Аслан Нұразғали. 1000 теңге

ӘДЕБИЕТ
5586

(Әңгіме)

Сол баяғы жаз, сол баяғы ауыл, сол баяғы балалық. Аптап ыстық алқымнан алмаса да өзімді қалалық сезініп, қарайып кетем деген сылтаумен далаға шықпастан, үйде ойнап жүрмін. Тек күннің ыстығы қайта, кешкі 5-тен өте «тірлікке» кірісеміз. Тірлік – сол баяғы ойын. Бір-екі қызықты бастан өткізіп, үйді сағынып кеткенде, қора жаққа барып тығылып көз жасыңды сығып аласың. Кейде құлап қалып, бір жеріңді ауыртқанда үйді сағынғаныңды қосып, «оптом» жылап алып жүрген кез. Әбден үйренісіп, үйді енді ғана ұмытқан уақытта ауылға әке-шешем келіп тұр.

Олар келсе, ауылда той. Жалпы қаладан біреу келсе, той. Нағашы «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп қойды алдай салады да, тамағынан тартып жібереді. Дала мен қорадан әріге барып көрмеген ол байғұс мұздатқышта сүр еттің аузы мұрнынан шығып тұрғанын қайдан білсін... Нағашының бар ойы сібежій еттен қуырдақ жасап беру. Әйтейір күйеу баласын ертіп, қолына пышағын ұстап, қораға қарай кетеді. Бір-екі рет табақ апарып береміз де, кейін сол табаққа ет толтырып, үйге кіргізіледі. Содан соң қазанның астына от жағылады да, қуырдақтың иісі бұрқырайды келіп.

Бағана ғана қимай отырған қойдың етінен жасалған қуырдаққа тойып алып, ұшық шығып кетпесін деп ұртымды кір сабынмен жуып алдым. Ауылда кір сабыннан басқа сабын табу қиын. Ендігі мақсат – жақсылап бір ойнау. Бала кезде ойынның қанбайтынын білмейтін біз ес кеткенше ойнап, кеш батып, ай жарығы түскенде ғана үйге кіретінбіз. Қасымда кіші нағашым бар. Екеумізде де біртүрлі қимастық сезім. Енді ше? Қайтып келсем, тек келесі жазда ғана оралам. Оған дейін әлі бір жыл уақыт бар. Осындай ойлар көңіл-күйімді түсіріп жіберсе керек. Үйге кіргенде баласының көңілсіз екенін байқаған әкем «Не болды?» деді. «Тағы бір-екі күн қалайықшы» дедім. Сол кезде «Өй, еппашемайттың баласы, өткенде ғана тығылып жылап жүр ең ғой» деп нағашы абыройымды төксін келіп. Тығылып жылап жүргенімді көріп қойғанына ұялып тұрғанымда: «Әлі бір аптадай боласыңдар, әке-шешең сені алып кетуге келген жоқ. Сені қайтсін. Онсыз да ығырын шығарған соң каникул болса, біздің ауылға жіберіп жүрген жоқ па? Папаң екеуміз қора саламыз, әлі бір жұмадай боласыңдар. Уайымдама» деген нағашым бір сәтте ренжітіп те, қуантып та үлгерді. Көз жасы дайын тұратын, қит етсе ренжіп қалатын кішкентай мен бұл жолы ішкі қуаныштан «әке-шешең сені қайтсін» деген сөзге аса мән бермедім. Түнде папа-маманың ортасына жатып, әбден бір «зарядкімді» толтырдым да, таңертең тағы да ойынға шығып кеттім. Бір аптаны аз көріп жүрген соң таңғы шай дайын болғанша қызу ойынға кірісіп кеткем.

Шай дайын болған кезде түгел жиналып, дастарқан басында ыстық шай іштік. Қонақ келгендіктен дастарқан жайнап тұр. Сібежий қаймақ, майский май, тіпті, пішінай мен аузына салған адамның тісін сындырардай қатты ирис кәмпит те бар. Бұл жолы жеңгем аямай екі жерден екі варенье қойған. Біреуі өріктікі, бірі шиенікі. Шай ішіп алып, енді ойынға кетейін деп жатқанда әкем: «Алысқа кетпе, балам. Қазір нағашы ата мен әжеге барамыз» деді. Менен гөрі бұл сөзге кіші нағашым көп қуанған секілді. Бір жоспары барын біліп, артынан ере шықтым.

– Қазір бейіт басына барғанда ата-әжеге Құран оқып болған соң менің артымнан ер. Иә ма?

– Неге? Қайда барамыз? – дедім мен бойымды қорқыныш билеп. Қорықпай қайтем?! Өз ағаларымның бейіт басында періштелер жүреді деген әңгімелерін көп естіген мен үлкендерсіз алысқа баруға сескеніп тұрмын.

– Өй, олар қазір анаған-мынаған Құран оқимыз деп әр жерде бір жылап-сықтап отырып алады. Олар айтатын кемпір-шалдарды біз бәрібір танымаймыз. Менімен жүр, қызық болады, – деді нағашым. Сөзіне сенгендей болып, мақұлдадым.

Ниваға тиеліп алып, ауыл ішінен көрінетін қыр басындағы бейітке қарай жол тарттық. Жақындаған сайын бәрінің көңіл күйі түсіп келеді. Келе сала бәрінің алдына түсіп, кіші нағашым екеуміз ата мен әженің бейітін іздеуге көштік. Әкесі ішкен кезде осы жаққа келіп жылайтын болған соң, ал баласы жанынан бір елі қалмайтын болған соң кіші нағашым бейітті бірінші тауып алды. Бір-екі минуттан кейін нағашылар мен әке-шешем де келді. Анамның көзіндегі жасты көріп, бала жүрегім ауырып кетті. Қол жайып, Құран оқыған соң топырақ салдық. Мамам кішкентай орамалға тиын салып орап, бейіт басына байлап жатыр. Неге екенін білмеймін, әйтеуір, біздің жақта бейіт басына тиын салынған орамал байлап кетеді.

Көп уақыт жоғалтпай нағашымның артынан еріп кеттім. «Әр бейітті қара, тиын болса түйінін шешіп, жинап ал. Сосын аттарын қара, біздің рулас болмасын, өзіміздікілерден алуға болмайды» деп жауапты тапсырма жүктеді. Жасы менен кіші болса да әр сөзіне сенетін мен бірден тапсырманы орындауға кірістім. Біреуінде 30, біреуінде 70 теңге оралған. Кейде, тіпті, қағаз 200 теңге де кездеседі. Біздікілер әр туысына Құран бағыштап жүргенде бейіт басындағы «бизнесімізді» сәтті жүргіздік. Кейін көлікке мініп, ауылға қайттық.

Үйге келе сала екеуміз көліктен түсіп, қораға қарай аяңдадық. Тауық қораның төбесіне шығып алып, тапқан «табысымызды» ортаға қойдық. Бір-екі қағаз ақша, қалғаны тиын. Математикаға шамалы жүйріктігі бар мен бірден санап шықтым. 1000 теңгеден асатын ақша. Бұл ақшамен ауылда бір аптадай күн көруге болады. Содан енді не істейтінімізді сұрадым. «Магазинге барамыз» дегеніне қуанып «О-о-о, фишка сатып алайық» дедім. Ана ақшаның жартысына фишка алсаң, ауылда сенен бай адам болмайын деп тұр. «Қуасың ба? Бұл ақшаға тек нан мен су, тамақ алуға болады. Арақ, темекі, ойыншыққа құртуға болмайды» деген соң қуанышым су сепкендей басылды. Бір жағынан сөзіне сенбей тұрмын. Бірақ сенуге тура келеді. Өйткені нағашым ауыл молдасынан хат танымаса да, молданың ауласынан алма ұрлап жүрген бала.

Қысқасы сөзіне сеніп, дүкенге бардық. Сан түрлі заттан санамыз жұмысын тоқтатып, әр тәттіге бір жабыса бердік. Наннан жасалады ғой деп кириешки, тамақ болады деп балмұздақ, су сияқты деп шырын сатып алдық. Ауланың артындағы ескі комбайнге отырып алып, әр нәрсені аузымызға тыққыштап отырмыз. Қарын тойған соң ойынның қызығы басталды. Солай-солай бейіт басындағы «бизнестен» тапқан ақшамен 3-4 күн дүкеннің табалдырығын тоздырып, ақшаны оңды-солды жұмсап үлгердік. Ақша таусылған кезде біздің қалаға қайтатын уақытымыз келді...

Арада біраз жыл өтті. Ауылға қайта жол түсіп, бауырыммен жолыққанда осы оқиға есіме түсті. «Осы біздің сол ісіміз дұрыс болды ма? Жалпы ол ақшаны алуға бола ма өзі?» деп сұрадым. «Ештеңе етпейді. Бәрібір оны біреу алады ғой. Алуға болмайтын күннің өзінде ол кезде 9-10 жасар бала едік. Ал 13-ке дейін күнә есептелмейді» деді. Ал сенбей көр. Сүре білмесе де бата білетін, бірдеңе болса боғауыз емес, «пісміллә» дейтін таза ауылдың баласы ғой. Сондықтан сендік. Бірақ сонда болмашы тәттіге бола сол жерден ақша жинағанымызды ойлап, иманымыз әлсіз болғанын да түсіндік. Қате болса Құдай өзі кешірсін..!

Автор – Аслан НҰРАЗҒАЛИ – 2001 жылы 9 наурызда Орал қаласында дүниеге келген. ҚР Журналистер Одағының мүшесі, жас журналист. Қазіргі таңда «Ақмешіт апталығы» газетінде тілші қызметін атқарады.  

Картина авторы:: Мұхамет-Омар Паншаев

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...