Қазақ опера өнерінің жарық жұлдызы Хорлан Ықсанқызы Қалиламбекова Қарағандыда 1944 жылы қарашаның қа...
Әкемтеатр сахнасында «Премьералар апталығы» өтеді
2022 жылдың 23-26 ақпан аралығында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Премьералар апталығы» өтеді. Төрт күнде көрсетілетін бес жаңа қойылымдар аясында театр басшыларына арналған сахна өнерінің бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін арқау ететін дөңгелек үстелдер, семинарлар және лекциялар ұйымдастырылады, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Мәдени іс-шара 23 ақпан сағат 17.00-де баспасөз конференциясымен басталады. 2020 жылдың 20 желтоқсанында ҚР Президентінің арнайы Жарлығымен театрға «Ұлттық» мәртебесі берілген болатын. Осыған орай, конференция барысында театрдың жаңа логотипі мен жаңа сайтының таныстырылымы өтеді. Сағат 18.30-да қоюшы-режиссер А.Оспанбаеваның (авт. Ә.Нұрпейісов) «Қан мен тер. Ақбала» трагедиясы; 24 ақпан қоюшы-режиссер А.Қабдешованың «Қытайдан жеткен сәлемдеме» (авт. Р.Отарбаев) драмасы; 25 ақпан (бір кеште екі спектакль) қоюшы-режиссер Н.Қарабалинаның «Бейтаныс таныстар» (авт. А.Батырқызы) және қоюшы-режиссер Р.Жұрынбайдың «Қайдасың, мама?!» (авт. Ж.Бауыржанқызы) моноспектакльдері; 26 ақпан қоюшы-режиссер Ж.Жұманбайдың «Мақшар түнгі махаббат» (авт. Д.Исабеков) мистикалық драмасының премьерасымен өз жалғасын табады.
Баспасөз конференциясына М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО Халық артисі – А.Әшімов, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Е.Жуасбек, «Қан мен тер. Ақбала» трагедиясының қоюшы-режиссері – А.Оспанбаева, «Қытайдан жеткен сәлемдеме» драмасының қоюшы-режиссері – А.Қабдешова, «Мақшар түнгі махаббат» мистикалық драмасының қоюшы-режиссері – Ж.Жұманбай қатысады.
Баспасөз-конференциясы барысында жаңа қойылымдардың бүгінгі қоғам үшін маңызы, жанры мен стильдік ерекшеліктері, актерлік құрамы сынды мәселелер талқыланады.