Назерке СерікқызыСоңғы айлар Асланды қатты күйзелтіп жібергені соншалық таң ата көз ілгеннен кеш қар...
Марат Қабанбай. Аптаның соңғы күні (әңгіме)
Түу, кеш салқындап кетіпті. Қала сыртындағы таудың тарғыл шыңдары қара көлеңкелерін астына баса жамбастап жатыр. Реактивті самолет күміс қанжардай зуылдап, аспанды тоқым құрлы көрместен тіліп барады.
Біләл ме шақырған? Осы бір жылана шыққан үнінің жағымсызы-ай. Ешқашан да өз атымен атаған емес. Таусылмас Ләйлаштай-жан, күнім, айым...
Қаны сорғыған қадау-қадау бұлттар қайда қашарын білмей мәңгіріп, аспанның қақ ортасында тұрып қапты. Көп қабатты үйлердің терезелерінде қызыл жалқын от маздайды. Түтінсіз жайлап жанып жатқандай.
— Ләйләтай!
Жарылып кетсе де үндемесінші. Сөзін майлап өткізіп, әбден үйреніп алған. Жаңа да жылбысқа жалыныштарды айтпаса сенбейтіндей қайта-қайта есі шыға үздікті. Қолын қаққан жоқ. Жиырма жас дегенін істеді. Қиыршық құмды суырып, әуе мен жерді тасқаяқтай соғыстырып соғар бір бұрқақ дауылы бар екенін бұрыннан да білетін. Темір білек дию күш бұрай сығып, жер түгін жеміріп бара жатқан қарамор өрт ортасына лақтырады да, алапат аптап қайнаған құшағына қыса орап, шыбын жанын шырқыратады...
Қыз өмірінде бір-ақ келер сол оқиға туралы осылай ойлайтын.
Оның дірілдеген тер-тер алақандарымен жаурынын тынымсыз тырналай беруі...
Болған — біткені осы-тын.
Тау жақтан сыдырта салып, жел соқты. Қой, бөлмеге кірмей болмас.
Жарың жағылыпты. Қабырғадағы суретте сақал-мұртсыз толың адам қолдарын айқастыра шалқайып отыр. Too қалтасынан қатарынан бірнеше автоқаламның ұшы қылтияды.
— Бұл — папа!
Қасындағы тоғыз-он шамасындағы бала екі қолын жанына жабыстырып, иықтарын күржите қатып қалыпты. Мағынасыз бақырайған көздері объективке ішіп-жеп қарайды. Өзі қорқыңқырап тұрған да болса керек. Дүкендердегі олақ жасалған, бірақ сата қалса тез-ақ өтіп кететін сувенирлерден аумайды.
— Бұл — мен! — дейді ту сыртынан. Ризалықпен шыққан дауыс.
Біләл дастарқан жасап жатыр. Шашын екіге бөлген аң сызық шеке тұсынан тұп-тура төбесіне дейін басын қақ жарып түсіпті. Әлдекім тап осы жаңа, өткен секундта пышақпен құмарлана тартып өткендей. Кә, иә, қылшылдаған қара қанжармен. Дәл қазір қызыл қан мыңдаған тамыр-түтіктерден шиедей быжып, бүртіктеніп мөлдіреп-мөлдіреп шыға келеді. Шыдай алмады, бетін баса қойды.
— Ләйләш, не болды?
Жаңылысыпты, ол тірі екен. Әдемі көздері жылы ұшырай төнеді. Қушық денесін итеріп қалса қабырғадан дабыр-дыбыссыз лыпып өте шығар еді.
Стол басына келіп отырысты. Мебельдің лак жалатылған беті жып-жылтыр. Рюмка-тарелкалардың түбіне теріс қарата біреулер сыңарларын жапсырып кеткен секілді. Қарсы алдындағы пісте мұрын, аққұба қыз қимылын қалт еткізбестен қайталап, мазақ етеді. Салфеткамен бетін жаба қойды.
Назары төрдегі натюрмортқа түсті. Сойылған үйрек, қоян самсата ілініп тасталған. Ағы ақ, қызылы қызыл.
— Папам заказбен алғызған.
Екі сөзінің бірі папасы, мамасы... Білікті нағашысының айтуымен аспирантураға түсіпті, шешесінің бұйрығымен шашын қидырады. Әлде жаңа қалпағын солардың аңылы бойынша сатып алды ма екен? Мүмкін, әкесінің өтінішімен мұның соңына түскен болар?
Ай шамасы бұрын ата-анасымен, дұрысын айтқанда, мұны ата-анасына таныстырмақ оймен осы үйге ертіп әкелген-ді. Жүрексіне табалдырық аттаған қызды етжеңді ақборық әйел көзілдірігін алып, тұлабойын тінтіп ұзақ қараған. Тамақ үстінде туыстары жайлы, олардың қайда, қандай қызметте істейтіндерін бажайлап, қадағалай ұзақ сұрады. Риза пішінмен қалып еді. Келесі күні Біләл: «Сен мамама ұнадың» — деді де, қарсыласқанына қарамай сүйіп алған. Соның бәрін бүгін саусақ бүгіп ойласа...
Ұстап отырған шай қасығы сылдыр етіп еденге түсті. Әлденеге бойын ыза буып, құрсаулап алды. Тиісерге қара таба алмай іштен тынып отыр. Жігіт қолындағы ақ пышақ алманы жанталаса жалаңаштайды.
— Қабырғаға пейзаж неге ілінбеген? Ет, үйрек, қоян... Әлде киім шешетін бөлмеге етік пен шұлықтың суретін қадап қоятын шығарсыңдар? — Ac үйге натюрморттың жарасатынын білсе де әдейі ерегесіп айтты. Ол сырт айналып, суретті жаңа көргендей ұзақ қарады.
— Шынында келісімсіз екен. Папама айтып алдыртып тастайыншы.
Жүгіріп балконға шығып кетті. Біләлден жалбарына сұрап тілегені — шат-шәлекейі шығып ашуланса, сыйлауды білмейтін сиырсың деп жерден алып, жерге салса еді. Бірақ тағы ежелгі «Дұрыс, Жөн, Шын, Рас...»
Жел өтінде мең-зең күйі ұзақ тұрды. Денесі қалтырап тоңа бастаған соң қайта кірді. Теледидардан спектакль беріліп жатыр. Иманжүзді жігіт ағасы жасөспірім баласына борыш-міндет жайлы тебіреніп толғана сөйледі. Аздан кейін әлдекім есікті дүрсілдете үрдіс қақты. «Құдай үшін ашыңыз, құтқара көріңіз, мені бұзықтар қуып келеді!» — дейді әлдекім айқайлап. Бала тұра ұмтылып еді, әке қолын қайырып диванға жықты.
— Аш есікті, әке, қоя беріңіз! — Ал ол ұлын босатудың орнына еміреніп үсті-үстіне аймалап, иығынан баса түседі.
Үшеу біреуді ұзақ сабады...
Ол да беріскен жоқ.
— А-а-аа...
— Біләл! — Даусының қатты шығып кеткенін байқамады да. Ауыр тыныштық. Ол кесеге шылдыратып шай құйып жатыр. Бетіне көзі түсті. Теп-тегіс, әдемі. Тым болмаса көлденең түскен сызат әжім болсайшы. Көзін жұма қойды. Әне, сол бетке қона қалған шыбын табан тоқтата алмай құлап түсті. Екіншісі, үшіншісі де...
Көзін ашып еді, шыбын түгіл сайтан жоқ, сол жылтыр бет...
— Айтшы, оны кім сабады?
— Қызық екен, бұзықтар емес пе?
— Үшеуі емес, баланың әкесі оны сабаған.
— Ләйләтай деймін!
— Әкесі, әкесі-і!
Айқайлап жіберді. Саусақтары қалтырап, стол бетін дәрменсіз сипалайды. Құлағы шыңылдап, дүние дөңгелеп аңырын айналады. Қабырға да, Біләл да, оның әдемі беті де...
— Жақсы, жақсы, әкесі-ақ дейік.
— Сен бар ғой, сүйкімді оңбағансың.
— Дұрыс, оңбағанмын. Не-е? — Қара көздері бақырайып кетті. Кенет қыз шек-сілесі қатып, күле бастады. Иә, бірауық күлмесе болмайды: көңілді адамдар қартаймайды. Олардың маңдайлары ешқашан да қыртыстанбайды, жүздері жүлгеленіп тозбақ емес.
Біләл оған бақырая аз-кем таңырқай қарап отырды да, жымия бастады. Орындыққа шалқая түсіп, ірі ақ тістерін ақсита лекітеді-ай кеп.
Бойы жеңілейіп қалыпты. Құрып кетсінші, қайғы мен көз жасы. Жасасын бақыт пен қуаныш! Бұл — жексенбі атаулының, яғни әр аптаның жетінші күнінің қарапайым анықтамасы. Несіне ендеше мұны қазымырлап, сынап-мінейді? Мұны жақсы көретін, сүйетін, сыйлайтын сияқты. Жақсы ортада тәрбиеленген, ата-анасы беделді адамдар. Жеке басы кімнен болсын кем емес. Болашағы бар, автомашина, дачамыз болады дейді. Қызға одан артықтың не қажеті бар? Басқа түгіл өз есебін түгендей алмай жүргенде бөтен ішіндегі өлген итті санағаны қай сандырағы? Онсыз да дүниенің күрделі құпия-сыры жетерлік. Бірін соңына ит салып жетсең, келесісі бұлаңдап алда желеді де отырады. Жеткізбейтіні тәрізді көз жаздырып қашпайды да. Оны да, өзін де орынсыз қажағаны қайткені?
Біләлдің иығына сүйенді. Ол жүрексіне бауырына тартты. Бағынуға үйреніп қалған қолдардың батылсыз қимылы.
— Ата-анаңның тілін тым болмаса бір рет алмай көрдің бе, Біләл?
— Жоқ.
— Неге?
— Олардың қандай ақылды жандар екенін білсең ғой.
— Маған да бағынасың... Мен де ақылдымын.
— Жасасын матриархат! — Бақырып жіберді.
Экранная қасқа бас, толық денелі кексе әнші махаббат, он сегіз жас жөнінде шын беріліп, үзіле шырқайды. Қолындағы жалғыз тал гүлді қайырманы қайталаған сайын құмарлана иіскеп қояды. Пиджагінің төменгі түймесі ағытылып кеткен. Еріксіз көзін жұмды. Ертең тарихтан семинар болады. Дымқыл иегін ылғи орамалмен сүрткілеп отыратын қатал профессор студенттерді түгелдей келіп, қалқан құлақ Шәмшиевтің тұсына келгенде: «Шөмішов бар ма?» — дейді көзілдірігінің үстінен үңіле. Анау атып тұрады. Жыларман жүзбен: «Аға, мен Шөмішов емес, Шәмшиевпін ғой», — дейді. Құрметті профессор: «Ә, Жәмішов пе, келіңіз, карта іліңіз», — дейді. Жігіт сүйретіле басып, картаға беттейді. Ал аудиторияның қағанағы қарқ, сағанағы сарқ.
Карта демекші, семинар тақырыбы қандай еді? Ә, ә... Кенет атлас бетіндегі материктерді кескілеген өзендер дереу үлкейіп, мұхит төсінде шағала қалықтап ұшады. Екілене шапқан шошақ бөрік маңғұлдар тұлпарларының тұяғынан шаң борайды. Қиықкөз қаһарлы қаһан сарғайған саусақтарымен үн-түнсіз батысты нұсқап қалған. Сан мың қол сөз қатпастан дүниені туырлық құрлы көрмей қайқы қылыш астына алды.
...Он миллион неміс біз үшін фюрер ойлап шешеді деген сеніммен отыз жылдан бері Европа топырағын тыңайтып жатыр...
Бала есікке тұра ұмтылып еді, әке қолын қайырып диванға жықты...
Шашын жарған келісті жігіт жауырыны жаялыққа тигелі әке-шешесінің айтқанынан қия аттап баспағанын тебірене жыр етеді. Тек қателеспесе болды, шалыс кетпесін, қалғанының бәрі соншама ойланатындай күрделі мәселе емес. Аңырын жүріп, анық басса алда атақ-даңқ бар, тұрмыс бар. Біреулермен ұрысу, ренжісу денсаулықты бұзады, олай болса ешкімге қарсы келмеу, тау-тас асқанша ұры соқпақпен айналып өту ақымақтыққа жатпайды.
Денесі дір ете түсті. Ол, міне, қарсы алдында алаңсыз отыр. Ең алдымен көзіне түскені — аппақ ұзын саусақтары. Қаламды қыса ұстап, теледидар программасына белгілерді асықпай ұқыптап салады. Басын оң жағына қисайтып алған.
— Біләл, сенің жеккөретін адамың бар ма?
— Жоқ,— деді.
— Көктемде паркке серуенге барғанымызды ұмытпаған боларсың. Терістіктегі адам аз баратын түкпірде қызып алған қара жігіт маған жиі-жиі тиісе берді ғой. Ара тұрған сені жақтан тартып жіберген жігітті айтамын да. Милицияны да шақырмадың, төбелескен де жоқсың, жөнімізбен кеттік.
— Ертеректе ортадан жоғары аңылы бар бір грек құлыптасына: «Ақымақтардан қорқамын. Менің қорқатыным оның өзі емес, оның ақымақтығы», — деген сөздерді ойдырып жаздыруды өсиет етіпті. Бұған сен қалай қарайсың?
— Ол өсиет орындалып па?
— Жоқ. Ақымақтар ол заманда аз болмаған.
Құдай-ау, бұл шіркіннің қатып қалған қағида мен суық есеп құлы екенін не қара басып білмеген? Ертең аспирантураға түсірген білікті нағашысы кез келген үйді тонауға бұйырса, мынаның тартынбайтыны анық. Және ең қауіптісі — осындай инабатты, тәрбиелі жігіттің үйді тонағаны жөнінде ешкім ешқашан да күдіктенбейтіні сөзсіз.
— Жатақханаға қайтамын, шығарып сал.
Жаңа байқады, бөлме іші сықыған жарқыл мен жалтылға толы екен. Күңгірт сәуле ойнаған гарнитур, столдар... Ван Гогтың автопортретін орап алған оюлы жез жақтау семіз сары жыланнан аумайды. Қаттырақ сөйлессең әдемі сервиз, вазалар сынып түседі. Аяқты батылырақ басуға қорқасың. Осы жиһаздарды сындырмай - соқтықпай епті, мінез қармақша майыса алатын Біләлдер ғана жүре алады. Адам баласы тұруға, күлуге арналған бөлме емес, салтанатты көрме, музейге ұқсайды.
— Жүрші, тез кетейікші.
...Қалтасына артық тиын түскен такси шофері Біләл екеуі туралы әлдеқандай әзіл сөздер айтады. Жатақхана вахтері кіріп бара жатқан олардан документ сұрап, бөгет жасамақ, түгіл, жасырын құпияны сезіп қойған шыраймен жымия күлімсірей қапты.
Бөлмедегі қыздар жаңа туфли алған біреуін ортаға алып қызықтасып жатыр екен. Химфакте оқитын толың, қызыл шырайлы Нүрила Біләлді көрісімен:
— Әй, аш екі о, мына туфли жаман, жақсы ма, адал төрелігін айтшы. Бағанадан келісімге келе алмай шуылдасып жатырмыз, — деп даңғырлай күлді.
Осы қыздың түйеден түскендей әзілі-ай. Қой десең басың пәлеге қалады. Ауыз сөзге екі ауызы дайын. Құрбылығы бір жөн, көңілдің де кейде дар етіп жыртылар көк көйлек екенін аңғарсашы.
Біләл жаны қалмай туфлиді мақтайды. Беті шылп етіп, шімірігер емес. Сатып алған қыз балтырының жіңішкелігін, оған қалың өкшелі аяқ киімнің жараспайтынын біліп тұрса да судай сырғып, майдай ериді. Нұрила оны бүйірден түртіп қалды.
— Қу тіліңмен қуырдақ қуырғанды қой, аш екі о, білдің бе. Өзіңнің емес, көзіңнің көргенін айт дегеміз. Жылпылдақтығың кімге дәрі...
Біләл ірі, ақ тістерін көрсетіп күле берді. Қуаныш, қызыққа емес, әйтеуір күлу керек болған соң мағынадан ада амалсыз езу керу. Кеудесі күйік пен ащы запыранға толып, қыжылдатып барады.
— Кәне, жүр, оқу залына кеттік. Мана менің кітабымнан конспект жазбақ болғаныңды ұмыттың ба? — Амалсыз өтірік айтты.
Біләл сәл-пәл аңырып қалды да, соңынан ерді.
Оңу залында адам көп болып шықты. Орынды әрең тауып алысты. Біләл «Огонектегі» сөзжұмбақты шешуге кірісті. Тым болмаса неге ертіп әкелгенін сұраған жоқ. Қалай тартса солай созылатын бір бейшара. Кітапты ашты да, жыпырлаған жол сүрелеріне көз жүгірте бастады. Ұғып отырғаны шамалы, бәрі қозданған жүйкені сылап-сипаудың қамы.
Салдыр-күлдір дыбыс ойын бөліп жіберді. Басын көтерсе, көрші столға қойылған орындықты алып кете берген денелі жігітпен қара қыз ұстасып қалыпты.
— Иесі қазір келеді, орындықты орнына қойыңыз. — Мұны құлағына қыстыратын жігіт көрінбейді, міз бақпастан:
— Онысы өте жақсы екен, — деді де столына бет алды. Қыз жүгіріп барып орындықтың шетінен ұстай алып еді, анау:
— Бадырақ көз, сен тимесең мен тимен, — деп әр сөзін сыздықтатып тістене айтты да, қолынан жұлып алды. Қыз жылап жіберді.
Біләлге жалт қарап еді, журнал беттерін түк сезбеген қалыппен аударыстырып отыр. Басын оң жағына әдеттегідей қисайтып алған. Қалай ұшып тұрғанын өзі де білмейді, нығыздалып отырғалы жатқан жігіттің астынан орындықты тартып қалды. Айнала берген оған есікті нұсқап:
— Қане, тезірек тайып тұр! — деп, булыға айғайлап жіберіпті. Ол асықпай-саспай сенімді қимылмен кітап-қағаздарын жинастырды да, есікке бет алды.
— Құрбым, басқаларға бөгет еттік, білем. Одан да дәлізге шығарып алып ұялтып, дұрыс істемегенімді айтып түсіндірсеңіз етті. — Бұл оның есік көзінде тұрып жымия айтқан сөзі.
Оқу залы гуілдеп кетті. Көбі мұны қолдап, қоштаса: «Бір орындыққа бола соншалық айқай көтермеуге де болатын еді», — деп қолтық астынан қол жүгірте шымшып жатқандары да жоқ емес. Қара қыз бәйек болып, рақметін айтады. Адымдай басып тұқшыңдап отырған Біләлдің қасына келді де, жеңінен тартты.
— Жүр, кеттік!
Ештеңені көрер емес. Таныстар таңдана айналып өтеді. Бөлменің есігін қалай тауып алғанын өз де білмейді.
— Мені дәлізде тоса тұр.
Бар киімін алып шығып, галстугін мойнына байлады да:
— Ал, қош! Енді қайтып бұл бөлменің есігін ашпағайсың. Екеуміздің арамызда ешқандай қарым-қатынас болған жоқ, болмайды да. Солай емес пе? — деп кеудесінен аңырын итеріп қалды.
— Ләйләш!
— Сен жақсы жігітсің, әрі тәп-тәуір тіл аласың.
Ештеңені байыптап ойлаған жоқ, оқиға түп-түгел түстегідей болды. Құлағының ысып кеткенін, бетіне дуылдап қан жүгіргенін біледі. Біләлдің аузы қисайып, көзі жасаурап кеткені еміс-еміс есінде. Мүмкін, ақымақтығын, түкке тұрғысызға мән бергіш ұсақтығын дәлелдер немесе қызуланып кетіп көшеге алып шығып, біраз сілкіп алар деп бір жағынан іштей қорқып тұрды. Оған Біләл қақылы еді, соны істесе ашуланбас та еді. Өзіне бітпеген қасиет болса да ата-бабасының қанынан ауысып жеткен еркекке қолымен от көсеттіретін ар-ұяты мен намысы соңғы рет жалғыз-ақ бұрқ етіп, жалын шашар...
Жоқ, мойны салбыраған Біләл жүре берді. Он шақты қадам жерге барды да, бұрылып қиыла қарады. Бұл да күлімсіреп, қолын бұлғады. Ерні кермек татып, бойра-бойра аққан жастың ащы дәмін сезеді.
Аптаның соңғы күні... Дұрыс істеген, әлде оңбай қателескен күні ме? Қайсысы?