүстемова. 

– «Астана Опера» театры труппасындағы қызметім дәл осы «Пахита» балетінің премьерасынан басталған еді. Осынау әдемі, мерекелік спектакль афишада жиі ұсыныла бермейді, сондықтан әртістер мен көрермендер мұны әрдайым мәдени оқиға ретінде қабылдайды. Классикалық репертуарды нақышына келтіріп орындау әркез күрделі, сондықтан біз жауапкершілікпен дайындалып, жаттығамыз. Осы балеттің испандық мәнерін жеткізу қолымыздан келеді деген үміттеміз, – деп атап өтті Олжас Тарланов. 

Хореографиялық стильдер палитрасы екінші бөлімде ауысады, онда Вольфганг Амадей Моцарттың музыкасына Иржи Килианның «Алты би» балеті таныстырылады. Бұл бір актілі балет танымал хореографтың қойылымдарының «ақ-қара» топтамасына жатады. Спектакльдерге мұндай сипаттама түске қатысты шешімдер үшін берілген. Қойылымдар сценография жағынан ерекше, сондай-ақ оқиға желісі тұрғысынан абстрактылы. 

Сахнада шамамен отыз әртіс жұмылдырылған «Пахитадан» гөрі, Килианның балетінде кейіпкерлердің санында минимализм байқалады. Бұл да осы топтамадағы балеттердің айрықша ерекшелігі саналады. Килиан әртістердің аз мөлшері көрермендерге болып жатқан әрекетті жақсырақ сезінуге мүмкіндік береді деп есептейді. Сонымен, «Алты би» спектаклінде Карин партиясын Аделина Төлепова орындайды. Алғаш рет Каролинаның бейнесін Бақытгүл Испанова сомдайды. Олжас Тарланов Полдың партиясын қызықты етіп таныстырады. Сұлтанбек Ғұмарға Патриктің рөлін шынайы драмалық етіп жеткізуге тура келеді. Тентек әрі келбетті Йоханның бейнесінде сахнаға Данияр Жұматаев шығады. Лиза – Мөлдір Шәкімова. Урци – Серік Нақыспеков. Нэнси – Мәдина Қожамжарова. 

Айта кетейік, бұл ұзақ балет емес, сондықтан Александр Корнилов пен Назира Заетованың (дебют) орындауындағы Дмитрий Брянцевтің хореографиясындағы «Ескі сурет» нөмірлері екінші бөлімнің көркін қыздырады. Театрдың эксклюзивтері – әлемдік хореография жауһарлары – Ролан Петидің хореографиясындағы «Леда мен Аққуды» Анастасия Заклинская мен Жәнібек Ахмедиев, тағы да осы танымал балетмейстердің хореографиясындағы «Таис» нөмірін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева мен Арман Уразов (дебют) таныстырады.

Гала бағдарламасын толықтырған балеттердің бірнеше ғасыр бұрын пайда болуы спектакльдерге еш кедергі келтірмейді. Балеттер кеше ғана өмірге келгендей. Бұл – олар елордалық көпшілікке міндетті түрде түсінікті әрі қызықты болады деген сөз. 

Гала-балеттің басталуы 17:00-де.

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...

Жаңалықтар

Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагоги...