Дәуіржан Төлебаев. САҒЫНЫШҚА АЙНАЛҒАН ЖАСТЫҚ ШАҚ

ӘДЕБИЕТ
2945

Әр адамның жастық шағы өзінің естен кетпес, ұмытылмас мезгіл-кезеңдерімен, қимас шақтарымен ыстық тартып, көңілдің көкжиегін кеңейтіп тұратыны бар. Бұл орайда дүние дидарындағы алғашқы әсерлер, қызықты да тамаша сәттер жүрек қылын қозғап, көңілге әлде бір тәтті мұң, әлде бір қуаныш сыйлап, ізгі арманның бағына жетелейтін сыр-дестелердің бір парасы ғашық жандардың бір-бірлеріне деген ­махаббаттарымен өріле түсетіні де ғажап.

Қалай болғанда да, адам өмірінің белгілі бір дәрежедегі мән-мағынасы, мазмұны, сұлулыққа құштар етер, бәлкім сезімнің тұңғиығына ұмсындырар ерекше құдірет-күші де осы ғашықтық әлемінің қайталанбас тамашалығында болса керек. Бүгінгі әңгіме арқауына айналар кейіпкерлеріміз әдебиет дейтін рухани саламыздың жарқын өкілдері. Бірі – көрнекті әдебиеттанушы, белгілі сыншы Сағат Әшімбаев, бірі – белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова.

Сағат пен Шәрбану, балалары және қайны атасы Қонақбай ақсақалмен оның немересі Мереке

Біле білсек, екеуін таныстырған да, табыстырған да әдебиетке іңкәрлік. Біздің алғашқы сауалымыз да осы төңіректен өрбіді. Яғни Сағат ағамен алғашқы танысқан сәттері туралы.

– Сәкең КазГУ-дың филология факультетінде, мен журналистикада оқып жүрген кезіміз. Екі мамандыққа бірдей өтетін ортақ дәрістер болатын. Сондай бір дәрістен шыққан едік. Құрбым Сара Латиева екеуміз жатақханамызды бетке алып қайтып бара жатыр едік. Соңымыздан бір-екі жас жігіт қуып жетті. Бірі – Сәкең, екіншісі – Нұрлан Оразалин болатын. «Қыздар қалай, лекция ұнады ма. Студент болған жақсы ма екен?» деп сөз бастап, әңгімеге тартты. Таныса келе білгеніміз, екеуі филология факультетінде оқиды екен. Бәріміз бір жатақханада тұрып оқыдық. Сабаққа бірге бармасақ та, сабақтан қайтуымыз көбіне бірге болатын. Руханият тақырыбында сөйлесеміз, әңгіме-дүкен құрамыз. Сәкеңмен таныстығымыз осылай басталды, – дейді.

Бос уақытында театрға барып, көптеген жақсы қойылымдарды тамашалап жүрген кездерінен сыр шерткен Шәрбану апай өз ойын әрі қарай былай деп сабақтай түсті:

– Сара құрбым қай театрда қандай қойылым, қандай премьера болатынын, барлығын қадағалап, біліп жүретін. Оның бастамашылдығымен, ұйытқы болуымен бәріміз театрға баратынбыз. Бір қызығы, Сағат театрдан гөрі, киноға барғанды көбірек ұнатушы еді. Ол киноға барайық десе, Сара театрға, операға барайық дейді. Артықшылықтарын алға тартады. Сондай кезде әрқайсысы өз уәжін айтып, ойының дұрыстығын дәлелдемек болады. Сәкең: «Театрға барған соң киім ілгішке киім өткізуің керек, оның ұзын-сонар кезегі болады. Сосын спектакль кеш аяқталады. Ол кезде трамвай да тоқтап қалады. Үйге жаяу қайтуың керек» десе, Сара құрбым: «Жақсы, кезекке мен-ақ тұрайын. Оны қиынсынба. Трамвай тоқтаса, қайта жаяу жүрмейміз бе, қойылымнан алған әсерімізбен бөлісіп» дейді. Міне, осындай қызықты сәттер басымыздан көп өтті. Біз үшін ол кезде дискотека, би кештеріне бару деген жат болды.


Қарап тұрсам, мейрамханаға да бармаған екенбіз. Біздің баратынымыз – Целинный ­кинотеатры. Соның ең бір қызығы – кешкі сеанстарына билет алатын сәттеріміз. «Жеті муза» дейтін ұйым болды. Сол жерде өнер мен мәдениеттің танымал өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылатын. Тағылымды кездесулерге қатысып жүрдік.

Мұхтар Әуезовтің Музей үйінде белгілі әдебиеттанушы Рахманқұл Бердібаев жетекшілік еткен «Халық университеті» жұмыс жасады. Мұнда да көрнекті ақын-жазушылармен кездесулер, әртүрлі әдеби кештер ұйымдастырылатын. Айтқан ұлағатты сөздерін тыңдап, керемет әсер алатынбыз. Біздің сондай әдеби ортаға жақын болуымызға Сәкеңнің ықпалы зор болды, – дейді қаламгер. – Студенттік жылдардағы мына бір сәт әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Бірде серуендеп келе жатқанымызда шағын алаңқай бойында отырған бір қарияны кездестірдік. Сара бұл тегін адам емес дегендей, қазақтың сәлемдесу әдебімен жақындап келіп: «Сәлем бердік, ата» деп амандасты. Ол кісі сәлемімізді қабыл алып, «Бар болыңдар, балалар» деп ризашылығын білдірді. Сөйтсек, белгілі актер Қалибек Қуанышбаев екен. Театрға, әртүрлі қойылымдарға барып жүргенімізде өнер ошақтарының, ғимараттарының жанынан белгілі тұлғаларды, өнер мен мәдениет қайраткерлерін, атақты режиссерлерді көргенімізде қуанып қалатынбыз. Осындай ұшырасулар, кездесулерден көп әсер алып, қанаттанып қайтатынбыз.

Курстастарымен. Араб тобы..Ортада ұстаздары Н.Өсерұлы



Осылайша өнерге құштар жандар әрбір сәтін пайдалы өткізуге, салмақты да, салиқалы, рухани әлеміңді қалыптастыратын құндылықтарды игеруге баса ден қойған. Әлбетте, шығармашылық адамдардың қызығушылығы өзгелерден бөлектеу болатыны белгілі. Алматыға арман қуып келген жастар қазақ өнерін, бұл саланың көрнекті өкілдерін танып-білуге құштар болған екен. Бұл да болса, көрнекті тұлғаларды өз өміріне үлгі-өнеге етуге, соларға ұқсауға деген ниет-мақсаттан туындаса керек. Әдебиет пен өнер – қашанда егіз ұғым дейміз. Бұл орайда Сағат Әшімбаев пен Шәрбану Бейсенованың өмірлік жолында осы киелі ұғымдар шамшырақтай жарқырап тұрғаны сөзсіз.

Алматы! Талай ғашықтардың жолы түйіскен арман қала. Әсем қаланың гүлзар бақтары, сылдырап аққан бұлақтары, асқақ Алатауы… бәрі-бәрі сұлулыққа құштар етіп, көркемдіктің нәзік болмысына бастайтындай. Ғашық жандардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, риясыз көңілдері, мөлдір махаббаттары сонау студенттік шақтан бастау алды. Бірі Хан Тәңірінің жайсаң да сырбаз жігіті болса, бірі шығыстың шырайлы қызы. Қос қаламгердің отбасылық өмірі де, шығармашылық еңбек жолдары да халқының, оқырмандарының көз алдында қалыптасты. Сағат Әшімбаев әдебиеттанудың, сынның көрнекті өкіліне айналса, Шәрбану Бейсенова прозалық шығармаларымен оқырман жүрегіне жол тапты. Бір сөзбен айтқанда, екеуі де әдебиет саласындағы белгілі есімдерге айналды. Жастайынан сөз өнерімен сусындап, әдебиет әлемінің зеңгір көгіне қанат қағып, құлаш сермеді. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» деп Абай атамыз айтқандай, көзбен көріп, ішпен білген түсіністік мөлдір махаббат сезіміне ұласты.

Осылайша Сағат Әшімбаев пен Шәрбану Бейсенованың талғамы мен таңдауының әдемі үйлесім тауып, өзара құрметтен, бірін-бірі ардақтаудан басталған достық сезімдері үлкен махаббатқа ұласып, отбасын құрады. Отбасы демекші, қос ғашық үйлену тойларын жатақханада думандатып өткізіпті. Естен кетпес ерекше күнді Шәрбану апай былай деп еске алды: «1968 жылы үйлендік. Алматы қонақүйінің бірінші қабатында кішігірім той жасадық. Негізінен тойымыз жатақханада өтті. Журфактан филфакқа ұзату сияқты болды. Жиналған қауым таң атқанша тойлатып, ертеңінде достарымыз бізді пәтерге дейін жаяу шығарып салды. Жалпы Сәкеңнің жолдастары көп болды. Үйге жалғыз келмейтін. Таныс-біліс болған адамдарын қонақжай көңілмен қарсы алып, шығарып салатын. Емен-жарқын әңгімелесіп, баладай дарқан жүрекпен құрмет көрсететін» дейді.

Ұлы Дәуренмен жеке кітапханасында


Шәрбану апаймен әңгімелесу барысында, ұлт руханиятының көрнекті тұлғасы шаңырақта қандай жар, қандай әке болды деген сауал көкейге ұялаған еді. Сұрап білгеніміздей, Сағат ағаның отбасының рухани келбетінің қалыптасуына әсері зор болыпты. Балаларының дұрыс азамат болып ер жетуіне ерекше мән берген екен. Теледидардан танымал азаматтарды көрсе, балаларын жанына ала отырып: «Міне, қараңдар, мына кісі осы дәрежеге қалай жетті, алдымен соны ойлаңдар» деп әр нәрсенің тәрбиелік қырларына назар аударғанын айтты.

Сағат ағамыз қиналып жүрген, көмекке мұқтаж адамның бәріне қамқорлық көрсетіп, көмек қолын созуға даяр тұратын жан болыпты. Жаны жомарт, пейілі кең азамат өмірде жолын таппай, әлдебір қиындықтарға душар болып жүргендерді көрсе, көмектесуге асығады екен. Шынтуайтына келгенде, әр адамның жан-дүниесін терең түсініп, мұң-мұқтажына қарайласу әркімнің қолынан келе бермейтін ерекше қасиет. Бұл орайда Сағат Әшімбаевтың – әдебиетке адалдығы қандай болса, өмірге, қоғамға, айналасындағы адамдарға, адамгершілік, ізгілік мұраттарына деген адалдығы да осы биіктерден көрініп, байқалатыны сөзсіз.

Иә, білімі терең, пайым-парасаты мол тұлға университет қабырғасында жүрген кезінде-ақ әдебиетке деген биік талабымен көзге түсіпті. Жатақхананың оқу залында ерінбей-жалықпай оқу, жаңа кітаптармен танысу, оқыған дүниелерін дәптеріне түртіп қою, ол туралы пікірі мен көзқарасын айту – үйреншікті әдеті. Өз әсерімен бөліскенше, солар туралы айтып бергенше асығады екен. Әдебиетке құштарлық – Сағат Әшімбаевтың нәзік жүрегіне, болмысына ұялаған, жан-дүниесіне сіңісті болған ерекше қасиеті. «Сәкең адамдарға жақсылық жасағанды жаны қалап тұратын. Кез келген адамның тек жақсы жақтарын ғана айтып, қуантып отыратын. Бірде жеңгемізбен жолға шығатын болдық. Ол кісінің біраз көңіл күйі болмай, бір нәрсеге жабырқаулы еді. Соны байқаған Сәкең: «Ой жеңге, сіздің талғамыңыздың ерекшелігін-ай, үстіңіздегі мына пальтоңыз өзіңізге сондай керемет жарасып, өңіңізді сондай ашып тұр» деді. Сәкеңнің бұл сөзіне риза болған жеңгесі: «Мені сенен басқа ешкім мақтамайды» деп көңілі көтеріліп, жадырап қалды» дейді Ш.Бейсенова.


Профессор С.Садырбаевтың жетекшілігімен өтетін әдеби бірлестіктің отырысы. Сағат хабарлама жасап тұр


Бұл орайда үзеңгілес досы, студенттік жылдарда бірге оқыған курстасы, Қазақстан ­Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин мынадай пікір білдірген екен: «Біз Сағаттың «алыстан сермеп, жүректен тербеп» Абайша ой толғаған сәт-сағаттарының да, өзі ұнататын ортағасырлық батырша қилы-қилы көзсіз ерліктерге қорықпай, қаймықпай барған кездерінің талай куәсі болдық. Үлкен жүректі, кесек тұлғалы, өмір мен өнерді қатар тізгіндеп, артына өлмес сөз қалдырған азаматтың – қайраткер – Сағат пен сыншы – Сағаттың тұлғалы бейнесін таудың ақиық қыранына теңер болсақ, оның бойындағы егіз қасиет бірте-бірте көкке еркін көтерілген, самғауы биік алып құстың қос қанатындай елестейді».

Қарап тұрсақ, ғашық жандардың бір-бірімен түсінісе білуі, өмір бойы айта жүрер ортақ әңгімелерінің болуы да мақсат-мұраттарының бір болуынан дер едік. Олай дейтін себебіміз, күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, емен-жарқын әңгімелесіп, сезім қылын шертісіп шүйіркелесе алмайтын да ерлі-зайыптылар бұл өмірде аз емес, әрине. Бұл орайда Сағат ағаның әңгімешілдігі өз алдына бөлек дүние. Шәрбану Бейсенованың айтуы бойынша, өмірде, отбасында болсын күнделікті тұрмыстың адамды жалықтырар сұрақтарынан қашанда жоғары тұрған екен. Әрдайым қызықты да мағыналы әңгімелерді тарқата айтып отырғанды жаны сүйеді. Өмірі өнегеге толы жанның бұл да бір азаматтық қыры шығар. Бәлкім, жай ғана қыры емес, болмыс-бітімінің де шынайы көрінісі болса керек. Отбасының шырайын келтіріп, сәнін кіргізетін де жұбайлардың бас қосқан кезінде қозғар есті де, салиқалы әңгімелері емес пе. Қазақтың кез келген дәстүрлі отбасында мұндай салт-жораның сақталып келе жатқаны халықтық тәрбие мектебінің темірқазығы іспетті әсер қалдыратыны да бар. Олай болуы да заңдылық. Өйткені саналы ұрпақ та жастайынан отбасындағы есті әңгімені тыңдап өседі. Осы тұрғыдан келгенде Сағат ағаның ортаға салған әңгімесі де қаншалықты ғибратқа толы болды десеңізші. Заманының зиялысы, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың, жан жары айтқандай, күйбең тірліктің сауалдарынан биік тұрғаны бойындағы парасаттылығынан екені сөзсіз. Орыс тілінде «созидательная энергетика» деген сөз бар. Қазақшаға аударсақ, «жасампаздық қуат» деген ұғымды білдірсе керек. Сағат Әшімбаевтың болмысы, жаратылысында осы жасампаздық қуат менмұндалап тұрған. Яғни айтқан әрбір сөзі арқылы, жүріс-тұрысы арқылы айналасын, қоршаған ортасын осындай жасампаздық қуатымен баурап алады екен.

Айтпақшы, Сағат ағаның қара­шаңырағында болғанымызда біз де осы руханилықты сезінгендей болдық. Үйге кіргеннен-ақ ғажап күйге бөленгендей әсерде қаларың анық. Тұғырлы тұлғаның ғұмыр бойы жинаған кітаптары көзге сондай жылы ұшырайды. Кітапханасында сонау студенттік жылдардан бастап жинаған кітаптары бар. Ардақты азаматтың кітапқұмарлығы, кітап дейтін асыл мұраға етене жақындығы туралы сағаттап айтуға болатындай. Шын мәнінде тұлғаның тұлға болып қалыптасуы үшін, телегей-теңіз білім нәрін бойына сіңіріп, оны ел игілігіне арнауы үшін де оқыған, зерделеген, пайымдаған кітаптарының алар орны ерекше. Сағат ағаның қарашаңырағында болғаныңызда кітаптары арқылы рухымен тілдескендей күй кешесіз.

Университет бітірген кез. Сағат пен Шәрбану достарының арасында



Шәрбану апай бір сөзінде: «Сәкеңнің өмір бойы жинаған қазыналы байлығы – кітаптары. Айлығының біршама бөлігін кітап сатып алуға жұмсайтын. Өзі соған ыңғайсызданатын болса керек, есіктен кіріп келе жатқанда: «Мамасы, қарашы, мен балаларға қандай кітаптар әкелдім» дейтін. Өте кітапқұмар болды. Жақсы кітаптарды іздеп жүріп оқиды. Ойлаймын, оны биікке көтерген осы кітап оқуы мен еңбекқорлығы деп. Бала тәрбиесінде де – кітап оқуды көп насихаттады. Кітапты қалай оқу керек, неден бастау керек деген мәселелерді балаларына әрдайым үйретіп отыратын. Оқыған кітабының ұнаған тұстары болса, жолдарының астын сызып, белгілеп қояды. Сәкеңнен кейін кітап оқу жеңіл, өйткені маңызды жерлері көрсетіліп тұрады деп қалжыңдаушы едім. Жеке кітапханасындағы кітаптардың барлығын тіркеуден өткіздік. Сәкеңнің ауылындағы мектебіне қазақ тіліндегі екі мыңға жуық кітаптарын балалар оқысын деп сыйға бердік. Қазір өзі кітап таралымы да мардымсыз болып тұрған заман ғой» деп ой түйді.

Бүгінде Сағат Әшімбаев көздің қарашығындай сақтап, жинаған мыңдаған кітаптар келешек саналы ұрпақтың қалыптасуына сүбелі үлесін қосып жатыр деп бек сеніммен айтуымызға болады. Талантты балалардың көпшілігі ауылдан шығатыны белгілі. Қайраткердің балалық шағы өткен, кіндік қаны тамған ауылындағы бүгінгі жас буын, өскелең ұрпақ сол кітаптарды оқу арқылы ұлтқа қызмет ету тәрізді даңғыл жолдың биігіне көтерілсе, сыншы мұратының да орындалып, жүзеге асқаны емес пе. Қалай болғанда да, ұлт руханиятының жолында Әшімбаев салған соны із, бедерлі белес әлі күнге дейін өзінің зор тағылымымен, ғибрат-өнегесімен жаһұттай жарқырап тұрғаны анық. Мұның барлығын тілге тиек етіп отырғанымыздың өзі жайдан-жай емес, әрине. Өйткені әрбір отбасының діңгегі, шаңырақтың рухани келбеті, іргетасы парасатты дүниелерге, бағалы құндылықтарға құрылмаса, оның ғұмыры да ұзақ болмасы анық. Бұл, сөзсіз, оның беріктігіне, ынтымақ-бірлігіне, бала тәрбиесіне де айтарлықтай әсер етері түсінікті жайт.

– Қаламгер ретінде де, сүйікті жар ретінде де мен Сәкеңнің демеуін көп көрдім. Ақылшым, қамқоршым еді. Сәкеңнің жары болу арқылы үлкен өмір университетінен өткендеймін. Бұлай дейтінім, Сәкеңнің өз қатарының арасында көп ізденгіш қасиетінің, көп оқығандығының арқасында озық ойлы асыл азамат болып қалыптасқандығын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Біз соншалықты бақытты едік, қаперімізге тұрмыстағы қиындықтар кіріп те шықпайтын. Сәкеңнің жаны үлбіреген нәзік еді. Мұндай жандарды ақынжанды деп айтпаушы ма еді. Оның қуануы да, мұңаюы да тез болатын. Жақын адамдарынан үнемі жылылық, мейірім, жылы сөз күтетін. Өзі де айналасына жанының шуағын молынан төгіп жүретін. Сәл нәрседен көңілі жасып, тез шырт ете қалушы еді. Бірақ ашуы тез қайтатын. «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше» деген сөз Сәкеңе арналғандай» дейді жан жары Шәрбану Бейсенова.

Жоғарыда айтқанымыздай, Шәрбану Бейсенованың жазушы ретіндегі есімі қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Мектепте оқып жүрген кезінен басталған қаламгерлік жол кейіннен үлкен жазушы болып қалыптасуына әсер еткені сөзсіз. Тырнақалды әңгімелері оқушы кезінде Өскемендегі облыстық газетте жарық көрді. Қаламгердің өмірлік жарының рухына арнап жазған «Қарлыған піскен шақ», «Мизам шуақ» атты әңгімелері көңіл тебірентпей қоймайды. Жазушының шығармашылығына – терең сезімталдық қасиеттер тән екенін байқау қиын емес. Әр жылдары жазылған «Сүзгенің соңғы күндері», «Бір махаббат баяны», «Туған үйдің түтіні», «Тылсым», «Махаббаттың кермек дәмі» және т.б. әңгімелері мен хикаяттары оқырмандары тарапынан жылы қабылданды. Академик Серік Қирабаев жазғандай: «Шәрбану – өткен ғасырдың 70-жылдарының орта тұсында шығармашылық өмірін журналистикадан бастап, біртіндеп әдебиетке келген, қалам қызметін сыпайы бастап, әдепті мінезбен, даурықпасыз жалғастырып келе жатқан бүгінгі көрнекті жазушыларымыздың бірі. Осы жылдар ішінде ол қазақ әдебиетіндегі әңгіме мен хикаят жанрларының әсем үлгілерін туғызып, шеберлігін жетілдірді».

Шәрбану Бейсенова тек қана жазушы, қаламгер емес, ол сонымен қатар білікті журналист, публицист екенін де айта кеткеніміз орынды. Республикалық «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» тәрізді белгілі журналдарда ұзақ жылдар бойы қызмет жасап, жемісті еңбек етіп, отыз жылдан астам ғұмырын осы салаға арнаған. Кейінгі жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Кітап әлемі» атты қосымшаны да сәтті жүргізгені оқырмандар есінде болар. Шәрбану апай жан жарының өз шығармашылығына деген қамқорлығын көргенін айтады.

Отбасына аса ауыр соққы болып тигені аяулы жарының өмірден өтуі. Арада бір жыл өткен соң үлкен ұлдарының қайтыс болуы. Небары 44 жасында жарық дүниемен қош айтысқан Сағаттай ардақтысынан, аяулысынан, алтын асықтай ұлынан айырылу оңай ма. Осы шақтарда Шәрбану апай қатты күйзелгенін айтады. «Көпке дейін өзіме-өзім келе алмай жүрдім. Көңілімді орнықтыру үшін кітап оқи беретінмін. Ағаңнан қалған бір мұра – осы кітап оқу. Басымызға түскен ауыр күндердің әсерінен ұзақ уақытқа жалғасқан шығармашылық үзілістен кейін қолыма қайта қалам алдым. Сәкеңнің рухына арнап «Қарлыған піскен шақ», «Мизам шуақ» деген әңгімелерімді жаздым» дейді. Көзіқарақты оқырман жақсы білуі тиіс, биыл Сағат Әшімбаевтың туғанына 70 жыл толып отыр. Сонымен қатар Шәрбану Бейсенованың да 70 жылдық мерейтойы.

Қорыта айтқанда, әрбір отбасының өзге отбасыларға ұқсамайтын даралық сипатының болуы заңдылық. Шаңырақ иелерінің өмірлік үлгі-өнегелері – мәңгілік жыр-дастан. Оны бір мақаланың көлемінде айтып шығу да мүмкін емес. Осылайша, Сағат Әшімбаев пен Шәрбану Бейсенованың отбасылық өмір жолдарында айтылғанынан айтылмағаны көп талай тағылымды да ғибратты дүниелердің мол екені анық.


author

Сағат Әшімбаев

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...