Тарихтың мәні. Өмірге ерік және мәдениетке ерік - Николай Бердяев

АУДАРМА
1729

Авторы Николай Александрұлы Бердяев

1

Біздің дәуірімізде таным үшін де, және өмір үшін де мәдениет пен өркениет туралы, олардың ерекшеліктері мен өзара қарым-қатынастары туралы тақырыптан асқан өткір тақырып жоқ. Бұл - бізді алдан күтетін тағдырдың тақырыбы. Адамды оның тағдырынан басқа ештеңе де толғантпайды. Шпенглердің Еуропаның құлдырауы туралы кітабының айырықша жетістігі мәдениетті адамзаттың алдына оның тағдыры туралы мәселені өткір қоя білуімен түсіндіріледі. Тарихи асуларда, дағдарыстар мен апаттардың дәуірінде халықтар мен мәдениеттердің тарихи тағдырының қозғалысы туралы тереңірек толғануға тура келеді. Әлемдік тарих сағатының тілі қиын кезеңдердің сағаты, ымырттың түсетін сағаты болатындығын аңғартады, демек оған алдын ала отты жағып, түнге дайындалу керек. Шпенглер өркениетті кез келген мәдениет үшін тағдыр екендігін мойындады. Өркениет өзінің ақырымен аяқталады. Бұл тақырып жаңадан туындап отырған жоқ, ол бізге баяғыда-ақ белгілі. Бұл тақырып әсіресе орыс ой-санасына, орыс философиясы тарихына жақын. Көрнекті орыс ойшылдары мәдениет типі мен өркениет типі арасындағы айырмашылықты бұдан бұрын анықтаған және осы тақырыпты Ресей мен Еуропаның өзара қарым-қатынасымен байланыстырды. Барлық біздің славянфильді сана-сезіміміз еуропалық мәдениетке емес, еуропалық өркениетке қарсы тұрады. «Батыс іріп-шіриді» деген тезис ұлы еуропалық мәдениет құриды және рахымсыз және құдайсыз еуропалық өркениет салтанат құрады деген ойды білдіреді. Хомяков, Достоевский және К.Леонтьев Еуропаның өткен ұлы кезеңіне, осы «қасиетті ғажаптардың еліне», оның қасиетті ескерткіштеріне, оның көне тастарына нағыз ынтызарлықпен қарады. Бірақ көне Еуропа өзінің өткеніне опасыздық жасап, одан бас тартты. Дінсіз мещандық өркениет ондағы ескі қасиетті мәдениетті жеңіп шықты. Ресейдің, Еуропаның, Шығыс пен Батыстың күресі рухтың рақымсыздықпен, діни мәдениеттің дінсіз өркениетпен күресі болды. Ресей өркениет жолымен жүрмейді, оның өз жолы, өз тағдыры болады сенгің келеді, тек Ресейде ғана діни негіздегі мәдениет, нағыз рухани мәдениет болуға мүмкіндік бар. Орыс санасында бүл тақырып аса өткір қойылды.Николай Бердяев  Николай Александрұлы Бердяев

Бірақ ол батыстық санаға бөтен бе, еуропалық ой-сана оны жолға қойғанша басымдық танытып кетпей ме; ондай тұжырымға тек Шпенглер жалғыз өзі ғана келді ме? Ницшенің құбылысы батыс мәдениеті үшін осы жазмыш тақырыбын терең сезінумен байланысты, Ницщенің мұңы трагедиялық, дионисикалық мәдениетке қатысты - бұл салтанат құрған өркениеттің дәуірінде пайда болған мұң. Батыстың озық ойлы адамдары осынау қайғылы мұңды көне Еуропадағы мамонизмнің салтанат құруынан, қасиетті және символикалық -рухани мәдениеттің құруынан - рахымсыз техникалық өркениетке айналудан айқын сезінді. Батыстың барлық романтиктері олардың рухына жат болып келетін салтанат құрған өркениеттен жандарын қатты жаралады. Карлейль, пайғамбарлық қуатпен, өркениеттің рухты ығыстыруына қарсы тұрды. Леон Блуаның «буржуаға» қарсы жалынды көтерілісі оның "буржуазиялық" даналықты данышпандықпен жасаған зерттеулерінде -өркениетке қарсы көтеріліс болды. Барлық француз католиктері - символисттер мен романтиктер салтанат құрған өркениеттің әкелген сұмдық мұңынан құтылу үшін Орта ғасырға, алыста қалған рухани отанына бас сауғалап қашты. Батыс адамдарының бұрынғы болған мәдениет дәуірлеріне немесе Шығыстың экзотикалық мәдениеттеріне деген ұмтылысы өркениетке мәдениеттің біржолата өтуіне рухтың қарсы тұруын білдіреді, бірақ бұл нәзіктенген, құлдыраған, әлсіреген рухтың қарсы тұруы еді. Кейінгі, құлдыраған мәдениет адамдары жақындап келе жатқан өркениеттің болымсыздығынан нағыз болмысқа, мәңгілік болмысқа өтуге шамасы келмейді, олар енді қайта айналып келмейтін бұрынғы өткеннен пана іздейді, немесе өздеріне бөтен көрінетін Шығыстың тапжылмай қалған мәдениет әлемінің болмысына жүгінеді.

Сонымен болашақ әрқашанда өткеннің жетілгені, адамзат тіке жолмен өмірдің ең жоғарғы формаларына жетеді деген сенім болған прогрестің банальдық теориясының негізі бұзылады. Мәдениет шексіз дами бермейді. Ол өзінің түбіне өзі жетеді. Оның бастаулары бар, бүл оны қалайда өркениетке алып келеді. Өркениет дегеніміз мәдениет рухының өлімі, мүлдем басқа болмыстың немесе болымсыздықтың құбылысы болып табылады. Тарих философиясы үшін, тарихты ой елегінен өткізу үшін соншалықты типті бүл феноменді пайымдау қажет. Шпенглер тарихтың осы бірінші феноменінің мағынасына ену үшін ештеңе де бермейді.

2

Кез келген мәдениетте, гүлденуден, күрделілену мен нәзіктенуден кейін, шығармашылық күштерді тауысу, рухты жою және өшіру, рухтың кемуі басталады. Мәдениеттің барлық бағыттары өзгереді. Ол құдіретті іс жүзінде асыруға, өмірді практикалық ұйымдастыруға, яғни жер бетінде оны барған сайын кеңейту жағына бағытталады. «Ғылым мен өнерің» гүлденуі, ойдың тереңдеуі мен нәзіктенуі, көркемдік шығармашылықтың биіктерге көтерілуі, әулиелер мен данышпандардың пайымдауы - осының бәрі нағыз, нақты «өмір» ретінде сезінуден қалады, осының бәрі енді шабыттандырмайды. «Өмірдің» өзіне, «өмірдің» тәжірибесіне, «өмірдің» құдыреттілігіне, «өмірдің» рахатына, «өмірді» басқаруға ширыққан ерік пайда болады. Осы «өмірге» шамадан тыс ширыққан ерік мәдениетті құртады, мәдениетке ажал әкеледі... Мәдениеттің құлдырауында адамдар шамадан тыс «өмір сүргісі», «өмірін» жақсартуды, «өмірді» ұйымдастырғысы келеді. Мәдени гүлдену дәуірі «өмірге» органикалық ерікті, өмірге ашкөздікпен қарауды жоюды білдіреді. Адамзат бұқарасында «өмірге» шамадан тыс ашкөздік таралатын болса, онда мақсат жоғарғы рухани мәдениетке айналудан қалады, ол әрқашанда тектілікті ұстанады, санды емес, сапаны жоғары қояды. Мақсат «өмірдің» өзінде, оның тәжірибесінде, оның күш-қуатында және бақытында орныға бастайды. Мәдениет өзін-өзі бағалаудан қалады, және сондықтан мәдениетке ерік жоғалады. Енді данышпандық ерік болмайды, данышпандар енді дүниеге келмейді. Қызықтырмайтын пайымдаулар, танымдар мен шығармашылықтарды қаламайды. Мәдениет жоғары деңгейінде қала алмайды, ол амалсыздан төмен түсуге, құлауға тиіс. Ол өзінің жоғары сапасын ұстап тұруға қауқарсыз. Сандық бастау оны жеңеді. Әлеуметтік энтропия, мәдениеттің шығармашылық энергиясының ыдырауы орын алады. Мәдениет орнынан жұлынып, құлайды, ол оны жаратушылардың рухында туындаған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыра алмағандықтан мәңгі дами алмайды.

Мәдениет жаңа өмірді, жаңа болмысты жүзеге асыру емес, ол - жаңа құндылықтарды жүзеге асырушы. Мәдениеттің барлық қол жеткізген жетістіктері символикалық дәрежеде ғана болады, ол реалистік тұрғыда емес. Мәдениет өмір ақиқатын, өмір ізгілігін, өмір сұлулығын, өмір құдыреттілігін, өмір қуатын жүзеге асыру, атқару емес. Ол тек танымда, философиялық және ғылыми кітаптарда ақиқатты ғана жүзеге асырады; ізгілік -өнегелілікте, болмыста және қоғамдық тәртіптерде; сұлулық - өлең кітаптарында және суреттерде, мүсін және сәулет ескерткіштерінде, концерттер мен театр қойылымдарында; құдыреттілік - сенім-нанымда және діни символикада ғана. Шығармашылық акт мәдениетті темен тартады әрі оған ауыртпалық түсіреді. Жаңа өмір, жоғары болмыс мысалдарда, образдарда, символдарда ғана беріледі. Танымның шығармашылық актісі ғылыми кітапты дүниеге келтіреді; шығармашылық көркемдік акт өнегелілік пен қоғамдық мекемелерді құрайды; шығармашылық діни акт наным-сенімді, догматтар мен символикалық шіркеу құрылысын құрайды, құдайдың құдіретін уағыздайды. Сонда нағыз «өмірдің» қайда болғаны? Мәдениетте нақты кейпін өзгертуге қол жетпейтіндей көрінеді. Мәдениеттің ішіндегі динамикалық қозғалыс оның жетілген формаларымен мәдениеттің шегінен шығуға, «өмірге», тәжірибеге, күш-қуатқа қайта оралмастай етіп тартады. Осы жолдарда мәдениеттің өркениетке өтуі жүзеге асады.

Мәдениеттің жоғары көтерілгенін және жоғары дәрежеде гүлденгенін біз XVIII ғасырдың аяғындағы және XIX сасырдың басындағы Германиядан көреміз, ол кезде Германия «ақындар мен философтардың» атақты еліне айналған еді. Данышпандыққа еріктің осындай жүзеге асқан дәуірді кездестіре қою қиын. Бірнеше ондаған жылдар бойы әлем Лесинг пен Гердерді, Гете мен Шиллерді, Кант пен Фихтені, Гегель мен Шеллингті, Шлейермахер мен Шопенгауэрді. Новалис пен барлық романтиктерді көрді. Одан кейінгі дәуірлерде осы бір тамаша дәуірге қызыға қарайтын болады. Виндельбанд, мәдениеттің құлдырау дәуірінің философы, рухани бүтіндік пен рухани даналықтың осы кезеңі туралы айтқанда, оны уыстан шығып кеткен жұмаққа теңей отырып еске алады. Гете мен Канттың, Гегель мен Новалистің дәуірінде нағыз керемет «өмір» болды ма? Сол тамаша дәуірдің барлық адамдары сол кезде Германияда «өмір» кедей, мещандық, еңсесі түскен күйде болды. Герман мемлекеті әлсіз, аянышты, ұсақ бөліктерге бөлінген еді, еш жерде ешқандай құдіретті «өмір» жүзеге аспаған болатын, мәдени гүлдену мейілінше төменгі күйдегі герман халқының ең жоғарғы сатысында ғана болды. Ал Ренессанстың дәуірі, бұрын-соңды болып көрмеген шығармашылықтың өрлеуін алайық, - онда шын мәнінде ең жоғарғы, нағыз «өмір» болды ма? Өзі жақтырмайтын өркениеттің ортасында романтик Ницше Ренессанстың дәуіріне нағыз, құдыретті «өмір» ретінде құлдық ұрады, - ондай «өмір» онда болған жоқ; онда «өмір» аса қиын, өмірге өкпелі болуы орын алды, онда ешқашанда жер бетіндегі оның жетілуінде әдемілік болған емес. Леонардо мен Микель Анджело өмірі тұтастай трагедия мен азап болды. Және әрқашанда осындай жағдай орын алды.

Мәдениет әрқашанда өмірдің ең зор сәтсіздігіне айналды. Мәдениет пен «өмір» арасындағы қарама-қарсылық жүзеге асқандай еді. Өркениет «өмірді» жүзеге асыруға тырысады. Ол қуатты герман мемлекетін, қуатты капитализм және онымен байланысты социализм құрады; ол әлемдік құдіретке және әлемдік ұйымға ерікті жүзеге асырады. Бірақ осы қуатты Германияда, импералистік және социалистік елде енді Гете болмайды, герман идеалистері де болмайды, ұлы романтиктер де болмайды, ұлы философтар мен улы өнер де болмайды, - бәрі де онда техникалық, техникалы болады және философиялық ой-сана да (гносеологиялық ағымдарда). Барлығын жаулап алу әдісі болмыстағы интуитивтік-тұтастықты билейтін болады. Британ империясының қуатты өркениетінде Шекспир мен Байронның шығуы енді мүмкін емес. Италияда, Римдегі еңселі Виктор Эммануилдің" ескерткіші, Италия¬да социалистік қозғалыс, Данте мен Микель Анджело да болуы мүмкін емес. Міне, мәдениеттің трагедиясы және өркениеттің трагедиясы осында жатыр.

3

Кез келген мәдениетте, оның дамуының белгілі бір сатысында, мәдениеттің рухани негізін бұзатын бастаудың пайда болуы басталады. Мәдениет наным-сеніммен байланысты, ол діни нанымнан дамиды, ол нанымның дифференциациясының, оның мазмұнының әр алуан тарапқа таралуының нәтижесі. Философиялық ой-сана, ғылыми таным, сәулет, сурет өнері, скульптура, музыка, поэзия, мораль - барлығы шіркеу наным-сенімінде жайылмаған және дифференциацияланбаған формада болады. Мәдениеттердің ең ежелгісі болып есептелетін Египеттің мәдениеті храмда басталды, және оның алғашқы дүниеге келтірушілері абыздар еді. Мәдениет ата-бабалардың наным-сенімімен және дәстүрмен байланысты. Ол қасиетті символикаға толы, онда рухани болмыстың белгілері берілген. Кез келген мәдениет (тіпті материалдық мәдениет) рухтың мәдениеті; кез келген мәдениет рухани негізді еншілейді, ол табиғат стихияларының үстіндегі шығармашылық жұмыстың өнімі. Бірақ мәдениеттің өзінде өзінің діни және рухани негіздерін ыдыратуға, өзінің символикасын жоқ етуге ағымдар болады. Мәдениет антиктік, және батыс-еуропалық мәдениет «ағартушылық» үдерісі арқылы өтеді, ол діни нағыз мәдениетті бұзады және мәдениеттің символикасын ыдыратады. Мәдениеттің қиын диалектикасы осыдан көрінеді. Мәдениетке өзінің негіздеріне күмәнмен қарау және осы негіздерді ыдырату оз жолының белгілі бір сатыларында тән. Ол өзінің өмірлік бастауларынан алшақтап, ақыры өзін өзі құртып тынады. Мәдениет рухани жағынан өзін-өзі титықтатады, өзінің энергиясын әлсіретеді. «Органикалық» сатыдан ол «күрделі» *** сатыға өтеді.

Мәдениеттің тағдырын түсіну үшін оның қозғалмалығын қарастыру керек және оның жазмыш диалектикасына бойлау қажет. Мәдениет жанды үдеріс, халықтардың жанды тағдыры. Мәдениет өзінің қол жеткізген биігін ұстап тұра алмайды, оның тұрақтылығы мәңгілік емес. Мәдениеттің қалыптасқан тарихи типінде үзіліс, құлдырау болады, ондай жай-күйге қайта оралмайтын өту жүзеге асады, ол енді «мәдениет» деп аталуға келмейді. Мәдениеттің ішінде жаңа «өмірге», билік пен қуатқа, тәжірибеге және рахат сезімге бөленуге деген өте зор ерік орын алады. Құдіреттілікке ерік, мейлі қандай жағдай болса да, мәдениеттегі өркениеттендіру үрдісі болып табылады. Мәдениет өзінің ең жоғарғы жетістіктерінде риясыз, өркениет әрқашанда мүдделілік танытады. «Ағартушылықтан өткен» ой-сана «өмірді» пайдалану және «өмірден» рахат табу үшін рухани кедергілерді жолынан ығыстырып жібереді, ерік қуатты және ұйымдасқан түрде өмірді игеруде жоғары серпінді иеленгенде, сол кезде мәдениет аяқталып, өркениет басталады. Өркениет дегеніміз мәдениеттен, пайымдаудан, құндылықтар шығармашылығынан «өмірдің» өзіне өту, «өмірді» іздеу, өзін оның қарқынды ағынына беру, «өмірді» ұйымдастыру, өмірдің күшімен рахаттану болып табылады. Мәдениетте тәжірибелік-пайдакүнемдік, «реалистік», яғни өркениеттенушілік бейім орын алады. Үлкен философия және үлкен өнер, діни символика тәрізді енді керек болмай қалады, енді ол «өмір» болып есептелмейді.

Мәдениеттегі жоғары, оның қол жеткізген ең биік жетістіктері әшкереленеді. Әртүрлі жолдармен мәдениеттің қасиетті емес және символикалық емес сипаты көрініс табады. Өркениет дәуірінде ақиқат «өмірдің» соты алдында рухани мәдениет иллюзия, адамның өзін-өзі алдауы, тәуелді сана, әлеуметтік қожыраудың жалған жемісі болып танылады. Өмірдің ұйымдасқан техникасы адамзатты мәдениеттің елесінен және алдауынан түпкілікті құтқаруы тиіс; ол толықтай «ақиқат» өркениетті құруы қажет. Мәдениеттің рухани иллюзиялары өмірдің қожыраңқылығынан, оның техникасының әлсіз болуынан жеңіліс тапты. Бұл рухани иллюзиялар өркениет техниканы меңгеріп, өмірді ұйымдастырғанда жоғалады, жойылады. Экономикалық материализм - өркениет дәуірінің өзіне өте тән және типтік философиясы. Бүл ілім өркениеттің құпиясын көрсетеді, оның ішкі пафосын білдіреді. Экономикалық емес материализм экономизмнің үстемдігін**** ойлап шығарды, рухани өмірдің құлдырауына бүл ілім кінәлі емес. Шын мәнінде экономизмнің үстемдігі белгілі болды, ондағы барлық рухани мәдениет «қондырмаға» айналды және барлық рухани болмыс экономикалық материализмнің өз ілімінде***** көрсеткенінен бұрын ыдырады. Экономикалық материализмнің идеясы болмысқа қатысты тек рефлекторлық сипат алады. Бұл - өркениет дәуірінің өзіне тән идеологиясы, осы өркениеттің неғұрлым радикальды идеологиясы. Өркениетте экономизм сөзсіз үстемдік етеді; өркениет өзінің табиғаты жағынан техникалы, өркениетте кез келген идеология, кез келген рухани мәдениет қондырма, иллюзия, бір созбен айтқанда, ол ақиқат емес. Кез келген идеологияның және кез келген руханилықтың жалған сипаты әшкереленген. Өркениет «өмірге», құдыретті күшті ұйымдастыруға, техникаға осы «өмірді» нағыз жүзеге асыру ретінде өтеді. Өркениет мәдениетке қарама-қарсы тұрады, ол өзінің негізі бойынша діншіл емес, онда «ағартушылық» ой-сана үстем, бірақ бүл ой-сана дерексіз емес, ол бүл прагматикалық ой-сана болып табылады. Мәдениетке қарама-қарсы тұратын өркениет символикалық емес, иерархиялық та емес, органикалық та емес. Ол - ақиқатты, демократиялы, механикалық. Ол өмірдің жетістіктерін символикалық емес, «реалистік» тұрғыдан көруді қалайды, ақиқат өмірдің өзін бағалайды, оған өзге дүниелердің белгілері де, символдары да қажет емес. Өркениетте, капитализмде, және социализмдегі сияқты, ұжымдық еңбек инудивидуальды шығармашылықты ығыстырып жібереді. Өркениет тұлғасыздандырады. Өзімен бірге алып жүруі тиіс болып көрінетін жеке тұлғаны босату жеке тұлғаның ешкімге ұқсамайтындығы үшін өте қауіпті. Жеке тұлға тек мәдениетте ғана ашылды. «Өмірдің» құдырет күшіне ерік жеке тұлғалықты жояды. Тарихтың парадоксы, міне, осындай.

4

Мәдениеттің өркениетке өтуі адамның табиғатқа қатынасының түбірімен өзгеруіне байланысты. Адамзат тағдырындағы барлық әлеуметтік өзгерістер адамның табиғатқа деген жаңа қатынасымен байланысты. Экономикалық материализм өркениеттің санасына жететін формада бұл ақиқатты атап корсетті. Өркениеттің заманы адамзат өміріне машиналардың келуінен басталды. Өмір органикалық болудан қалып, өзінің табиғат ырғағымен байланысын жоғалтады. Адам мен табиғат арасында құралдардың жасанды ортасы тұратын болды, олар арқылы ол табиғатты өзіне бағындырғысы келді. Осы арқылы билікке, өмірді нақты пайдалануға деген ерік пайда болады, ол Ортағасырлық аскеттік санаға қарама-қарсы тұрады. Адам резиньяциядан және пайымдаудан табиғатты бағындыруға, өмірді ұйымдастыруға, өмірдің күшін арттыруға өтеді. Бұл адамды табиғатқа, оның ішкі өміріне, оны жанына жақындатпайды. Адам табиғатты техникалық меңгеру және оның күштеріне билік ету үдерісінде табиғаттан мүлдем қол үзеді. Ұйымдасқандық органикалықты құртады. Өмір барған сайын техникалық бола түседі. Машина адам рухына, оның қызметінің барлық тарапына өзіндік із қалдырады. Өркениет не табиғи, не рухани негізді емес, машина негізін иеленеді. Ол ең алдымен техникалық, онда техника рухқа, организмге үстемдік етеді. Өркениетте ойлаудың өзі техникалыққа айналады, кез келген шығармашылық және кез келген өнер барған сайын техникалық сипат ала береді. Мәдениет үшін символикалық өнер болған футуристикалық өнер де өркениетке тән. Гносеологияның, әдістемеліктің немесе прагматизмнің үстемдігі де өркениетке тән. «Ғылыми» философия идеясының өзі өркениеттілік ерікпен құдыреттілікке, күш беретін әдісті иеленуді қалауға пайда болған. Өркениетте мамандандыру бастауы жеңіске жетеді, онда мәдениеттің рухани бүтіндігі жоқ. Бәрін де мамандар жасайды, жұрттың бәрінен мамандық талап етіледі.

Машина мен техника мәдениеттің ақыл-ой үрдісінен, оның улы жаңалықтарымен дүниеге келді. Бірақ мәдениеттің бұл жемісі оның органикалық негізін бұзады, оның рухын өлтіреді. Мәдениет жансызданады және өркениетке өтеді. Рух құлдырауға ұшырайды. Сапа енді санмен алмасады. Адамзат «өмірге», құдіретке, ұйымдастыруға, бақытқа деген еркі әлсірейді, өйткені, аскезасыз және резиньяциясыз жоғары рухани өмір бола алмайды. Тарихи тағдырлардың трагедиясы осындай, жазмыш осы. Таным, ғылым құдыретті қуатқа және бақытқа ерікті жүзеге асырудың құралына, өмірдің техникасы салтанат құруы үшін, өмірдің үдерісінен рахаттану үшін айырықша құралға айналады. Өнер сол өмір техникасының құралына, өмірді ұйымдастырудың безендірілуіне айналады, Храмдармен, сарайлармен және үй-жайлармен байланысты мәдениеттің барлық сұлулығы, -сұлулықтың тұлыбына айналған мұражайға өтеді. Өркениет - мұражайлық, оны өткенмен байланыстыратын осы ғана. Өмірдің наным-сенімі оның мәнінен тыс басталады. Ештеңе де енді өзін-өзі бағалаушы бола алмайды. Өмірдің бірде-бір сәті, өмірдің бірде-бір толғанысы тереңдікті еншілемейді, мәңгілікке қатыссыз болады. Кез келген сәт, кез келген толғаныс өмір үдерістерін тездететін құрал ғана, ондай үдерістер ақылға қонбайтын шексіздікке ұмтылады, ол бәрін жұтататын вампир тәрізді бәрін жалмаған күйі қуат пен бақытқа жетпекші болады. Бәрі де тез, бәрі де жеделдетілген қарқынмен болатын өркениетте өткен де, қазіргі де жоқ, мәңгілікке шығу да жоқ, тек болашақ ғана бар. Өркениет - футуристикалық. Мәдениет мәңгілікті пайымдауға күш салды. Бұл тездету, бұл болашаққа айрықша ілгері ұмтылушылық машинамен және техникамен жасалды. Организмнің өмірі неғұрлым баяу, ал қарқын соғұрлым күшті. Өркениетте өмір іштен сыртқа лақтырылады, бет жағына шығады. Өркениет эксцентрлі. Өркениет өмірдің құралдарымен, өмірдің қаруларымен өмір мақсатын алмастыру. Өмірдің мақсаттары жоғалады, тыйылады. Өркениет адамдарының санасы өмірдің күн көрісіне, өмірдің техникасына ғана бағытталған. Өмірдің мақсаты иллюзиялық, құралдары ақиқат болып есептеледі. Техника, ұйымдастыру, өндірістік үдеріс - ақиқат шындық. Рухани мәдениет нақты емес. Мәдениет өмір техникасы үшін құрал ғана. Өмірдің мақсаттары мен құралдары арасындағы арақатынас араласып кетеді және өзгеріске ұшырайды. Барлығы да «өмір» үшін, оның өнегелік қуаты үшін, оны ұйымдастыру үшін, өмірден рахат табу үшін. Сонда «өмірдің» өзі не үшін керек? Оның мақсаты мен мәні бар ма? Осы жолда мәдениеттің жаны өледі, оның мағынасы сөнеді. Машина адамға магиялық билік етеді, ол оны магиялық токтармен қымтап тастады. Машинаның романтикалық терістеуі, өркениетті жай ғана теріске шығару, адамзат тағдырының сәті ретінде, тәжірибе, ақылгөй рух ретінде, әлсіз болып шығады. Мәдениетті жай қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Мәдениет өркениет дәуірінде әрқашанда романтикалық болып келеді, ол әрқашанда бұрынғы діни-органикалық дәуірлерге бағытталған. Бұл - заң. Мәдениеттің классикалық стилі өркениет арасында мүмкін емес. XIX ғасырдың барлық озық ойлы адамдары романтиктер болды. Мәдениет жеңуінің нақты жолы біреу ғана - діни кейіпті өзгерту жолы.

5

Өркениет - өзінің табиғаты жағынан сөздің терең рухани мағынасында «буржуазиялық». «Буржуазиялық» өркениет патшалығы, ұйымдастырылған қуатқа және өмірден рахат табуға өркениетті ерік болып табылады. Өркениеттің рухы - мещандық рух, ол шіріген және бұзылғыш келетін заттарға енгізіледі, бекітіледі; ол мәңгілікті жақтырмайды. «Буржуазиялық» шірушіліктің құлы, мәңгілікті жек көреді. Әлемдегі ең жетілген өркениет Еуропа мен Американың өркениеті индустриалды-капиталистік жүйені құрды. Бұл индустриалды-капиталистік жүйе тек қуатты экономикалық даму ғана болып қойған жоқ, ол сонымен қатар рухани құбылыс, руханилықты құртудың құбылысы болды. Өркениеттің индустриалды капитализмі мәңгіліктің жауына, қасиеттілердің жауына айналды. Жаңа кезеңнің капиталистік өркениеті Құдайды өлтірді, ол ең барып тұрған құдайсыз өркениет болып табылады. Ол Құдайды өлтірген қылмысы үшін тікелей жауапты, оған революциялық социализм кінәлі емес, ол бар болғаны өзіне «буржуазиялық» өркениеттің рухын алды және оның жағымсыз мұрасын еншіледі. Рас, индустриалды-капиталистік өркениет діннен толық теріс айналған жоқ: ол прагматикалық пайдасын және діннің керектігін мойындауға әзір болды. Мәдениетте дін символикалық түрде болса, ал өркениетте дін прагматикалыққа айналды. Және де дін өмірді ұйымдастыру үшін, өмірдің қуатын арттыру үшін пайдалы әрі әрекет ете алады. Өркениет жалпы алғанда прагматикалық екені белгілі. Прагматизмнің өркениеттің классикалық үлгісі Америкада кеңінен таралуы бекер емес. Социализм діннің бұл прагматизмін теріске шығарды; ол прагматикалық түрде адамзаттың қалың бұқарасын өмірлік қуат пен өмірлік рахат табу үшін неғұрлым пайдалы нәрсе ретінде атеизмді қорғайды. Бірақ капиталистік әлемдегі дінге прагматикалық-утилитарлық қатынас құдайсыздықтың және рухани қуыскеуделіліктің нағыз көзіне айналды. Құдай өркениеттің табыстары үшін, индустриалды-капиталистік даму үшін пайдалы және әрекет етуші-қажеттілік, ол нағыз Құдай бола алмайды. Оны әшкерелей қою қиын емес. Социализм терістеу жағынан дұрыс. Діни жаңалықтардың Құдайы, символикалық мәдениеттің Құдайы капиталистік өркениеттен баяғыда-ақ кетіп қалған, және оның өзі де одан іргесін аулақ салды. Индустриалды-капиталистік өркениет бүкіл онтологиялықтан алыс кетті, ол антионтологиялы, ол механикалық, ол жалғандықтың патшалығын ғана құрайды. Осы өркениеттің механикалығы, техникалығы және машиналығы кез келген болмыстың органикалығына, космостығына және руханилығына қарама-қарсы болады. Шаруашылық та, экономика да - механикалық және жалған, шаруашылық нағыз тұрмыстық, жаратушылық негізді иеленеді, және шаруашылық жүргізу адамның борышы, экономикалық дамудың императиві бар. Бірақ шаруашылықты рухтан болу, экономиканы өмірдің жоғары принципіне шығару, өмірдің бәрі органикалық орнына техникалық сипат алу, шаруашылықты және экономиканы жалған, механикалық патшалыққа айналдырады. Капиталистік өркениеттің негізінде жатқан ерекшелік механикалық жалған патшалық кұрады. Өркениеттің индустриалды-капиталистік жүйесі шаруашылықтың рухани негізін бұзады және бүкіл жүйеге қарсы шығады. Капиталистік өркениет социализмнен өзінің сазайын алады. Бірақ социализм де өркениет ісін жалғастырады, ол сол «буржуазиялық» өркениеттің басқа бейнесі болып табылады, ол өркениетке жаңа рухты енгізбестен оны одан әрі дамытуға күш салады. Жалғандық пен елесті тудыратын өркениет индустриализмі рухани тәртіпті және еңбектің рухани мағынасын сөзсіз бұзады және сол арқылы өзін құртуға дайындайды.

Өркениет шексіздікпен артып отырған әлемдік қуат туралы оз арманын жүзеге асыруға әлсіздік танытады. Вавилон мұнарасы салынып бітпейді. Дүниежүзілік соғыста біз еуропалық өркениеттің құлдырауын, индустриалды жүйенің құлағанын, «буржуазиялық» дүние тірек еткен жалғандықтардың әшкереленгендігін көрдік. Тарихи тағдырдың трагедиялық диалектикасы осындай. Оны мәдениет иеленеді, оны өркениет те иеленеді. Ештеңені де статикалық түсінуге болмайды, бәрі де динамикалық жағынан түсінікті болуы тиіс. Тек сонда ғана тарихи тағдырда бәрі өзінің қарама-қарсылығына өту үрдісі болатын тәрізді, бәрі қолайсыз ішкі қарама-қайшылықтары тәрізді болатындығы көрінеді және өзінің түбіне жетеді. Империализм - өркениеттің техникалық туындысы. Империализм мәдениет емес. Ол әлемдік қуатқа, әлемдік өмірді ұйымдастыруға жалаң ерік болып табылады. Ол индустриалды-капиталистік жүйемен байланысты, ол өзінің табиғатынан техникалық болып келеді. XIX және XX ғасырлардағы «буржуазиялық» империализмнің, ағылшындық және германдық империализмнің сиқы осындай. Бірақ оны бұрынғы өткен замандағы қасиетті империализмнен, қасиетті Рим империясынан, қасиетті Византия Империясынан ажырата білу керек, олар символикалық және өркениетке емес, мәдениетке жатқызылады. Империализмде тарихи тағдырдың мойымайтын диалектикасы көрінеді. Әлемдік қуатқа империалистік ерікте мәдениет дәуіріне жататын ұлттық мемлекеттердің тарихи денесі жидіп, ыдырауға ұшырайды. Британ империясы Англияның ұлттық мемлекет ретіндегі ақыры болып табылады. Бірақ жолындағыны жалмайтын империалистік ерікте өлімнің негізі бар. Империализм өзінің үздіксіз дамуында өзінің негізін бұзады және өзін социализмге өтуге дайындайды, ол да өмірдің әлемдік қуатына және әлемдік ұйымдастыруға төтеп береді, ол бар болғаны өркениеттің алға қарайғы сатысын, оның жаңа бейнесінің құбылысын білдіреді. Бірақ империализм мен социализмнің рух жағынан туыстас екені соншалық, мәдениеттің терең дағдарысын білдіреді. Өзінен өзі ыдырайтын империализмнің және пайда болған социализмнің индустриалды-капиталистік дәуірінде өркениет салтанат құрады, бірақ мәдениет құлдырауға ұшырайды. Бұл мәдениет құриды деген сөз емес. Терең мағынасында алып қарағанда - мәдениет мәңгілік. Антиктік мәдениет құлады, тіпті ол өмірі сүруін тоқтатты десе болады. Бірақ ол біздің болмысымыздағы терең қабат тәрізді бізбен бірге өмір сүруін жалғастыруда. Өркениет кезінде мәдениет санда емес, сапада өмір сүреді, ол тереңге кетеді. Өркениетте варварландыру, тұрпайылану, мәдениет арқылы жасалып, жетілген формаларды жоғалту үдерістері байқалады. Варварландыру әртүрлі формада болуы мүмкін. Эллин мәдениетінен кейін, римдік әлемдік өркениеттен кейін варварлық ерте Ортағасырлық дәуір басталды. Бұл табиғат стихияларымен байланысты варварлық болды, бұл өзімен бірге солтүстік ормандарының иісін ала кел¬ген, жаңа қанмен жаңа адамзат бұқарасының толқынынан келген варварлық еді. Бұл Еуропалық және әлемдік өркениеттің биігінде пайда болуы мүмкін варварлық емес. Бүл өркениеттің өзінен келген, ормандардың емес, машиналардың иісі бар варварлық, - варварлық өркениет техникасының өзінде орныққан. Өркениеттің өзінің диалектикасы осындай. Өркениетте рухани энергия жойылады, рух - мәдениеттің қайнар көзі өшеді. Сол кезде адам¬зат жанына табиғи күштер емес, өз мағынасында айтқанда варварлық күштер үстемдік етеді, бұл нағыз болмысты алмастыратын машиналықтың және механикалықтың магиялық патшалығы. Өркениет адамзаттың нақты «өмірге», нақты қуатқа, нақты бақытқа еркінен туындап, мәдениеттің символикалық және пайымдау сипатына қарама-қарсы тұрды. Мәдениеттен «өмірге», өмірдің кейпін өзгертуге бастайтын жолдардың бірі осындай, бұл өмірдің кейпін техникалық жағынан озгерту жолы. Адам осы жолмен жүруі тиіс және ақыр аяғына дейін барлық техникалық күштерді ашуы қажет. Бірақ бұл жолда нағыз болмысқа қол жетпейді, бұл жолда адамның образы жоғалады.

6

Мәдениеттің ішінде «өмірге», «өмірдің» кейпін өзгертуге басқа да ерік пайда болуы мүмкін. Өркениет «өмірдің» трагедиялық қарама-қарсылығымен мәдениеттен «өмірдің» өзінің кейпін өзгертуге өтетін жалғыз жолы емес. Сонымен қатар өмірдің кейпін діни өзгертетін жол, нағыз болмыстың жету жолы бар. Адамзаттың тарихи тағдырында торт дәуір, торт жай-күй орныққан деуге болады: варварлық, мәдениет, өркениет және діни жолмен кейіпті өзгерту. Бұл торт жай-күйді айырықша уақыт жүйелігіне салуға болмайды; олар бірге болуы да мүмкін, бұл - адамзат рухының әртүрлі бағыттары. Бірақ осы жай-күйлердің бірі сол немесе басқа дәуірден алға озады. Эллин дәуірінде, рим әлемдік өркениетінің үстемдігі дәуірінде еріктің тереңінен діни жолмен кейіпті озгерту туындауы тиіс еді. Сол кезде дүниеде христиандық пайда болды. Ол алдымен өмірдің кейпін озгерту ретінде келді, ол таң ғажайыптың ортасында болды және таңғажайыпты жасады. Таңғажайыпқа ерік әрқашанда өмірді нақты кейпін өзгертуге ерікпен байланысты. Бірақ, -христиандық өзінің тарихи тағдырында варварлық арқылы, мәдениет арқылы және өркениет арқылы өтті. Мәдениетте христиандық артықшылықтарға ие болды, ол өмірдің белгілері мен образдарын ғана берді; өркениетте ол артықшылықпен прагматикалық болды, өмір үдерістерін арттыратын құралға, рухани саланың техникасына айналды. Бірақ таңғажайыпқа ерік босаңсыды және өркениеттің биігінде мүлдем өше бастады. Христиандар өркениет дәуірінде бұрынғы таң ғажайыптарға жылы-салқын сенімді уағыздауды жалғастыра берді, бірақ енді олар бұрынғыдай таңғажайыпты күтпейді, өмірдің кейпін өзгерту таңғажайыбына сенім еркін иеленбейді. Бірақ бұл өмірдің кейпін өзгертудің таңғажайыбына сенім еркі, механикалық-техникалық кейпін озгерту емес, бұл органикалық-рухани кейпін өзгертушілік, ол пайда болуы тиіс және өшіп бара жатқан мәдениеттен, өркениеттің қолданған жолына қарағанда, «өмірдің» өзіне басқа жолды айқындап беруі қажет. Дін өмірдің шеттетілген бөлігі бола алмайды. Ол өмірдің онтологиялық-нақты кейпін өзгертуге жетуі тиіс, оған мәдениет символикалық түрде жетеді және өркениет техникалық жағынан жетеді. Бірақ бізге әуе өркениетінің кезеңі арқылы өтуге тура келуі мүмкін.

Ресей жұмбақ, әлі де өз тағдырында түсініксіз ел, онда өмірді діни жолмен кейпін өзгертуге деген құштарлық басым түсті. Мәдениетке ерік бізде әрқашанда «өмірге» де¬ген ерікке жетелейді, және бұл еріктің екі бағыты болды, олар көбінесе араласып отырды, -өмірді әлеуметтік кейпін өзгертуге ұсталған бағыт өркениетке және мірді діни жолмен кейпін өзгерту, адамзат қоғамының тағдырындағы таңғажайыптың құбылысына, халықтың тағдырына біз мәдениетті жете игермей тұрып, мәдениеттің дағдарысын бастан кешіруді бастадық. Орыстарда әрқашанда мәдениетке көңіл толмаушылық болды, орта дәрежедегі мәдениетті құрғысы келмеді, мәдениеттің орта буынын ұстап қалмады. Пушкин мен Александровтық дәуір - орыс мәдениетінің шыңы. XIX ғасырдағы орыс әдебиеті және орыс ой-санасы мәдениет болған жоқ; олар «өмірге», діни жолмен өмір кейпін өзгертуге ұмтылды. Гоголь, Толстой, Достоевский осындай, В.Соловьев, К.Леонтьев, Н.Федоров осындай, жаңа діни-философиялық ағымдар осындай. Мәдениеттің берілуі бізде әрқашанда әлсіз болды. Өркениетті біз бейберекет құрудамыз. Варварлық стихия әрқашанда күшті еді. Біздің діни жолмен өмір кейпін өзгертуге еркіміз әлдебір арманшыл аурумен зақымданған. Бірақ орыс санасына, неғұрлым оң нәтижелерге қол жеткізген Батыс адамдарына қарағанда, мәдениет дағдарысын және тарихи тағдыр трагедиясын өткір де терең түсіну тән. Орыс халқының жандүниесінде өмірдің кейпін діни жолмен өзгертетін таңғажайыпқа ерікті табуға үлкен қабілеттілік сақталған болуы керек. Біз де бүкіл әлем халықтары сияқты мәдениетті қажетсінеміз, және бізге өркениет жолынан өтуге тура келеді. Бірақ біз ешқашанда мәдениеттің символикасында және өркениеттің прагматизмінде, Батыстың халықтары сияқты, тұсалып қалмауымыз керек. Орыс халқының еркі тазартуды және нығайтуды қажет етеді, және біздің халық осы ұлы өкініштен өтуі тиіс. Тек сонда ғана өмірдің кейпін өзгертуге оның еркі оған әлемдегі өз орнын анықтауға құқық береді.


Түсініктемелер

* А.С.Хомяковтың «Арман» деген өлеңінен теңеу (1835):

О, грустно, грустно мне! Ложится тьма густая

На дальнем Западе, стране святых чудес...

(Хомяков А.С. Стихотворения и драмы. Л., 1969, с.103)

** 1885-1911 жж. сәулетші Дж. Сакконидің жобасы бойынша Римде Виктор Эммануилге орнатылған ескерткіш туралы; өзінің көлемі жағынан орасан зор ескерткіш аса ауқымдылығымен және еңселі болуымен Капитолий мен Рим форумы ансамблінің пысын басқандай. Ескерткіштің бейнесін мына әдебиеттен қараңыз: Dal Maso L.B.Roma. Dal Palatino al Vaticano. Roma, 1980, p.79; Большая Советская энциклопедия. 3-е изд. М., 1973, т.11, с.37.

*** Органикалық және күрделі дәуірлер - француз социологы К.а.де Р. Сен-Симонның терминдері, сол кездің орыс әдебиетінде оны философ •ірі ақын Вяч. И.Иванов кеңінен қолданды, одан бұл терминдерді, сірә, П.Л.Бердяев алған болуы керек.

«...Данышпан Сен-Симон ашқан және оны ұзақ тарихи қатарда тексерген заңы қоғамға екі әртүрлі, бірінен кейін екіншісі кезектесіп келетін жай-күй тән екендігін көрсетеді: оның бірі, адамзат қызметінің барлық фактісі топтастырылған кезде, жалпы теориямен қарастырылған және реттелген кезде, қоғамдық қызметтің мақсаты айқын анықталған кезде, органикалық ден аталады, ал екіншісін біз, ой-сананың кез келген ортақтығы, кез келген бірлескен әрекет, кез келген үйлестіру тыйылғанда, қоғам оқшауланған, бір-бірімен күрескен индивидтердің шоғырлануын ғана білдіретін кезде, күрделі жай-күй деп атаймыз». (Изложение учения Сен-Симона. М., JI., 1947. С. 104).

**** «Экономизм» ұғымын С.Н.Булгаков кеңінен қолданды. «Өмір дегеніміз ең алдымен шаруашылық үдерісі - осындай аксиома... экономикалық материализмде ең акырғы және тіпті бұрмаланған теңеуге ие болған қазіргі экономизм» (Булгаков С.Н. Философия хозяйства. М., 1990, с.8).

***** Қондырма және базис - қоғамды түсінудің марксшілдік негізгі ұғымдары. К.Маркс осы ұғымдарға классикалық тұжырымдаманы «Саяси экономия сынына» (1859) атты кітабының алғысөзінде келтірді «Адамдар оз өмірінің қоғамдық өндірісінде олардың еркінен тыс белгілі бір, қажетті - өндірістік қатынастарға түседі, бүл олардың материалдық өндіргіш күштер дамуының белгілі бір сатысына сәйкес келеді. Осы өндірістік қатынастардың жиынтығы қоғамның экономикалық кұрылымын, нақты базисін құрайды, онда заңдық және саяси қондырма қойылады, және оған қоғамдық сананың белгілі формалары сәйкес келеді (Маркс К., Энгельс Ф. Соч., 2 изд., т. 13, с. 6-7).

Бердяев Н.А. Воля к жизни и воля к культуре

// Смысл истории. Новое средневековье.

М: Канон 2002. С. 203-218.

"ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА" кітабынан алынған

author

Николай Бердяев

ФИЛОСОФ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...