Заида Елғондинова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «...
Дүйсенәлі Әлімақын. Мен көрген Есенғали Раушанов
Астанада біз тұратын үй Абай даңғылының бойында орналасқан. Таң сібірлеп атқан, баяу ілбіп келемін. Есіме Есенғали Раушановтың мына бір жыр жолдары орала кетті.
«Таза ауа, таң нұрымен.
Сәуiрдiң жаңбырымен
Жуынып баяғыдай
Сендер қыдырыңдар ендi
Абай даңғылымен
Мен демаламын».
Мен демаламын деп ертерек айтты-ау. Ақыры демалды. Ал біз әлі Абай даңғылымен қыдырып келеміз. Баяғыда Есағаң «Өлең іздеп келіп ем Алматыға, Тоқаш көкем жолықты ол менмін деп» деген еді, ал мен Алматыға өлең іздеп келгенде, Есенғали Раушановтың өзімен кездестім. Бәрі кенеттен болды.
Сол жылы Алматының күзі қоштасуға асыққан жоқ. Магистратурада оқитын біз әдеби кештерден қалмай, барып жүрдік. Бір күні Ұлттық кітапханада ақын Жұмекен Нәжімеденовтің екі кітабының тұсаукесері болды, әне сол жерде алғаш рет Есенғали Раушановты көрдім. Кең залға адам лық толған, іс-шараның басталуын күтіп отыр едік, бір сәтте есіктен ақсары жүзді, кең маңдайлы, жарық бейнелі адам кіріп келді де, алдыңғы қатардағы кісілермен амандасып, орынға жайғасты. Өлеңдерін жаттап алып, өзін көрсек деп жүрген ақынымызбен бір кеште бірге отырғанымызға марқайып қалдық.
Бір кезде сөз Есенғали Раушановқа берілді, мінберге шыққан ақын сағатына бір қарады да, Жұмекен Нәжімеденовтің «Туған жер» атты өлеңін жатқа оқыды. Дауысы ырғақты екен, отырғандарды бірден баурап алды, сосын өлеңнің иіріміне қарай екі қолын байыппен тербегені есімде қалыпты. Осыдан кейін мен ол кісіден көзімді алмай отырдым. Бір сәтте Есағаң тағы да сағатына қарады да, асығыс залдан шығуға бет алды. Кездесіп сәлемдесер сәт туды деп мен де артынан ілесе шықтым да, «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бердім. Сәлемімді жылы қабылдап, асығыс екенін айтты да, визиткасын беріп, «дүйсенбі күні сағат үште маған кел, сені күтем», деді. Ал енді келіп дүйсенбіні күтейін. Әншейінде зырғып өте шығатын сенбі-жексенбі мұндайда тым баяу жылжыды. Дүйсенбіде сабаққа барған жоқпын, түске дейін ақынның «Бозаңға біткен боз жусанын» қайтадан оқып шықтым.
Сағат үшке он бес минут қалғанда Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысына орналасқан «Баспагерлер үйіне» жеттім. «Жазушы» баспасы» деген үлкен жазуы бар есікті де таптым. Қабылдауда отырған қызға «Мені Есенғали Раушанов шақырып еді» деп едім, сеніңкіремеді, «Аға жұмыс істеп отыр, сізді қабылдай алмайды» деп нарау сөйледі. «Неге қабылдамайды, өзі шақырды емес пе?» дегенімде дауысым қатты шығып кетсе керек, ішкі есіктен Есенғали Раушановтың өзі шыға келді. «Әй, бала, келдің бе?» , деді де кабинетіне алып кірді.
Ат шаптырым кабинетінде жылы қабылдап, аға буын ақындар, әкесі туралы, шетелдегі күндері жөнінде әңгіменің тиегін ағытты. Сөз арасында «Шыңжаңда қанша қазақ тұрады? Олар немен айналысады? Неше қазақ тілді газет-журнал бар, оларды кімдер басқарады?» деген сияқты сұрақтарына жауап бердім. Бір кезде «Жарайды, өлең жазасың, оны білдік, маған өлең жазатын жастар көп келеді, ал сенің басқа не артықшылығың бар?» демесі бар ма? «Аға, мен де сіз сияқты ағылшын тілінен хабары бар ақынмын» деп едім, қатты қуанды. «Айналайын, бүгіннен бастап саған ықыласым бөлек, тосырқамай кез келген уақытта келе бер, Алматыда қиыншылық көрсең, мен бармын» деп разылығын білдірді. Сосын хатшы қызды шақырды да: «Бұдан былай мына бала маған келсе, кіргізе бер», деді. Сол күнгі қуанышымда шек болған жоқ. Қазақтың біртуар ақынымен осылай аға-інілі болып жақын араласып кеттім.
Ара-тұра ағаның өзі телефон шалып тұрды. «Бір күні кабинетіме кел», деп шақырды. Жетіп бардым. Әлдебір шетелдікпен ағылшын тілінде сөйлесіп отыр екен, әңгімелері біткесін маған бұрылды да: «Үш күннің алдында ғана Филиппиннен келдім, жер жүзіндегі ең арзан мемлекет сол Филиппин екен, ең қымбат тамағы біздің ақшамен үш-төрт жүз теңге тұрады, ол жақта ағылшын тілін үйрену де өте арзан. Былай болсын, мына оқуың біткен соң, сен сонда барып бір жыл тұрып кел, көп болса төрт мың доллар кетеді, есесіне ағылшын тілін өте жақсы деңгейде меңгересің, өмір көресің», деді. Мен төтесінен: «бара алмаймын, аға», деп қарсы болдым.
Осыдан кейінгі диалогтер былай өрбіді.
– Неге бармайсың сонда?
– Ақшам жоқ.
– Айналайын, төрт мың долларды мен беремін.
– Жоқ, аға, маған ыңғайсыз, оның үстіне отбасым бар.
– Онда сегіз мың доллар беремін, бірге барыңдар.
– Кейін барармын, бара алмаймын.
Ағамыз сәл ренжіді. Бір сәт үнсіз отырды да: «Бізге кезінде оқыңдар, шетелге барыңдар деп ақыл айтқан адам аз болды, ал қазір бәріне мүмкіндік бар. Жарайды, Қазақстанды сағынып келдің, білемін, үш жылдан кейін сағынышың басылады, аз айлыққа жұмыс істейсің, мықтаса бір-екі кітабың шығар, сосын арақ ішіп, айналаңа ерерсің, сосын анау (бір кісінің атын айтты) ақсақал құсап тойда бата бергеніңе мәз боларсың, сол ма саған керегі?» деп қатты кейіді. Сол күні кабинетінен тез қайттым, жол бойы ойланып келемін. «Шынында жақсы ақыл-кеңес емес пе?»
Арада бірталай уақыт өтті. Ағаны ренжітіп алдым-ау деген ыңғайсыз ой маза бермей жүрді. Оқуымды аяқтап, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні, қыркүйектің ортасында Есағаң телефон шалды. «Одақтың жиналысында мен сен туралы айттым, сондай жастарды жұмысқа шақыру керек дегенді жеткіздім», деді. Қандай жайсаң мінез еді. Көп уақыт өтпей мені «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат жұмысқа шақырды. «Жақсыдан шарапат» деген осы шығар. Әне содан бастап менің журналистикадағы сапарым басталды да кетті. Есағаң үнемі хабарласып: «Газет қалай? Қандай материалдар шығып жатыр? Анау мақала жақсы екен, ананы неге дұрыстап қарамайсыңдар?» деп жұмысымызға көңіл бөліп тұратын.
Тіпті, бір кезде «Сен барыңды салып жақсы істей бер, сені ешкім жұмыстан шығара алмайды, егер бүгін біреу сені жұмыстан шығарса, ертесі сені қайта апарып қоямын» дегені әлі есімде. Бұл сөзі біреуді қайрау емес, қайта жігерлендіру екенін жақсы түсіндім.
Көпті көрген кісі көп ақыл-кеңес беруге лайықты. Бірде Есағаң маған «егер ақын боламын десең, алдымен көп оқы, көп тіл біл, көп саяхатта, ең маңыздысы бай бол», деді. «Алдыңғы үшеуі түсінікті, ал бай бол дегеніңіз қалай?» дегенімде, «өзіңде жоқ болса, сен өзгеден сұрауға мәжбүр боласың, тіпті бай болмасаң өзгенің қолжаулығына айналасың» дегенді айтты.
Кейін келе мен ақынның өзі айтқан шарттардың бәрін орындай алғанына көзім жетті.
Шыны керек, қазіргі қазақ қаламгерлерінің ішінде Есенғали Раушановтай көп оқыған, көп түйген ақын аз, ал екіншіден, ол кісінің орыс, ағылшын, көне түркі тілдерін жақсы білетініне да қызыға қарағандар көп. Ал әлемде Раушанов бармаған мемлекет, қала, тарихи орындар некен-саяқ.
Бірде Ыстанбұлда, бірде Парижде, енді бірде Лондонда жүреді. Тіпті ол кісі үшін шетелге бару Алматыдан Астанаға келумен бірдей. Ұмытпасам, ең соңғы сапарында ағамыз Германияға барды. Жай барған жоқ, сол жақта тұратын қазақ режиссері Болат Атабаевтың көңілін сұрауға барды. «Келесі апта Германияға барамын, келген соң хабарласамыз» деп ватсапта хат та қалдырған еді. Айтпақшы сол сапарынан кейін кездескенімізде маған Еуропада жерленген қазақ азаматының бейіті туралы айтты.
«Соны газетке жазшы, Дәулеткерей Тағаберді деген азамат екен, Түркиядан Германияға көшіп барып, сонда жерленіпті. Әйелі неміс дейді. Ең кереметі ол күйеуінің зиратының басына Qazaq dese zhany qalmaushi edi деп латынша жазып қойыпты. Соны мен суретке түсіріп әкелдім, алда саған жіберемін» деген ағамыз сол фотоны жібере алмады.
2020 жылдың тамыз айында Есағаң ватсапқа «Не хәуар?» деп хат жазды. Кейде осылай жазатын. «Керемет хәуар, бүгін Алматыдан үй алдым» деп жауап жазып жібердім. Ағамыз дереу телефон соғып: «сол тұрған жеріңде күт, қазір барамын», деді. Келді. Өзі жақсы көретін өзбек ресторанына бардық. Сол күні ашылып әңгіме айтты. Әңгіме арасында «Қазіргі жастар неге Мұқағали мен Есенғалидың арасын ғана оқиды, ол дұрыс емес», дегенді де қосып қойды. «Мен Алматыдан үй алғанда, Қадыр Мырза-Әлі ағаң қатты қуанған, сол секілді мен де бүгін сен үшін қатты қуанып тұрмын, сені үйіме апарып, дастарқан жаяр ем, атаңа нәлет, мынау вирустың кесірін қарашы, сол үшін осында сенің қуанышыңды жақсылап тойлайық» деп тілегін білдірді. Кенет әңгімені өлеңнің арзу үлгісі туралы тақырыпқа бұрды. Ағаның білімділігіне сол сәтте тағы да бір мәрте көзім жетті.
Ағамыз өмірден өтерден бір жыл бұрын көп ауырып жүргенін айтты. «Қолымның ішінде бір найза жүргендей сезіледі, сол найза суық тілімен қолымның ішінен тіліп-тіліп алады, тіпті ұйқы бермейді» дегенінде, ол кісінің «... мен жазсам, жазам ұйқым келмеген соң, ал осы жұрттікі не, түсінбеймін?» дейтін жыр жолы есіме орала кетті. «Ол кезде Астана жаңадан құрылған кез, Алтынбек Сәрсенбаевтың министр кезі, екеуіміз әлдебір жиналысқа астанаға баратын болып жолға шықтық, пойыздың терезе жағында отырып, қисайып ұйықтап қалыппын. Бір уақытта қолымды көтере алмай қалдым, содан бері сырқырап ауырады» деп әнтек өкінішін де айтып еді ақын ағамыз.
Алматының жадыраған көктемінің бір күні, ағамызбен бірге қала шетіндегі Қырғауылды деген ауылға баратын болдық. «Баспалар үйінің» астыңғы қабатына түскенімізде, Есаға қасымдағы менің кішкентай қызыма бұрылып: «Ботақан, екеуіміз мына дүкенге кірелік, сен нені алғың келсе, мен соны алып беремін» деп ертіп кетті. Сәлден соң екеуі күлімдеп дүкеннен шықты. «Мына ботақанда ынсап бар екен, қаз-қатар тізіліп тұрған маржандарды алып берейін десем, оны алмаймын деп, бір сағыз ғана алды» деп қарқ-қарқ күлді. Сол сәтте менің көз алдыма немересін еркелеткен ақпейіл атаның келбеті көлденеңдеді. Шіркін, асыл аға! Мына даланың жомарттығы мен кеңдігі, қасиеті сізге жұққан-ау.
Кенеттен жер-жаһанды жайлаған вирус қазақтың талай марғасқаларын бізбен мезгілсіз қоштастырды. Қабдеш Жұмаділов, Жәркен Бөдешұлы, Рәбиға Сыздықовалармен қатар қазақтың таңғажайып ақыны Есенғали Раушанов та Кеңсайдан орын алды. Ол оқырмандарына «Сендер қыдырыңдар, Абай даңғылымен, ал мен демаламын» деп мәңгі ұйықтап кеткендей. Енді ол бізге Кеңсай жақтан күліп қарап тұратын сияқты. Иә, солай сияқты.
Мәдениет порталы