Мектеп оқушылары күзгі каникулда 10 күн демалады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Бірінші тоқсанда...
Президент жазушы Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары жазушы Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Мемлекет басшысы ескерткіштің жанында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, белгілі қаламгердің ұлт руханиятын дамытуға зор үлес қосқанын айтты.
– Шерағаң – халқымыздың біртуар азаматы, заңғар жазушы десек артық айтқандық емес. Жас кезімізден бастап біз бәріміз оның «Қызыл жебе» романын, басқа да шығармаларын оқыдық. Әсіресе, «Бір кем дүние» туындысы әлі күнге дейін өзекті. Халқымызға, әсіресе, жастарға рухани азық болған дүние деп айтуға болады. Сондықтан жазушының ескерткішіне арнайы келіп, тағзым етіп отырмыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында жергілікті зиялы қауым өкілдері елді толғандыратын мәселелерді айтып, өз ойларын ортаға салды. Олар Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси реформаларды қолдайтынын жеткізіп, шығармашылық адамдарына мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығы үшін алғыс айтты.
Президент жазушының баласы ретінде шығармашылық адамдарын әрқашан қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ еліміз дамып, өркендеуі үшін алдағы саяси науқандар кезінде де, ең алдымен, ауызбіршілік қажет екеніне назар аударды.
– Ең басты мәселе – әділ, ашық болу керек. Осындай лайықты адамдар біздің Парламентке келсе, еліміздің дамуына үлес қосады деп үміттенемін. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақтап қалу. Сын-қатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік, – деді Мемлекет басшысы.