Таразда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 85 жылдығын мерекелеу аясында және ақынның туған күніне орай &laq...
Көкбөрі Мүбәрак. Айя-София саусағыңа тағылса...
(Топтама өлеңдер)
ҚАНЖАР ҚАБАҚТЫ
Тегімді менің сұрасаң,
Қанжар қабақты қара әкенің ұлымын,
Алтай таудың қырымын.
Бойымда тасып көпіршіген мінім болса,
Ол менің мінім емес, Ертісімнің міні.
Дауысымда кербез үнім болса,
Ол менің үнім емес, жылқымның үні.
ОСПАН ҚҰСАП БҮЛКІЛДЕЙМІН
Оспан құсап бүлкілдеген жүрекпіз,
Айдың бетінде әлпештеп үлпілдеген тілекпіз.
Ай астында ұшқан қалың шабытқа,
Бұлттан құшақ ашып берген тірекпіз.
Қорамсағын қарына іліп тұрған білекпіз.
АЙЯ-СОФИЯ САУСАҒЫҢА ТАҒЫЛСА...
(Сыбан Бесақшы деген түрік зергері жасаған, Айя-София мешітінің үлгісі сіңірілген гауһар жүзікті ұстап отырып)
Айя-София саусағыңа тағылса...
Құрсаққа құралай болып біткен сұлуым!
Көзі жанып таңды шырадай болып күткен сұлуым!
Осы көгілдір тауларды сағындық...
Таулардан ағып түскенде мұнар,
Қарашық болып көзге ұйып біткенде құмар,
Құрсаққа құралай болып біткен сұлуым,
Сай-сүйегімді босатып етті, құрсағымнан түрткен жылуың...
Айя-Софияның көзімен қарайсың маған назым боп,
Өлі ғасырда әзіл жоқ.
Тек қана тарпаң, керімсал сымбатпен қарап,
Сол сарай өзін ең таза бұлғақпен қалап.
Бұлғап отырады самалын Айя-София сарайы,
Сол сарайға Мәрмір теңізінен көзімді мәрмәрлатып қарайын.
Мәрмірдай тыныш, тазарған көзім,
Тіпті де тазара түссе деп алаңдап едім.
Көз шараңды тазарт әр күні бостығынан мына ауаның,
Көзге дірілдеп сіңіп кететін көңілсіз сағымынан қаланың –
Сақтан!
Айя-София саусағыңа тағылар ма еді?
«Тағынар ма едім?», - дедің.
Тағынар едің!
Егер сен менің әлемде осы жалғыз жүзікке Айя-Софияның үлгісін сіңіріп шығып жасасам,
Менің жалғыз жүзікке бола «мінсіз шебер» аталуым мүмкін ай туар.
Бұл ұлы жүзікті саусағыңа тақсам –
Сенің көңіліңе батып қалған әлемнің мінсіз көлдерін аң-таң қалдырар.
Аққудың таза қанатына өзін жуып жатқан мәрмәр көлдерге,
Көңіліңдегі қауашақтарын қолына ұстап жымиған белдерге,
Жүгіріп қайталық па онда біз,
Сақтардың жүгірген жолымен,
Таулы жердің сызды таңында –
Ғұндардың оранып тонымен,
Қол ұстасып ауадағы Қимақ әруақтарының қолымен,
Олардың қызылды-жасылды қиялға айналып кеткен өмірінің соңымен,
Жүгірелік пе,
Егер шыдасаң, қаласаң?
Ал, енді көтер саусақты.
Даланы бір тұтас кірлі шаң емес, жусанның тұқымынан шыққан шаң жапты.
Ол да өзі тазалығымен, жұпарымен паңданған шаң еді,
Танауды тозаңы қытықтап,
Мен олардың артынан жүгіріп барамын.
Оларды қарлықтың, қимақтың адамдары екен деймін бе,
Бұлдырап ұшқан көп жусан,
Бабаларымның ойнақтаған сұлбалары-ау деп сендім мен.
Жүгірем артынан олардың даланың тозаңын уыстап,
Жүректен шыққан көк тозаң –
Өз кеудемнен шықса тыныстап.
Қолымда гаухар жүзігім –
Даланың көгілдір иісі мен Айя-София сарайының бедері төбесіне шор-шор болып сіңірген,
Осындай жүзікті қиялмен құйып, қолыммен жасап бүгін мен,
Қиялым әрлеп құяды бояу,
Көңілім көк өрім жияды алау,
Айя-София саусағыңа киілсе,
Анадолының киесі қолыңа ілінсе,
Сен ең бақытты әйел болар ең,
Қарапайым көгілдір тұлғаңмен осы далада жүгірген күйі,
Алдыма түсіп.
Мәрмәрім!
ДАЛА ЖАЙЛЫ СӨЗДЕРІМ
Бұл дала – бабаң ұлып өткен дала!...
Әжеңнің моласына қонған қыран –
О дүниенің бетіне қарай-қарай кеткен дала.
Анамның тәтті әуенін ести алмай зарыққанда,
Жүрегіме күй болып жеткен дала.
Уа, қазақ, көкке қара, шетке қара,
Көз жасыңдай мөп-мөлдір неткен дала!
ҚАЙРАТПЕН ЖҮЗІҢ АШЫЛСА
Жігер мен отқа қақталып,
Қайратпен жүзің ашылса.
Қаһарлы рухың тоқталып,
Жас жүрек демін асырса.
Таң алдындағы қылаңға –
Бетімді бұрып сүйенем.
Қаптаған өрттей ұранға –
Қараймын, әппақ киеге.
Мөлдіреп көздің маржаны,
Ілінем дейді Ертіске.
Ұлыңның үстем арманы,
Алтайды алып желпінткен.
Соқтырып торы тұлпарды,
Сүйеймін күнге мойынын.
Өзім деп туған сұңқардың,
Ашамын көкке қойынын.
Сығылған көздің жасы еді –
Ертістің сансыз бұлағы.
Деміме көкшіл тас еріп,
Көз жасымнан гауһар тұнады.
Қолыма алып гауһарды –
Көз жастарымнан құралған.
Алтай боп тұрған асқарды,
Рухыма сүйеп суарғам.
ҚАРА КІРЕУКЕЛІ ӘБІШ
(Әбіл Кекілбайұлының өлімі)
О, қара кіреукені сыйпаушы,
Қаратауларға кеттің жүгіріп.
Маған ентелеп кеп бір бақсы,
Еңірей тарқады бүгіліп.
Таулар сарқырады өзен боп,
Бәйшешек басын қырқыды.
Құмдар құйғытып кезермек,
Түлкінің жусап бүлкілі.
Қою тастардың зәбірі,
Өрмекшіні үгітіп кетіпті.
Дарақтардың биік дабылы,
Көлдерді күркіреуік етіпті.
Бозала таудың бүйрегін,
Бүлк еткізер көсеуді кім ұстар?
Жағалтайлы көлдің үйрегін,
Садаққа шамырқантсам тыныштар.
Көлдей шүбатын сапыртқан,
Қызыл бұйра аруана келіпті.
Шұрқырын шіркейдей сабылтқан,
Көкше айғырлар қамбарға еріпті.
Ұлу мүйізді қошқарлар,
Жайық бетін сүзбек болыпты.
Таутеке дамылдаған асқарлар,
Бұлттардың қарнын жарыпты.
Топырақ шашқан сұм желді,
Құнжыным қуып барсын ба?
Түңлік басқан түндерді,
Ұзан қобызына ертіп алсын ба?
Беу, Әбіш, Әбіш,
Сары ала тарғыл арыстанды,
Қорымға таятпай қорғадым.
Дәрияға ұмтылған ақ шаңды,
Мен де бір күні жалмадым.
Астымда бәйге торы жүреді,
Жасыл қырқаларды кеземін.
Ақ саусақ жотаның желі түледі,
Жыландар билеп жүр, білемін.
Шыңыраудан суырған қауғамда,
Теңбіл тамшы су да жоқ екен.
Сүзектей жаңбыр жауғанда,
Көнектердей қайғымды көл етем.
Қызыл кебежеге матаулы кітаптар,
Бұлқынар деймін бір түні.
Салпыншақ өзендегі бұтақтар –
Айға ғана естілген дүркірі.
Әбіш те келіпті дүниеге,
Керуендей көшті, кетті.
Бетім шыланып дүр күйеге,
Ақшулан жүзін жер жасырып өпті.
Бәбсектей лас, көркем дүние қалды,
Қаршығаша қала береміз қаптап.
Қара боран жұтып мың түйені алды,
Ажал атамның киімдерін аптап.
«Кетімді, келімді дүние,
Ең соңы өлімді дүние!»
ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ТОЛҚЫНЫ
Анарың кеп төсімді жұбатты ма,
Жүректегі жұмыртқам кірлегенде.
Айдың бозаң дауысы ма түнде келген?
Көйлегіңе желпінген бүрмелі ермен.
Сәуір бұлты тіліңе ұйып толғай,
Бұғанаңа сүйсінген иықтарды- ай!
Құлағыңды қағасың құлагерше,
Ақан денем жейдесін киіп болмай.
Шырмалып маса жазға, жаз масаға,
Басқан ізің бетіңе алмаса ма?!
Теріс қарап жыласаң бетің басып,
Сықырлаған қайғыңнан жан қашама...?
Сама сөз сапырдыңба қазанға асып,
Ожауың ожар бумен амандасып,
Тұяғыңнан сүйреген жусан иісі,
Әр түн сайын төсекке марал тасып.
Ойлама құмарпаз деп тауып көріп,
Иен түзде ұйықтағам зарық толып.
Еркелетіп отырмын жаймен ғана ,
Өлеңіме бір арман алып беріп.
БҰЛ АРА КӨКТЕМ
Алтыным менің, алқынып ұшқан әппақ гүл,
Көктем еді ғой бұл ара .
Бет шұңқырың айдың уызын сақтап тұр,
Сен көкжиектесің, құлама!
Басқан ізіңді жұмақтай жасыл бүр жуып,
Алқалай қоршап қалады.
Көкорай шөптер мейірленуге құлшынып,
Көгілдір аңыз буынына еріп шабады.
Кез бұл араны, қарлығаштар да таниды,
Назды торғайлар риза!
Құшағына басып бүлдір сәбиді,
Аналар жүрегі жылыи ма?
Алтын шуақтар мұнда, шашыңа жақын /
Әуенің бетінде малтып сайрайды.
Көкшіл өзендер жөргегінен тасыған батыл,
Асқар таулар нені ойлайды?
Бұл ара екен көктемнің үйі,
Үйге гүл қойған сіз бе екен?
Жапырақ боп жетілді өткеннің күйі,
Сен оны сыйпа, нұр көкем!
Қайыңның жүзігі сыпырылса қолыңа құлайды,
«Әдемі екен!» дерсің мақтана.
Сыбызғы саған бәрінен бұрын ұнайды ,
Түн бебеулегенде қап-қара.
Сүт бұлақтардан ымыртта және азанда,
Қалқып алуға болады ұятты.
Буалдыр мұнарды көпіршітіп жатқан аралға,
Ақ жауындар меңіреулікті құлатты.
Сап-сары торғайлар сарғалдақ дейді есімім,
Есіне сақтар қай басым.
Сәбиіміздің аламыз мұнда бесігін,
Бұл ара көктем, айнашым...
Гүлдің мүләйімі, шөптер жасаған күлкі шын,
Қарашегіртке дауысын қайната.
Тыңдай жүр енді жапырақтардың ұйқысын,
Көктемді бесігімен кеудеңе алып ойната!
ҚОП-ҚОЮ ҚОҢЫР СӘУЛЕЛЕР
Көшпенділіктің ең алғашқы және ең соңғы мұражайы – Алтай.
Біз ол кеңістікті ұмыта алмаймыз.
Біз сол кеңістікке иіле бас иеміз.
Біз сол кеңістіктің әрбір жұпар түнін сүйеміз.
Олар – қарапайым адамдар,
Қара көздеріміз,
Қара қасқа атты Қамбарларымыз олар...
Тымақ киіп, қыран жылжытқан армандарымыз..
Олар – аудармашысыз танысты табиғатпен...
Олар – киіз үй ішінде іңгәлаған болатын ар-ұяттан...
Олар – табиғи, таза еді...
Олар – қатты көп емес, аз еді...
Олардың ойында, тілінде, түсінде –
Алтай бар еді.
Алтайым деп қоңыр ән салып бұлдыраған келіншек,
Шүйкедей ғана жан еді...
Бірақ, олардың жалпақ бет, қысық көздеріне дейін Алтай бар еді...
Алтай – қоңыр сәуле еді...
Алтай – Құдайдың екі иығымның екі жағына отырғызып қойған дәулеті.
Қабақ-жартастар, талғамдар кешкі айшуақтан әлденіп...
Алтайы қоңыр көңіліме өмірім мән беріп...
Өмір қиялыммен таласып,
Көлденең істер жанасып,
Алтайы қоңыр сәулеге қоңыр өмірім жарасып...
О...
Күннің ұлы екенін білемін.
Күннің жылы екенін білемін.
Күн шашқан таңға кіремін.
Күн жапқан түнде тұр едім.
Күн иістендірген жұпар шөптерді иіскеймін...
Күн дәндендірген бидай масағын тістеймін...
Алып күннің алдында шіркей денеммен қақиып...
Қатып тұрамын, өртін шалғынның жапырып...
Менің денем ұсақ болсада,
Рухым – ұлы күнге қадірлі...
Күн таңды аша береді қаншама,
Таңның жұпары жағымды.
АҒАРЫП ЕСУ
(Желқабыз, іңкәр шуақтар)
Бүлдіргеннің иісі келді,
Мұрынымды паналап.
Қайдан қашып жүр екенсің,
Мөп-мөлдір бұл кеңсірікті жағалап.
Бүлпіл иіс қайдан келді,
Бұл жер жабық бөлме ғой ...
Жүрегіме ойлан дедім,
Бүлдіргендей қызарыңқы бөлмемде, жүріп жүрдім сенделе.
Қызанақтай қызарды күн, неліктен?
Қызғылтым ба бұрыннан?
Жасыл таулар қайнап шығып жасыл ала көбіктен,
Алдымдағы қыраттарға жағын сүйей жығылған.
Бөлмем қайда, сүңгіттім бе жасыл таулар ішіне?
Аңызақ бұл далаларда аңырып...
Бүлдіргеннің асыл иісін, енді ғана бастадым ба түсіне,
Мен өзімді кеткен екем сағынып...
Сағыныппын жүрегімді қоймалжыңдай балқыған,
Сағыныппын кеудем ішін тепкілеген ұятты...
Бүлдіргеннің жұпарындай қолқамды қауа-қауа шалқыған,
Қызанақ күн езілетін сияқты...
АЗА ӘУЕН
«Ілияс Жансүгірұлының жерленген жері: Алматының шығыс жағында орналасқан Талғар ауданының Жаңалық ауылы. 2500 адам жерленген жер біршама үлкен екен. Міне, кеш болса да, ақын сүйегінің қайда жатқандығы анықталды», – деді Іиястанушы ғалым Мұратбек Иманғазинов.
Жүрегін жұпар қаққан мың көбелек,
Бейітіңнің басында тұрған ойнап.
Жүрегін жұпар жапқан мың көбелек,
Бейітіңе қарайды шырмала ойлап.
Қанатын жұпар жуған мың көбелек,
Жұпардың ішіндегі буға байлап –
Қанатын жұпар қуған мың көбелек,
Бейітіңнің басына құрған аймақ.
Кекілін жұпар қаққан «мың құлагер»,
Көбелекті бейітіңнен қуған айдап.
Құйрығын жұпар қапқан мың құлагер,
Қасіреттен түршігіп жылдам ойнап.
Шашасын жұпар жуған мың құлагер,
Ұлы жердің дауысын тыңдамай қап,
Тынысын жұпар буған мың құлагер,
Мүлгіп кеп қабіріңе тынған ойға.
Жүрегін жұпар қаққан Ілекем- ай,
Балық жаның сүңгіді суға бойлап.
Жүрегін жұпар шаққан Ілекем-ай,
Жан жараңа тұрды екен кім қарайлап?!
Жүрегін жұпар ұрған Ілекем-ай,
Талықсытты тынысың мұңға қайнап...
Жүрегін тұлпар қуған Ілекем- ай,
Ажалың ертіп кетті жылға бойлап.
Мәдениет порталы