Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы. Алтай түс көріп жатқанда...

ӘДЕБИЕТ
2480

(Топтама өлеңдер) 

БІР ӨЛЕҢІМ ОСЫ ЕДІ ТАУ СЕКІЛДІ 

Әке, 

Қабырғаңнан малшынып тұрған арай, 

Қарағыштап отырды құмға қарай. 

Әптігіп баспақ еді жылға аралай. 

Пісіп тұрған жиденің қарашығын, 

Аймалауға батпады қара шыбын. 

Төк, төк деді айхайлап дала шырын. 

Тамызды да бір шырын қара жиде, 

Сол шырынын ара боп дала сүйреп, 

Бәрін байқап отырдың аласа үйден.


Ана, 

Қабырғаңда мелшиіп тұрған арай, 

Құмартады әлде не жырға қарай. 

Балағыңда сүйеніп тұр баладай.

Сенің көзің тамып тұр жиде болып, 

Әкем бұған таңырқап үйге келіп, 

Үйдің ішін жұпарлы күйме көріп. 

Әппақ шидей жаралған алақаның, 

Бойына менің қанымды таратады, 

Иіскедің ғой, риза жаратқаның.


Әке, 

Осыдан соң бөтен бір самал соқпай, 

Түн тұрады су көзі қараңғы аттай, 

Түнді сыйпап қоя бердің алаңдатпай. 

Мелшиген сол бір арай анамнан кеп, 

Қос бетіңе тарайды алаңдап от, 

Көктем жұққан шөптермен жағаңда көк. 

Дастарқанды сыйпадың, қоқым сырып, 

Көкшіл түтін шығарды отын тұрып, 

Сол бір ошақ, бал өмір отыр кіріп. 


Ана,

Балаңа аңқиясың үкі қадап, 

Бір киені үкіден күтіп алам, 

Көктем таңы терезеден шытынаған. 

Бір өлқая, жалқақ нұр ояна алмай,

Үстімді абайсызда бояп алған, 

Үстіме де, ішіме жаяды арман. 

Сен отырсың құшақтап бесігіңді, 

Білмеді осы іңір кешігуді,

Күн жылжып жылан құсап есірулі. 


Әке, 

Бір шумаққа тағы да ол шомылғанда, 

Екінші жол осылай орындалған. 

Жүрегі өлеңімнің шоғын қарыған. 

Далада көк қасат жер тыным алған,

Ұлы орманның жүрегін бұғы жаулап, 

Даланың баяу сорып сызын алғам. 

Әкежан, осы сөзім ұғыларма,

Күн менің қос күлкіме жылы қанған.

Өлеңімнің алдында тұрып алғам.

ОСПАН СҮЙГЕН АРМАНДЫ МЕН ДЕ СҮЙІП ҚАЙТАМЫН

Оспан батырдың ақбоз атының тұяғына оралған тұмандар, 

Ақбозат салған сүрлеуді құйрығына жалғап жыландар...

Жыландар кердең басады-ау, кеудесі тұманды ашады-ау, 

Жылан-жолдардың ұшына жырымды иіріп барам-ау!

Сақалы бозша құздардың сақал тастарына қараймын, 

Жан жалынымды қопсытып, күйдіріп тауды жанаймын...

Сіркіреп тұрған рухтардың оты самсып түседі иыққа, 

Рухтардың бірін жаныма шақырамын мен ұйықтап...

Құшақтап алып бір рухты оянсам ыстық көзіммен, 

Жан дүниеңді қозғайтын торы ілініп тұрған сөзіммен, 

Кірпігіме мынау ілініп дүниенің нәзік торлары,

Кірпігімді көтеріп, дүниенің кірпігін қозғадым...

Буынымды алып ыстық сөзі қараймын көкке таңданып, 

Оспан батырдың әруағы астында жер беті құсап толғанып...

Ыңырсып тұрған бұлақтың ішін сырлы әнге бөлеп бастаймын, 

Миымды тіпті тұнытып Алтайдағы әсем тастай мұң... 

Қыналар көктеп таулардың қатпарын бөлеп ойларға, 

Айналсоқтап қарай беремін Оспан сүйіп тұрған арманға...

Оспанды сүйіп бір арман, мені де сүйіп бір арман, 

Атам әруағы боп жосып барады сағымын сүйген құландар... 

Құландар сендерді әлпештеймін мен, 

Иіскеймін табан мөріңді, 

Ашамын кемпірқосақтарға Оспан сап берген жолымды...

Күйдіріп ыстық жырына, тоңдырып мұзды ізіне, 

Е-е, Оспан, өз киемді сипап шарықтап тартып барамын түзіңе....

Мен де өзіңдей жауынгер жалғыз қарамын, 

Иісінен бұрқыраймын даланың...

Сені ерткен жолдар арманды қоршап айналды, 

Мен сүйіп қайтам атажан сен сүйіп тұрған арманды... 

БІР АДАМНЫҢ ЕКІ ӨМІРГЕ ИЕ БОЛУЫ

Осы ат екен жалынға айналғанда жоқ болған, 

Осы ат екен теңізге айналғанда көп болған... 

Осы ат екен ақжал толқын үстінде -

Көкжал толқын секілді боп топтанған. 

Осы ат екен жалынан сөз, бу есіп, 

Толқынымды қызықтырып мақтанған.

Осы ат екен толқыныма от қойып, 

Әппақ отын теңіз сүйіп шаттанған. 

Теңіз де от, көк нұрлар да от,

Ат ажары баптанған. 

Теңіз жалы ат жалына ауысып, 

Көгілдір жал көк алауға шоқтанған. 

Осы ат екен ажалыңа айналған, 

Ажалың кеп атыңды «өзім тектес ажал ғой» деп ойланған... 

Ажалыңды ажал құсап алдап соққан торы атың, 

Тобылғының тотыдай түріне байланған. 

Өз қолыңмен шешіп ажал атыңды, 

Сенің қолың бытырлатып жатылды. 

Өркешіне үн тиеген үкілі нар -

Табытыңды арқалауға шақырды. 

Өмір ме екен, өлім бе екен беліңде? 

Белге буған алмасың тұр сеніммен. 

Ажал тектес сағымдарды құлатып, 

Суық жарық қақ үстіңнен шегінген. 

Ажал құсап күнді алдаған, 

Күдірейген күнторың. 

Ажалды ұстап түнді алдаған, 

Ажырайған айторың. 

Дулығалы таулар тәям соқпады, 

Сүртіп отыр қоңыр желмен батпағын. 

Нағыз ажал құс жолымен сырғанап, 

Жұлдыз шашып, қайғы қысып шоқтанып. 

Теңбілді ерлер ұмытылмайды -

Жер бетінің жұлдызы! 

Алаулы айға алмас бетін жуғызып. 

Жер қаһарын өз ішіне сыйғызып, 

Жер жүрегіне жүректі атты кіргізіп, 

Аспан, жердің суларға үгіп қаһарын, 

Өмір қосты өміріне, бүлдіріп, 

Бір өзіне қосылғанда екі өмір, 

Екі өмірі тайталасып шыңғырып. 

АЛТАЙ ТҮС КӨРІП ЖАТҚАНДА...

Алтайдың алтын түсіне таулар кіреді, 

Алтай ұйықтайды балбырап менің өзімдей, 

Алтайдың судан лүпілдеп атқып жүрегі... 

Алтай өзінің түс көретінін біледі, 

Түсінде әппақ тауларын самалға қақтап тұр еді, 

Алтай оянады мен болып, 

Мен оянамын Алтай боп, 

Алтаймен ауысып жүремін...

Алтаймен бірге тілегім, 

Алтайдың бетін тісіммен тіліп отырып салған түренім, 

Көкжал жүрегіңмін, тірегім!


Алтайдың әппақ түсіне жүгіріп аттар кіреді... 

Жайылған аттар, қоғалы көлге сіңемін.

Алтай сүңгиді балық боп мөлдір суына, 

Қанатын қозғап су ішіне жайып тілегін...

Иттің алысқа талып жететін үрені,

Ол да шұбырып Алтайдың түсіне кіреді.

Алтай тартады түсіне бәрін күшпенен,

Алтай, сен бүгін қымбат түстерге батқалы тұрсың, білемін.

Сенің түсіңе сүйеніп арманшыл өмір сүремін,

Сенің түсің мен менің түсімде тұтасып тұратын,

Бұл өмір неткен ұлы еді!

Өмір деген әуелі не еді? 

Өмірдің түстен айырмасы аз деп жүр едім.

Өмірдің құны жетпейді кейбір түстерге,

Өмір боп тымық ауаға лүпілдейді әйтеу жүрегім!


Өмір боп мынау әлемге шыбын боп ұшып кіремін,

Тыңдаймын салқын әлемнің солғындау соққан жүрегін. 

Ауада бір тал қарлығаш боп та –

Көңіліңнен ұшып, әуеге самғап жүр едім.

Мен бүгін тағы рахаттанып алып Алтайдың түсіне кіремін.


Алтай түсінде аялайды мені қарменен,

Мойыныма құлап түскен қар өлең ойлайды әрнеге...

Алтайдың түсін басып қалады кейде ақ қар,

«Сен де бір түс көріп қарды еріт!» дейді ал, менен.

Түсімде оның қарын өзгертем жақұтқа,

Әппақ қар түсін ауыстырып етем бақытқа.

Алтай аунайды түсінен қалған шабытқа,

Аунаған қарлы борандар симайды шағын қалыпқа.


Алтай қарайды телміріп жылқышы көзімен,

Алтай үйіріліп құйын иіріп әкеп сөзіме.

Алтай аңызағын тығындап қайтар деміме,

Ыстық демімнен ыстық сөз айтам өзіне.

Алтай осылай жүгіріп жүрген жел болып,

Алтай ақын боп ішіме кірді сөзге еніп.

Алтай келеді балағын қыстан қайырып,

Көктемгі менің бейнеммен балтырын күнге терлетіп... 


О, мен – Алтаймын!

Араластырмаңдар тұмандарыңды түсіме,

Шарпылыстырма мұнарлы ойды ішіме.

Өзім мұнарша бауырлап жылжып жатамын,

Алтайдың түсі - ақ мұнар,

Алтайдың кейбір ойлары бір шөкім бұлт боп кішілеу.

Ойлар жылжиды, тұман ілбиді...

Мұнар сыңсиды...

Қарқара құс кеп Алтайдың мұнартқан тұсын шымшиды...

Алтайдың түсін еркін кезетін қырандар,

Алтайдың түсінің биігі - мұнарын көкке көтеріп тұрып шылқиды... 


Алтай ойланар мен болып,

Алтай түсімді өзіне ауыстырып алар өзгеріп.

Оның түсі ғой миыма кіріп кететін,

Менің түстерім оның тауларының мойынын айналар желдетіп...

Менің түстерім адамзаттың түсі емес боп,

Менің түстерім табиғатың түсімен теңескен...

Түстерімде табам жерұйықты,

Жерұйықтағы мойыны бірнеше тауға сұлап созылған ағашпен кеңескем...

Осының бәрі бекер емес қой, табиғат!

Осы түстердің бір бөлімі Алтайдың менің миыма өтіп кеткен түстері екен ғой,

Алтайдың түсі өзінен жылжып кеткенде менің миымды бастады мекендей.

Алтайдың түсін қуалап отырып,

Шұбыртып алтын құйрықты құлын айдаған Кендебайға да жетем ғой!

САҒЫНЫШҚА ЖОЛ БАСУ

Түсіме де жиі кірген əуендер.

Асыл ана өзің маған əлем бер.

Он жетімде аттандырып қойып ең,

Дала желі жаулығыңды бұлғап-бұлғап сəлем боп.

Содан бері өткен жылдар,

Тебіреністі ырғақтар...

Қоңыр жаным желге үйірілді будақтап.

Арқа желі табанымда құрғап қап,

Жастық отын күзетемін бұлғақтап.

Қара көзім, қайран отым тамшылап,

Гитарадан өзіңді аңсап əн шұбап.

Толқынысты ырғақ біткен сені іздеп,

Ұлы жастық менде тұрды таңды ырғап.

Əдемі анам,

Əппақ қарға орандың,

Иығыңа қапалақтап тұрған қар,

Қабіріңе əуен болып таралды.

Сыңсып шөккен күміс қарды құшақтап,

Кербез анам бейнесіндей маралдың.

Ұлы шабыт жүйткіп қайтып алыстан,

Кірпігіме қонақтаған күрең жас,

Өз сезімін сығымдайтын ғарышқа.

Сенің ұлы құшағыңда жан барма?

Сен кеткен соң,

Ах,

Шынайы таң барма?!

Ауылымнан ақбоз қоржын көтеріп,

Жып-жылы боп сырғып кеттім арманға.

Ырғалған жол, көкжиек тұр. Ит үні,

Шуылды Алтай иығымнан сілкеді.

Жабырқаған бұлттың бəрін жұбатып,

Жылы жүрек күлімсіреп күлемін.

Қайғыдан соң құр жымиып тұр едім,

Ұлы жүрек, сені осылай жыртпай сақтап жүремін.

Жарқыраған қалалардағы əйнектер,

Мен сəулеңді анам ба деп сүйемін.

Сүйеніп тұр Алматының алмасы,

Əппақ Медеу, салқын көктем... тау басы.

Садағымдай иіліп кеп көк нөсер,

Жүрегіме жауа түсті бауратып.

Төбеме де тамған бұлбұл дауысы,

Арман жолдар арманды үнмен жарысып.

Ару таулар бүктеледі гүл ұстап,

Етегінде меніменен танысып.

Сағыныштан жабырқаған жылы тəн,

Осы көктем құшағыма туылған.

Осы көктем кеше түнде туылып,

Ай-хай, осы өлеңіме шұбырған.

Жылжып қоңыр бұлтым басын көтеріп,

Алатауға осы көктем келеді.

Жаңа көктем бала үніндей шуылдап,

Гитарамен сағынышқа өөтеді

СҰРҒЫЛТ ТОНЫМНЫҢ СЫРТЫНДА СҰРҒЫЛТ КӨКТЕМ ТҰР

Басына шоқ-шоқ қайыңнан үкі қадаған төбелер!... 

Байқалдан еңкейе су алып,  көз тұңғиығы терең ел. 

Шырмалып ұшқан сұрша бұлт...  Тонымның қоңыр жағасы... 

Шырмалып ұшқан бұлттардай қомданып отырмын, қарашы! 

Басына шоқ-шоқ қайыңнан үкі қадаған төбелер, 

Басына ақшыл көктемнің ақ тозаңдары себелер. 

Хош иісі сұрғылт көктемнің тонымдағы бұлғын иісіндей хошымен мұрын жарады... 

Хош иісті сұрғылт көктемге отырмын міне оранып. 

Сұп-сұрғылт тоным...  көктемге денем бөленер, 

Басына шоқ-шоқ қайыңнан үкі қадаған төбелер. 

Басыма таяп тыныш көк.  Жым-жырттау әлем ұясы... 

Шапаныңдай жылы көктемді апыр-ау қалай қиясың?! 

Қымтанып,  баяу қаусырынып құшағыңа нәрін жиясың. 

Алыста балғын көк шөптер...  үй іргесінде де жалғасы... 

Сұп-сұрғылт,  ақшыл көктемге бара жатырмын алмасып.

Бөркіме тамған шоқтай қар...  қомданып нұрлы билерше, 

Көктемде кейде қар тамар оқтын бораған күйлерше. 

Шапанымды әлі қымтанам.  Сұп-сұрғылт көктем қабағым, 

Қарақат менің жанарым көктем бояуын жарады... 

Көктемге тіке қадалып... 

Ып-ыстық күнге оралып,

Отырам тағы сұп-сұрғылт тоныма жылы оранып. 

Жүзімнен аққан жылы рең...  Жымиып қарап отанға, 

«Бір шоқ ақ өрік бүршігі ерігіп қалқып жүр алаңда»,-

Деп естимін мен ақын ұлымнан, 

Еркін бүршіктер жайында.

Тонымның қоңыр жағасы бұлғын терісінен қайырылған... 

Аймаңдай күнді ұзатып...  Көгілдір күнді білуде ел,  

Менің осы қазір тағдырым көгілдір түнге кіруде. 

АНАМНЫҢ ӨЛІМІ 

(Бөбектің усыз қайғысы)

Қос емшегін анамның қайтқан қаздай жұбатып,  

Ай мен шолпан екеуін күздің шоғы тұтатып,  

Тамып тұрды мөлтілдеп қандай ақын өмірге,  

Қос емшектің астында қос саптаяқ тұратын.  


Аққудың да есімі саған жетпей тарасып,  

Ғазиз ана, аққу ең, қауырсын боп барасың.  

Туған жерге жалп еттім ана аспанның бетінен,  

Қос емшекке лүпілдеп тамған қардай адасып.  


Дөңгеленген іздер тұр, «жердің көзі ол, қарап өт»,-

Деген бір сөз көзіме қалшылдатып салады от.  

Туған жердің үстінде ай тамып тұр езіліп,  

Анашымның кеудесі бүлкілдейді мола боп.

ҚОЛЫНДА АЙНА ҒҰМЫРЫ

Елгезек сәуле ойнатып 

Үстелге анам тұрма екен?!

Іңірдің қызыл қаймағын, 

Үліңгір деген суға езем. 


Мұз жүрек сүттей дір қағып, 

Оянар кешкі гүрпілге... 

Сауылған әуен шырмалып, 

Жүрек боп тұр көкте дірілдеп... 


Оянып әппақ қарғалар, 

Жүрегіне кеткен бозарып... 

Жүректей бұл кеш таңғалар,  

Анамның иісін оятып. 


Анам жоқ тіпті далада, 

Дала жоқ жанында анамның. 

Сүттей бір ұйып сан алаң, 

Әйнегін қақтым ғаламның. 


Құстай бір қалғып мұң алар,

Анамның лепті тілегі. 

Екі дүниеде жүр анам, 

Кезекпен өтіп жүрегі.

БІР КҮЙДІҢ ШЕКСІЗ ПАТШАЛЫҒЫ 

(Көроғлы)

Қысқы түні жасыл үйектің әжуаға толып тұр, 

Қысқы түні Американың көкшіл айды бөліп тұр... 

Қысқы түні теңіздің неге сендей демікті, 

Неге мендей демікті?... 


Көроғлы лаң салып бала күйде отырған, 

Сонау белдер шоқиып қайғы шөбімді жапырған. 

Астаң-кетсең көбелек топырлайды би билеп, 

Көроғлын көрге көмген сарбаздың саусағындай себелеп. 


Күн отырмас тып-тыныш,  көбейер үн тағы алдан, 

Қызыл бүйірлі жер шары табаныңнан байтаққа шексіз ағып таранған. 

Күлгін желін он үрлеп,  

Ойнақ іздеп ғаламнан, 

Аққуынан көлдегі отырады алаңдап. 


Түн мұздатқан аққуы жапырақтай лүпілдеп, 

Тұяғы аттың жаңғырып, көкке көшті ай күтірлеп. 

Ләйлім сұлу ішкен бал ерінінен Біржанның, 

Жүрегіме толып тұр бүгін менің лүпілдеп. 


«Соның бәрін ішсеңші! Соның бәрін алсаңшы!...»

Әму жатыр қойынымен бұралаңдап тарана, 

Толқын- толқын шашымды үнсіздікпен салалап. 


Отырған бұл ай қалай, 

Әппақ өзі арайдан, 

Қандай мінсіз ай еді,  жалтыр ма өзі сарайдан?!

Қысқы түні көк теңізді сындырып,

Көроғлы масаң билеп оралған. 


Көроғлы шабуылдап жүр күйменен,

Ессіз Америка Майклдың соңдарынан билеген,

Көроғлы күй арқылы Майклдерін оятып,

Ұлы Майкл ұлы күйге бодан болып түрленер. 


Асыл, асыл дидәрларды 

Құшағына лақтырып, 

Қайран Көроғлы еңірейді сап құрып. 

Іле-шала Майкл оны көрместен рухы астында сап құрып... 

Бүгін тағы Көроғлыны тартып бердім аспанға, 

Жауға шабар ай астында жалаңаш,

Ей, әппақ, ай,

Сенің қайран шаттығың!

ЖАЗ ЛЕПІЛДЕП ТАМЫП ТҰР

Сары лағыл бұлттар тама жаздайды, 

Өрнектеріне көзенің. 

Күрең түкті даланы қалам арбайды, 

Жазылып жатыр... 

Сеземін. 

Жазылып жатыр бояуы даланың, 

Ат тұяғын қалам ұшы етіп. 

Күн бетінде жайнап барамын,

Жүректей сары бояуды күзетіп. 

Жүректей сары күн неге осы,

Айнала берер төбеңді. 

Жүректей сары осы түн неге,

Лүпілдете түседі денеңді.

Жүректей кілкіп сап-сары толқын, 

Ақыры айналар Ертіске. 

Жүректей сары көңілді сыйпап, 

Теңізіне ойдың мен түскем. 

Қарғадай қағар қанатын бір ой, 

Дамылдап қонып жаныңа. 

Сары лағыл бұлттар тама жаздайды, 

Анаңның құйған қанындай болып қаныңа.

БҮЛДІРГЕК

Ымыртта туған ескі үннің, 

Жартысын қаз кеп ұрлады. 

Қаз құсап қалқып кеш кірді, 

Құшағы маған шырмалып. 


Аша алмай мендік құшақтан, 

Ала алмай қазын уақыт. 

Күмбір бір қаңқыл жырақтан, 

Түнді кеп тапқан ұнатып. 


Сенеді аспан ауаға,

Сенеді аспан күзге еніп.

Қайтқым да келмей қалаға,

Мезгілге қозып, түрленіп.


Қиыспай тұрған уақыттан,

Түндерді баяу бөлгіштеп, 

Тербеліп тұрған бақыттан, 

Жапырақ үзіп берер сенгіш көк. 


Сенеді аспан ауаға,

Сіңіп кетіпті күзге еріп.

Қайтып барамын қалаға,

Жапырақ құсап түрленіп.

БҮГІН МЕН СӘБИМІН

Жүректей құрғақ өлең қайталанды, 

Төбеде малта құрт боп байқалар күн. 

Алыстан шауып өткен құла жылқы, 

Жер бетінен кетеді шайқап алтын. 


Жырақта сұлу құмай иілгендей, 

Әкем кеп асығымды үйіргендей, 

Керқұла үйір қара шаң 

бұрқырап кеп, 

Құмнан асық ойнады бүгін нендей? 


Аспан мені қаласа діріл бөлгей,

Діріліне мамық бұлт күбір көмгей!

Әкем барып баяулап әкеп берсін, 

Сағым жүрек ауада ілінгендей. 


Жүрегімнің сыйпалап нұрын қағып, 

Жүрегімнің нұрына жуынғанмын.

Сол күні әкем тауға ұзақ қарап тұрды, 

«Пап, пап, папа!» деп тым әлсіз сыбырладым. 


Әкем деген сұры сұлба бояуға ағып, 

Қарап тұрдым таңырқап ояу жаным.

«Әкем ғой!» деп мен ұзақ қараған жан, 

Бүркіт екен қарасам таяу барып.

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...