Мұнда жұлдыздар жанады

ТЕАТР
898

Елорда тұрғындары мен қонақтарын 11 сәуірде «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында өтетін «Армандар орындалады» керемет балет кеші күтеді. Балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың мазмұнды бағдарламасында жетекші солистермен қатар, жарқын әрі қызықты шығармашылық жолға қадам басқан жас әртістер өнер көрсетеді. Дирижер тұғырына Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясының түлегі Элмар Бөрібаев көтеріледі. 


«Астана Опера» балет әртістерінің жас буынының жолдары болғанына еш күмән жоқ, өйткені арманды жүзеге асыруға, яғни қазақстандық сахналарда лайықты орын алуға оларды атағы әлемге жайылған жұлдыз Алтынай Асылмұратованың өзі жетелеуде. Көркемдік жетекші жас дарындардың әлеуеттерін байқап, олардың өсуі үшін арнайы бағдарламалар дайындайды және оларға ғажайып сахна әлемін ашады.

– Әртістердің дамып, кемелдене түсуге ұмтылыстары мені қуантады, гала-кештер осы үшін жасалады. Онда әртістер өз күштерін байқап, өздеріне сайма-сай келетін рөлді іздейді. Мен мұндай тәжірибені өткен жылы жасап көргенмін, биыл да соны қайталауды ұйғардық. Оған қатысуға тілек білдіргендердің көп болғаны сонша, жас әртістердің құлшынысы мен оң қадамын қолдау үшін бағдарламаны үш бөлімде жасауға тура келді! Дайындық барысы олардың барлығы үшін өте маңызды, себебі сахнаға шығумен қатар, ол кәсіби өсуді қамтамасыз етуді көздейді, – деді Алтынай Асылмұратова. 


Бағдарламаға классикалық балеттерден па-де-де, сондай-ақ заманауи хореографтардың спектакльдерінен миниатюралар мен үзінділер енді. Осынау көктемнің кешінде көптеген дебюттер орын алады деп күтілуде. Сонымен, Айтолқын Көлдеева мен Досхан Зайдин Р.Дригоның «Арлекинада» комедиялық балетінен Па-де-дені орындаса, Гүлназ Жанаева мен Амир Хван Ф.Шопеннің музыкасына «Елес бал» балетінен дуэтті таныстырады. Б.Асафьевтің «Париж жалыны» балетінен па-де-дені Руслан Қанағат пен Диана Есқалиева орындайды. Вега Камар Икбалова мен Александр Корнилов Д.Шостаковичтің музыкасына «Бойжеткен мен бұзақы» жаңа нөмірін дайындауда, ал олардың әріптестері Еркежан Жүнісова мен Жәнібек Ахмедиев дайындық залында Ц.Пунидің «Эсмеральда» балетінен Па-де-систі үйренуде. Елордалық сахна примасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева мен дарынды әртіс Рустам Чахалов Д.Обердің Классикалық па-де-десін орындайды. 


– Балетке қызығатын жандардың көбісі Даниэль Франсуа Эспри Обердің музыкасына осынау керемет па-де-дені тамашалады деп ойлаймын. Оны 1949 жылы балетмейстер Виктор Гзовский аңызға айналған Елисей даласы театрының сахнасында қойған болатын. Әйтсе де, «Үлкен классикалық Па» – балет өнерінің ең сүйікті жауһарларының бірі. Бұл Па-де-десіз бірде-бір балет байқауы, концерт өтпейді. Әр жылдардағы танымал балет әртістерінің осы нөмірмен өнер көрсетулері түсірілген бейне жазбалардың санында шек жоқ. Әрине, әр жұптың өзінің жеке орындауы, өз мәнері бар. Екі орындау бір-біріне мүлде ұқсамайды, маған ұнайтыны да – осы. Дайындық қызу жүріп жатыр, күн сайын жаңа әдістермен жұмыс істеп, өз орындау стилімізді іздеудеміз. Ең бастысы – музыканы және бидегі серіктесіңді сезіну, өйткені дуэт болмаса, би де болмайды. Шамалы уақыттан бері Мәдина Өнербаевамен дуэтте билеуді бастадым, екеуміз әйгілі Классикалық па-де-дені орындаймыз, – деп пікірімен бөлісті балет әртісі Рустам Чахалов. 

Алайда дебюттер мұнымен бітпейді, жас әртіс Әмина Кисембаева театрдың балет труппасының жетекші солисі Олжас Тарлановпен және труппа солисі Айбар Тоқтармен бірге алғаш рет А.Аданның «Корсар» балетінен үзіндіні орындайды. Балет труппасының жетекші солисі Арман Уразов пен солист Мөлдір Шәкімова (дебют) Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен па-де-дені ұсынады. Ал Лимара Айдарова Ф.Шопеннің №5 этюдінің премьерасында сахнаға шығады. 

Асқақ өнерді бағалайтын жандар Ж.Бизенің музыкасына біртуар балетмейстер Р.Петидің хореографиясында балет труппасының солисі Анастасия Заклинская мен тағылымгер солист Диас Құрманғазының орындауында танымал «Кармен» балетінен дуэтті тамашалай алады. Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен Па-де-де тағылымгер солист София Әділханова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жетекші солист Еркін Рахматуллаевтың интерпретациясында таныстырылады. 

– Мен әрдайым дәл осы Па-де-дені билегім келетін. Ол тек техникалық және физикалық тұрғыда ғана емес, сонымен қатар эмоционалдық тұрғыда да өте күрделі. Көрерменге менің кейіпкерім – Одиллияның мінезін, арам пиғылы мен айлакерлігін жеткізіп, биде Зигфридтің басын қалай айналдыратынын, оған қалай қарап, онымен қалай ойнайтынын, еліктіріп әкететін көзқарасын көрсетуім керек. Сахнаға әр шыққан сайын мен көрерменге жеткізуім қажет барлық мәтін мен эмоцияларды санамда бір қорытып аламын. Әлбетте, сахнаға осындай күрделі Па-де-демен шығар алдында қобалжу мен жауапкершілікті сезінемін, себебі оны орындау мүмкіндігі әрбір әртіске беріле бермейді. Сондай мүмкіндікке ие болғаныма шынымен өте ризамын, – деді София Әділханова. 

«Армандар орындалады» кешінің үшінші бөлімінде көрермендердің назарына А.Хачатурянның «Спартак» балетінің бірінші актісі ұсынылады. Спектакльде Спартактың партиясында Данияр Жұматаев, Красстың рөлінде Ғалымжан Нұрмұхамет дебют жасайды, Аделина Төлепова алғаш рет Эгинаның бейнесін сомдайды. Ал Шұғыла Әдепхан көпшілікке өз Фригиясын таныстырады. 

Жақын арада балет өнерінің көкжиегінде елімізді шет елдерде танытатын жаңа жұлдыздардың жанатыны сөзсіз. 

Балет кеші 19.00-де басталады.

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...