Айым Алтайқызы. Адал ас

ӘДЕБИЕТ
8754

Әңгіме

Жасұлан үнемі тамағын тауысып ішпейді. Ата-анасы «Ыстық тамақ ішпесең денсаулығың құриды» деп талай ескерткен. «Ыдыстың түбінде береке болады, кім тамақты тауысып ішпесе сол берекеден қағылады» деген сөз де Жасұланға әсер еткен жоқ. Тіпті әке-шешесі «осыны тауыссаң, тілегіңді орындаймыз» деп те жалынып көрді. Бірақ, Жасұлан: 

– Спортшылар көп тамақ жемейді. Менің тәбетім жоқ! Қайтем енді? – деп бой бермейді.          

Өзі волейбол ойынында алдына жан салмайтын шебер ойыншы. Бойы ұзын, аққұба, арық бала. Турникке тартылу, жүгіру дегендерден де мықты. Бірақ, сыныпта спортқа ебі болмаса да Жасұланнан ірі, мықты балалар бар. Мысалы, Талғат. Тура тау көтерген Толағайдың көшірмесі дерсің. Бойы бір қарыс болса да екі иығына екі кісі отырардай денелі. Ал, сыныптасы Жалғастың бұлшық еттері шыныққан, бойы да биік. Бокс, қазақша күрес сияқты спорт түрлерінен турнирлерге барып жүрген бала. Олар өздерінше Жасұланды спортшы қатарына қоспайды:

– Ары-бері секеңдеп доп лақтыру қиын болып па? Волейбол деген қыздардың ойыны. Соны да спорт дей ме екен?

Жасұлан бұл сөздерді көңіліне алған емес. Себебі, қанша ірі болса да Талғат та, Жалғас та волейболды жарытып ойнай алмайды. Тез шаршап, ентігіп қала береді. Ал, допты дәлдеп лақтыру тіпті қолдарынан келмейді. Жасұлан жиі қозғалыста жүреді. Спорт зал бос болса барып жаттығады. Баттутарға секіреді. Ширақ қозғалу үшін салмақ қоспауға тырысады. Тамақты тауысып ішпейтін себебі осы. Сүйікті ойыншысының сұхбатынан: «Волейболшы инелік сияқты болу керек. Қанша тағам тұтынса, сонша қимылдап, өзін бір қалыпта ұстау керек» деген сөздерді естіген. Содан бері асты талғап ішетін болды. 

Бір жолы анасы қазы мен қарта қосып әдемілеп ет асып қойыпты. Сабақтан келсе буы бұрқырап дастарханда дайын тұр екен. Жасұлан жесін деп пиясын аз, картобын көбірек қосыпты. Бетіне майдалап аскөк туралған сорпасы және бар. Қол жуылып, бата оқылып бәрі тегіс асқа отырды. Жасұлан тәрелкенің әр жерін бір шұқып, тойып тамақ ішкен жоқ. Күндегі әдеті. Жұмыстан түскі үзіліске келген әкесі шанышқыны былай қойып, бес саусағымен қарбытып жеп отыр. Әсіресе, қазының әр тілімін аузына салғанда көзін жұмып, басы билеп кетеді. Етті асаған сайын бес саусағын қоса жұтып жібере ме деп қорқасың. Кеседе кілкілдеп тұрған сорпаны да көз алдында сіміріп ішіп қойды. 

– Мен саған бөлек тарелкаға аз-аздан салып бердім ғой. Неге жемейсің? Осыны тауыспасаң, дастарханнан тұрмайсың!

Босаған ыдыстарды жинастырып жатып анасы осылай деп ұрысты. 

– Шіркін, біздің бала кезімізде осылай жағдайымызды жасап, баптайтын ешкім болмады ғой.

Әкесі көзіне сол күндер елестегендей ойлы жүзбен бір нүктеге қадалып сөйлеп отыр:

– Үйде он шақты баламыз. Мектепке еріп барсын деп алыс ауылдан келген туысқандардың балалары да бар. Бас-басымыздан «не жейсің?» деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Таңертең бір тілім нан болса соны жеп, болмаса су ішіп сабаққа кетеміз. Келген соң үйде шаруа көп. Отын жару, су тасу... Түскі асты ішпек түгілі, жасаудың өзі бейнет еді ғой. Қазіргідей газ пештер біздің ауылда болған жоқ. Жаздың күні де ошақ жағатын едік. Әйтпесе, тамақ та жоқ. Біреуіміз қорада қи тазалаймыз, біреуіміз малға жем-шөп береміз, қалғандары балаларды бағады. Ал, қыздар тамақ жасауға шешемізге көмектеседі. 

Сөйтіп, шаршап-шалдығып тамаққа отырамыз. Сонда жейтініміз, «күріш-көже», кейде сорпа, кейде асылған кортоп. Қарны аш адамға бәрі де тамақ. Бірақ кейде бала болып тәтті пірәндік, кәмпит жегің келеді. Бір күні үйде соғым сойылып, ет асылды. Мен ойнауға кеттім деп соғымның тірлігіне араласқан жоқпын. Екі бетім домбығып кешке таман үйге келдім. Қарным ашып тұрса да майы кілкілдеген қартаға қарағым келген жоқ. Сүйек мүжуге де тәбетім тартпады. «Мен мұндай тамақ жемеймін» деп табақты ысырып қойдым алғаш рет. Атаң марқұм мінезді кісі еді. 

Желкемнен сүйреп далаға шығарды. «Бұл үйдің тамағы ұнамайды екен, арамтамақ болмай өз күніңді өзің көр» деп ашуға басты. Мен жәутеңдеп шешеме қараймын. Ол сұраулы жүзбен әкеме қарайды. Жылайын десем, тамағыма жас тіреліп дайын тұр. Бірақ, әкемнің алдында ез болып көрінгім келген жоқ. Тістеніп тұрып алдым. Ашқұрсақ күйде ауладан шығып кеттім. Бәрі ұйықтады-ау дегенде үйге келіп алдым. Әкем әлі ұйықтамаған екен, жылқының ішегі мен кесек-кесек еттері бар табақты алдыма қойды да «Мә, қарта жемейді екенсің. Қазы айналдыр. Сендер жесін деп жылқы сойып жүрген еңбегім ақталсын...» 

Сол күні екі қолым талғанша қазы жасағаным есімде. Өзім кешкі тамақ ішпегем. Әлгі еттерді шикілей жегім келді. Келесі күні сол қазыны асып бергенде қалай ықыласпен жегінімді айта алмаймын. Сонда әкем «Адал асты жеген қандай жақсы, ә? Өзің еңбектеніп жасап едің, майына шейін тәтті болып кетті ме, қалай?» деп қағытып қойды. Содан бері мен ешбір тамақты талғамай, ысырап қылмай жеуді үйрендім. Қазір ғой үйде қазы жасамаймыз. Базардан он қазыны бір-ақ сатып алатындай шамам бар. Бірақ, бала күні болған осы оқиға маған маңдай термен келген адал астың дәмін әлі ұмыттырған жоқ. 

Әкесінің әңгімесін Жасұлан ұйып тыңдап қалыпты. Бұл оқиғадан үлкен әсер алған сыңайлы. Үндемей отырып тәркелкесіндегі барлық тамақты тауысып қойды.


Автор туралы:

2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде оқыды. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты. Поэзия, проза жазумен бала кезінен айналысады. 2020 жылы «Шабыт» қаламгерлер клубы ұйымдастырған «Жас қаламгер» сайысында 2-орын иеленді. «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармашылығы байқауының лауреаты. Заманауи мәселелерді қозғайтын ертегілері көптеген басылымдарда жарық көрді

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...