ІІ халықаралық «ABISH ALEMI» театр фестивалі басталуына байланысты Нұрмұхан Жантө...
Әртістер Дүниежүзілік театр күнін қалай атап өтеді?
Театр күні – өз өмірлерін осынау асқақ та ғажайып өнерге қызмет етуге арнаған жүз мыңдаған адамның кәсіби мерекесі. Дүние жүзінде оны 27 наурызда атап өтеді, осы ретте «Астана Опера» ұжымы да қалыс қалмады. Әртістер үшін театрдың орны қандай екенін, мерекенің қалай өтетіні және бұл күні әлдеқандай ерекше дәстүрлердің бар-жоғы туралы елордалық сахна жұлдыздары айтып берді.
Қазақстанда Театр күнінде міндетті түрде спектакльдердің премьералары өтеді, немесе әлемге әйгілі музыкалық көріністер қойылады. Мәселен, осы кәсіби мерекеге орай 28 наурызда «Астана Операның» Үлкен сахнасында Дж.Пуччинидің ең репертуарлық операсы – «Тоска» сахналанады. Басты партияда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера труппасының примасы Жұпар Ғабдуллина жарқырай өнер көрсетеді.
– Мен үшін театр – екінші үйім. Біз мұнда концерттерге, репертуарлық спектакльдерге, премьераларға дайындаламыз. Тіпті жұмыстан кейін үйге келгенде де жанымыз театрда қалғандай болады. Партиялар, бейнелер туралы ойлар санаға орала береді, яғни материалды жетілдірудің үздіксіз процесі жүреді. Осылайша, театрдағы өмір үнемі қайнап жатады. Барлығымыз үшін маңызды осынау күні – 27 наурызда біз бір-бірімізді қуана құттықтаймыз, тек театр қабырғасында ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да дүние жүзіндегі өзіміздің әртіс әріптестерімізбен араласамыз, бұдан мерекенің ауқымы кеңейе түседі. Менің жыл сайын дәл осы күні сахнаға шығуым дәстүрге айналғандай, бұл маған мерекені одан да тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, өйткені бізді көпшілік құттықтайды. Біз ізетті көрерменге өнерімізді қуана тарту етеміз, олар «музыкалық терапия» алып, барлық уайымдарын ұмытуы үшін жұмыс күндері де, демалыста да өнер көрсетеміз, – деді әнші.
– 10 жыл бойы біздің театр тыңдармандардың назарына әлемдік өнердің қымбат жауһарларын ұсынып келеді. Осы орайда мен барша қауымды Дж.Пуччинидің «Тоска» спектакліне қуана шақырамын. Тоска – менің көп тер төккен сүйікті партияларымның бірі. Ол көлемі жағынан да, вокал мен актерлік шеберлік жағынан да күрделі. Менің кейіпкерімнің (ол да әнші) өмірі бір күнде тас-талқан болады: махаббатын жоғалтып, опасыздықпен бетпе-бет келеді, қайғы-қасірет шегіп, өлім құшады. Ұлы италиялық классик композитордың осы кемеңгер туындысы ешкімді бейжай қалдырмайды. Барлық асқақ өнер жанкүйерлерін күтеміз, ал біз өзіміздің шеберлігімізді толық паш етуге тырысамыз, – деп қорытындылады Жұпар Ғабдуллина.
Оның сахнадағы серігі Каварадосси партиясын орындаушы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы орденінің кавалері Медет Чотабаев болады.
– Біз Театр күнін бүкіл отбасымызбен атап өтеміз, өйткені менің жұбайым – Галина Чеплакова да әнші, ол «Астана Опера» солисі. Бізде нақты бір дәстүр жоқ, әдетте біз бір-бірімізді кәсіби мерекемен құттықтап, көңілді тосынсыйлар ұйымдастырамыз. Театр – менің өмірім, тіпті балаларымыз да өздерін театр қабырғасында үйде жүргендей сезінеді, олар сахна сыртында өсіп жатыр. Үлкен қызымыз «Астана Операның» театр студиясында музыкамен айналысады. Кез келген әртіс үшін ең үлкен сый – бұл сахнаға шығу, көпшіліктің сұранысы мен махаббатына ие болу. Бұл жағынан Галина екеуміз – бақытты жандармыз, себебі туған сахнамызда белсенді өнер көрсетіп, гастрольге шығамыз. Ал 28 наурызда мен «Тоска» операсында Каварадосси партиясын орындаймын. «Recondita armonia», «E lucevan le stelle» ариялары әлемдік опера репертуары жауһарларына жатады, мен оларды шаттана шырқаймын, – деп пікірімен бөлісті Медет Чотабаев.
Театр күнін әртістер ғана емес, режиссёр, костюмер, гример, жарық технигі, дыбыс инженері, сахна машинисі, сондай-ақ хостес-топ пен киім ілуші секілді барлық театр қызметкерлері атап өтеді.
Бүгінде көрермендерге қызмет көрсету департаментінде мамандар: «Театр киім ілгіштен басталады» деген белгілі дәйексөзді айтып жүр. – Қымбатты көрермендеріміз «Астана Операның» табалдырығынан аттаған бойда олардың жүздері жайнап, көңіл күйлері көтеріңкі болғаны әрбіреуіміз үшін өте маңызды. Олар күлімдеп, өздерін осында жайлы сезінуі үшін біз бәрін жасаймыз.
Театр қызметкерлері құттықтауларды қабыл алады. Электронды поштамен келген құттықтаулардың бірінде былай делінген:
– «Астана Опера» қазақстандық опера өнерінің көрнекті қолбасшысы саналады. Оның сахнасында қаншама партиялар орындалды, мұнда Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының, Ла Скала, Карло Феличе, Сан-Карло, Мариинский және басқа да театрлардың әртістері өнер көрсетті! Бүгін барлық театр қызметкерлерінің керемет мерекесі. Сіздерді шын жүректен құттықтап, спектакльге келгенде сезінетін сол бір қуаныш үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Сіздердің шығармашылық өмірлеріңізде әрдайым көрермендердің ыстық ықыласы толастамасын, шабыттарыңыз ешқашан таусылмасын. Мереке сіздерге тамаша көңіл күй сыйласын. Сіздерге мықты денсаулық, барлық бастамаларыңызға табыс, молшылық пен баянды бақыт тілейміз, – деп, «Астана Опера» театрының жанкүйерлері әртістерді құттықтады.