Кинцуги – өнер һәм пәлсапа

Жаңалықтар
1210

Жапон халқының икигай ілімі (өмірлік мақсатыңды айқындау), ваби-саби ұғымы (әсемдікке ұмтылу) және тағы басқа фило­софиясы туралы жиі естиміз. Жаһан жұрты жапондардың бол­мысын, өмір сүру салтын, мәдениетін тануға қашан да қызыққан. Бүгінде ерек­ше ынтамен зерттеп әлек. Күйзеліспен күн көре­тін қоғамға пай­далы болар тағы бір пәлсапа бар, ол – кинцуги.

Кинцуги тура мағынасында сын­ған бұйымды алтын ұнтақтың көме­гімен желімдеу дегенге саяды. Аңыз-әпсаналарда кинцуги өнері Жапо­нияда XV ғасырда пайда болған делінеді. Муромати ке­зеңінде өмір сүрген Асикага династия­сы­ның сегізінші сёгуні Ёсимасенің шай ішетін кесесі сы­нып, оны жөндеуге бұйырады. Ше­берлердің кесені қарапайым желімдей салғанына көңілі толмай, қайта жасауға тапсырма береді. Сол уақытта жапон шеберлері алтын ұнтақтың көмегімен кесеге жаңа кескін сыйла­ған деседі. Бүгінде Жапонияда сынған керамика бұйымдарын алтын ұнтақ қосып лактау техникасы кең қол­да­нысқа енген. Бұл халықта шай ішудің жақсы дәстүрі қалыптасқанын біле­міз, сонда пайдаланатын ыдыс-аяқ сына қалса, оны қоқысқа тас­тамай, жаңа әрі көрнекті кескін сыйлап, кәдеге жарату салты да бар.

Кинцуги көнеден бері өнер, тех­ника ғана емес, бүтін бір пәлсапа болып қалыптасты әрі түрлі мазмұнда тәпсірленіп келеді. Бұл концепция жапондардың болмысына, өмір сүру салтына, мәдениетіне дендеп енген. Әрі бүгінде кинцуги философиясына әлем елдері қызыға бастады. Бір қа­рағанда, кинцуги өнері фарфор не­месе керамика ыдысының «тағды­рындағы» драмалық сәті бейнеленеді. Бұйымның соққыға төтеп бере алмай, тас-талқан шыққан кезеңі енді мәң­гілікке кетік болып қалуы керек еді. Бірақ алтын ұнтақ қосып желімдеу арқылы ыдыстың кемшілігі ерек­шелігіне айналады. Жапон халқы адамның көңіліне түскен қаяу, жанына батқан қайғы-мұңды «алтын ұнтақ­тың» көмегімен ерекшелеуге және содан ләззат алуға болады деп есептейді. Яғни кез келген жан­ның өміріндегі ауыр соққының салдарын жаңа бейнеде ғұмыр кешуге берілген мүмкіндік деген ой насихаттайды. Тұлғаның бойындағы кемшілікті оның артықшылығына айналдырудың мәніне үңіледі. Бір ғана мысал, 2014 жылы Паоло Антонини есімді бра­зилиялық модель жол апатына ұшырап, дәрі­герлер бір аяғын тізе­сінен төмен кесіп тас­тай­ды. Модель үшін адамның сырт­қы бейнесі аса маңызды. Арбаға таңыл­ған бойжеткен болашағынан күдер үзген сәтінде жапондардың осы фи­ло­­софиясымен танысады. Паоло ар­ба­дан тұрып, протез аяқ сал­ды­ра­ды әрі онысын артық­шы­лы­ғы деп қабылдап, бү­гін­де сән саласында мо­дель болып жүр. Ай­­та берсек, мұн­дай мысал көп.

Дүние­жү­зілік денсаулық сақтау ұйымының мә­ліметінше, жер хал­қының 5 па­йызға жуығы күйзеліске шалдыққан және әлемде жыл сайын 700 мыңнан астам адам соның сал­дарынан өзіне қол жұмсайды. Бұл – тек медициналық тіркеуге алынған­дардың статисти­касы. Әйтпесе, күй­зеліспен күн көріп жүргендердің қа­расы бес пайыздан көп болса керек. Осы дерттің ДСҰ-ның психикалық денсаулық са­ла­сындағы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар бағдар­ламасының (mhGAP) басым бағы­тының бірі болғаны да бекер емес.

Мамандар бүгінде күйзеліске ұшыраудың көп себебін атады, соның ішінде ең жиі аталатыны – тұлға ретінде қалыптаса алмау, жеке басы­ның кемшіліктерін қабылдамау, бел­гілі бір адамға не дүниеге тәуелділік, түрлі сәтсіздіктер және тағы басқа. Мәселен, ДСҰ-ның дерегінше, 15-29 жас аралығындағы жастардың өлім көрсеткішінде өз-өзіне қол салу төр­тінші орында тұр, ал бұл қадамға барғандардың 42 пайызының жеке басына көңілі толмаған, қате-кем­шіліктерінен «ұялып», еңсесін тік­теуге қауқарсыз болған. Бүгінде пси­хикалық бұзылыстарды емдеудің тиімді әрі аса танымал тәсілдері бар­шылық, десек те, ДСҰ мәліметінше, табысы төмен және орташа елдердің 75 пайыздан көп тұрғыны күйзелген жағдайда ешқандай ем қабылдамайды. Осы себептен ғалымдар адамзаттың күйзеліске бейім уақытында өмірлік тірек болатын қандай да бір пәлсапаға сенгені дұрыс деп санайды. Ол – Жаратушы, дін, тылсым, наным-сенім, ұлттық философия және тағы басқа. Кез келген рухани философия­ның миссиясы адам сынағының жүгін жеңілдету дейтін болсақ, түрлі қиындықтың салдарынан өзіне қол жұмсайтындардың қатары көбейген заманда кинцуги пәлсапасын ойға тоқып қою, артық етпес.

aikyn.kz

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...