Мылтықты кезене бергені сол еді, кекіліктер дүр етіп сайдың екінші аласа қабағына қарай ұшты. Семізд...
Ернағыз Жанатқан. Қарғыс дауысы
Осы оқиға есіме түскен сайын өзімді кінәлі сезіне беремін... Біздің бала кезімізде істеген қателіктеріміз қылмыс боп санала ма екен? Мен Жалғасты сағындым. Жалғас ше? Ол әрине, арғы дүниеге кеткен анасын көбірек сағынатыны сөзсіз.
Ол екеуміз бір анадан туғандай, тел өскен едік. Ол деп отырғаным – менің бөле інім Жалғас. Екеумізде нағашы әжеміздің қамқорлығына бөленіп өстік, бір өкініштісі нағашы атамызды көре алмадық. Ол кісі ерте қайтқан, біз еркелеп те үлгермедік... Жалғас менен бір жасқа кіші, екеуміз бір мектепте оқыдық, ол маған қарағанда сәл пысықтау, ширақ қимылдайтын. Оқу жылының соңы болды. Мен үшінші сыныпты, ал Жалғас болса екінші сыныпты аяқтадық. Жазғы демалысымызды өткізуге тау етегіндегі ауылға күні ертең ескі автобуспен жолға шығып барамыз, түтіні будақтаған автобус тау ішін жаңғыртып барады, біздің қуанышымыда шек жоқ, терезеден басымызды кезек-кезек шығарып қараймыз.
Сағынышымызды арқалап, ауылға да келіп жеттік, ата-анамызды сағынып қалған екенбіз, бұнда ат басын бұрмағалы жарты жылдың жүзі болған, бұл мекен бізге сондай ыстық еді.
Үш айлық демалыстың алғашқы күндері осылай басталды. Жалғас екеумізге әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, әр күніміз ойынмен өтіп жатты. Қалай таңның атып, күннің батқанын да байқамай қалатынбыз. Дәл осындай ойын күндерімен маусым мен шілдені де шығарып салдық.Тау жақтан таңғы мезгілде және кешқұрым салқын самал есетінді шығарып алды, біз де өзен жағасына барып ойнауды да қысқартқан болатынбыз.Ауыл ішінде ойынның көрігін қыздырып жүрген күндердің бірінде бізді ауыл ішіндегі жалғызаяқ күре жол Құрбанжан ағайдың үйінің алдынан бірақ шығарды.
Құрбанжан ол біздің әкемізбен жекжат боп араласатын, алыс туыс болып келетін. Біз сол үйдің алдында сәл тынығып, көлеңкелеп алуды жөн көргенбіз. Есік алды мен аула іші құлаққа ұрған танадай тып- тыныш, қыбыр еткен жан көрінбейді. Бұл үйде бүгін адам жоқ екенін содан кейін барып бірақ аңғардық, көрші ауылға қыдырып кетсе керек. Содан кейін бізге бұл үйдің ауласындағы әр зат қызық болып көрінді,тіпті үй ішіне де терезеден мойнымызды созып үңіле түсеміз, не бар екен дегендей.
Кенет біздің көзіміз есік алдында ілініп тұрған іркіт пісуге арналған тері сабаға түсті. Іркітін пісіп болған соң, жуып-шайып, кептіруге қойғаны ғой үй иесінің. Бізге бұл таңсық дүние еді. Сыртын айналшықтап бір қарап шықтық та, қолымызбен сыртын ұстап көреміз. Жоқ, қызық ештеңе байқамадық, қызығы ішінде болар дегендей Жалғастың жанқалтасынан кішкентай бәкісін алып шығарып тері сабаны тілгілей жөнелдік, сабаның алба-жұлбасы шықты. Жақын маңнан біреулердің сақылдаған күлкісімен қоса дауыстары жарыса шығып жатты. Біз алды артымызға қарамай тапырықтап қаша жөнелдік...
Арада бірталай уақыт өткен соң, мен сол әңгімені өзімнің туған анамның аузынан естідім, бірақ, күдіктеніп қалар деген оймен, демімді ішіме тартып, үндемей ғана тыңдап, сыр бермеуге тырыстым.
– Кеше Құрбанжанның үйінде қонақта болдық. Әйелі Гүлнәр зәріне мініп, ашудан қалыпқа сыймай отыр. Қонақтан келсе, ілініп тұрған сабасының дал-далы шығып жатқанын айтып, қарғанып-сіленіп отыр. Біздің ауылда бұндай жоқ еді, бұлай істеу қай есерсоқтың ойына келді екен? Қарғыс деген жаман ғой, - деп әңгімесін аяқтады анам. Бұл туралы (Гүлнәр апайдың ашуға мініп, қарғыс айтқаны туралы) тіс жарып Жалғасқада ештеңе айтпадым, ауыл әйелдерінің өсегі ретінде ойымның бір қуысында сақталып қала берді.
Бірнеше жылдан кейін біз отбасымызбен басқа жаққа қоныс аудардық. Бұрынғыдай Жалғаспен бірге күнде ойнау деген арманға айналды. Жылына бір-екі рет телефон арқылы тілдесіп бір-біріміздің дауысымызды естігенімізге мәз болатынбыз, кейінгі жылдары бұл да сирей бастаған болатын. Менің көз алдымда Жалғастың сол бала бейнесі әлі сақтаулы. Еміс- еміс есіме түсіп тұрады. Жалғас та мені солай есіне алатын шығар.
Солай күндер өтіп жатты, үй жинап жүрген анама аяқ асты қоңырау келді. Анам тұтқаны көтеріп, хал сұрасқаннан кейін, қарсы жақты үнсіздікпен тыңдаумен болды. «Кім болды екен?» дегендей анама жалтақ- жалтақ қарап қоямын... Себебі, анамның дауысы құмығып, қысыла жылап тұрғандай болды. Жақсы хабар емес екенін де ішім бірден сезді. Бұл жолғы қоңырау шалған Жалғастың әкесі екен және әйелінің (Жалғастың анасының) ауырып қайтыс болғаны туралы ауыр хабарды жеткізіпті. Анамды жұбатқан боламын, басқа қолымнан келер не бар дейсіз?. Екі арадағы неше мың шақырымға созылған ұзақ жол Жалғастың анасының жерлеу рәсімі мен жетілік асына баруға дес бермеді.
Одан бері аттай желіп, арада он жылға жуық уақыт өтіп кетіпті, құдды бір ертегі сияқты тәтті де сағынышқа толы сол жылдар сағымға айналғалы қашан? Құдай-ау адамның ойына қай-қайдағы келеді екен ғой, сол Жалғасытың анасының өмірден өтуін, ойнап жүріп өз басымызға тілеп алған жоқпыз ба деп қоямын. Біз сол Гүлнәр апйдың сабасын бүлдірмеген болсақ, ол кісі де олай қарғамас па еді деймін. Ойнап жүріп от бастық па екен әлде, қарғыс тиді ме кім білсін?! Ол бір Құдайға аян. Кейде бәрін тағдырға жаба салып отыра бергенді жөн көреміз.
Мен сол баяғы ескі ауылды, Жалғаспен бірге ойнаған күндерді жиі сағынамын, бір құдірет күш қиялымммен сол шаққа қайта жетелегендей болады. Жалғас үлкен жігіт болып өскен шығар, ол да бізді осылай сағына ма екен? Ол көбірек анасын сағыну керек...
Бұл заңдылық, бұл мәңгілік сағыныш қой.
Картина авторы Сальвадор Дали
Мәдениет порталы