ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВ (05.01.1916 – 30.06.2004) – ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші,...
Димекең ерекше қадірлеген азамат
Сөз зергері, журналист, жазушы, баспагер Серік Әбдірайымұлының дүниеден өткеніне он жылға жуықтап қалды. Көзі тірі болса биыл сексенге толар еді... «Мен – «Жас Алаштың» қазанында қайнаған азаматпын. Бұл басылым маған ыстық. Тұңғыш еңбек жолым осы газетте басталған», деп Серік жастар басылымын аузынан тастамай отыратын-ды.
Қазақтың біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаев зейнетке шыққан соң жұрт маңайламай үрке жүргенде Серік Әбдірайымұлы бел буып, қайраткердің қасынан бір елі шықпай, сөзін тыңдап қағазға түсірумен болды. Димекең елу жыл бірге ғұмыр кешкен жары Зухра апамыздың қолынан дәм татты. Дастарқанына шақырып, батасын алды. 108 сұрақ әзірлеп, Димекеңнен алған сұхбаты кезінде оқырман ықыласын туғызды. «Елу жыл ел ағасы», «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты екі бірдей естелік эссе жазды. Димекең қос кітапты сүйсіне оқып, Серікке алғыс жаудырды.
Сонау 86-ның Желтоқсаны ызғар шашып тұрған шақ. Екінің бірі бір-біріне үрке қарайтын кез. Қазақтың біртуар перзенті Д.Қонаев абыройын өсек-аяңмен көлегейлеп, шалғайынан тарта бастаған сәтте Серік азаматтық танытып, уайым-қайғысын сейілтті. Дүниеден өткенше араласып, 1993 жылдан Д.Қонаев қорының вице-президенті болды. Серік ғұмырында ешкімге қол жайған жоқ, мұң-мұқтажын айтпады. Қырық жылға жуық тас үйде отырып ұрпақ өсірді, немере сүйді. Бірде Димаш ағаны «отбасымнан дәм татыңыз» деп пәтеріне шақырды. Артық дүние жоқ, жағалай кітап толы үйге қайран қалған Димекең екеуінің арасындағы сөз мынау:
– Қарағым-ай, кезінде үйді де өзгертуге ықылас білдірмеген екенсің.
– Димеке, осы үйде өніп, осы үйде бала сүйдім...
Бір күні Димекең Серікке былай дейді:
– Қарағым Серікжан, қолың бос болса біздің үйге соғып кет.
– Жарайды, Димеке!
Сол бір кездесу Серіктің өміріндегі ең бір ұмытылмас оқиға болды.
– Қарағым, үйіңді көрдім. Артық дүние-мүлік жоқ екен. Неткен көңілің жаз, жүрегің таза азаматсың. Маған бір азамат «Жигули» сыйлап еді, соны саған ұсынғым бар. Кілтін ал!
– Жоқ, Димеке, алмаймын. Арамызда дүние жүрмеу керек. Дүние жүрген соң сыйластыққа қаяу түседі, әңгіме-сөз өрбиді. Ықыласыңызға мәңгі бақи ризамын. Мен алдым, міндім дейін!
Димекең көндіре алмайды. Аң-таң күй кешеді. «Бұл неткен азамат. Пәтері анау, көлігі жоқ. Тегінде бұл азаматта бір қасиет болды ғой», деп ой түйді.
Димекең көп толғанды. «Ә, бұл бала «Жигулиді» олқысынған болар. Бір сыйлас таяуда мініңіз деп бір «Волганы» сыйға тартып еді, соны Серікке ұсынайын, қолымды қақпас, бұл «Волга» ғой...»
Димекең Серікті тағы шақырды. Дастарқанда ұзақ әңгіменің тиегін ағытады.
«Қарағым, бір «Волга» мінгізгім бар. Естелік кітабым тамаша шықты. Ағаңның «Волгасын» жүйіткіт!»
«Алмаймын, Димеке, біздің сыйластығымыз «Жигули», «Волгадан» артық. Пейіліңізге рахмет!»
Димекең бұл жолы да көндіре алмай, Серікті қолтықтап, бетінен сүйіп шығарып салды. «Бұл неткен ғажап азамат!» деп талай жерде төгіле әңгімелегені бар.
Міне, қатарластары, сыйластары жақсы білетін Серік осындай азамат еді. Бәлкім, ойы жұтаң, дүниеқоңыз біреу болса жата-жастанып сыйлаған «Волганы» алмасына кім кепіл? Серік оған бармай, таза тектілік танытты.
Сол Серік «Жас Алашта» бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Өнер», «Санат» баспаларында директор, университетте ұстаз болды. «Нұрғиса», «Қазақстандықтар – Брест қаһармандары», т.б. кітаптардың авторы. Аудармамен айналысты, түрік жазушысы О.Кемалдың «Тұңғиықта» романын, Ф.Шаляпиннің «Перде жамылған пенде» повесін тәржімелеп, қонаевтануға түрен салды.
«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, жігіт күнінде Серік мойылдай қап-қара шашы иығына түсетін, бойшаң еді. Қатарласа тұрғанда биіктігіне таңырқай көз тастайтынмын. Шаршы топта шешен, қатарластары ортасында көсем-тін. Қамшы салдырмайтын сәйгүліктей додалы жерде сөйлегенде, шыбын ызыңы естілмейтін, бойынан тер шығып, таза су татыған сәтте Қобыландының Тайбурылындай тұнба суға қаныққандай маржан сөздердің қабырғасын сөгіп, буырқанып төгіп, тауып сөйлейтін, ой орамына таңдай қақпайтын адам болмайтын. Иә, шипасыз дертке дауа табылмады. Асқар тау ағасы Жарылқасын келіні Шәрбанды қасынан қалдырмай емші дәрігерді жыл бойы сүзіп шықты. Бішкек, Филиппиннің сен тұр мен атайын деген дәрігерлеріне дейін көрсетті...
Ағайынды қос азамат Жамбыл облысы Талас ауданының етегіндегі Үшарал ауылында, алдымен – Жарылқасын, сонан соң сұрапыл соғыс қайнап тұрған 1943 жылдың мамырында Серік дүниеге келді. Бірі онға, бірі бес-алтыға жетпей әкесі дүниеден озды. Екі бірдей анасы – Дүрия мен Айжан қос балдырғанды қиналыспен өсірді. Масақ терді, арық қазды. Екі баланы үйге тастап, ұжымшардың сан алуан шаруасына кетуші еді. Бірде Серік көзі қарауытып, есік алдындағы ошаққа түсіп кетті. Оң қолынан саусақтары күйіп, қарны қызылошаққа пісіп қалды. Ақылынан адасқан Дүрия әже шыр-пыры шыққан Серігін 17 шақырым жердегі дәрігерге арқалап жеткізді. Тұрмыс тауқыметіне қарамай, мектеп есігін ашқан-ды. Сол Дүрия мен Айжан әже екеуі де жүзге жуықтап, қос ұлдың қызығын көріп дүниеден өтті... «Қос алып, жүз жасаған қос құдағи» атты эссем кезінде «Қазақ елі» газетіне жарияланды.
Әлі есімде, Серік «Жас Алашта» қызмет істеп жүргенде іссапармен Қызылордаға келді. Сірә түн іші болса керек, қонақүйге жайғасқаны туралы хабар келді.
– Ой, құданы қонақүйге жатқызғанымыз қалай? – деп әкем шекпенін киіп, түн ішінде қонақүйден таксилетіп алып келгені бар. Серік соны жыр етіп айтатын-ды.
Журналист Серік Әбдірайымұлы сыйласым әрі сырласым еді. Жастық шағының қиындықпен өткенін жиі әңгімелейтін. Сол Серік нағыз кемел шағында ажал тырнағына ілініп, бақи дүниеге аттанып кетті.
...Бүгін он жетінші күн. Серік мүлдем қозғалудан қалды. Ажал шіркін жақындағанда тіс қақсайды екен. Әлсіз саусақпен тісін сипаумен болды. Атың өшкір шипасыз дерт соңғы сағаттарда қинағаны да жанымызға батты. Қиналған сәтінде жанында туған балдызы Қуаныш та болыпты. Секеңнің адамшылығын айтсаңызшы:
– Еңбегімді ақтадың, Қуанышым! Жаным сәл-пәл жай тапты ғой... Серік көз шырымын алды. Түс ауа басын жастықтан көтеріп, аманат-өсиетін жалғастырды. Айтылмаған әңгіме қалмады. Соңғы сағат екен, таңғы төртте көз жұмды.
Жарылқасын жанары жарқырап жатқан сүйікті Серігінен айырылды. Көзін жапты. Көкірек қарс айырылды. Лезде отбасы азан-қазан болды да қалды. Таңсәріден шұбырған дос-жаран ағайыннан жер қайысты.
Ажалдың жақындай түскенін сезді ме, ұялы телефон арқылы дос-жарандарына жазбаша хабарды жиілетті. Журналист Қалдарбек Найманбаевтың көп шапағатын, жылы шуағын көріп едім, зайыбы Диляраға хабар жолдайыншы деп төсегінен тұрды.
– Сәлеметсіз бе, жеңеше. Мені ажал жеңуге айналды. Кездескенше сау болыңызшы, Серік!
Бұл хабарды естіген бойда Диляраның жаны шарқ ұрып, жан-жаққа телефон соқты. Ағасы Жарылқасынның зайыбы Қайыркүл телефон көтерді.
– Қалқам-ау, Серіктен хабар келді. Қоштасу хаты ғой бұл, – деп ағыл-тегіл өксіді... Диляра да тілі күрмеліп, көз жасына ерік берді... Айтқанындай-ақ, бұл Серіктің соңғы қоштасуы еді.
Бәрі есімізде. Серік дүние салған күннің ертеңіне Астанадан қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков зайыбымен келді. Төрде қинала отырып, былай деді:
– Ой, Алла-ай, қарға мен тасбақаға ұзақ ғұмыр бергенде Серікжаныма мол жасты да қимадың-ау...
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Нұрлан Оразалин толғаныспен сөйледі, азаматтығын, тұлғасын көкірегі қарс айырыла айтты. Ақын Иран-Ғайып, жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы, тағы басқалар кеудесін ақтара күлетін азаматты ұмыта алмаспыз деп бірі өлеңін, бірі қарасөзді нөсерлетті.
Серікпен қоштасар сәт Алматының «Жұлдыз» дәмханасында өтті... «Кеңсайдағы» зират басына жиналған қарақұрым халықта есеп жоқ, жер қайысты. Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, өнер саңлағы А.Әшімов, журналист-ғалым Ә.Ыдырысов, ақын А.Асылбеков, Байзақ ауданының әкімі Б.Құлекеев, ғылым докторы Т.Қожамқұлов Серік жайында төгіле, көздерінен жас ала сөйлегенде, дүйім жұрт теңселіп кетті...
Серіктің қазасына бүкіл қазақ баспасөзі, теледидар көңіл айтты. «Егемен Қазақстан» газетінде академик Серік Қирабаев «ойы да, бойы да биік азамат еді» деп күйзеліс білдірді. Жасалаштықтар «Өмірден кім өткенін білесіз бе?» айдарымен бірінші бетке қабырғасы қайысқан оқырман пейілін жеткізді. Ал «Айқын» газеті «Жүрегі қазақ деп соққан азамат еді» деп топтама арнады.
Асылы, адам мықты ғой. Сабыр мен шүкіршілік мұндайда қуаттандырады. Серік шаңырағы тамырсыз емес. Ағасы Жарылқасын – ел ағасы, інісі Бақытжан – заңгер, ұлы Қалижан – кәсіпкер, Ернар, Гүлнар, Гүлмира бір-бір шаңыраққа ие. Үлкен еменнің жапырағындай немерелер өсіп келеді. Орталарында ақыл-ой анасы Шәрбан тұрғанда, көрер қызықпен өмір жалғассын деген тілек бар.
Серік марқұм жан досы Ақселеудің қазасын өте ауыр қабылдады. «Ой, Ақселеу-ай!» деп күңіренді, күйзелді. Жаны жайсаң Серік Ақселеудің «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қанбады» деген көктасқа ойылып жазылған аманат сөзін естімей кетті...
Ой, тағдыр-ай, кейінгі қазақтың бір пантеоны – «Кеңсайдың» оңтүстік беткейіндегі алақандай жерде Серік жатыр.
Секең жарықтықты сапарға шығарып, «Алматы-Ақтөбе» пойызының купесіне отырдым. Көзім ілініп кетіпті. «Кеңсайдың» төрінен төрт-бес адам келе жатыр. Жақындай келе бәрі айқын көрінді: Димаш аға орталарында, Серікті қолтықтап алған. «Менің Әуезовімді» тамылжыта айтып, Зекең-Зейнолла Қабдолов төгілтіп келеді. Бір бүйірде Серіктің ұстазы Темірбек Қожекеев емтихан алатын адамдай «менен оңайлықпен құтылмайсыңдар» деп қояды. Зейнолла Қабдолов гүл өсіріп, су құйып жүр. Серіктің үстінде ақ костюм, ақ шалбар, жүзі нұрланып, қатарларынан биік тұрғандай тәрізді. Оянып кеттім, түсім екен. «Жаның жаннатта болғай, ардақтым-ай!» деп кәлима қайтарып, жақсыға жорыдым. Қолыма қалам алып едім, бір шумақ өлең оралды.
«Ізгілік ойлап пендеге,
Нұр құйылған кеудеңе.
Ағып түсті бір жұлдыз,
Кездесіп ажал кермеге!»
Иә, енді Серікті іздеп те, сағынып та жүрміз. Оның төгілте сөйлейтін сөзі енді құлаққа естілмейді. Бірақ қалдырған өшпес мұрасы жыл өткен сайын жаңғырып, одан әрі жарқырай түспек.
Тағы бір эпизод. 2006 жылы жаз айында ұлымыз Бағдат Жанарға үйленді. Той қаладағы «Бәйтеректе» басталды. Алматыдан Серіктің ағасы Жарылқасын, жеңгесі Қайыркүл, Серік келді. Серік тамылжыта сөйледі. Жас жұбайларға өзі жазған Д.Қонаев туралы «Елу жыл – ел ағасы» атты кітапты сыйға тартты. Сол кітап әлі үйде тұр. Парақтап оқимын. Сөз құдіреті осы кітапта өрнектелген. Содан той біткен соң үйге оралып, түні бойы сырластық, журналистік кәсіп, замандастары Кәдірбек, Оралхан, Ақселеу, Бексұлтан, Қуанышбай жайында төгілте әңгіме айтты. «Әкесіз жетімдер» жайында, Қалдарбек, Сейдахметтер туралы майын тамыза сөз қозғады. Шерхан аға туралы сыр ағытты. Көкірегі тұнып тұрған шежіре, шешен, көп білетін Серікке таңғалдым, тамсандым.
– Бәрі дұрыс, әңгімең тамаша, есте қаларлық. Менің риза болғаным сондай, бұл – болашақта жазылар дастан! – деп, Серікті биікке көтеріп тастадым.
– Ал, Серік, Димекең жайында әңгіме айтшы. Адам түгіл ат үркер кезде Димекеңнің қасында болғаныңызға, батылдығыңызға қайранмын. Біреулер ізіңізге түспей ме дегендей пейіл байқаттым.
– Нар тәуекел! Бел буып, Димекеңнің қасында жүрдім. Бірнеше естелік жаздым, оқыған боларсыз. Естеліктен әлі де қалып қойған жайлар бар болар, әңгімені содан қозғайын, Қайреке!
Әңгімені одан әрі өрбіттік. Содан су төгілмес жорға Серік Димекең туралы әңгімені боратты.
– Қарағым, Серік мен, – деді Димекең 1927-1929 жылдардағы аққоян, көкқоян ашаршылығын, көшеде, ауылда аштан өлген жандарды көрдім. 1931 жылы, яғни бұл кезде Мәскеуде түсті металл және алтын институтының студенті едім. Оқу бітірдім, Қоңырат кенішінде цех бастығынан директорлыққа көтерілдім.
– Димеке, талай жайсаң жандарды көрдіңіз ғой?
– Қарағым, Серік, несін айтасың, Ахмет Байтұрсынұлының сөзін тыңдадым, Мағжан, Міржақып өлеңдерін жатқа айтып өстік. Қайран Мағжан!
– Димеке, өміріңізде қиянаттар болды деп ойлайсыз ба?
– Қиянат көп болды. Хрущев пен Горбачев, Колбин тұсында талай әділетсіздік өрбіді. Қызметтен босап, Н.Юсупов орныма келді. Тағы да қудалау, жерді басқа республикаға беру басталды. Дүниені бүтіндейтін де, бүлдіретін де сөз. Халық – алтын діңгек, біздер кетеміз, «ер тамыры елде, ел тамыры жерде» деген бар, – деді Димекең.
Сәлден соң Серіктің әңгімесі Димекеңнің сүйікті жары Зухра Шәріпқызына ойысты. Димекең көзіне жас алды.
– Ғажап адам. Ол кісімен елу жыл, екі ай, екі күн өмір сүрдім. Ала жіп аттамаған, дүниеге қызықпаған нағыз бекзат ана ғой ол!...
– Димекеңнің ата-тегін білесіз бе, Серік?
– Ұлы жүз Үйсін Бәйдібек бабаның екінші әйелі Зеріп анамыздан туған Жәлменбеттің Ысты деген бел баласынан. Димекең үкімет басына 1942 жылдың басынан бергі мерзімді есептемесек, зейнетке шыққанша қырық жыл сегіз ай басқарған, жиырма бес жыл бірінші хатшы болған. Қырық үш қала салдырған нар тұлға.
Серікпен әңгіме түн бойы таусылмады.
Дүние шіркін өтіп жатыр. Артында өнегелі ұл-қыз, өрелі мұра қалды. Өзі дәріс берген аудиторияларда «Серік Әбдірайымұлы аудиториясы» ашық тұр.
Кіндік қаны тамған Үшарал Серіксіз тұнжырап тұр. Тай-құлындай тебіскен құрбы, анасы арқалаған жер, атасы шарлаған құтты қоныс, Үшарал Серікті іздеп тұр. Бар-жоғы 67 жыл ғұмыр кешті.
Серіктің туған ағасы Жарылқасынның Алматыда тұрғанына елу жылға жуықтады. Қазір зейнеткер, ауласында сан түрлі жеміс өседі, білікті бағбан.
Жарылқасын күн құрғатпай «Кеңсайға» тартады.
Серікті сағынады. Сол сағыныштан туған болар, Серік зиратына жағалай 32 түп қайың-шырша өсірді. Қазір бір кездегі тал шыбық аспанмен таласа өсіп тұр. Бейітіне жағалай орындық жасалған. Тағы бір ғажапты көріңіз. Жарылқасын қайың-шыршаны отырғызар алдында жер табанына түгелдей тас төсеп шыққан. Неге? Шыбық тамырлары жер астына қарай емес, жайыла өссін деген ниет. О, құдірет! Сол тамырлар қазір әудем жердегі Димекең, Нұрғиса, Серіктің сүйікті ұстаздары Қожакеев, Қабдоловтар жатқан жерге қарай жол салып, тамырларын жайып бара жатқан секілді. Серік бейне бір сол тамырларға жан беріп жатқан бағбанға ұқсайды. Міне, ғажап!
Жарылқасын бауыры Серікті іздейді. Қазір «Кеңсайдың» баурайындағы Жарылқасын өсірген Алатаумен жарыса өскен қайың, шырша топырақтан нәр алып, Серіктің өмірін одан әрі жалғастырып тұрғандай.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
egemen.kz