20-сәуірден бастап, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Балет» теат...
Алматыда «ALTYN SAQA» фестивалі басталды
Өнегелі өнердің тасын өрге домалататын театр өнері даму жолында мереке, іс-шара, байқаулардан кенде қалған емес. Әрбір ұйымдастырылатын дода өзіндік сипатымен ерекшеленіп, жаңаша үлгіде өтеді, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Айтулы бәйгелерде көш бастап келе жатқан берекесі бүтін, бағыты белгілі және болашағы берік театрдың бірі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры кезекті фестивальдың шымылдығын түрмек.
2016 жылдан бастау алған бұл байқауда алғашында балалар спектакльдері өзара бақ сынады. Бұл жылы театрдың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында бірінші рет балалар спектакльдерінің фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында «Наурыз думан», «Ер көжек», «Алтын мүйізді киік», «Томпақпен келген жаңа жыл», «Маугли», «Батыл көжектер», «Алдар көсе» сияқты кішкентай көрермендердің спектакльдері салтанат құрды.
Уақыт өте келе түрлі даму сатысына түсіп, кең көлемдегі фестивальге ұласты. Мәселен, алдыңғы жылы тек балаларға арналған қойылымдар қатысса, 2017 жылы бәйгеде кешкі қойылымдар да бақ сынап, шараның ауқымы кеңейді. Әр жылы түрлі спектакльдер қатысып өзара тартысқа түсті. Пандемия кезінде арасы үзіліп қалған бұл фестивальдың екінші тынысы қайта ашылмақ. Фестиваль мерекелік көңіл күй сыйлайтыны анық. Көрермен сүйікті актерлерімен қауышады, қойылым тамашалайды.
Әрбір байқау асқан кәсібилікпен ұйымдастырылғандықтан, жыл өткен сайын жаңа деңгейге көтеріліп отырады. Сарапшылардың спектакльдерді талқыға салып, өзара пікір алмасуы театрдың дамуында жетекші роль атқарады. Жалпы, фестивальдың мақсаты – театрдың көркемдік деңгейін анықтап, бағытын саралап, болашағына бағдар жасау болмақ. Байқау аясында театрда талантымен талайды таңғалдырып, өнер айдынында өзгелерден оқ бойы озық жүрген үздіктер өзара бақ сынайды.
Сондай-ақ, дарынды дүлдүлдер ғана емес, тұғырлы театрдың дамуында үздіксіз еңбек етіп жүрген таңдаулылар анықталмақ. Мөлдір өнердің мәуе жаюына тамшыдай болсын үлес қосқан әрбір қызметкердің еңбегі елеусіз қалмайды.
Халықаралық театр күніне орай өткізілетін 23-26 наурыз аралығында өтетін «ALTYN SAQA -2023» фестивалі Ұлыстың ұлы күніне тұспа-тұс келуі театрға жаңа тыныс, мерекелік атмосфера және өзшеге леп сыйламақ. Театрішілік байқаудың өткізілуінің өнер ошағы үшін маңызы зор. Байқауда 2023-2023 жылдар аралығында тұсауы кесілген қойылымдар сайысқа түседі. Демек, репертуардағы спектакльдер қамтылып, шығармашылық ұжымның әрқайсысына өз өнерін паш етуге мүмкіндік туады.
Байқауда бақ сынайтын спектакльдер: «Оян қалыңдық», «Король Лир», «Ақ кеме», «Дилфизо мен Донада», «Сырымды саған айтамын», «Болмаған балалық шақ». Фестивальдың биылғы жаңалығының бірі мерейтойлары аталып өтілетін театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар мен театр қайраткерлерінің атындағы сыйлыққа ие болады.
Аталмыш қойылымдарда жеңімпаздар «Ең үздік ер адам бейнесі», «Үздік әйел адам бейнесі», «Үздік аударма»,«Үздік спектакль», «Үздік режиссер», «Үздік сценография», «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі», «Үздік эпизод», «Үздік дебют» жүлделі орындармен марапатталады. Таланттыларды таңдайтын, қойылымдарды талдайтын, шешімді саралайтын жауапты кезең театр өнерінің кәсіби мамандарына тапсырылады.
ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Есмұхан Обаев әділ қазылар алқасының төрағасы болмақ. Театр мен көрермен арасына тағы да алатын көпір болатын бұл бастама жоғары дәрежеде өтетініне сеніміміз мол. Қатысушылардың патша көңіл көрерменнің көңілінен шығып, қошеметіне бөленуін тілейміз. Театрдың тың дүниелермен толығуы осындай бәсекеге қабілетті артистер мен таза өнерді терең түсіне отырып талдайтын сарапшылардың байланысымен дүниеге келеді.