502-«палата»Жанарына сыр тұнған,Жүрегіне жыр тұнған.Ақ халатты киіп ап,Ақ параққа ұмтылғ...
ШӨП ЖЕГЕН ОҚУШЫ...
Қуаныш Төлеметов деген азаматты қазіргі жастар жақсы тани бермеуі мүмкін. Өзі ақын әрі әкім, кеңес заманында Шымкент қаласында біраз үлкен қызметтер атқарған Қуаныш ағамыз қолы ашық, жомарт, өте ақкөңіл жан еді. Өмірінің соңғы жылдарында мәжіліс депутаты болды.
Біз бір ауылданбыз. Әлі күнге біреу «Қай ауылдан боласың?» деп сұраса, «Қуаныш Төлеметовтың ауылынан боламыз» дегенді мақтанышпен айтамын. Қолында билігі бар кезде Қуаныш ағамыздың көптеген адамдарға, әсіресе, өнер адамдарына жақсылық-шарапаты молынан тиген.
Әлі есімде, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінде жұмыс істеп жүрген кезде таңертең облыстық мәслихаттың сессиясы өтіп Қуаныш Төлеметовке «Облыстың құрметті азаматы» деген атақ берді. Түс қайта ағаның өзі қайтыс болды. Көптен бері төсек тартып, сырқаттанып жатқан болатын.
Сол кісінің «Арғымақ жылдар... ақындар» деген кітабында мынандай бір естелік бар.
-- 1982 жылы Еңбекші аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезімде кабинетіме ұстазым Сайрамбай Момбаев келді. Кескіні әлі де баяғыдай сұсты екен.
Сасқанымнан "Саламатсыз ба, ағай" деп басымдағы қалпағымды алып, ұстаз ағама қарап қалыппын, -- деп еске алады сол күндерді Қуаныш аға.
Екеуі кабинетте ұзақ отырып сырласады, өткен күндерді еске алады.
Әңгімеден әңгіме шығып ұстазы:
-- Менің балаларды қорқытуды қалай қойғанымды білесің бе? – дейді.
-- Жоқ, ағай, -- дейді бұл.
-- Олай болса, тыңда. Бір күні мектеп ауласында ойнап жүрген екінші сыныптың оқушысы Сатыбалды Қосалиевті ұстап алып, қозылар тұратын жерге көгендедім. Қолыма жас шыбық алып, алдына жоңышқа тастап, жеуін бұйырдым. Бұлтаратын шамасы жоқ. Сатыбалды шөпті күрт-күрт шайнады. Жұтқысы келмей тұр. Соны сездім де өлең айт дедім. Зорғадан шөпті жұтқан Сатыбалды:
-- Ауылым көшіп барады Алмалыға,
Кім көнбейді Алланың салғанына.
Құтылмайтын жағдайға душар болып,
Қозы болып көгенде қалғаным ба? -- деп зарлап қоя берді.
Денем дір ете қалды. Мені қамшымен салып жібергендей. Елге бөрідей тиетін басқыншылардан айырмашылығым болмағандай. Жан дүниемде бір өзгеріс болды. Сол күннен бастап балаларға қатты дауыс көтермейтін болдым. Міне, сол Сатыбалды бүгінде ақын болды, -- дейді ғой ұстазы.
Сатыбалды көке шынында бүгінде белгілі ақын. Сатыбалды Дулатидың өлеңдерін әдеби орта әлдақашан мойындаған. Ол көкем қазір ауылда тұрады.
Айтайын дегенім, шынында сол жылдары мұғалімдер оқушыларға өте қатал еді ғой. Құдай біледі, дәл қазір оқушыға шөп жегізген оқиға болса, ол мұғалімді жеті жылға соттап жіберер ме еді? Сол кезде оқушы мұғалімнің мұндай қылығын үйіне айтып та бармайды ғой. Ата-анасы білген күнде де «Өзің кінәлісің» деп, баланың өзін сабар еді.
Ерсұлтан досымның да мына бір айтқан әңгімесі әлі есімнен шыққан емес. Бірде Ерсұлтан әкесі Әмірбек ақсақал екеуі жайлау жақта жайылып жүрген жылқыларды міне қайтады ғой. Әкесінің астында бесті бие, Ерсұлтанның астында тай. Бесті бие алға түсіп маң-маң басқанда тай әр нәрсеге үрке қарап, бірде бой бермей ала қашып, енді бірде қалт тоқтап қалып, әйтеуір, құйттай балаға бағынғысы келмей, құтырып келе жатады. Сол кезде Ерекең шамамен 2-3 сыныптың оқушысы болса керек. Сөйтіп, бұлар үлкен тас жолды кесіп өтеді. Тай қара жолдан үркектеп, өткісі келмей, алдыңғы екі аяқты тіреп тұрып алыпты.
Ар жақта тұрған ақсақал «Әй, болсайшы...» дейді ғой ақырып.
Бұл тайдың басынан қамшымен ары ұрады, бері ұрады. Жас жануар тас жолға аттап баспайды.
Тура осы кезде салдыр-гүлдір етіп, тас жолдан өтіп бара жатқан бір «КамАЗ» баж етіп сигнал береді ғой. Онсыз да дір-дір етіп тұрған тай тіптен үркіп, орғып-орғып, тас жолдың үстіне Ерекеңді жығып кетіпті. «Оңбай құладым» дейді Ерекең. Тіпті, көліктің астына түсіп кете жаздапты. Көліктің шопыры терезеден басын шығарып қараған күйі тоқтамастан ақырын өте береді.
«Бүк түсіп «ойбайлап» жатсам, әкем жетіп келіп, қамшымен осып-осып жіберді» дейді ғой Ерекең. «Ой, ата-бабаңның... Титтей бір тайға ие бола алмай, не құдай ұрды...» деп, боқтап-боқтап Ерсұлтанды алдына салып алыпты. «Бір жерің ауырды ма, бір жерің сынған жоқ па, әйтеуір?» деп, өбектейтін шығар деген Ерекеңнің ойы быт-шыт болады. Әкесінің ызғарлы түсін көріп, оңбай құласам да жылауға да қорықтым дейді.
Міне, темірдей тәртіпті талап ететін әкелердің тірлігі.
Қазір сондай әкелер, сондай темірдей тәртіп бар ма?
Жұмекең деген ағамыздың қызына сыныбындағы бір ер бала ұятсыз сөз айтқан екен. Каратэге қатысып жүрген қыз жігіттің жағынан бір теуіп, шалқасынан түсірген ғой. Бар болғаны сол...
Әрине, қыздың бұл әрекеті дұрыс емес.
Сөйтсе, әлгі бала болған оқиғаны ата-анасына айтып барып, қызды сотқа беріп, соңы біраз дау болды.
Ойпырмай, заман не болып бара жатыр дейсің де... Сол оқушы өскенде қандай адам болады екен, ә?