Әлем қазақтарының үздік спортшылары туралы кітап жарық көрді

Жаңалықтар
2945

19 сәуір күні түстен кейін Алматы қаласындағы «Алматы арена» спорт кешенінің конференция залында жас ақын Дәурен Бақытқажыұлының «Саңлақ» (Әлем қазақтарының үздік спортшылары) атты «Әдебиет» баспасынан жарық көрген 25.75 баспа табақтан тұратын көркем безендірілген кітаптың  тұсаукесер рәсімі өтті.

Тұсаукесерді Қазақстан жазушылар одағының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан жүргізді. 

«Бүгін міне қазақ даласының рухын асқақтататын «Саңлақ» атты кітаптың тұсаукесірін өткізіп отырмыз. Еліміздегі ғана емес жер жүзіндегі қазақ спортшыларының басын қосқан өте ауқымды дүние, үлкен еңбек. Осыншама жерді, осыншама даланы қорғап қауға саңлақтарымыздың қосқан үлесі зор. Шынымен батырлық пен рух болмаған жерде бұндай даланы ұстап тұру мүмкін емес. Әлемінің 16 елінде қазақ тарландары ұлттың атын ұлықтап жатыр. Елдің рухын көтеретін ол – спорт» деп  бастады өз сөзін.

Кітаптың тұсауын Әлем және Олимпия ойындарының  қола жүлдегері, кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO International чемпионы боксшы Қанат Ислам, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің аға оқытушысы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері ақын Мұрат Шаймаран, «Жасыл әлем» демалыс орынының директоры, кәсіпкер Ермек Кеңесхан кесіп ақ тілектерін білдірді.

Мұрат Шаймаран:

Менің қуанып отырған жерім бұл кітапқа еліміздің ғана емес, әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақтың арасынан шыққан спортшылар кіргені. Бұл әрбір үйдің кітап сөресінде тұруға тиіс, өйткені осы спортшылардың жетістіктерін оқыған бала осыларға қарап талпынып өседі. Қазақ спортына, қазақ руханиятына осындай үлкен дүние ұсынғаны үшін Дәурен бауырымызға алғыс айтуымыз керек.

Ермек Кеңесхан:

Бұл кешегі Қажымұқан атамыздан бүгінгі Қанат бауырымызға дейінгі тарландарымыздың жетістіктерін қамтыған үлкен дүние. Мұны ертең мектеп оқулығына да енгізуге болады. Дәуреннің осы еңбегі үшін бұл азаматқа бір тұлпар мінгіземін.

Қанат Ислам:

Дәурен бауырымыздың қаншама көз майын тауысып жасаған бұл дүниесі үлкен еңбек, үлкен ерлік. Намыс пен батырлық рингте жүрген бізге ғана тән емес, ол әр қазақтың бойында болуы тиіс, мейлі ол спортта, бизнесте әлде билікте жүрсін. Алла бұйырса бұл кітапты ары қарай нәсихаттауға атсалысамыз деп ойлаймын. 

Құрастырушы-автор бұл еңбекті жинақтау үшін 8 жылға жуық уақыт кеткендігін, бірнеше елде болып кейбір спортшылармен тілдесіп, сұхбаттасқанын  тілге тиек етті. 

«Кітапқа қазақтың күш атасы атанған Қажымұқан Мұңайтпасұлы, ең алғаш олимпиадаға қатысқан Моңғолиядағы желаяқ апамыз Алданыш Рамазанқызы, ең алғашқы олимпиада чемпионы Өзбекстандық қазақ Әлжан Жармұхаммед, ішегін сүйретіп жүріп алыппен алысқан Қытайдағы қазақ палуаны Серік Қожабайұлы бастаған шетелдегі 150-ге жуық тарлан спортшы, бұрынғы Кеңес одағы мен бүгінгі Тәуелсіз Қазақстаннан әлемдік, олимпиадалық додаларда топ жарған спортшыларды негіз еткен 350-ден астам, жалпы 16 мемлекеттен 500 қазақ спортшыларының дерегін топтадық. Ең алғаш бұл кітаптың бастамасын 2016 жылы «Қытайдағы қазақ спортшылары» деген атпен қазақ елінде шағын кітапша етіп шығарумен бастап едім. Кейін бұл үрдіс Моңғолияда екі рет шығармашылық сапарда болып, ол жақтағы қандас спортшыларды да өз алдына шағын жинақ етіп дайындаумен жалғасты. Ары қарай дерек іздеп, Өзбекстан, Қырғызстанға барып қайттым. Соңында Қазақстан спортшыларын да қосып, әлемдегі барлығы болмаса да біраз қазақ спортшыларын бір «шаңырақ» астына жинап-топтап, міне, бүгін өздеріңізге «САҢЛАҚ» деген атпен ұсынып отырмын» деп ағынан жарылды.

Әрине бұл осыншама ғана қазақ спортшысы бар дегенді білдірмесе керек. Бұл туралы Дәурен Бақытқажыұлы «Кейбір мүмкіндіктің шектілігіне байланысты әлі де талай тұлғалар осы топтамадан тыс қалды. Сол үшін есімі еленбей емес, енбей қалған қалған саңлақтардан кешірім сұраймын. Келесі кезеңде осы олқылықтың орны толады-ау деген ойдамын. Ол енді алдағы күннің еншісінде» дейді. Кітаптың тұсаукесерін алдағы күндерде Астана қаласында, Өзбекстанның, Моңғолия мемілекеттерінде өткізуге ұсыныстар келіп жатқандығын айтады.

Құрастырушы-автор Дәурен Бақытхажыұлы – 1989 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Қазірге дейін 6 кітаптың авторы. Шыңжаң Қазақ мәдениет қоғамының және әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің мүшесі.

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында зауыт жұмысшысы зауыттағы бетон араластырғышқа құлап, қайтыс болды, деп хабарла...