Марат ҚабанбайТүу, кеш салқындап кетіпті. Қала сыртындағы таудың тарғыл шыңдары қара көлеңкелерін ас...
Қыдырбек Рысбек. Ағалар
Талғат Бигелдинов
Талғат ағамен көзі тірісінде сыйлас болдық. Бір дастарханнан дәм таттық. Президент кеңесшісі Бауыржан Омарұлы екеуміз тоқсаныншы жылдардың басында үйіне барып, біраз әңгіме шертіскен едік. Ақкөңіл, салдырлаған кісі еді. Қанша жолығып жүрсек те «Батырмын!» деп кеуде қаққанын, кісімсінгенін көрмеппіз. Бірқалыпты, жайдары қалпынан бір өзгерген емес.
Ұмытпасам, 1996 жылдың қара күзі болуы керек. Бір кездегі атақты түйе балуан, жоны жалпақ Мұхтар Ташкенбай бауырым менің Талғат ағамен сыйластығымды естіп: «Қыдыр, Талғат ағаны Медеудегі мейрамханаға дәмге шақырайық. Ол кісімен дәмдес болғанның өзі бір ғанибет қой. Ұлттың мақтанышы, иығына шапан жауып құрмет көрсетейік», деді. Досымның сөзін жерге тастай алмай, батыр ағама телефон шалдым. Тәкең тілегімізді асықпай тыңдап алды да: «Айналайын, інілерім, ниеттеріңе көп рахмет! Халқым ашқұрсақ боп, тарығып жүргенде менің ресторанда шалқиып отырғаным жараспас» деп, еш бұлтақсыз ел ағасының сөзін айтты. Шынында да, азаттықтың елең-алаң тұсы. Жұрттың көбі қытайдың ала дорбасын арқалап, базар жағалаған, талай ер-азаматтар кәсіп таппай дағдарған, дүкен сөрелері босап, бір туша қойың үш мың теңгеге дейін құлдыраған түлкі құрсақ кез еді ғой. Ағаның жауабына ренжіген жоқпыз. Қайта ұлт мақтанышына тән өрелі сөзіне еріксіз сүйсіндік.
Бұл ағамен арадағы, әлі жұртқа жария қылмаған бір оқиға еді. Енді батырдың екінші дүниежүзілік соғыстағы тарихи екі ерлігін қайта жаңғыртып көрейік.
20 жасындағы тарихи жеңіс
Талғат Бигелдинов әлемдік авиация тарихында шабуылдаушы (штурмовик) ұшақпен истребительді атып құлатқан тұңғыш адам. Сол тарихи ерлік кезінде Талғат Түсіпбекұлы небары 20 жаста еді. Егер 50-60 рет майданға түскен ұшқыш осындай батырлық жасаса, ақылға қонады. Ал, қанды қырғынға он мәрте кіріп үлгермеген өрімдей жігіттің Еуропа аспанында 108 самолетті құлатып, Адольф Гитлердің қолынан темір крест алған капитан фон Дитрих мінген «Мессершмитті» қағып түсуі сол тұста, басқа түгілі, авиация қаһармандарының түсіне кірмейтін ерлік болатын. Сөзіміз жалаң болмас үшін сол кездегі дивизия командирі, полковник Николай Каманиннің сөзіне жүгінейік: – Мына аға сержанттың не істегенін білесіздер ме?! Ол біздің «ИЛ» ұшағы туралы әуелден қалыптасқан түсінігіміздің тас-талқанын шығарды. Біз, бізді қойшы, конструкторлардың өзі бұл ұшаққа шабуылдаушы-барлаушы міндетін бекітіп тастады емес пе. Жау истребителі көрінсе, ауыр бомбалаушы ұшақтар тәрізді қаша жөнелуге міндетті болатын. Ал штурмовиктің истребительмен жекпе-жек айқасқа түсіп, атып құлатуы дегеніңіз қиялымызда да жоқ еді. ...Сондықтан авиация тарихындағы жаңа кезеңнің көшбасшысы аға сержант Талғат Бигелдиновті екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынамын! (Николай Каманин – «Челюскин» экспедициясын құтқаруға қатысқан ұшқыштар тобының командирі ретінде 1934 жылы «Совет одағының батыры» атағына ие болып, екінші дүниежүзілік соғыста ірі әскери құрамаларға жетекшілік етті. 1961- 1971 жылдары совет ғарышкерлерін даярлау ісіне басшылық жасады. Авиация генерал-полковнигі).
Ерді кебенек ішінде таны!
Кировоградты бетке ұстаған совет әскерлері немістердің кең атырапты орай тұрғызған тасқамал қорғанысына тап болды. Қара жердің үстімен қыбырлаған жанның әрі өтуі мүмкін емес. Ал үш күннен бергі нөсер жаңбырдан ұшақтар амалсыз қаңтарулы тұр. Ұшу алаңы тізеден қара батпақ.
Таңертең командалық пунктке корпус командирі, авиация генерал-майоры Василий Рязанов келді. Жүрісі суыт. Полк командирі Шишкин екеуінің жабықтың арғы бетіндегі әңгімесі Талғаттарға естіліп тұр. Жаяу барлаушылардың тұмсығы тасқа тиген соң басшылар көктен барлау жасауды ұйғарыпты. Басқа жол жоқ. «Ұшу керек!», деді генерал. «Иә,..бірақ дөңгелегі белуарынан батпаққа батқан ұшақты қалай аспанға көтереміз?» деді полковник күрсіне тіл қатып. «Бәрібір ұшу керек!» «Бұйрықтың аты – бұйрық! Ал ұшақты қалай көтерсек екен?!» «Түсінемін. Бұл – өлімге бас тігу. Басқа жол жоқ. Бір адамның өмірінен мыңдаған адамның тағдыры қымбат. Ал соқыр адамша соғысуға болмайды. Кімді жұмсаймыз?» Шишкиннің үні саңқ ете қалды: «Кіші лейтенант Бигелдинов!» Талғат ширақ басып ішке кірді.
– Тапсырма бар, – деді генерал жаюлы картаға жақындай бере. – Майдан шебінен әрі қарай жиырма шақырым жерде жол екіге айырылады. Жолдың біреуі терең сайға жалғасады. Сол сайдың бойында немістер жанталасып жатыр. Солардың не істеп жатқанын әуеден барлап, суретке түсіру керек.
– Сен біздегі ең шебер ұшқышсың. Ұшақты көбелекше шыр айналдырасың. Бұл жолы жеңіл көтерілу үшін бомбаларды түсіріп кет.
– Жоқ. Бос ұшақпен ұшпаймын!
– Ұшу керек, ұлым, ұшу керек! – Генералдың бұл сөзі бұйрықтан гөрі өтінішке жақын еді.
Ұшақты ұшу алаңына трактормен зорға сүйреп жеткізді. Генерал бастаған жігіттердің екі көзі Талғатта. Бәрі толқулы. Бойы ортадан төмен, дембелше келген қара бозбала аяғын нық басып барып, ұшаққа мінді. Содан педалін гүжілдете басқан бойы орнынан жұлқи жүгіртіп барып, қалықтай көтеріле бере тастай қараңғы бұлт құшағына еніп кетті.
Зерек, қағілез жігіт қалың тұманды қақ жара төмендеді де, жер бауырлай ұшып, арнасы кең, терең сайды қиналмай тапты. Сай іші жәшік, қап тиеген қаптаған машина. Әуеден жердегі жау әскері құжынаған құрттай болып көрінеді. Бір қапталда кенеп палаткамен жабылған «дала қоймасы» ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Оның жанында қаз-қатар қаланған жәшіктер. Жоғарылау жерде брезент жабылған танкілер шоғырланған тәрізді. Бигелдинов олардың үстінен зулай ұшып, фотоға тартып алды. Зениттер жан-дәрмен күйде атқылауға кірісті. Бірақ оқтары далаға кетті.
Талғат тәуекелге мінді. Генералдан шабуылдауға рұқсат сұрады. Себебі, мұның барлаушы екенін жау сезіп қойды. Топ болып қайта оралғанша сайдағы қойманы зениттермен қоршап тастайды. Қазір төпеп тастамаса, кеш болады.
– Сені атып түсірмей ме?
– Атып түсіре алмайды!
– Шабуылдауға рұқсат!
Қорғасындай тұтасқан ауыр бұлттардың үстіне қайқаң етіп көтерілген Талғаттың ұшағы қара түнекті тіле төмен сорғалаған күйі сай бойындағы қалың жаудың төбесінен қорғасын оқты жаңбырша жаудырып, бірнеше бомба мен снарядты жеделдете тастап, әлгінде ғана тыныш жатқан сай ішінің астаң-кестеңін шығарды. Көшпелі қоймалар мен жүк машиналары, текшеленген жәшіктер лезде отқа оранып, бір ұшақтың әлегінен қалың әскер азан-қазан күй кешті.
Қайтар жолда Талғат қара жерді қайыстыра жөңкілген жау танкілері мен самсаған машиналар толы жау әскерінің үстінен шықты. Бигелдинов колоннаның төбесінен төнген бойда реактивті снарядтармен атқылауға кірісті. Екі танк отқа оранып шыға келді. Екінші рет шүйілгенде пулемет пен зеңбірек оғы әскер толы машиналардың үстін бұршақша төпей жөнелді. Көліктер жолдан шығып, кейбіреуі төңкеріліп, тірі қалған немістер басы ауған жаққа бытырай қашып барады. Бигелдинов қайта айнала бере жаяу әскердің біразын пулеметпен қырып салды...
Бұл кезде армия штабы, жаяу әскер дивизиясы жау тылына жалғыз кеткен жаужүрек қазақтың аса құнды мәліметін тағатсыздана тосып отыр еді. Міне, Бигелдиновтің ұшағы қалың тұманды тіліп өтіп, қара сазды бұрқырата екпіндей қонғанда генерал Василий Рязанов еріксіз орнынан тұрып кетті. Ол жайшылықтағы қаталдығын сырып тастап, жұдырықтай қазақты қапсыра құшақтай алды. Осы сапарға лейтенант шенінде ұшқан Талғат қонған бойда өзінің аға лейтенант болғанын, бұған қоса «Даңқ» орденімен марапатталғанын естіді. Иә, Бигелдинов әкелген барлау материалдары немістердің шабуыл үстіндегі совет әскеріне тұтқиылдан жапыра тимек әрекетін әшкере қылған болатын.
Мәдениет порталы