Қазбек Құттымұратұлы. Дәулетияр ишанның дәуірі

ТАРИХ
17207

Төңкерістен бұрынғы Батыс Қазақстан өңірінде ең танымал дін қайраткерінің бірі болған Дәулетияр ишан Айсарыұлының да тағдыры аянышты. Кеңес үкіметі 80 жас­тан асқан ақсақалды бірнеше мәрте соттап, жер аударады. 1935 жылы Жымпитыда дүние салған ишанның қабірі талай жыл күтімсіз жатқаны өкінішті-ақ...

Дәулетияр ишан – Өлеңті өзенінің төменгі сағасында, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Сайқұдық ауы­лы маңында екі қабатты медресе тұрғызып, жүздеген бала оқытқан адам. Кейбір естелікте ишанды Мысыр, Бағдат секілді Шығыс діни орталықтарында оқы­ған десе, бірқатар өлкетанушы Қазан, Уфа секілді шаһарларды атайды. Дәу­ле­тияр Айсарыұлының есімі ағар­ту­­шы­лықпен, бала оқытумен танылған. «Орал облысының 1900 жылғы естелік кітабы және мекенжай-күнтізбесі» атты жинақта Ілбішін уезі Қурайлы болысының №3 ауылында Дәулетияр Айсарыұлының медресесі болғаны, оның жанынан орыс-қазақ сауат ашу мектебі жұмыс істегені көрсетілген.

Дәулетияр ишан 1905 жылы өзі тұра­­тын Өлеңті өзенінің жағасынан екі қабат­ты­ медресе тұрғызады. Медресенің құ­рылысы бірнеше жыл жүрген. Ел адам­дарының айтуынша, құрылысқа қажет­ті­ есік-терезе, құрылыс тақтайларын түйе­ге­ артып, Саратовтан алдырған екен. «Тақ­тайларын көрдім, қалың еді» дейді Сай­құ­д­ық ауылында туып-өскен Сайполла Құ­маров ақсақал. Ол сол мешітті бұзып, материалдарынан тұрғызған мектепте оқыған. Сайполла ағайдың айтуынша, медресе қабырғасы пішіні шаршы болып құйылған шикі кірпіштен қаланған. Мұнарасы биік екен, оған шыққанда 45 шақырым жердегі Жымпиты көрінетін болған. Осы ауылдың тағы бір тумасы, ақын әрі өлкетанушы Үзілдік Елеубаева «Таңғы намазға шақырған азан дауысы көрші 15 шақырым жердегі Қособаға естіліп тұрған» деп жазады. Әрине, Дәулетияр мешітінің фотосуреті сақталмаған. Бірақ осы ауылдың тумасы, Қазақстанға еңбегі сіңген ардагер ұстаз Кәрім Сәпиевтің мына естелігі назар аударарлық: «Мен әскери қызметімнің төрт жылын Башқұртстанда, Уфа қаласында өткіздім. Осы қалаға алғаш ат басын тірегенімде, о, құдірет, алдымнан біздің Сайқұдықтағыдай Дәулетияр мешіті шыға келгені ғой. Өз көзіме өзім сенбей, «мынау біздің мешіт, біздікі...» дей беріппін қасымдағыларға» дейді куәгер.

Өлкетанушы Үзілдік Елеубаева Дәу­ле­тияр мешітін көргендердің сипаттауы бо­йынша суретін салдырған.

Дәулетияр ишан аса бай болмаған адам. Бұл медресе құрылысын да ел-жұрт­­тың қолдауымен, көп болып жүзеге асыр­­са керек. Дәулетияр ишанның мешіті мен медресесі өз заманында өте танымал бол­ға­нын 1891 жылы туған Науқан молда де­ген кісінің әңгімесінен де байқаймыз. Бұл сұқбатты жазушы Құрманғазы Қа­раманұлы 1978 жылы магнитофон тас­па­сына жазып алған екен. Өлкетанушы Нұртас Сафуллин өте құнды әңгімені қа­ғазға түсіріп, тұңғыш жариялады: «Сол за­манда жүзден-жүзден оқитын үлкен медре­селер болды ғой. Өлеңті бойында Қал­қаман тана Дәулетияр дейтін кісі болды. Жиырма қос шәкірт оқыды. Данышпан көп болған жер» дейді Науқан молда. Бұл жердегі «қос» – қазіргі сынып, топ ұғымында болса керек.

Дәулетияр ишанның елге үлгі болған тағы­ бір ісі 1911 жылы «Айқап» журналын­да­ жарық көріпті: «Орал облысындағы Қу­райлы болысында Дәулетияр ишан ме­­ші­тінен 200 шамалы шәкірт оқитын еді­. Был­тыр жыл ауыр, астық қымбат бол­ған соң, ишан шәкірттерге һәм ел ішін­дегі жарлы-жақыбайларға асталабой (сто­ловая, асхана – Қ.Қ.) ашып, күніне бір­ мәрте көже ішкізіп тұрып еді. Биыл кө­же­ні күніне екі рет беру үшін ишан бір ар­ғы­мағын 300 пұт сөкке сатып, құрал жа­сап жатыр» деп жазады Жаңабайбақты де­ген автор.

Ашаршылық жылдары ишанның халық­қа тегін тамақ таратқаны туралы әң­гіме ел аузында сақталған. «Мешіт жоқ-жітіктерге, жолаушыларға үш мезгіл та­мақ берген, ислам әліппесін оқытатын мек­теп-интернат болған» деп жазады Үзіл­дік Елеубаева.

«Ауданда Шүйеке мен Дәулетияр атты­­­ танымал ишандардың болғандығы жө­­нінде еңбек ардагері Қайыр­жан Нұр­мұ­­ха­нов­ ағамыздан естіп жазып алдым.­ Ол кісі осы елге алғаш медресе сал­дыр­ған­ адамның бірі осы Дәулетияр ишан­ бол­ға­нын айтады. Өткен ғасырдың оты­­зыншы жыл­­дарындағы аштықта Дәу­ле­тияр ишанның атқарған игі ісін өзінің әке­лері де көзбен көрген. Үлкен тайқазанға күні­не бір мезгіл ас-ауқат пісіріп таратып, біра­з адамды аштықтан алып қалғанын, ке­йін тергеуге алынып­ бі­раз бейнет көруге ту­ра келгенін де екі­нің бірі біле бермейді» деп жазады­ Сы­рым аудандық тарихи-өлкетану му­зейі­нің басшысы Айнагүл Ойшыбаева «Ме­шіт­тер мен имамдары туралы сыр» атты ма­қаласында.

Дәулетияр ишан бұл кездері тек дін қайраткері, мешіт-медресе иесі ғана емес, ел ағасы ретінде де танымал бола бастаған. Орынбордан шығатын «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 25 мамырдағы санында «Орал қазақтарының тілегі» атты мақала жарық көрген. Ресей Мемлекеттік Думасы жанындағы Мұсылман фракциясына алты талап қойған қазақтардың дені – дін қайраткері, ишан-хазіреттер еді. Мақалаға қол қойған 15 адамның тізімінде екінші болып Дәулетияр ишан Айсарыұлы тұр.

Мақаланы толығымен келтіреміз:

«Орал облысының қазақтары 7-ші май­­­­да­­ мұсылман фраксиасына төмендегі өті­­­­ні­ш­­терін жіберген: «Төменде жазылған 6-бап­ тілегімізді Государственни Думада қо­р­­­­ғауды һәм тиісті орындарға жеткізуді мұ­­­сылман фраксиасынан кішілікпен сұ­раймыз.

1) Біздің тіршілігімізді, рәсім һәм жеріміздің жайына қарай мал баққанда күн көруіміз мал етімен. Сондықтан Г. Думаға 66 депутат кіргізген мал бауыздау хақындағы закон жобасына қатты ренжідік һәм ол депутаттарға кейідік. Өйт­кені бұл жоба закон болып шыға қал­са, біз тіпті жеуге иә аштан өлуге қа­ламыз. Жобада көрсетілген ретше мал бауыз­даудың шариғатша арамдығын жазу да қажет жоқ. Бұл туралы фраксианың өзін­де жетерлік дәлел бар шығар. Жалғыз біз­дің тілегіміз сол, жоғарыда айтылған закон жобасы закон болмасына фракциа бар күшін жұмсаса екен. Закон болып шыға қалған күнде риза болып, қабыл ете қой­майтынымызды тиісті орындарға біл­дірсе екен.

2) Бұл күнге дейін біздің дін істеріміз хү­кімет төрелерінің қолында болып ке­леді. Бірақ төрелер шариғат хүкімін жақсы білмегендіктен, тұрмысымыздан хабардар болғандықтан хүкімет үшін де, қазақ халқы үшін де бапсыз жұмыстар болып келді. Енді мұнан кейін сондай көңілсіз, жай­сыз оқиғалар болмас үшін қазақ хал­қын Оренбург мүфтилігіне қосса екен йәки өзі­мізге жеке мүфти берілсе екен.

3) Қазақ жері тегіс егінге жарамсыз болғандықтан, қазақ халқы мал бағып тіршілік етеді. Бірақ соңғы жылдары мұжықтарға ең жақсы жерлеріміз кесіліп беріліп, мал бағуымыз қиыншылыққа айналды. Қазақ халқы фақырлыққа ұшырады. Соның үшін қазақ жеріне мұжықтар жіберуді енді тоқтатса екен.

4) Орал облысының қазақтарынан кей­ облыстар қала салып отыруға риза бо­­лып еді. Бірақ хүкімет төрелер оларға «Екі­ орыс, бір қазақ болсын» деген саясат­ жүргізе бастады. Біз бұл саясатты дін һәм­ ұлт істерімізге зиянды деп білеміз, сон­дық­тан бұл саясаттың жоғалуын тілейміз.

5) Біз мәдени тұрмысқа, орыс һәм басқа халықтармен қатар тіршілік етуге жаңа ыңғайланып келеміз. Соның үшін біздің дін һәм дүниялық жұмыстарымыздан кем­шіліктеріміз бек көп. Бірақ бұл керек­терімізді халық өкілдері де хүкіметке жет­кізіп, хұқымызды қорғарлық һешкіміміз жоқ. Соның үшін бізден Г.Думаға депутат алынса екен.

6) Бұл күнге дейін қазақ арасында бірсыпыра орысша бастауыш ышколдар ашылды, бірақ бұл ышколдарда дін, ана тілі һәм ұлт әдебиетінен һеш нәрсе оқытылмағандықтан, ышколдан оқып шыққан балаларымыз өзімізше оқу-жазу білмейді, дін білімдерінен тіпті надан қалады һәм халық арасында қызмет етуден мақұрым болады. Сондықтан халық мұндай ышколдарды артық жаратпайды. Сол себепті қазақ арасына ашылған һәм ашылатын ышколдарда бастапқы 3 жыл ана тілінде оқытылуды, соңғы жылдарда лайықша деп үйретіп, һәм ұлт әдебиетінен сабақ берілуді тілейміз.

Бұл тілекке өкіл болып қол қою­шы­лар:­ Хамидолла ишан Тәржіманов, Дәу­ле­­­тияр ишан Айсарин, Сұлтан ишан Көр­­кен­байев, Әндіжан Жұбаналиев, Ба­қыт­жан Қаратаев, Тақтабай Толаев, Ғаб­дол­ға­ли ишан Қонаев, Мұхаммед-Сү­йінғали Ишан­­ұғлы, Өтеш Дүйсенбаев, Хасен Жиен­­ғалиев, Ғабдолла ишан Дос­жа­нов, Нұғ­ман Байтоқов, Сүлеймен ишан Есен­ғалиев, Айтыс ишан Далақов, Хасен ишан Нұрмұхамедов».

Көріп отырғанымыздай, мұндағы алты талаптың қай-қайсысы да сол кездегі қазақ ұлтының басындағы ең өзекті тақырыпты қамтиды. Дәулетияр ишан бұдан кейін де елдегі қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген.

Кейбір естеліктерде Дәулетияр ишан­­ның Бақытжан Қаратаевпен бір­ге­ бірнеше ишан-хазіреттің арасында­ Петербургке, патша сарайына бар­ған­ды­ғы айтылады. Ал 1917 жылы ақпан төң­­ке­рісінен кейін өткен Орал облы­сы­ қазақтарының съезіне, ізінше Бү­кіл­ре­сей­лік мұсылмандар съезіне қатысу үшін Жа­һанша және Халел Досмұхамедов, т.б. бірге Мәскеуге бар­ғаны жөнінде Бақыт­жан­ Қаратаев өз есте­лігінде, өлкетанушы Болат Қоспаев мақа­ласында жазады.

Дәулетияр ишан 1917 жылдың жел­­тоқсан айында Орынборда өткен екін­ші­ жалпықазақ сиезіне Орал облысы қазақ­та­рының атынан делегат болып қатысып, Алаш­орда үкіметін бірден жариялауға да­уыс берген. Яғни осы жылдары Ха­сан­ хазірет Нұрмұхамбетовпен бірге Дәу­ле­ти­яр ишан да «Алаш» қозғалысын, Қазақ мем­лекеттігін құруды қуаттап, уездік, об­лыстық және бүкілресейлік мұсылман қа­уым­дастықтарының тарихи жиындарына қа­тысқан, бүкіл қазақ даласы бойынша аса­ беделді, сауатты діндарлардың, саяси қай­рат­керлердің санатында болған.

1917 жылы 5-12 желтоқсан аралығында күллі қазақтың тағдыры үшін бас қосқан ұлт зиялыларының ішінде «Алаш автономиясы бұ күн ресми иғылан етілсін» деп тас салған 33 делегаттың бірі – Дәулетияр ишан Айсарин болатын.

Екінші жалпықазақ сиезінің құжат­та­ры­ның ішінде Дәулетияр ишанның Орал об­лысы қазақтарының арасынан сайланып кел­ген делегат екендігі анық жазылған. Яғни Дәулетше Күсепқалиев, Нұрғали Ипмағамбетов, Хасан Нұрмұхамедов, Тағыберген Жамашев, Керей Есенғұлов, Ғабдолла Дошанов (Досжанов), Ас­пен­дия­р Кенжин, Нұрмұхамед Қалменев, Ғұбай­долла Әлібековтермен бірге оның аты-жөні энциклопедиялық жинақтарда Алаш­ қайраткерлері тізімінде жүретіні сондықтан.

Өлеңті жағасындағы әйгілі мешіт-медреседе Дәулетияр ишанмен бірге қызмет еткен бірнеше адамның аты-жөні белгілі. Мәселен, өлкетанушы Үзілдік Елеубаеваның дерегінше, мешіттің бас азаншысы ақын Сағынғали Сейітовтің әкесі Дүйсенғали қарт болған.

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорынан 1927 жылғы бір құжатты тауып алдық: онда Тайпақ болысы №6 ауыл азаматы Құлмұқанбет Мұқатайұлы «Дәулетияр мешітінде балаларды жинап, дін оқуын оқытуды тоқтатамын» деп қолхат берген. Шежіре деректеріне қарағанда Құлмұханбет Мұқатайұлы – Дәулетияр ишанмен аталас ағайын болып келеді. Жоғарыдағыдай айыптаудың, қисапсыз қудалаудың салдарынан 1920 жылдардың соңында бүкіл әулетін алып, Ресей жеріне көшіп кеткен.

Орайы келгенде айта кетейік, Сай­құ­дық­ пен Кеңсуаттың арасынан 1930 жылдары 90 үй көшіп кетіпті. Соның жартысы Орын­бордың Құрманай, Первомай аудан­да­рында, Самараның Кинел ауданында тұ­рақтап қалып қойған. Жоғарыдағы Құл­мұханбет Мұқатайұлының ағайын­да­ры­ – Орал облысында жоғары лауазымды қыз­­меттер атқарған Геннадий (Құспан) мен­ Вениамин (Жақан) Мұқатаевтар ке­йін Қа­зақстанға оралған. Белгілі өнер қай­раткері Асхат Маемиров та өз атасы­ Майемердің жат жерде – Кинел топы­ра­ғын­да қайтыс бол­ғанын айтады.

Әрине, большевиктер билігі күшейген са­­йын кеңеске «жат элемент» – дін өкіл­де­рінің де өрісі тарыла бастады.

Әуелі бүкіл мешіттер мен ондағы имам­дар­­дың тізімі жасақталды. 1923 жылғы 20 ма­­мырда толтырылған құжатта Жымпиты уезіне қарайтын Қурайлы болысының 9 меші­ті көрсетілген. Оның ішіндегі ең үл­ке­ні – №3 ауылдағы Дәулетияр ишанның жұ­ма мешіті болатын.

1920 жылдардың алғашқы жартысы кеңес үкіметінің дін саясатында ұзын ар­қан, кең тұсауға салып, кейде сенім бос­тан­дығын жариялап, дінге еркіндік бергендей көрінеді.

Мысалы, 1924 жылы 26 маусымда Жымпиты қаласында дін сиезі өткен. Оған үйездің әр түкпірінен 60 молда, ишан-хазірет қатысқан. Осы сиезде орнынан босаған мұхтасиб Ғадылша хазіреттің орнына 2-ші район мұхтасибтігіне Дәу­летияр хазірет Айсары баласын сайлау ұсы­нылып, сиез бірауыздан қабыл еткен.

Алайда көп кешікпей, РКФСР Конс­ти­ту­­­циясының 65-бабы және ҚазОАК-тың 1925 жылғы 9 мамырдағы нұсқаулығы бойынша облыстағы барлық молда дін өкілі ретінде сайлау құқынан айырылады. Бұл тізімде Тайпақ болысынан даусы­ алынған 35 дін өкілінің алдыңғы қата­рын­да имам, ишан әрі мұхтасиб Айсариев Дәу­ле­тияр­ ишан тұр еді.

Жоғарыда айтылғандай, Дәулетияр мед­ресесінде сабақ ара-тұра тоқтап, 1928 жыл­ға дейін жалғасқан. Бірақ 1928 жылғы 4 қаң­тарда оқу мүлдем тоқтаған. Дәл осы күні №6 ауыл азаматы Құлмұқанбет Мұқа­­тай­ұлы болыстық сақшыға «бүгіннен бас­тап діни оқытуды тоқтаттым, егер жал­ғас­тырар болсам, тесік базға (түрмеге) кіріп­тар болуға бейілмін» деп қолхат берген.

Бұл кезде кеңес үкіметінің «жауларын» әшкерелеу баспасөзде де жүріп жатты. «...Қазақ ауылдарында азамат со­ғысы, аштық пен жұттан кейін діни қоз­ғалыс өсе бастады. Барлық өлкеде, қаза­ғы басым уездерде уездік және аудан­дық мухтасибаттар құрылып, діни мек­тептер, мешіттер, ақсақалдардың шари­ғат соттары пайда бола бастады, мүрид ұстаған ишандар көбейді. Орал губер­на­сындағы Қосдәулетов, Айсариев секілді ишандардың әрқайсысында мүрид саны 500-800-ге дейін жетті» деп жазды осындай мақалалардың бірінде. Бұл, әрине, жала болатын.

Дәулетияр ишанның өмірінің соңын­да­ғы соңғы сот 1930 жылы болған. Тайпақ аудандық халық сотының №144 қыл­мыс­тық ісі «Тайпақ ауданы №18 ауы­лы­­­ның азаматтары Дәулетиар Айса­ры­ұлын­, Қазиза Қашқынбай әйелін және басқа­ла­рын ҚК-тің 169-2 бабымен айыптау жөнінде» деп аталады. Тергеу және сот ісі 1930 жылы 9 қаңтарда басталып, 1930 жылы 12 ақпанда аяқталған.

«Дәулетиар Айсарыұлы 84 жаста, 2 әйелі бар, оқи, жаза біледі, сайлау пұрсаты жоқ, 28 статиада бар, не барлығы 5 жан, 20 жыл ишан болған, бұрын сот астында 2 рет болған.

Дәулетиар Айсарыұлы ежелден еңбек­ші­лердің қанын сорып отырды, бұрынғы бұғаулы тегеурінен айырылмаған ишан, өткен жылы жүргізілген кәнпеске науқаны кезінде еңбекшілердің аузына ілініп, бұны бұл жақта ел кедейлері араларынан қуып, кәнпескелеп жер аударуын сұраған, бірақ та түрлі себептермен кәнпескеленбей қалған, сондықтан да малдарын сатып жойып, ақшаға айналдыра бастаған, астық дайындау науқанын жамандап, осы жылғы бірыңғай шаруа салығына берген малдарының барлығын өзі әруақыт сатып жоқ етеді;

Айыпкердің бұлай етуі еңбекшілер үкіметінің түрлі жүргізіп жатқан науқан­дарынан қаштырып, бой тасалағандық, онымен бірге келешекте үкімет тарапынан жүргізілетін түрлі әлеумет қорғау шараларының іс жүзіне шықпауына көріне зұлымшылық, ...мен айла жасағандық, бұлай етуі қоғам алдында қауіпті болып саналады, онымен бірге айыпкердің еткен амалдары (қылмыс) заңның 169-2 статиасына тура келеді. Бұл айтылғандар істегі берген айыпкерлердің өздерінің көрсетулерімен анықталады, сондықтан бұл айтылған бойынша Қылмыстық іс жүргізу заңының 319-320 статиаларын қолданып, сот үкім етеді:

Айыпкер – Дәулетиар Айсарыұлы Қ(ылмыс) заңның 169-2 статиасы бойын­ша­ айыпты деп тауып, екі жыл жарым еркінен айыруға, бұлтартпау шарасы есе­біне Айсарыұлы қазірден бастап тұтқынға алуға, үкім тұжырымына разы болмағаны жайлы 14 күн срөк ішінде Орал округтік сотына жолдама шағым беруге ерікті...»

Сот тергеудің біткенін мәлімдеп, айыпкерлерге ақтық сөз береді. Дәулетияр ишан: «Қандай үкім шығарсаңдар да қарсылығым жоқ, тек кәрілігім еске алынса екен» депті. Осылайша, жасы сексеннің бел ортасына келген Дәулетияр ишан бүкіл мал-мүлкінен айырылып, үш жылға сотталады. Одан босаған соң, өмірінің соңғы жылдары Жымпиты шаһарында, немере інісі Ахметов Ғабдолланың қолында тұрып, 1935 жылы қайтыс болған.

Заманында елді аузына қаратқан, ашаршылықта халқына талғажау таратқан, мың айдың жүзін көріп, бейнетінің зейнетін татар шағында темір тордың азабын тартқан Дәулетияр ишанның тағдырын оның екі қабатты мешіті де кешіпті. Өлеңті өзенінің жағасында өркениеттің ошағындай болып тұрған зәулім ғимарат 1932 жылы қиратылған. Оның кірпіші мен басқа да материалдарынан кеңсе, мектеп (Өлеңті бастауыш мектебі), интернат салыныпты.

«Мешітті бұзарда ішінен теке шығып, адамдарды жақындатпаған. Атса, жоқ болып кеткен. Сосын Дәулетияр ишанның өзін әкеліп, оқытып барып, бұзған. Мұнарасын құлатқанда, басындағы айы Өлеңті өзеніне түсіп кетіпті. Ешкім таба алмаған. 1930 жылдары бұзылса керек. 1932 жылы Өлеңті бастауыш мектебі салыныпты» дейді Сайполла Құмаров.

«Мешіт жөнінде айтар болсам, өз басым оны сыртынан болмаса, ішіне кіріп көрген жоқпын. Шешем марқұм: «Ишан атам Жымпитыға көшкен соң, белсенділер мешітті бұзбақ болған. Бірақ есік алдында екі көзі оттай жанған ақ теке атса да оқ дарымай, ешкімді кіргізбепті. Ишанның өзін алдырып, дұға оқытып, содан кейін барып бұзған. Ал мұнарасын бұзған жігіт аузы қисайып, есіріп өлді деседі», деп айтып отырушы еді. Бар білгенім осы» дейді Қабылқайыр Ахметов.

1932 жылы Тайпақ ауданы №8 ауыл­кеңес – Дәулетияр мешіті орнына Энгельс және Қызыл ақырап колхоздарын құрып, халықты орналастыру бойынша құжаттар Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде сақталған. Бір қызығы, осы картада Қызыл ақырап колхозы негізінен Қызылқоға ауданының №11 ауылынан көшіріліп әкелінген адамдардан құралғаны анық жазылған. Яғни Сайқұдық өңірінің өз тұрғындары, Дәулетияр ишанның ағайын­дары туған жерінен ауа көшіп, ата­жұрт жартылай иесіз қалғандығы бұл құжаттан да байқалып тұр.

Бұл жөнінде өлкетанушы Үзілдік Елеубаева ««Репрессия жылдары Сайқұ­дық­қа да салқынын тигізді. Елде тек 5 отбасы қалып, қалғаны Ресейдің Самара жа­ғына, өзге аудандарға көшіп кеткен. Содан қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданынан үгіт-насихат арқылы беріш, шеркеш, есентемір руларын көшіріп әкелген» деп жазған болатын.

Дәулетияр ишанның кейінгі тағдыры, жерленген жері өзімен тағдырлас жүздеген ишан-хазірет сияқты мүлдем белгісіз болып қалар ма еді?! Өйткені 1930 жылдары әйгілі ишанды арулап жерлеудің өзі оңай болмағаны анық. Басына белгі де орнатылмаған. Махамбет батырдың қабірін ұрпаққа көрсетіп кеткен Құрақ Бектұрғанов ақсақал сынды, Дәулетияр ишанның басына да белгі орнатып, өз басын қатерге тіккен Қабделхай (құжатта Қабылқайыр) ақсақал Ғабдоллаұлына рахмет айтуымыз керек.

«Дəулетияр ишан Сайқұдықтан Жымпитыға келіп, 1935 жылдың наурызында 83 жасында Ахметов Ғабдолла деген інісінің қолында дүние салды. Мен ол кезде 9 жаста едім. Сол кездегі саясаттың салқынымен атайдың басы қарайтылмай қалған. Осы жайт əкемнің жанына қатты батып жүрген. 1955 жылы дүниеден өткен əкем Ғабдолла: «Қарағым, заман болса мынау. Міндетті түрде тас қой деп айта алмаймын, бірақ шамаң келсе, басын қарайтарсың» деп аманат еткен болатын. 1970 жылы, өзім коммунист бола тұра, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік заманның зауалына қарамай, атайдың басына өз қолымнан құлпытас қойған едім...» деп жазады ақсақал.

Жымпиты ауылындағы үлкен қорым­да жерленген Дəулетияр ишанның құлпы­та­сын арнайы барып көріп, дұға қылып қайттық. Құлпытаста былай деп жазылған: «Руы тана, Қалқаман тайпасы Қосдәулет бөлімі, Айсары ұлы Дәулетияр, 1852-1935, Тас қойған шөбересі Қабделхай, 1970».

Батыс Қазақстан облысы 

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, 

egemen.kz

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...