Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың шығармашылығына арналған қаламгерлер арасында «Ақ бұлттар, қар...
Тұрсын Жұртбай. Әкемнің әңгімесі
Әлқисса, біздің де тағдырымызға тауқыметі тиген бір оқиға туралы әкем – Құдакелді Жұртбайұлының естелігін қағазға түсіруді перзенттік парызым деп есептеймін. Өйткені алаш ардагерлеріне көрсеткен кішілік қызметі үшін әкеміз жарықтық 1930-1932 жылдары Алматының абақтысының «дәмін татыпты». Өзінің түрмеге не үшін қамалғанын:
«Көтеріліс жылдары Ахмет Байтұрсынның хатын Мақаншыдағы алаштың жасақтарына жеткізгенімді кеңес өкіметі біліп қойыпты. Ол кезде он алты жаста едім. Алаш адамдары бас қосып, Шәуешекке бара жатыр екен. Он алтыншы жылғы босқындарды қайырмақ. Тағы да бұдан басқа өз ойлары болса керек. Онысын аңдағара алмадым. Соларға атшы болып жүргемін. Қазақтың көсемі: мені елеусіздеу көрінетін бала ғой, ешкім тексеріп-тергемес деп, жасырын бір хатты жасақтарға апарып беруге жұмсады. Хатты желдіртіп барып апарып, жауабын желдіртіп келіп әкеп бердім. Қайтарда ақ па, қызыл ма, білмеймін, әйтеуір орыстың әскері қуды. Ептеп қудаластық. Бар қылмысым осы. Хаттың ішінде не жазылғанында шаруам қанша. Сол үшін «алашорданың шабарманы» атанып, отызыншы жылы қамаққа алынып, тергеуге түстім. Көрген-білгенім әлгі. Сол жауапты тергеушілерге қайталап отырып алдым. Ақыры қашып құтылдым», – деп түсіндіретін.
Кезінде бұл әңгімеге мән бермеппін. Кейіннен бәрі де дерек ретінде расталды. Қашқында бірге болған Жырғал, Рақымберді деген қанжығалас серіктері бертінде дүниеден қайтты. Әкеме абақтыдағы азаптан көрі, абақтыдан қашып шыққаннан кейінгі көрген халық қасіреті қабырғасын қатты қайыстырушы еді. Тағдырдың тауқыметіне ұрындырған сол сергелдең туралы естелігін кезінде баспасөзде жарияланған толық қалпында осы араға кіріктіргеніме кешіріммен қарарсыздар деп түсінемін. Мұндағы ашаршылықтың зауалы кімді де болса толғандырады ғой деп ойлаймын.
***
– Е, бұл қу бас нені көрмеді дейсің. Түрмесін де, түнегін де, істігін де, штыгін де көрдік қой бұл өкіметтің. Соның бәрінен маған батқаны отыз екінші жылғы ашаршылық болды. Өз басымыз аман қалды демесең, ол көріністі еске алсам әлі де тұла бойым түршігеді. Несін сөзбұйдалайын, аласапыранның уақыты. Аяқ астынан әскердің қолына түсіп, Алматыға айдалдым. Істі болдым да шықтым. Түрмедегі қорлықты айтпай-ақ қояйын. Оның өзі солай болуы да керек қой. Қазіргі тоқшылық заманда да абақтыдағылардың жағдайы мәз емес шығар. Әліпті таяқ деп білмейтін адамнан не саясат шықсын. Малдың бәрін тартып алған. «Ақ сиырдың» көтерілістері (Шәкәрім қатысқан) бұрқылдап тұрған кез. Тағдырдың желі қуып жүріп түрмеден шықтық. Онда тоғыз айдай жаттым. Саясаттан хабарсыз болғандықтан ба, біраз адамды абақтыдан сыртқа шығарып, әр түрлі жұмыс істетті. Қыс түсе бастағанда-ақ түрменің маңына қайыршылар жинала бастады. Біз олардан бірдеңе дәметіп жүрсек, олар бізге келген адамдардан қайыр тілеп жүр екен. Елге аштық кіргенін содан білдік. Түрменің қара жұмысы, қара нан, қыс бойы соны қағажу еттік. Сөйте жүріп, үш жігіт, үшеумізде жиырманың ішіндегі жас едік, тіл табысып, «кампан» болып алдық. Қолға түскеннің бәрін бөлісеміз. Бірі – Қаратаудың, бірі – Ақсу – Сарқанттың азаматы еді (Аттарын есімде сақтай алмадым – Т.Ж.).
Қыс ортасында түрменің айналасында үйіліп қалған, аязға қатып қалған аштардың денесін шанаға салып, өзеннің жағасындағы жарға құлата береміз. (Ол ара қазіргі Сайран жағажайының орыны болса керек). Әуелде зәреміз ұшып, бүйтіп өлгенше түрмеде жүргеніміздің өзі жақсы екен деп тәубе еттік. Осылардың кебін құшарымыз анық қой. Бізде қайбір жетіскен киім бар дейсің. Әлгі аштан қатқандардың тәуір киімі болса шешіп алып, етік-байпақтарын киіп, өлместің күнін көрдік. Алматыда жылымық ерте басталады екен. Ақпанның басында күн жылт ете қалып еді, әлгі өліктер ырсиып-ырсиып шыға келді. Ит екеш иттің де адамды басынғанын сонда көрдім. Адамның сүйегін кеміріп жатады. Қасына барсаң өзіңе ырылдап, сес көрсетеді. Үшеуміз бұл қорлықтан қатты қапаландық. Содан, итке жем болмайық деп қалайда қашуға бекіндік. Ептеп азық-түлік, киім-кешек жинастырдық. Қойшы, ішіңе түскен ой кеміріп жеп бітеді ғой. Бір күні кешке қайтқан кезде әр қайсымыз үйіліп жатқан өліктердің ортасына жасырынып барып жатып қалдық. Күзетші іздейді ғой, бірақта, теңкиіп-теңкиіп жатқан өліктердің ортасына келуге дәттері шыдамайды. Түн ортасы ауа үшеуміз дыбыс берісіп, бас қостық та, аштардың дауысына сап, тамақ сұрап, ыңырсып жүріп Серкеш шыңын бетке ала тау сағалай жүрдік. Таң ата қалың ағаштың ішіне кірдік те, жатып қалдық.
Сол арада мынадай байламға келдік. Бәрібір ауылға жете алмаймыз. Онда бізді сағынып отырған ешкім жоқ. Темір жолға барсақ сақшылар ұстап алады. Қысты күні жолсызбен жүру қиын. Сондықтан да неде болса Серкеш шыңының бауырына барып паналайық. Тау ішін ешкім тінтпейді. Жаз шыға бұйырғанын көреміз дестік. Содан баспалап отырып Алматыны орай Серкеш шыңына бір аптадай жүріп кеттік. Қайда асығамыз. Жол бойы шәңкіш, долана, итмұрын, сарыағаштың жапырағын теріп, дорбамызға жия бердік. Кейде тиін, ақкіс кездесе қалғанда, әлгілерді аулаймыз. Қауіпсіз деген бір шатқалға келіп, ағаштан қопын жасап, сонда орналастық. Ошақ орнаттық. Аштардан алған темір күрешке, шөңке, шәугіміміз, шырпымыз бар. Отты өшірмейміз. Алда қанша тауқымет бар. Оны да ойламасқа болмайды.
Күн сайын біреуіміз қостың маңында қарауылға қаламыз да, екеуіміз қу тамақтың қамымен тау кеземіз. Жеміс-жидектің түйінін тереміз. Үшқаттың жіңішке бұтасынан ағаш қақпан жасаймыз, кейін садақ та жасадық. Не жедің, не ұстадың дерің бар ма. Аю мен арқар атқамыз жоқ. Тышқан ба, құс па, жылан ба, таңдағамыз жоқ. Бұйырғаны біздікі болды. Өмір үшін неге де болса барады екенсің. Үш жігіт ілдебайлап күнелттік. Жер әбден қарайған соң жолға дайындалдық. Ептеп өлместің азығын жидық. Көшкінде өлген аңның өлексесін қақтадық. Құстың жұмыртқасын талғажау еттік. Жуа, сарымсақ тердік. Жабайы адам не істейді, біз соның бәрін басымыздан кешірдік.
Сонымен, мамыр айының аяғында қопынымызды тастап шықтық. Алатауды бүйірлеп отырып шығысқа қарай жүрдік те бір өзенді сағалап, Алтынемілге бет алдық. Шындығын айтайын үш жігіт болсақ та жолға тақап жүруге сескендік. Жолдың шетінің бәрі өлік. Исі мүңкіп, қолқаңды жарады. Оның үстіне адамдар әбден ашынып алған. Мерт етуі мүмкін. Ауыл тұрғындарынан да қайырым кеткен. Сондықтан жолдан он-он бес шақырым қашықтықта жарыса жүреміз. Әйтеуір жаз күні ғой. Жуа, сарымсақ, саумалдырық, рауағаш тердік. Жәндік көрсек бітті, оны олжаламай ілгері жүрмейміз. Бір-екі рет ауыл шетіне барып, енді ел көрместей күйге түстік. Үйіліп қалған өліктер. Қойшы, содан екі ай дегенде Балқаштың құмына іліндік. Киімнің борша-боршасы шықты. Аяқ тілім-тілім болып жарылды. Сол арада қаратаулық серігіміз: құмға іліндім, енді мен өз еліме Бетпақты сағалап жетіп алайын. Көріскенше қош болыңдар, қияметте де бұл достықты ұмытпаймын, – деп рұхсат сұрады. Жыласып, айырылыстық.
Қалған екеуміз тағы жылжыдық. Мен сол жолы көргенімді айтпайын, сен сұрамаңдар. Кісі етін жеп, есінен ауысқан бір адам біздің өзімізді торып, екі күндей зәре-құтымызды алды. Адамның жидіген шашынан қыл-шылбыр өріп алыпты. Зады, сонымен шамасы жеткенді қылқындырып өлтіретін болуы керек. Әсіресе, емшектегі баласын құшақтап, өлген әйелдердің сүйегінің қаңқасын көргенде қасымдағы серігім еңіреп, жылап жіберді де: «Мына жатқан менің әйелім мен менің балам болса қайтемін, Құдакелді-ау», деп, – жерге отыра кетеді. Менің де қабырғам сөгіледі. Бойдақпын. Ондай уайым қыспағанымен де ағайын-туыс, әке-шеше еске түседі. Бірақ та олар шекарадан өтті дегенді құлағым шалып қалғаны бар. Сол дүрмектен қалмаса керек еді деймін ішімнен. Менің таңғалғаным, сол босқан елдің бишаралығы еді. Құдай-ау, Балқаш көлінің маңында қырылғандар қаншама десеңізші. Әр қамыстың түбінде бір өлік. Етін балық мүжіп жатыр. Шіркін-ай, десеңші, балық адамды емес, адамдар балықты жесе, күнелтіп кетер еді ғой. Соған қауқары жетпеген неткен дәрменсіздік. Оны көріп өзеннен су ішуден қалдық. Бұлақ, құдықты іздейміз. Індет тарап кетеді деген қаупіміз бар. Қу үміт не ойлатпайды. Қойшы, ала жаздай арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып жүріп, күзге қарай Жоңғар Алатауының етегіне жеттік-ау. Енді, Сарқант пен Ақсуды көздеп келеміз. Қыркүйекке таман әлгі серігімнің ауылына келдік.
Қауіп қайдан дерің бар ма. Ауыл толы белсенді. Ұстатып жіберіп отырғандардың өзі сол ағайындар ғой. Оның ауылы абыр-сабыр болып жатыр екен. Екі күндей ауылдың желкесіндегі биіктен бақылап отырдық. Серігім біресе әкесін, біресе шешесін, біресе әйелін көріп елеңдеп қалады. Кішкентай баланы көрсе, өз ұлына ұқсатады. Әйтеуір қос көзі төрт болды. Екінші күні етекке таман түсіп, мен ауылдың тұсындағы қалың бұтаның арасына тығылып қалдым. Серігіммен сол арада қоштастым. Ондағы қимастық сезімді қалай жеткізесің. Егер де, ұзақ бөгелсем күтпе, менің қолды болғаным. Ал, мына бұтаның қасына келіп үш рет қақырынсам онда елдің аман болғаны, – деді. Қас қарайған соң ол шеткі үйге жетті. Ар жағын аңдай алмадым. Түн ортасы ауғанша келмеді. Ауыл жақтан абыр-сабыры көп дауыстар естіледі. Үмітімді үзе бастадым. Суық та қалтыратып барады. Одан үрей күшті, үрейден аштық күшті. Енді орынымды ауыстырып, қарсы бетке барып жаттым. Кім біледі?, – деген сенімсіздік орнады. Содан күдер үзілген кезде бір сыбыс шықты. Тыңдадым да жаттым. Белгілі бұтаның түбін дәл тауып, үш рет әйел дауысы естілді. Қозғалмадым. Бірнеше рет қайталады. Содан кейін ақырын ғана:
– Жолаушы! Сізге сәлем айтты серігің. Мен соның зайыбымын. Біздің ауыл аңдуда. Бірақ қазір арғы бетке көшуге қамданып жатырмыз. Сіз тезірек бұл маңнан кетіңіз. Құдай жолыңызды қылсын!, – деп байыппен нақтылап айтып шықты.
Әбден көзім жеткен соң орынымнан тұрып қасына бардым. Жағдайды қысқаша түсіндірді де, қолыма бір дорба тамақ ұсынды. Киім де бар екен. Әлгі серігімнің әйелі: «Бары осы болды, таудан төмен түспегейсіз, мына Семей жақ қауіпті. Торуылшы көп. Алла дем берсін сізге», – деді де кері бұрылды. Өксік кеудеме тығылып мен қалдым. Апыл-ғұпыл әкелген тамақтан асап-асап жібердім де, тау сағалап, таң атқанша жүріп отырдым. Бір төбенің басына барып тынықтым. Ертеңінде әлгі ауылдың орынына қарасам, өздері жоқ, тек жұрты ғана қалыпты. Сөйтіп, қияметтікке серт берген екі адаммен осылай мәңгі қоштастым. Тірі болса олар да мен туралы осыны айтып жүрген шығар. Алла разы болсын!
Несін созайын, тура қазан айының аяғында Аякөзге жеттім-ау. Жолда қаңыраған қыстауларды паналап, қатқан сүйектерді қайнатып ішіп, аң-құстың өлексесінің етін қорек етіп жеткенімде, осы жерге жетуге неге сонша өзеурегенімді түсінбедім. Жұрт бір-біріне жауығып, қанын ішіне тартып алған. Ел жақтың да берекесі кетіпті. Әйтеуір, аштықта ар жүре ме, біреудің жуындысын ішсең де қанағат. Содан, есім барда арғы бетке өтейін деп бекіндім де, енді Тарбағатайды сағалап, Бақтыдағы шекараға қарай жүрдім. Жолай қар тізеден жауды. Тау алқымнан жүру мүмкін болмаған соң күнгей сағалап жүрдім. Бар жұбанышым, мұрынды шүйірткен өліктердің иісінен құтылғаным. Қыстың аты – қыс. Бұтаның түбіне, тастың ығына, маяның ішіне түнеп жүріп, шекараға да жеттім-ау. Бірақ, Тарбағатайдың иегіндегі Арқалық тауына қарай күре жолды қиып өтіп бара жатқанымда, тура шекараға бір шақырымдай қалғанымда алдымнан атқа мінген үш әскер шыға келді. Біреуі шауып келіп мылтықтың дүмімен бір ұрғанда есім ауып қалды. Қайсы бір әл қалды дейсің. Көзімді ашсам, әлгі әскердің екеуі анадай барып, үшіншісін шақырып тұр екен. Мені тастап кетейік, өзі де өледі, өлмесе күнін көрсін дейтін болуы керек. Бірақ үшіншісі көнбеді. Есімді жиғанымды біліп, қамшымен сабап, шылбырына байлап, сүйретіп, омбы қарда дедектетіп отырып Бақтының бекетіне алып келді. Желкеден бір түйіп, абақтының ішіне кіргізді. Е, орыстың құрығы ұзын ба, менің адымым қысқа ма, осылай тағы да Иванның апанына түстім. Ішке кірсем, бәрі де өзім сияқты сорлылар, ішінде анда-санда саптамалы, қапсырмалы етігі барлар кездесіп қалады. Олар, шекараның арғы-бергі жағына зат таситын, сөйтіп жүріп, қолға түскендер болса керек – деді.
Содан әлгі абақтыда бес күн жаттым. Күніне бір кесе ыстық су береді. Екі күнде бір уыс кебек араласқан тары береді. Әлгіні бірден жемей, талмап қана, бір сағат бойы аузымыздың дәмін аламыз. Тәп-тәуір тершіп қалғандай боласың. Күн суық, боран ұйытқып тұр. Алтыншы күні таң атқанда сапқа тұрғызды да, Мақаншыға қарай айдай жөнелді. Қар дегенің белуардан. Аш-арықта не күш бар. Жолдың шетіне бұратылып барып, құлай кетеді. Қызыл әскерлер аттың үстінде тұрып қамшымен әрі сабайды, бері сабайды. Оны көтере ме? Кейі сол күйде жантәсілім береді. Оны бізге жолдың шетіне ысыртады да, қармен бетін жабуға мұрсат бермей, айдай жөнеледі. Жолай талай өлікті басып кеттік. Аттап өтетін күй қайда. Әскерлер кейде нашарларды табан астында атып тастайды. "Жаны қиналмай өлді-ау, бишара", – деп кейбіреулер кәдімгідей жеңілденіп қалады. Қойшы, содан күн ұзақ жүріп Бұғыбай деген бекетке келдік-ау. Бақтыдан ұзаса он шақырым ғана жер. Сол арада бір қора бар екен, әлгіге әкеп қамады. Аш адам бұйығып-бұйығып жата кеттік. Күн борап тұр. Бір кезде әлдекім дауыстап жіберіп: "Ей мынаны қараңдар!", – деді. Сөйтсек, жатқан жерінен темір тауып алыпты. Үш-төрт әлді жігіт дереу әлгі қораның арт жағындағы дуалды тесуге кірісті. Кезектесіп отырып, қабырғаны тесті. Сырттағы боранның азынаған дауысы ештеңе естірте ме? Әскерлердің бәрі басқа үйде демалып жатыр. Күзетші сыртта. Ол да қайбір жетісіп тұр дейсің. Содан бір уақытта әлгі жерді тесіп, бір-бірлеп сыртқа шықтық. Келісім бойынша екі адам бірге жүрмейді. Әркім бет-бетімен кетеді. Сонда бірін ұстаса екіншісі құтылып кетуі мүмкін деп уағдаластық. Арада жарты сағат өткенде, ұзаса 300-500 метрдей жерге жетіп қалғанымызда, тарс-тұрс мылтық атылып, дүние астан-кестен болды да кетті. Әр жерде айғайлаған дауыс, атылған мылтық, кім өліп, кім тірі қалды айырып болар емес. Өзі аш адам, омбы қарда қанша алыс кете аласың. Бір уақытта менің де басыма қамшы үйірілді. Мылтықтың дүмімен қойып-қойып қалғанда аттай желіп кетесің. Не дерің бар ма, біріміз аман құтылмаппыз. Санап-санап кіргізгенде, бәріміз де түгел екенбіз, бір-екі жаралы бар екен, оған да шүкірлік еттік, сұлап-сұлап жата кеттік. Сөйтсек, шу мынадан шығыпты. Ең соңында үш жігіт қалыпты, солар. мен бұрын шығамын, мен бұрын шығамын, – деп таласып, соңында боқтасып, төбелесіп қалыпты. Керілді естіген күзетші есікті ашып қарап, атой салыпты ғой. Әлгі жігіттерді тауып алып, екі-үш әлді азаматтар оларды төмпештеп алды. Қырық адам шыққан тесіктен үшеуі таласатындай не жетпеді десеңші.
Азапты ертеңінде көрдік қой. Бір кесе қайнақ судан айырылдық. "Қашатын қусыңдар ғой, ал қашыңдар", – деп, әскерлер желкемізден мылтықтың дүмімен періп қалады. Жүре алмағандарды сабап-сабап тастап кетеді. Олар сол күйі боранда қатып қалады. Жүруге шамасы жоқ. Жолда теңкиіп-теңкиіп жатқан өліктің талайын көрдік-ау. Алпыс шақырым жердегі Мақаншыға жеткенде есімізді бір-ақ жидық. Анау бақшаның түбіндегі тері-терсек жиятын қоймаға қамады. Іші толған өгіздің терісі екен. Пышақта жанып-жанып жіберіп, өгіздің шатмайын, шелін сылып алып, қойманың үстіндегі шілікті сындырып, отқа жағып, әлгіні қақтап жедік. Әй, сол құйқаның дәмі әлі ауызымызда.
Егер де кешіксем айдауылдан қашып құтылмасымды білдім. Әлім бітіп, титықтап қалып едім. Қалайда қашуға тырыстым. Қалай екенін білмеймін, ел өгіздің терісін шелдеп, от жаққан кезде мен есік жақты сағалай бердім. Түтін бұрқырап, қойманың іші көрінбей кеткен соң есікті ашты. Сыртқа түтін лап етіп шыққанда мен де есіктің қайырмасына қалай жасырына қалғанымды білмедім. Күзетші түтіннен қашып, әрі таман барып тұрды. Сол кезде ақ шәлі тартқан бір әйел жанап өте берді де, жапсарда тығылып тұрған мені байқап қалды. Қолында ақ бидоны бар екен. Шырайлы адам екен. Әлгі күзетшінің қасына барып әзілдесіп тұрды да оны өзіне қаратып, әрі қарай баспақтай берді. Сол кезде мен жалт беріп, әлгі қойманың артына қарай зытып бердім.
Сөйтіп, бірден базарға тарттым. Кіс көп, ішіне сіңіп кетесің. Екінші, таныс кездесіп қалса, өзегімді жалғармын деген ой келді. Аш-арық өліп жатқан адамды шанамен сыртқа әкетіп жатыр. Соның біреуі болып, мен де кетемін-ау деген ой еміс-еміс келеді. Базарды үш айналып шықтым. Әлгі ақ шәлі тартқан әйел сонда келіп айран сатып тұр екен. Жанына жақындай барып бұрылып кетем. Үшінші рет жанай бергенімде жанына шақырды да: – "Жаңағы сенсің бе?", – деді. – "Иә", – деп, басымды изедім. Өзгеге білдірткісі келмеді ғой деймін: – "Осы сенің ақшаң жоқ қой. Бірақ та мынаны түгел ішіп кете алсаң, ақысын алмаймын. Іше алмасаң киіміңді шешіп бересің", – деді. Ақ бидонды бас салдым. Айранды төгіп-шашып құныға сіміре бастадым. Бір кезде көз алдым қып-қызыл боп қанға тұнды да, теңселе бердім. Сақалым қан сияқты көрінді… Есімді жисам, бір жылы үйде жатырмын. Сөйтсем, аш адам әлсіз келеді емес пе, зорыққаннан мұрынымнан қан заулай жөнеліпті. Біраздан кейін әлгі шәлі тартқан әйел кірді. Біраз үнсіз отырды да:
– Ей, сорлы-ау, байқап-байқап ішпейсің бе, мен сенің киіміңді қайтем. Біреу-міреу күдіктеніп, сені тағы ұстап әкетпесін деп алдартқаным емес пе. Біз де түсінеміз. Менің де аға-бауырым босқын боп жүр. Арғы бетке кеткені бар, айдалып кеткені бар, солардың біреуін кезіктіріп қаламын ба деп, базарға барып тұрамын. Табыс үшін емес. Осында бір белсендіге сен сияқты жүдеп жүріп тап болдым да, тұрақтап қалдым. Оларға тамақ табылады ғой. Ол өзі қазір Аякөзге жиналысқа кетті. Осында екі-үш күн дем ал. Жаңа сен есіңнен танғанда туысым деп үйге әкелгіздім, – деді.
Сол бір мұңлық әйелді маған мына балалардың көз жасы үшін кезіктірді-ау. Несін жасырайын, басымнан кешкенімді әлгі әйелге түгел айттым. Жылап отырып тыңдады. Бір апта жатқызды үйінде. Киімімді жамап, әлгі белсендінің ескі киімін берді. Кәдімгідей әлденіп қалдым. Бір күні көшеге шығып келді де: – "Бүгін кеңсесіне хабар беріпті. Күйеуім ертең келмекші екен. Ол белсенді сені ұстап беріп жүрер. Бүгін түнде жолыңды тап", – деді. Содан, екі бөлке нан, талқан, бидай берді.
Содан кейін арғы бетке өттім. Онда да шеке қызып тұрған жоқ екен. Мына Қарауылда тұратын Зекен мен Жаңылханның әкесі екеуміз тағдырлас-тамырлас болдық. Біреумізде бір қап бидай, біреумізде бір сиыр бар еді. Екеуміз былай деп келістік: ол сиырын, мен бидайды бір қысқа азық етсек жазда ол да, мен де аш қаламыз. Одан да сиырды сойып, бидайды жазда егейік – деп келістік. Жаз шыға әйтеуір өлмес күнді көрдік. Көлік жалдап жүріп, егін ектік. Сөйтіп, көшке ілесіп кеттік. Ой, Алла, сол ашаршылықтан аман қаламын деп кім ойлаған. Бір әйелдің қамқорлығының арқасында бір бұтақ аман қалды, – деді, күрсініп.
***
Менің ойымша, бұл әңгіме менің әкемнің көп көрген тауқыметінің бірі ғана еді. Қалғаны дербес әңгіме, мүмкін менің "Жер бесік" атты шығармамды оқығандар одан аздап мағлұмат алар деп ойлаймын. Бұл арада ашаршылыққа қатысты әңгімесін ғана тілге тиек еттім. Қатты таңқалдыратыны – адамның өмірге деген құштарлығы. Екінші, жаңағы шәлі тартқан әйел сияқты өзі де тағдыр тауқыметіне түсе жүріп, адамгершілік сезімді сақтай білуі. Әкем бұл әңгімені:
– Е, мен бір тағдырдың қаңбағы болдым ғой, сол бетімше арғы бетте екі-ақ жыл тұрып, тағы да бері өттім. Ол кезде Талдықорғанның Сарқант, Ақсу өңірінде ұзатылған әпкем бар еді, соны сағаладым. Одан екі жыл өткенде отыз жетінің ойраны басталып келе жатты, – деді де сол күнгі әңгімесін аяқтады.
Не деп бұл әңгімені қорытуға болады? Бәрі де тағдыр шығар. Халықтың басына түскен нәуметтің бір куәсі болған әкемнің әңгімесін ұрпаққа жетсінші деп емес, сондай мүсәпір күйге түскен ел жұрттың азабын жеткізу үшін жаздым.
Ауызына иманы түспей, көзі жабылмай қалған ашаршылықтың үлкенді-кішілі құрбандарының топырағы торқа болсын!
Әкемнің бұл әңгімесі бізге алаш ардагерлерінің мұрасымен мектеп қабырғасында жүргенде танысуға ынталандырғанын да жолай ескерте кеткен де жөн шығар.
Түсінік: «Әкемнің әңгімесі» – отыз бірінші – отыз екніші жылдардағы ашаршылық туралы жазушының әкесі Құдакелді айтып берген деректі әңгіме. «Жұлдыз журналының» 1993 жылғы №9 санында жарияланған, «Қызылдар қырғыны» (1993) атты ұжымдық жинаққа енген, «Ұраным – Алаш!..» үштағанының бірінші томында (2008) тарихи дерек ретінде пайдаланылған. Өзге де ұжымдық жинақтарға кірген.