2023 жылдың 28 сәуірінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде тарих ғылымдарының кандидаты, қару зерттеуші-этнограф, суретші Қалиолла Ахметжанның «Қазақ батырларының қару-жарағы» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің мақсаты – көрермендерді суретші және қару зертеуші Қ.С. Ахметжанның көркемдік және ғылыми шығармашылығымен, оның шығармашылық еңбегінің соңғы жылдарында жасалған ғылыми-көркем туындылармен таныстыру, өскелең ұрпақ бойында патриоттық рух қалыптастыра отырып, дәріптеу әрі насихаттау.
Көрмеге қазақтың даңқты батырлары Бөгенбай батырдың дулығасы, Қабанбай батырдың шарайнасы, Арыстан сұлтанның қалқаны, шарайнасы мен найзасы, Жанқожа батырдың селебесі және т.б. халқымыздың қару-жарақ түрлері қойылды. Сонымен қатар, сақ, сармат, түркі, кангюй, оғыз, монғол, қазақ жауынгерлерінің XVIII-XIX ғғ. қару–жарақтарының археологиялық, музейлік және иконографиялық материалдар бойынша жасалған ғылыми реконструкциялары көрмеленді.
Сондай-ақ Қ. Ахметжанның этнографиялық зерттеуші ретінде жазған «Жараған темір кигендер», «Боевые шлемы казахов», «Қазақтың дәстүрлі қару–жарақтарының этнографиясы» /қазақ және орыс тілдерінде/, «Воинские доспехи казахов», «Қазақтың атты қаруларының тарихы» атты кітаптары көрмеде орын алды.
Көрмеге қойылған картиналарда өз шығармашылығында ғасырларды тоғыстырған Қ. Ахметжан қазақ бейнелеу өнерінде де қолтаңбасын қалдырып қазақтың тарихын, мәдениетін бір ғана қылқалам ұшымен қайта тірілтті.
Ашылу салтанатына келген зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар суретшіні көрменің ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Еуразия дизайнерлер одағының төрағасы, «Құрмет» орденінің кавалері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Асылханов Ермек Сабырұлы Қ.Ахметжанды Қазақстандағы металл өңдеудегі екінші орындағы маман деп танып, дизайнерлер одағы атынан арнайы төсбелгімен марапаттады.
Ғалым, археолог Зейнолла Самашев суретшінің еңбегіне тоқтала келе, Қалиолла Ахметжанның дәстүрімізді насихаттаудағы еңбегіне жоғары баға барді.
«Зерттеушілік еңбегінің ерекшелігі сол - жасаған дүниелерін ғалымдық көзқараспен, айнытпай жасауы. Қалиолла Ахметжанның еңбектері Қазақстан бойынша барлық тарихи музейлерде сақталып, осылайша зерртеуші музейлердің дамуына үлкен үлес қосты», - деп атап өтті З. Самашев.
Көрмеде өз елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі жаугершілік жағдайда қорғауға мәжбүр болған қазақ батырларының жауынгерлік қару-жарағының бірнеше мыңжылдықты қамтитын даму тарихы көрсетілді. Толық зерттеуді қажет ететін тарихтағы батырлардың киім-кешектері, қару-жарақ атаулары көрермендерге дәріптелді.
Экспозицияны Ұлттық музейдің 6-қабатындағы Уақытша көрме залынан тамашалауға болады. Көрме 2023 жылдың 12 маусымына дейін жалғасады.