Елордалық театр репертуарын жуырда толықтырған Г.Левенскольдтың «Сильфида» балетін премь...
Ақтоты Райымқұлова құттықтау жіберіп құтылған фестиваль басталды
Бүгін Семейдегі Абай театрында қазақ сахна өнерінің сөнбес сәулесі, көрнекті театр және кино актрисасы Әмина ӨМІРЗАҚОВАНЫҢ туғанына 100 жыл толу құрметіне арналған ХХҮІІ республикалық театр фестивалі шымылдығын ашты. Қыркүйек айының 20-жұлдызынан 25-іне дейінгі аралықта өтетін фестивальге 12 театр ұжымы қатысатыны мәлім болды. «Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен» деп баспасөз хабарламасында ат қойып, әспеттеп көрсеткенімен, бұл Семейдің мерейін өсірген емес, қайта керісінше, өнердің құнын түсірген кезекті шараның бір көрінісі болды, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" zhasalash.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Атағы дүбірлеген театр фестиваліне Асанәлі ӘШІМОВ, Меруерт ӨТЕКЕШОВА сияқты Әмина-Ананың көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған әртістердің келіуімен, көзге ұрып тұрған «көп жыртықтың» шеті жабылғандай болды.
"Әмина анамыз өте бір көңілді, ақжарқын адам еді. Ол әртүрлі жанрда өнер көрсетті. Комедия, трагедия деп бөліп қарамай-ақ шынайы сомдай білетін. Әмина апа, Сәбира апа, Хадиша апа бәрін де қазақтың ұлы қыздары деп атауға болады. Шолпан, Бикен, Зәмзәгүл... қайсын айтсаң да тәнті ететін есімдер. Осылардың әрқайсына фестиваль арнасақ көптік етпес. Семей ежелден ұлы жер, қасиетті мекен. Бір Абайдың өзі қазақты әлемге танытқан тұлғамыз. Шәкәрім мен Мұхтар Әуезовтің ізі қалған қала бұл. Әруақ деген бар. Біз өнерде із қалдырған қасиетті адамдардың әруағына сыйынып, сахнаға шығамыз,"-деді Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Алайда, дәл осы күні Семейге жұмыс сапарымен келген вице-премьер Бердібек САПАРБАЕВ бастаған үкімет делегациясының құрамында келген министрлердің арасынан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВАНЫҢ ашылу сәтінің өзіне «кіріп-шыға алмай кеткені» көңілге кірбің ұялатты. Қазақ театрының тарихы Семей жеріндегі Ойқұдықта алғаш қойылған Мұхтар ӘУЕЗОВТІҢ «Еңлік-Кебек» драмасынан бастау алатынын ескерсек, «дәл осы салаға жауапты Райымқұлованың Әмина Өмірзақова мен Әуезовтің әруағынан ұялмағаны ма?» деген ой да еріксіз қылаң береді екен. Ақтоты ханымның атынан сөз алған Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі, бас сарапшы Гүлнафис МЫРЗАШЕВА министрдің құттықтауын оқып беріп, оның айыбын жуып шайғандай болды.
Ал, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі атынан ешбір шененуіктің шықпағаны өз алдына жай уақытта Семейді «дамытып жатқанын айтып» даурығатын облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ республикалық театр фестивалінің ашылуы салтанатына бір ауыз сөз арнауды қажетсінбегені қынжылтты. Облыс әкімінің идеология саласына жауапты орынбасары Әсем НҮСІПОВАНЫҢ да мұндай үлкен ауқымды шараға қатысып, қазақ өнерінің қуанышына қазақ тілінде ортақтасудан неліктен «тұра қашқаны» түсініксіз. «Рухани жаңғыру» аясындағы бір емес, бірнеше күнге ұласатын фестивальға осындай немқұрайлы көзқарасына қарап, оның өз саласының салмағын аса пайымдай бермейтінін тағы бір аңғарғандай болдық. Өйткені, Абайдың туған күніне орай Көкпектідегі Самар ауылында ақын ескерткіші ашылғанда да облыстан өзі келе алмаса да қатардағы бір өкілін жіберуге құлқы болмағаны есімізде.
Қала әкімі Ермак СӘЛІМОВТІҢ де «жоқтығын білдірмеуге» шыққан әкімнің орынбасары Қанат ӘДІЛБАЕВ әлдебір ақ қағаз әрең көрінген алақанына шұқшиып бірдеңе айтқан болды.
"Бүгін Семейге Үкімет делегациясы келіп жатыр. Облыс әкімі, Семей қаласының әкімі сол делегациямен жүр. Өздерінің дұғай-дұғай сәлемдерін сіздерге жеткізіп жатыр",-деп қысыла қағазға үңілген Әділбаев бұл шараның «Әмина Өмірзақованы есте сақтауға арналғанын» есімізге салды.
Аты аңызға айналған қазақ өнерінің анасына деген құрметін «дұғай-дұғай» сәлем айтып білдірген вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған ірілі-ұсақты шенеуніктердің мұндай немқұрайлығы театр сахнасының киесіне кері әсер ете қоймасы анық. Тек қазақтың танитын, білетін жақыны үйінің маңынан өтіп кетсе, «келіп тұрып кірмей кеткені несі?» деп өкпе артатыны сияқты Бердібек Сапарбаевтың облысты басқарған кезінде де талай келген Семейі ол үшін бөтен қала емес еді. Төрт күнге жалғасатын театр фестивалі жайында алдағы күндерде де баяндайтын боламыз.