Ерзат Еркін. Сөз Тәңіріне тәу еткен айдаһар мен тасбақа

ТАРИХ
2843

Біз бүгін Ежелгі мысырдағы гелиопол тоғыздығы немесе әулие Михайылдың айдаһармен шайқасын, грек горгоналары мен үндінің рама қаһармандары туралы айтайық деп отырғамыз жоқ, қайта қытай мифологиясындағы «Айдаһардың тоғыз ұлы» туралы, далалық көшпенді өркениеттің ұлы орталығы, киелі қара шаңырағы болған –орхон ескерткіштері (Монғолия) хақында бір символизмның мәнін ашайық деп отырмыз.  

«Тәңірі текті қаған әулетіне арналған мәңгітастың ұстынын тасбақа бейнесіндегі тұғыртасқа отырғызу – алғашқы түркі қағанаты кезінен бастап қалыптасқан дәстүр еді», деседі бітіктас танушылар, ол рас. Ендеше,  мәңгітасты қыр арқасына көтеріп тұрған тасбақа мен ескерткіштің төбе маңдайына оралып тұрған айдаһар туралы бірер орам ойды тарқатып айтқымыз келеді.  

Өткен айларда «Қаш» деген фильм жарыққа шыққанда кино сыншылары филмддегі көне түрік ескерткшінің жанында жүрген тасбақа туралы «Тасбақа – көне түркілік ұғымдағы мәңгіліктің нышаны» деп жазды, бұл да бір тұрғыдан дұрыс шығар. Тағы бір зерттеушілер Ақжелкен журналына «Басы бөрі тектес айдаһар бар... Ал «тасбақа жөнінде қазақ мифтерінде кездеспейді» деп жазып жатты. Басы бөрі текті емес, шындығында ол нағыз айдаһардың өзі еді. Ал мифті таба алмайтыны анық. Өйткені, бұл дүниелер 731 жылы 9 желтоқсан күні (григориян) Күлтегін қайтыс болған соң оған арнап киелі орынға құрылыс тұрғызатын тас шеберлері мен бәдізшілерді жіберіңдер деп Таң императорына (Қытай) Түрік қағанаты хат жіберген соң салынған дүниелер. Мәңгітас қашалып біткен соң Таң сарайына 50 жылқы жіберіп, алғыс айтады көңілі қаралы Білге қаған. 

Енді Күлтегін, Білге қаған, Ел Етміш білге қаған т.б ескерткіштердің тұғыртасы болған тасбақа мен бітік тастың жоғарғы жағына, қос қабырғасына созыла орналасқан айдаһар туралы әңгімеге тіке көшелік. 

Осыдан 15 жыл Бұрын (2008 ж) қытай орталығы Пекин (Ханбалық) қаласына университет оқуға барған көкөрім кезімізде, ең алғаш рет Күлтегін ескерткіші текті Мәңгітастарды, бітіктастарды сол қаладан көрген едік. Алғашқы айлар көбіне қала ішіндегі тарихи, мәдени орындарды саяхаттаумен өтті. Бір күні қала шетіндегі Миң патшалығы кезіндегі патшалар жерленген көне тарихи орынға бардық, 276 жыл өмір сүрген патшалықта 16 патша өткен екен, соның 13 патшасының қабірі бір орынға жерленген, сол жердегі үлкен алаңқыда төбесінде айдаһары бұратылған мәңгітас пен тұғырына алып тасбақа орнатылған ескерткіш көкке ұмсынып тұрды, өне-бойы сірескен қытай жазуы. Бұл жердің атын қысқа ғана «13 қабір» дейді. Бара қалсаңыз осы бітік тас сол қалпында мұрты бұзылмай әлі де тұр. 

Ендеше Орхон ескерткштеріндегі бітік тас орнатылған тұғыр тасбақа мен бітіктің маңдай төбесіндегі ширатыла оралған айдаһар бейнесі нақты қайдан келді?

Ежелгі қытай мифтерінде «Айдаһардың тоғыз ұлы бар» дейтін атақты аңыз бар. Түрік қағандарының ескерткішін көтеріп тұрған тасбақа (Bi Xi, Ba Xia деп дыбысталады) сол айдаһардың 6-ұлы, мәңгітас төбесіндегі айдаһар 8-ұлы (fu XI деп дыбысталады). Айдаһардың қай-қайсы тоғыз ұлы бар екендігі туралы бірнеше айтылым бар. Біз оның бір нұсқасын ғана айтайық. 

Айдаһардың тұңғыш ұлы – сыртқы тұрқы айдаһар тәрізді мүйізі бар кішкене сары айдаһар, ол музыканы жақсы көреді. Оның бейнесін қытайлар және қытайдағы кейбір ұлттар шертпелі аспаптардың мойынына шауып орнатады (бізше болғанда қобыздың бейнесі аққуға ұқсайды деген аңыз сынды). 

Екінші ұл – денесі барыс текті, басы айдаһарға ұқсайды, мінезі шапшаң, шайқасты ұнатады, сондықтан оның бейнесі қылштың сабы мен қынына салынады, яғный қылыш қынына толық бойлап, сабына дейін толық кірген кезде осы Я зы дейтін барыс денелі мифтік құбжықтың толық бейнесі шығады, ол зұлым рухтарды тиятын тотем ретінде киелі саналады (біздің қазақ қаруларында қандай мифтік бейне бар? «Бөрілі менің байрағым» т.б). 

Үшінші ұлы – құстан азған мақлұқ, мүйізі бар, денесінің аяқ жағы балық текті болып келеді. Оның бейнесі көбіне ғибадатхана, үй төбелеріне қойлады. Пәле-қаладан сақтайды, албасты келсе дабыл береді деп сенеді қытайлар (Архитектура).

Төртінші тұқымы – оның да басы айдаһар текті, тарбиған төрт аяғы бар. Әдетте ол жолап кетсең шар ете қалатын жойқын даусы бар, теңіз жағасында тұрады, киттен қатты қорқады делінеді. Сондықтан оның тұрпатын қытайлар көбіне қоңыраудың төбесіне орнатады, кит бейнесі салынған балғамен Пу лауды (төртінші ұлдың аты) салып қалғанда, оның даң-дұң еткен дыбысы жер жарып алысқа кетеді деп сенеді. 

Бесінші зәузаты – бұл да қытай көне жазбаларында айтылатын мифтік мақлұқ, тұрпаты арстанға ұқсайды. Бейнесін будданың отыратын тақтарына, қола айналарға, хош исті заттарға, және қытай сәулет өнерінде үй төбелеріне орнатады (Архитектура). Бір зерттеушілер оны мысыққа, жолбарысқа ұқсайды, қабылан, жолбарыстарды жейді деп жазады. Тағы бір будда зерттеуші қытай ғалымдары арыстан бізде жоқ, ол Үндістан мен Парсыдан қытайға келген «кірме» болуы мүмкін десе, енді бір жағынан оның есімінің транслитерациясына қарай жорамал жасайды. 


Алтыншы ұрпағы – өзіміз «Түркілік нышан» айтып жүрген тасбақа осы жерден қосылады. Енді бір айтылымда ол айдаһардың ең үлкен ұлы делінеді. Тасбақа көне қытай мифтері һам жазбаларында әуел баста бітік тасты былай қойыңыз, тауларды арқалап жүретін, теңіздерде жойқын толқындар тудыратын алып мақлұқ болған (Орманнан ағаш тасып, Нұх пайғамбарға кеме жасауға көмектескен – алып күштің иесі Құжды (Ажығұнық) еске түсіреді) . Оларда да қазақтың жер-әлемді жаратқан «Жасағаны» секілді, «Ұлы Юдың топан суды тізгіндеуі» деген аңыздары болған, осы Ю топан суды ғана емес, алып тасбақаны да бағындырады, тасбақа болса тауларды ары итеріп, су жолдарын қазып, өзенді тереңдетіп, топан судың бетін қайтаруға өз үлесін қосады. Топан су кеткен соң Ю ақсақал оның қайтадан жабайласып, жер-әлемді шайқауынан алаңдап, төбесі көкке жететін зәулім бітік тасты әкеп арқасына қойып, тасқа Юдың топан судың бетін қайтарған еңбегін шекіп жазып, оны «Би ши (мифтік тасбақа) көтерген жазу» деп атайды, жайшылықта Би шиді албаты тастардың астына жасай бермейді, қытай тарихындағы әйгілі патшалардың қабіріне қояды, атақты жазбаларға, тарихи тұлғалардың каллиграфиялық жазуларына, өлеңдерге, ұлы өсиеттердің астына ғана қояды. Қытайдың таң әулеті кезеңіне дейін тас бітіктер аз болды, қабірлерге және ғибадат орындарына бітіктастар орнату діни және әлеуметтік құбылыс ретінде 8 ғасырда барынша көркейіп, кең тарайды. 

Басын жоғары көтеріп алға ұмтылған, төрт табаны тарбиып жер тіреген алып тасбақа осылайша қара жердің бетінде неше жүздеген-мыңдаған алып тас бітіктерді көтеріп қытайдың ғибадат орындарында, патша қабірлерінде бой көтеріп шыға келді(зерттелген мәліметтер бойынша қытайда тек ғана бітіктастың өзінен 100 мыңнан астамы сақталған, олардың ішінде 30 мыңға жуық бітіктас ресми түрде зерттелген). Мифтік тұғыр тасбақа – күш пен биліктің, ұзақ өмірдің, берекенің нышаны, қытай дәстүрлі ұғымында маңызды мәдени символға ие (Түрік-қыпшақтардың балбал тасын еске алуға болады. Бірақ біз тау көтерер Толағайды ұстап әкеліп, балбал тастардың астына қойған жоқпыз, біз әрине басқаша ойлаймыз). 

Одан ары бітік тас көтеруші тасбақалар түстікте Вьетнам жерінде, шығыста Жапон мен Корейдың патша қабірлерінде сап түзеп, терістікте Түрік қағандарының өсйет-аза сөздерін көтеріп айнала әлемге «қыбырлап» тарап жатқан болатын. Мифтік түсінік бойынша тумысынан әдебиетті, сөз өнерін сүйетін, адал, жауапкершіл, неше мыңдаған жылдар бойы жазуларды қыр арқасына талмай көтерген тасбақа туралы айтар сөз әрине өте көп. Ең алғашқы жазулардың бірі шамамен алты мың жыл бұрын әуел баста тасбақаның бауыр қабыршағына, арқа сауытына жазылған еді, тасбақаның қыр арқасындағы тас бітіктерге жазу түспес бұрын ең алдымен олар тасбақаның денесіне (сауытына) жазылды. Кейін мәтін көбейді, таным көкжиегі кеңейді, тасбақаның арқасына бітіктастар қойылды да, ритуалдық тұрғыдан жазу бітіктасқа көшірілді, тасбақа бәрібір оны өзі көтеріп, ғасырдан-ғасырға әкетіп барады... Күні бүгінге дейін қытайдың кейбір жерлерінен көне замандағы тұғыр тасбақалар қазып алынып жатыр, солардың бірі 2000 жылы маусымда қытайдың ұлы қорғанға тақау өлкесі Хы бидың бір ауданынан салмағы 107 тонна, ұзындығы 8.4 м, ені 3.2 м, биіктігі 2.6 м  тұғыр тасбақаны қазып алды. 

Кейбір батыс ғалымдары Үнділердің алып тасбақаның жерді көтеріп тұратыны туралы аңызына негізделіп, қытайларға Би ши тасбақа ұғымы Үндістаннан келген болуы мүмкін деп жорамал жасайды, бұл жорамал – бітіктастарды көтеріп тұрған Би ши тасбақаға ғана байланысты, дейтұрғанмен әлмисақтан бері жер бетінде жасап келе жатқан қытайлардың да тасбақа туралы аңыз-мифтері көл-көсір деуге болады. Вьетнам, Жапон мен Корейге байланысты да біз шығу тегі қытайдан тараған тұғыр тасбақа туралы ғана айттық, олардың да (Жапон, Корей, Вьетнам) тасбақаға байланысты өздеріне тән көркем ойлау жүйесі, аңыз-әпсаналары жетерлік, бұл мотив – жеке тақырыпты қажет ететін әңгіме.

Монғол аңыз-мифтеріндегі тасбақаның оларға будда арқылы келгенін фольклорист ғалым Ағеділ Тойшан ағамыз талдап жазып, Күлтегін ескерткіші тұғыр тасындағы тасбақаның қытайдан келгенін ашық аңдатады. Түрколог ғалым Қ.Сартқожа ағамызда Бақатастың қытайдан келгенін ашық айтады, бірақ кітаптарында бұл туралы толық түсіндірме бермеді, тек Күлтегін мен Білге-Қаған ескерткішін қытай шеберлері келіп жасағанын, қалғанын түріктер өздері жасағанын жазады. 

Айдаһардың жетінші ұлы – жолбарысқа ұқсайды, күшті, қуатты. Әділдікті қолдайды, жақсы мен жаманды айырып, адалдықты бағалайды. Оның бейнесі қытай архитектурасында көбіне түрменің кіре беріс есігіне, орда сарайлардың қақпасына салынған, кейін негізінен түрме үйлеріне салынатын мифтік нышанға тұрақтанды. 

Сегізінші тумасы – бітік тастың жоғарғы жағына ширатыла оратылған айдаһар денелі, сымбатты да нәзік Фу ши деген айдаһар. Бітік тастардың төбесінен созыла құлап, екі қабырғасына бауырлай жылжыған Фу ши сөз өнерін құлай сүйді, аңыздарда оны адамдардың арасына адам бейнесінде келетіні, атақты әдеби мәтіндерді оқып, бітік тастардың алдына барып ұзақ қарап тұратыны айтылады. Фу ши айдаһар ақыры осынау әдеби қазыналар мен атақты өсиеттерді сақтау үшін өзін мәңгілікке құрбан етіп, бітік тастағы жазулар мен атақты әдеби мәтіндерді қорғаушы тотем бейнесі болып қытай мәдениетінде қалыптасады. 

Кенже ұл – Чы уын, бұл да қытайдың дәстүрлі сәулет өнерінде әспеттеліп келген мифтік нышан мақлұқтың бірі. Айдаһар басты, балық денелі кенже ұл – көпірлердің үстіне, орда ғимараттарының төбелеріне қойылады, суды, суда жүзгенді жақсы көреді, ол аузынан су бұрқақтатып шашады, егер ғимараттарға, үйлерге өрт кетсе өшіреді деп ырымдайды. 

Құрметті оқырман, «13 патша» қабірін көргеннен кейін де Ханбалық (Пекин) қаласындағы тарихи жәдігерлерді аралап жүріп, Ғұн, Түрік, Мәнчжур, Монғол текті жауынгер халықтардың Ханбалыққа қалдырған мәдени, тарихи әсерін ақырындап сезіне бастадық. Мектеп кезінде жәй ғана тарихмен, мәтінімен танысқан «Орхон-Енисей ескерткіштері» тарихын университеттегі ұлы ұстазымыз – түрколог, ғалым Еркін Ауғалиұлы одан ары індетіп, лекция сөйледі. Бастан ұлы дәуреннің қалай өткенін, ерлік шайқасқа толы жорықтарды, қағанатты күйреткен салдар туралы айлап, жылдап тыңдадық, оқыдық, білдік... бәрі бір жазбаның аясына симас. Бір ғана ұлы қорғанның салынуына ғұндардың қаншалықты жойқын ықпалы болғанын толық бағамдап, тарихи философиялық нүктесін де қоя алған жоқпыз?! 

Қорыта келгенде, мифтік тасбақа мен айдаһар арғы замандағы абыздарымыз Иоллығ Тегін, Тоныкөктерді де шығармашылыққа жетелепті, көкірегіне сәулелі лепес салып, ұрпаққа қалдырған өсиет сөздерін ғасырлар бойы арқалап бүгінге жеткізіпті, мәңгілік қозғалыс әлеміне тұрақтылықтың қасиет-күйін дарытып, көне түркіден жеткен тауарихтың ескі жәдігеріне, мәңгіліктің нышанына айналыпты. Олар енді бізге бейтаныс емес, мың жарым жыл бойы қағанаттан қалған «құпия мәтінді» ешкімге төкпей-шашпай, сыр ғып ашпай алып келді, оларды тіпті сол кезде қағанатпен жауласқан іргелес елдерде үміт қалдырған, жаугершілік пен сұрапыл соғыс жылдары Орхон, Селеңгi, Туыл, Онгин, Керулен, Онон, Ханұй, Хүнүй, Тэс, Қобда өзендерiне сіңіп, уақыттың ағысымен ұз-а-а-ақ ақты, Көпсукөл, Қырғыс, Қарасу, Ұбсы көлдерiнiң түбіне шым батып кетті...

Көшпенділер мен отырықшы қытайлар арасындағы мәдени ауыс-күйістің бір парасы, Тәңірі текті қаған әулетінің аманатын арқалап жеткізген қасиетті айдаһар мен тасбақа туралы тәпсірді осымен түйіндейік.  

Бүгін қаламына серт берген, Тәңіріне тәу еткен, ұлу жылы (Ал бұл жыл қиыр шығыс пен көне түрік мүшелінде айдаһар жылы) дүниеге келген жазушымыз – Мұхтар Мағауинның туған күні! 83 жасқа толған қаламгер бітіктастың өзіндей зіл-батпан тарихи ұлттық сананы қасиетті тасбақадай талмай көтерді, көк зеңгір аспанды айдаһардай шарлай ұшып сегіз қиыр, төрт тараптан түрік-қазақтың көркем ойын ғұмыр бойы тірнектеп жинады! Абыз қаламгерге Тәңірі жар болсын! Бала-шағасының ортасында жаздай жадырап, жүзге жетсін!! 

Тәмәм!

*   *   * 

Көрнекі уреттерге түсінік: 

1. Гарвард университеті ауласында тұрған тасбітік. 1936 жылы қытайлық түлектер Гарвардқа тарту еткен.

2. Мәңгітастардың төбесіне бәдізделген айдаһар. 

3,4 - сурет: Монғолия. Орхон ескерткіштері, тұғыр тасбақа мен бітік тастың сынып түскен үстіңгі ұстынының (айдаһар) жанында тұрған жазушы, тарихшы, ғалым Мұхтар Мағауин. 

5. 2000 жылы қытайдан табылған ауырлығы 107 тонналық алып тұғыр тасбақа. 

6. Монғолия – Қара қорым қаласындағы тасбітіктің қасында Оңнан солға қарай түрколог, ғалым Қаржаубай Сартқожа, жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай, және Хайрулла Ғабжалилов. 

 7. Қарақорымдағы Шыңғыс ұлысынан қалған «мәңгілік тасбақа» қасында тұрған жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай. 

02.02.2023

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Астана тұрғындары интернет-алаяқтарға 3 млрд теңгеден астам ақша берген, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...