Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалына жаңа басшы тағайындалды.С.Торайғыров...
Ерік Омарғалиев. Абай жырлары: Сарказм жанрындағы эпизодтар
Абай өз шығармашылығында өлең сөзге бөлекше түр беріп, сана таразысынан өткізіп отырған. Соның қатарында ақын шығармашылығындағы арнау өлеңдердің жазылу сыры түрліше жағдаяттармен назар аудартады. Өткен дәуірдің саяси-әлеуметтік оқиғаларымен замана шындығын дөп басып танудағы бұл туындылар ғылыми мәні зор болуымен ерекшеленеді.
Абайдағы арнау өлеңдердің дені жекелеген адамдарға бағытталып өткір сатиралық сарында жазылғанын байқауға болады. Алайда, арнау өлеңдердің баршасы да Мүрсейіт қолжазбасына енген туындылар болғанымен, оның кімдерге арналып жазылғаны беймәлім күйде қалды. Әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы бұл тұрғыда: «Арнау өлең – Абай шығармаларына тән құбылыстардың біріне жатады. Осы себептен болса керек осы жанр табиғатына ұлы ақын үлкен сынмен қарап, келелі пікір де білдірген. Әрі өзі де бір топ шығармаларын осы жанр түрімен жазған» – деп баяндайды.
Сатиралық сарында жазылған арнау өлеңдердің кімдерге арналғанын, нендей себептерге байланысты жазылғанын анықтау жолында М. Әуезов көп еңбектенді. Осы бағыттағы текстологиялық жұмыстарын күшейте түсті. Академик Ә. Қоңыратбаев Абайдың ақындық әдісін тамаша таразылайды: «Абайдың реализмінде екі түрлі жүйе болған. Бірі – өмірдің көрінісін дәл суреттеу, екіншісі – одан безу. «Жаздыкүні шілде болғанда», «Күз», «Қыс» деген сияқты өлеңдері өмірдің дәл суретін берсе, 90-жылдардан бастап әлеумет қайшылығы арандай түскен дәуірде, күшті сынампаздың әдісіне сүйенді».
Ал, профессор А. Еспенбетов ақынның сыншылдық, сатиралық сарында жазылған шығармалары жөнінде ғылыми шындықты мәлімдейді: «Абай қазақ әдебиетінде сатиралық сарынның өрістеуіне орасан зор еңбек сіңірді. Рас, сатира дәстүрі ауызша, жазба әдебиеттерде бұрыннан келе жатқаны анық. Абай ежелгі сатиралық дәстүрді жаңа мазмұн, соны бояулармен жаңғыртты да, қоғамдық-әлеуметтік өткір ойларын ұтырлы тәсілмен өнер әлеміне алып шығып осы жанрдың артықшылықтарымен мүмкіншіліктерін жарқырата ашты. «Абай өз дәуірінің қатал сыншысы, елдегі сорақылықтардың бітіспес міншісі болды. Ол жалпы әдебиетті ғана емес, оның сатира, юмор саласын да жаңа белеске көтерді», – дейді профессор Т. Қожакеев».
Абайтану ғылымының бірегей білімпазы Қайым Мұхамедхановтың зерттеуінше: «Абай «Болыс болдым мінеки» деген өлеңінде ең алдымен болыстың өзін сөйлетіп, оның жиіркенішті, жексұрын қылықтарын өз аузымен айтқызады. «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап» деп алып, оңбаған, сұрқия болыс өзін-өзі әшкерелей бастайды. Ол өзінің өтірігін, жалтақтығын, қорқақтығын, екіжүзділігін өз аузымен айтып, ашып берді». Болыс бұрынғы қалпынша жуандарға беттей алмай, тек кедей-кепшіктерді ғана қысымға алады:
Сыяздан соң елімді,
Қысып алып кетпеймін...
Жуанды қойып, жуасты,
Біраз ғана шеттеймін.
Ояз барда қылықты
Ояз жоқта етпеймін.
Кәкір - шүкір, көр - жерді,
Пайда көріп, ептеймін. Ел тұрмысының ұлттық әсем көркін суреттейтін «Ескілік киімі», «Бір дәурен кемді күнге бозбалалық», «Әсемпаз болма әрнеге», «Білімдіден шыққан сөз», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» сияқты өлеңдері мен «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Көжекбайға», «Болыс болдым, мінеки» сынды көп әлеуметтік-саяси лирикалық өлеңдерін атауға болады. Мәселен, біз «Көжекбайға» арнаған сатиралық мазмұндағы өлеңін талдау барысында Абайдың нағыз сыншы ақын екендігіне тағы бір куә боламыз.
Бөтен елде бар болса,
Ежеттесің, сыйласың.
Сыбырлас, сырлас көп болған
Көптен тату қимасың,
Басыңа жұмыс түскен күн
Татулықты бұрынғы
Не қылып ол ойласын?!
Ашып берер жауыңа
Өзі көрген қоймасын...
Абайдың сатиралық сипаттағы сыншылдық мазмұндағы өлеңдеріне әдебиеттанушы ғалымдар түрлі келелі пікірлер айтып, ғылыми көзқарастарын білдірген. Кезінде М. Әуезов пен Ж. Аймауытов бірлесіп жазған «Абайдың өмірі Һәм қызметі» мақаласында ақынның сыншылдығы және «Болыс болдым, мінеки» өлеңінің жазылуы жайлы пікірді өнікті оймен өрбітеді: «Шаншып алма ащы тіл, ызалы күлкі, кекесін де Абайдан табылады. Ұнатпаған халықтарды көріп, кекеп, жерлеп, мысқыл қылған жерлері көп.
«Болыс болдым, мінеки» деген өлеңі жаман болысты сықақ қылған ылғи кекесін. Мінді кекеп айтқанына кей жерлерде үстірт қараған кісі түсінбей қалуға да болады. Мысалы, парақор болыс туралы кекеп айтқан бір сөзі мынау:
Кісімсі қайда жүрсең олжаға тоқ,
Шұқыма халық көзінше қарғаша боқ.
Жұрт - бала, ешнәрсесін тартып алма,
Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.
Жатты жау деп еліңді үрпитіп ал,
Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез».
Біздің ойымызша, Абайдың «Күлембайға», «Көкбайға», «Мәз болады болысың», «Болыс болдым, мінеки» т.б. арнау өлеңдері қазақ әдебиетіндегі шын мағынасындағы сатиралық, сыншылдық мазмұндағы өлеңдердің көркем үлгісі мен айшықты өрнектері. Болыс, билердің образдарын сыншылдықпен сипаттап, жанды бейнелерін көз алдымызға өлеңмен кестелеп берген Абай -нағыз сөз зергері әрі ғажап суреткер десек артық айтқандық емес. Қайым Мұхамедхановтың пайымына сүйенсек: «Шен-шекпенге сатылған азғын, мансопқор болыс атаулының бәріне тән масқара шындықты бір болыстың өз аузымен айту Абайдың жаңадан тапқан өте ұтымды, шебер әдісі». Ғайбат айтып, ел ішінде өтірік сөз тасу – ең ауыр күнәлардың бірі.
Исламда біреуді ғайбаттаған адамды сол адамның етін жегенмен тең деп бағалайды. Абай да осынау жат әдеттерден адамдарды жирендіріп, ел ішіндегі аталған адамдардың оспадар әрекеттерін имани жүректің көзінен өткізіп, ауыр сынға салған. Айтылмыш мәселені ақынның «Көжекбайға» арнаған бас-аяғы шап-шағын өлеңінен кездестіреміз. Аз сөзге үлкен салиқалы ой мен өткір сынды сыйғыза білген Абай жаны әрқашанда ізгілік пен тазалыққа, адалдыққа құмар екендігін аңғарамыз:
Жамантайдың баласы Көжек деген,
Әркімге өсек тасып, безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы сезед деген!
«Абай жолы» энциклопедиясында Н. Ақбай: «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» – Абайдың өлеңі, 1886 жылы жазылған. Зор адамгершілік, ерен қайрат тұрғысынан ақын іске жақсы, сөз қуған, бірін-бірі аңдыған, өз малына ие бола алмай жүрген мылжың, қарт, бөспе, берекесіз қазақтың түр-тұрпатын сипаттайды. Соларды көріп ызаланады, ширыға түседі. Халқына жаны ашып, мұңаяды. Атқамінерлердің тобын ащырақ айтып, сорақылығын бетіне басады» – дейді. Бұл Абайға ғана тән ақындық ерекшелік, ақын сол заманда болыс-билердің озбырлығын, әділетсіздігін көріп бір жылдары өзі де халықтың қалауымен болыс болып сайланады. Абайды халық басына түскен ол заман қатты налытты. Ақын халықтың құтын қашырғандар көбейіп, ерлік, бірлік кеміп, мансапқор, шенқұмар, пысықтар өрекпіп билік еткен кезде өмір кешті. Заманның ауыр жағдайы Абай ойларына, сезіміне өзінің таңбасын салды.
Абай бейнелеген болыс:
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап, – деп өзі мойындайды. Абай да:
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейіп орысың,
Шенді-шекпен жапқанға, – деп ақын өз заманының «шен - шекпенге сатылған, батпаққа елін батырған» ұлықтар портретін беріп тұр. Дәуір толқындары мен ондағы ғұмыр кешкен жекелеген адамдар образын таразы – жүректің озық өлшемінен екшелей өткізген хакім Абайдың туындыларынан кешегі замана лебі, замана тынысы айқын сезіледі. Өйткені, адам өзі тірлік еткен замананың кесіндісі. Біз айтылмыш мәселені жоғарыда ақынның қоғамдағы адамдарға арнаған арнау өлеңдерін анықтадық, бір қарағанда ойшыл суреттеген бір типтегі озбыр топтардың мақсат, мүддесі, оғаш әрекеттері бір ізден өрбіген қатерлі тарамдар дейсіз. Суреткер өлеңдерінің келесі бір парасы – «Дүтбайға» арнаған өлеңі бұл пікірімізді кеңінен тарқатады.
Жылуы жоқ бойының
Жылмиған не еткені?
Құбылуы ойының –
Кетпей құйтың еткені.
Мұңды, жылмаң пішінін
Кезек киіп, ел жиып,
Болыс болса, түсінің
Түксігін салар тырсиып.
Ғалым Эльмира Пертаеваның тілімен айтсақ: «Абайдың сатиралық өлеңдерінің бір тобы – жеке адамдардың ұнамсыз мінез-қылығын мінепшенеуге арналған. Мәселен, «Дүтбайға» («Жылуы жоқ бойының...»), Көжекбайға («Бөтен елде бар болса») арнаған өлеңдеріндегі Абай жасаған адам характерлерінің табиғатына үңілсек, жылмаңдаған екіжүзді жағымсыз адамның бейнесі жасалып отыр. Өткір сарказмға құрылған бұл өлеңінде Абай өз заманындағы айлакер де, жемқор ел пысықтарының ортақ бейнесін жасаған».
Бір көрмеге тәп-тәтті
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай ант атты,
Бүксіп, бықсып ар жағы .
Түйіндей келгенде, Абай поэзиясы, ақындық әлемі жөнінде пікір білдіріп, М. Әуезов, Х. Досмұхамедұлы, Х. Сүйіншәлиев, Қ. Жұмалиев, І. Кеңесбаев, З. Ахметов, М. Мырзахметұлы, А. Еспенбетов, Р. Сыздықова, С. Негимов, Қ. Мәдібай, Қ. Өмірәлиев, Т. Шапай, Б. Омарұлы сияқты белгілі ғалымдардың ғылыми зерттеулері негізінде ұлттық таным тұрғысынан таразылаған жөн.
Қорыта айтқанда, Абай Құнанбайұлы ұлттық әдебиеттану мен қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Оның мұралары халқымыздың қазына қорына қосылған тағылымы мол рухани мұра деп білуіміз қажет. Абайдың мұрасын толағай еңбекпен зерттесе де, таусылмайтын өміршеңдігін ескере отырып, әрбір заманда тың талаптар заңғарынан зерттеу – қазіргі тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі деп түйіндейміз.
Әдебиеттер:
1. Мырзахметұлы М. Тараз ой толғаныстары. – Т: Тұран, 2005 ж. 28 б.
2. Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Өлеңдер мен аудармалар. 1 том. - А: Жазушы, 1995 ж. 103 - 104 б.
3. Пертаева Э. Дулат Бабатайұлының ақындығы. - А: Қазақ университеті, 2000 ж. 73 б.
4. Мырзахметов М. Отаршылдық дәуірдегі әдебиет // Жұлдыз, 1993 ж, № 7. 8 - 9 б.
5. Еспенбетов А. Уақыт өрнегі.- А: Інжу - маржан, 2005 ж. 39-40 б.
6. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған. - А: Ана тілі, 1991 ж. 192 б.
Семейдің облыстық тарихи – өлкетану музейінің ғылыми қызметкері,
Мәдениет порталы