2022 жылдың 23-26 ақпан аралығында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Премьерал...
«Махаббат сусынының» дәмі
«Астана Операда» 14-15 наурызда Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» жарқын комедиялық операсында театрдың тамаша солистерінің айтулы дебюттері орын алды: Адина мен Немориноның басты партияларында сахнаға алғаш рет танымал опера примасы Жаннат Бақтай мен керемет тенор Артур Габдиев шықты. Спектакльдер қойылымның музыкалық жетекшісі, театрдың бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың басқаруымен өтті.
Жетекші солист Жаннат Бақтай театр сахнасында бірқатар ұмытылмас бейнелер жасады. 15 наурызда әйгілі әнші-сопрано көпшіліктің алдына Адина сұлудың бейнесінде шықты.
– «Махаббат сусыны» операсымен кездескен әрбір жанды спектакль өзінің энергетикасымен, өмірге деген құштарлығымен, жастық жалынымен жігерлендіреді, сондықтан мен оны баршаға арналған «Энергетикалық сусын» деп атар едім. Жылдам екпіндердің нәтижесінде сахнада және оркестр шұңқырында тұрған әртістер, залда отырған көрермендер үлкен драйв алады. Барлығын осы музыканың толқыны баурап, «сусынның» энергетикасы, рухы жігерлендіреді, содан барлығы көтеріңкі көңіл күйде болады, – деді Жаннат Бақтай. – Спектакльдің қоюшы режиссері Арно Бернар – француз мектебінің өкілі. Бұл мектеп басқаларынан қатты ерекшеленеді, ол өте қозғалғыш, шығармашыл, қызықты. Бүгінгі таңда маэстро Бернар дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатарлы опера режиссері болып табылады, – деп пікірін қосты әртіс.
Танымал әнші Гаэтано Доницеттидің көзі тірісінде көптеген опералар жазған өте табысты композитор болғанын айтты, ал «Махаббат сусынын» ол небәрі екі аптада жазып шыққан.
– Доницетти опера композиторлары мен орындаушылары үшін үлгі болды және солай болып қала береді. Көптеген авторлар оның спектакльдерін тамашалауға келіп, тәжірибе алған, осы туындылар арқылы шеберліктерін шыңдаған. Доницеттидің опералары биік талғаммен, жанрдың үздік ережелерімен жазылған, оларда барлығы өте ұғынықты, көңілге қонымды, дұрыс, оларды классика стандарты деуге болады. Мен үшін Адинаның партиясы бетке ұстар партия болып табылады. Осы бейнеде сахнаға шығу – мен үшін үлкен жеңіс. Әлбетте, Доницетти секілді кемеңгер композитордың музыкасын Арно Бернар секілді бірегей режиссердің қойылымында әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен үздік әлемдік театрлардың бірінде орындағаныма шексіз бақыттымын. Атақты суретшілер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапиноның декорациялары мен костюмдері де керемет, – деді Жаннат Бақтай.
Белгілі болғандай, «Махаббат сусыны» ең сүйікті және жиі орындалатын әлемдік опералардың қатарына кіреді, ал Немориноның «Una furtiva lagrima» танымал романсы – тенор репертуарындағы ең белгілі италиялық ариялардың бірі. Вокалистердің көптеген буыны Неморино партиясын әлемнің түрлі алаңдарында жетістікпен орындаған. Ал 14 наурызда классикалық өнерді ұнататын елордалықтар театр солисі Артур Габдиевтің өнер көрсетуіне қол соқты.
– Менің кейіпкерім – өте мейірімді, қарапайым, ашық, көңілді, бірақ сонымен бірге ол өз махаббаты үшін соңына дейін күресуге даяр батыл жас жігіт. Бастапқыда оның көңілі қалса да, кейін ол қайткенмен өз дегеніне жетеді. Романтикалық махаббат жайлы армандай отыра, ол әдемі, асқақ сезімге құштар. Кейіпкердің бейнесі лирикалық қырлармен бөлініп берілген, бұлар оны орындаушылар үшін де, көрермендер үшін де ерекше тартымды етеді, – деп пікірімен бөлісті Артур Габдиев. – Менің ойымша, Неморино – бұл армандауға тұрарлық партия, ол кез келген тенордың ең сүйікті партияларының бірі және әрбіреуі онда өзіне жақын дүниені табады. Сонымен қатар бұл өте күрделі партия, онда ансамбльдер өте көп. Операның басынан аяғына дейін сахнадан түспей, «демалмастан» ән айту керек. Гаэтано Доницеттидің жауһарын орындау, ең алдымен, вокалистер үшін маңызды әрі пайдалы екенін атап өту қажет. Себебі Доницетти мен Беллинидің туындыларында ғана солистің шеберлігі анықталады, өйткені олар «белькантоның» дәулескер техникасының мектебі саналады.
14 наурызда Адинаны өз интерпретациясында опера сахнасының жұлдызы Салтанат Ахметова паш еткенін атап өту қажет, 15 наурызда Неморино партиясында жарқын қазақстандық тенор Рамзат Балакишиев өнер көрсетті.
Әр күндері кейіпкерлердің бейнелерін «Астана Операның» жарқын солистері сомдады: сержант Белькоре – Талғат Мұсабаев, Ержан Саипов, ел кезуші емші Дулькамара – Евгений Чайников, Джанетта – Мәдина Исламова, Назым Сағынтай. Операда театрдың хоры маңызды рөл атқарды, оның тамаша дыбысталуын бас хормейстер Ержан Дәуітов қамтамасыз етті. Қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов, жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре, опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов.