Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейі қорында бүгінгі күнде он мыңнан астам жәдігер сақталуда. Ол...
Музей- раухани таным мен тарихи құндылықтар ордасы
Музей – өнер-мәдениет және ғылыми құндылықтарды сақтауға, музей мұралары арқылы тарихи мәлеметтерді жинақтап, таратуға, болашақ ұрпаққа танымдық тәрбие беруге арналған көп қырлы ақпараттар институты болып саналады.
Біз, ХХІI ғасыр-мәдениет пен ғылым және заманауи технологиялар дәуірінде өмір сүрудеміз. Елміздің тарихын, мәдениетін және өркениетін айғақтауда маңызды рөл атқаратын бірден бір тәрбиелік орын ол-музей. Біз үшін қоғамда музейдің алатын орны ерекше. Себебі, музей кешегі-тарих, бүгінгі - ғылыми орталық, ертеңгі болашағымыз.
Міне, осындай көненің көзі іспетті қасиетті қара шаңырақ Көкшетау қаласындағы облыстық Әдебиет және өнер музейі. Музей тарихтың түрлі кезеңдерінен сыр шертетін асыл мұралар мен тарихи жәдігерлерді бүгінгі күнге жеткізіп, ұлттық-мәдени құндылықтарымызды түгендеп, келешек ұрпаққа насихаттаумен айналысып келеді. Қазақ ССР Министірлер Кеңесінің 1989 жылғы 20-қаңтарында шыққан №14-ші қаулысы негізінде ұйымдастырыла бастаған «Әдебиет және өнер» мұражайы 1993 жылдың 22-шілдесінен бастап көпшіліктің мәдени-рухани игілігіне қызмет жасап келеді. Аталмыш мұражай Көкшетау-Ақмола өңірі тумаларын ғана емес, елімізге танымал басқа да ақын-жазушылардың, сал-серілердің, өнер-қайраткерлерінің өмір мен шығармашылығын жинақтап, зерттейтін бірден-бір ғылыми орталық болып табылады.
Павлодардағы Бұхар жырау атындағы «Әдебиет және өнер» мұражайын қосқанда, мұндай мазмұндық-құрылымдағы мұражайдың саны Республикамызда екеу екендігі біз үшін мақтаныш. Қазіргі таңда музей қорында 10 мыңнан астам жәдігер сақталуда. Музей бес бағыт бойынша жұмыс атқарады: фольклор, қазіргі дәуір әдебиеті, өнер, көпшілік-саяхат және қор бөлімі. Музейдің негізгі қорында атақты сал-серілер Біржан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың жеке заттары, Көкше өңірінде туып өскен белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар Жұмағали Саинның, Есмағамбет Ысмайловтың, Көкен Шәкеевтің, Мұса Асайыновтың, Сәкен Жүнісовтің, Естай Мырзахметовтің, Тұрсынбек Кәкішевтің жеке заттары, қолжазбалары, әдеби шығармалары, тарихи фотосуреттері сақталынған. Ең құнды жәдігерлердің қатарында Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикмет» кітабының ортағасырлық көшірмесі,
Қарауыл Қанай бидің саптыаяғы, XVIII ғасырдағы батырдың су ішкен құтысы, Ақан серінің Темірбек ұста жасаған адалбақаны, Ақанның сүйіктісі Ақтоқтының айнасы және іс тігетін «Зингер» машинасы, Ақтоқты мен Жалмұқанның баласы Сұлтанның домбырасы бар және олар көздің қарашығындай сақтаулы. Қазақ халқының өткен ғасырлардағы көшпелі өмір тіршілігінің айнымас бөлшегіне айналған музыкалық ұлттық аспап түрлері, зергерлік әшекей бұйымдар, ағаштан, теріден жасаған тұрмыстық көне заттар да мұражайдың құнды жәдігерлері болып табылады. Жалпы алғанда кез келген музейдің мәртебесі қордағы экспонаттардың құндылығымен, сиректігімен, қайталанбайтындығымен айқындалады.
Міне, музейіміздің төрінен орын алған осындай ең құнды жәдігердің бірі Қожа Ахмет Яссауидың «Диуани хикметі». Осыған дейін аталмыш «Хикметтер» бірнеше рет қазақ, өзбек, түрік тілдерінде жарық көрген болатын. Яғни, оның әлденеше нұсқалары бар. Біздің музейдегі қолжазба көшірмесін аса қызығушылықпен қарап, өзге нұсқалармен салыстыра зерттеген Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті жанындағы Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары - Қаржаубай Сартқожа (ф.ғ.д.), Иманғазы Нұрахметұлы (ф.ғ.к.) осы қолжазбадағы өлең жолдары шағатай тілінде жазылған «Хикметтердің» ең көне нұсқасы екендігін анықтады. Бұл қолжазба шамамен 16-17 ғасырлардың аралығында Бұхар қағазына түсірілген.
Кітаптың тілі шағатай тілінің (орта ғасырдағы жазба-әдеби тіл) қыпшақ диалектісінде жазылған. Бұл қазіргі қазақтың әдеби-жазба тіліне өте ұқсас дегенді білдіреді. Бұрынғы нұсқалар негізінен оғыз диалектісінде (қазіргі өзбек тіліне жақын) жазылған екен. Музейдегі осы қолжазба нұсқа ең ескі әрі сирек кездесетін үлгі. 90 беттен тұратын қолжазба 2009 жылы ғалымдардың көмегімен толық аударылып, Фолиант баспасынан «Көкшетау нұсқасы» деген атпен қайта басылып шықты. Бұл қолжазба қазақ әдебиеті үшін де, тіл тарихы үшін де аса құнды, маңызды рухани мұра болып табылады. Бұл нұсқаның рухани-тарихи маңызы зор. Бұл жаңалық - музей үшін ғана емес, облысымыз үшін абыройлы іс, қазақ мәдениеті үшін зор табыс.
Бабадан мирас болып қалған асыл мұраларымыз бен тарихи ескерткіштерімізді көздің қарашығындай сақтап, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жауһарларын жинақтап, зерттеп, насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарымыз бен рухани қазынамызды болашақ ұрпаққа сол қалпында жеткізу біздің парызымыз.
Бұл тұрғыда музейдің классикалық түрде қалыптасқан жұмыстары көп. Олардың қатарында жинақтау, зерттеу жұмыстары, тақырыптық экскурсиялар, музей қорындағы жәдігерлерден құралған жылжымалы көрмелер, суретшілер мен сәнді-қолданбалы өнер шеберлерінің жеке көрмелерін ұйымдастыру шаралары бар. Сонымен қатар, ақын жазушылардың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби кештер, дөңгелек үстел мен кездесулер өткізу үрдіске айналып отыр.
Мұражай жұмысы ешқашан аяқталмақ емес және оны дамыту мен жетілдірудің шегі болмайды.
Күннен күнге шығармашылық жол арқылы мұражайды жаңа материалдармен және экспонаттармен толықтыру жұмысы жалғаса береді.
Сәбитова Гүлзайра Фазылбекқызы.
Облыстық Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері
Мәдениет порталы