ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БҮТІН БОЛМЫСЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДАН БАСТАУ АЛАДЫ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
3709

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ

Ғұламасыз халық жоқ, данасыз ел жоқ... 

Ғұламаны өмірге келтірген халық пен мемлекетке, немесе, ұлтқа ғұлама даңқы абырой-атақ үшін қажет емес. Даналар  қашанда халқына үлгі-өнеге, рухани бағдар.  Даналары мен ғұламалары танылған халықтарға интелектуалдық әлеуетін өсіруге мүмкіндік ашылады. Даналығы бар халық мәдени және рухани тұрғыда кемел жұрт қатарына қосылады. Олар даналарының даңқы ұлт мақтанышын оятады дейді. Өз кезегінде - ұлттық мақтаныш халық пен ұлтты ұйыстыруға әкеледі, одан қалды, ұлттық намысқа қалқан болады деп сенеді. Сондықтан, әр халық даналарының даңқы халық игілігіне айналса деп армандайды, оған үнемі ұмтылады. Қажет болса - күреседі. Бұл − ұлттық маңызы бар мәселе. 

Ал, кейбір жағдайларда ұлттың даналық қағидалары саяси-әлеуметтік сипатқа ие болып, халық өз ұлыларының өсиеттеріне негізделген әлеуметтік орта және өз мемлекетін құруға қол жеткізеді. Сөйтіп, ізгілікті қоғам бастаулары − адамгершілік, бостандық, тәуелсіздік және тағы басқа құндылықтар жаңғырып −  қарқынды дамуға бет алады... 

Мысалы, Үндi халқының кемеңгері Мхатма Гандидiң өсиеттерi тәуелсіз Үндiстанды тудырды. Ал, бүгінде, Үндістан алып мемлекетке айналды.  Сондықтан, әрбір елге «даналарын дәріптеу» − рухани өрлеуден бөтен − ұлттық дамуға негіз десе болады.  Себебі, өрлейтін халық өзінің ұлттық тамырын іздейді. Сол арқылы өзінің ұлттық болмысын анықтайды. 

Қоғам мен мемлекет, осылайша, өзіне ғана тән ұлттық кодын сақтауға ден қойса − оның барлық ісі оңға бұрылып, мемлекет пен халықтың әрекеті бір арнаға тоғысады. Сөйтіп,  қоғам мен оның мемлекеті үйлесімді тұрақтылыққа қол жеткізеді.

Егер мемлекеттік дамуда осы заңдылық іске қосылса, онда  мемлекетте қоғамдық сананың және оның басты атрибуттары – ғылым мен білімнің, мәдениеттің, өркениетті қатынастардың, заңның ролі артады. Соған байланысты, ондай мемлекетте рухани құндылықтар, адам капиталы, жалпы айтқанда – саналылық мемлекет дамуының шешуші факторына айнала бастайды. Руханиятқа және озық технологияға  сұраныс артқан сайын мемлекеттегі әрбір азаматтың «азаматтық сапасы» да еселеп арта беретінін айрықша атап өтуіміз керек... 

Алайда, бұл айтылғандай сара жолға түсу оңай емес. Өйткені, мұның бәрі де мемлекет билігінің саяси көрегендігімен және билік жүйесі және қоғамдағы қалыптасқан адамгершілік қатынастардың берік орнығуымен жалғасып, ол, өз кезегінде, ескірген кертартпа дәстүрлерден арылумен және қоғамның үнемі жаңарып отыруымен ұштасуы тиіс. Бұл – әр мемлекет үшін жазылмаған аксиома!  

Бұл туралы ақпаратты Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында жариялады. Онда ол алғаш рет ауқымды түрде «біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымызды және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетінімізді» ортаға салып, ол туралы түбегейлі ойларды талқылап отыру мәденеиеті қажет екенін ескертті. Мұндағы ескеретін мәселе − Елбасының көпұлтты Қазақстан жағдайында «қазақстандық біртектілік» мәселесін көтеруі. 

Әрине, бұл сөз тіркесін қазақ ұлтшылдары үрке қабылдағанын жасырмаймыз. Оның өз себебі бар − ұлтшыл патриоттар осыдан ондаған жыл бұрын орын алған «қазақстандық ұлт» мәселесін әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кездері олар Қазақстан Конституциясында жазылған «унитарлы мемлекет» ұғымын алға тарта отырып,  ұлт атын сақтап қалуға барын салған еді... 

Одан бері жағдай түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Оның ең бастысы деп демографиялық өзгерістерді айтамыз − қазіргі Қазақстанда қазақ халқының саны 70%-дан асып жығылып, еліміз заңдық нормалар тұрғысынан ғана емес, халықаралық демографиялық нормалар тұрғысынан да унитарлы мемлекет ретінде қалыптасу кезеңіне көшті. Бұл процесс енді кері қайтпайды. Міне, осындай жағдайдағы «қазақстандық біртектілік» ұғымы енді ешқашан «қазақстандық ұлт» ұғымымен сәйкес бола алмайды. 

Сондықтан, кім көрінгеннен алған үлгі бізге үлгі емес. Мәселен, әлемдегі дамыған елдердің басым бөлігі унитарлы мемлекеттер. Алайда, ол елдердің бәрінде «ұлттық біртектілік» дегеніміз белгілі бір құндылықтарға сүйеніп, сол негізде қалыптасады. Оның қандай құндылықтар екені бәрімізге белгілі, ол – сол мемлекетті құраушы халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі, заңы, тарихы және т.б. Мысалы, франсуздың ұлы футболшысы Зейнаддин Зиданның түп атасы араб болғанымен, оны бүкіл әлем «франсуз» деп қабылдайды. Мұндай мысалдар жеткілікті. Ендеше, дәл қазіргі жағдайда Елбасы атап өткен «қазақстандық біртектілік» ұғымының астарын қазақ ұлтының құндылықтары құрайтыны анық. Басқаша болуы мүмкін емес.  Бірақ, соған қарамастан, Елбасы өзінің алғашқы мақаласында «құндылықтар» жөнінде өзінің  нақты пікірлерін ашып айтпады. Неге? Біздің ойымызша, ол  саясаткер ретінде бұл мәселені талқылауды қоғамның өзіне қалдырғанды жөн көрген сыңайлы... 

Мүмкін, Елбасы осы мәселені қоғамдық дискуссияға салу арқылы, мақаладағы астарлы түрде айтылған «ұлттық код» ұғымын халықтың «қара қазанынан» қайнап шығуын көздеген болар? Ол сондай үмітте болды ма екен... Әрине, бұл біздің болжам ғана! 

Дегенмен, шындықты айтпаса болмайды. Оны айтсақ, біздің зиялы қауым Елбасы бастамасын шынайы патриоттық-ұлттық деңгейде және саналы түрде жалғастырып кетуге шамалары жетпеді дейміз. Себебі, қоғамда ұлттық болмыстың «тұлғалық бейнесін» іздеуден гөрі, Елбасы айтқан «ұлттық кодттың» мағынасын талқылау  жаппай орын алды. Біреулер оны «ана тіліміз» десе, біреулер «ұлттық ойындарды», жекелеген салт-дәстүрлерді «код» қатарына жатқызумен болды. Шын мәнісінде, тіл мен мәдениет, дәстүр мен дүниетаным «ұлттық кодтың» ажырамас құрамдас бөліктері ғана болып табылады. Оларсыз гендік тұрғыдағы ұлт кодын қалыптастыру да еш мүмкін емес. Өйткені, ондай құндылықтар − қазақ қанына сіңген, қазақ жанының өзегін құрайтын киелі қасиеттер! Оны ұмыту – өзіңді өзің ұмытумен бірдей!  Бірақ, шынын айтсақ, қазіргі қазақ зиялылығы осыны ашық мойындаудың орнына, жасықтық танытты. 

Мен, әрине, мұндай секемшілдікті «құлдық сана» деп қабылдаудан аулақпын. Алайда, жағдайдың осылай өрбуіне бірнеше объективті себептер әсер еткені рас: ол – біздің ресми түрдегі «көпұлтты мемлекет» деген статусымыз. Зиялылар ұлттық кодты жоғарыда айтқан мағынада түсіндіруге аса құлықтылық танытпады. Оның бір себебі − Елбасының айтқан «ел бірлігінің тұтқасы − көпұлттылық» деген ұғымның қазақ ұлтына қатысты нақты ережесінің болмауы! Нәтижесінде, біз ұлттық көзқараста әр нәрсеге «аса сезімталдықпен» қарайтын жағдайға жеттік... Дегенмен, ондай «сезімталдықтын» арылу үшін әрбір зиялы алдымен өзіне «Елбасы мемлекет дамуына серпін беретін мәселені не себепті мақала ретінде ұсынды?» деген сұрақты қоюлары керек еді. Сонда мыналарды анықтауға қол жетеді:

Біріншіден, Елбасының әр сөзін атқарушы билік тарапынан «іске бастама» ретінде қабылдайтыны белгілі. Сондықтан ұлтаралық бірлік үшін нәзік бұл сұрақ «ақыл-кеңес алмасу» тұрғысында, яғни, бағдарлама емес, мақала ретінде ұсынылған. Ол алуан көзқарасты қоғам мен атқарушы билік тарапынан бірегей қолдау тауып, көтерілген мәселелер бағдарлама ретінде жүзеге асырыла бастады...

Екіншіден,  Қазақстанның татулық пен бірлікті нығайту тәжірибесіне көп елдер «көз тігіп» отырғаны жасырын емес. Міне, осындай жағдайда оны «мемлекеттік бағдарлама» ретінде қабылдау − кейбір сырт күштерді, ниеті таза еместерді «оятуы» ғажап емес еді. Ондай қадамға жол бермес үшін  мақала алдымен «халықтық талқылау» арнасына саналы түрде бағытталған болатын. 

Үшіншіден, одан өзге, бұл мақала мазмұнына тереңірек үңілсек, ол  мемлекет құруда маңызды мәселелерді қамтиды, олар:  а) мемлекет құрудағы халықтық жауапкершілік, әрі, ол жауапкершілік қазақ халқының мойнына жүктелетіндігі; ә) адами капиталды жетілдіру, әлемдік бәсекелестікке қабілетті ұлтты қалыптастыру, яғни – қазақ ұлтын қалыптастыру. Шынында да, маңайымызға қарайтын болсақ, онда, қазіргі заман талабына сай дамыған халықтар индустриялық ортаны, кәсіпкерлік пен инновацияны, жаңа технологияны дамытуда алға шығып жатыр. Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Бұл − сол елдердегі тиянақты жүргізілген «халықтың рухани потенциалын, күш-жігерін жаңа талаптарға бағыттау» саясатының жемісі. Сөйтіп, ол халықтар тарихи жаңа кезеңге іштей түлеп, жаңарып, оған үлкен дайындықпен келуде, әрі, заманмен бірге өздері де үздіксіз жетілуде. Яғни, басқаша айтсақ, дамуға бет алатын мемлекет бұл процесті ешқашан стихия жетегінде жібермеуі қажет. Жіберер болса − оны алда үлкен қателіктер күтіп тұрады. Өйткені, бәсекеге төтеп беруге қабілетті халықтар, ұлттар өз мемлекетінің дамуына деген жауапкершілікті мойнына толығымен жүктей алулары керек! Әлем «тобырдан» ештеңе күтуге болмайтынын әлдеқашан ұққан! Біз де ұғуға тиістіміз!

Төртіншіден, әрбір мемлекет нақты экономикалық және рухани-мәдени іргетасқа қаланады. Бірақ біз осы жағынан тұрақты даму қалыбына түсе алмадық. Тіптен, ұлттық құндылықтар сабақтастығын жалғастыруда «шаршай» бастағанымыз байқала бастады. Бірақ, еліміздегі қазақ халқының  демографиялық көрсеткіштерінің басымдығы − ұлттық мәдени-рухани құндылықтарды дамытудың өзектілігін артырды. Сондықтан, оны дер кезінде «жұмсақ» түрде шешіп отыру қажет. Болмаса, болашақта жағдай ушығып,  қоғамда бір-бірін түсінбейтін әлеуметтік орталар пайда болуы мүмкін. Ондай көріністердің алғашқы белгілері қазірдің өзінде үлкен мәселеге айнала  бастады. Бұның, әрине, тәуелсіз мемлекеттік дамуға кедергі болатыны анық. «Ауруын жасырған өлер» деген, ендеше, біз ұлт ретінде алдын ала өз таңдауымызды жасап, басымдықтарымызды айқындап алуымыз қажет.  Мәселен, қазіргі «көпұлттылық» жағдайында халықты біріктіретін, жұдырықтай жұмылдыратын ықпалды күштің ең қуатты тетігі – кәсіпкерлік. Кәсіпкерлік дамыған ортада мықты ұжым қалыптасады. Ол адам сапасын ұлтына, діни сеніміне емес, адамның кәсіби шеберлігіне және адами келбетіне қарап анықтайды. Өңірлерде кәсіпкерлік дамыған сайын, ғылым мен білімге, іскерлікке, ізденіс пен жаңашылдыққа сұраныс артады. Адамдардың кәсіби қабілеті артқан сайын өмір сапасы, белсенділігі артады. Нәтижесінде, олар өздері өмір сүрген ортаны өзгертеді. Яғни, тұрып жатқан «үйін» өміріне қолайлы етеді. Сөйтіп, бұл шара бүгінгі «әкімшілік жауапкершілік» шеңберінен шығып, «бүкілхалықтық бастамаға» айналады. Қазіргі жаппай айтылып, сәнге айналған «азаматтық қоғам» дегеніміздің өзі де осы! Бірақ, бұл қазақ халқының «жауапкершілігі» болуы тиіс! Міне, мақсаттың бар астары осы.

Әлемдік ғылыми айналымда, халықаралық саясат тәжірибесінде «бәсекелестікке қабілетті халық» деген ұғым бар. Бұл ұғым көп нәрсеге меңзейді. Осы жолда әкімшіліктер өз жауапкершілігі мен біліктілігін арттыру арқылы бел шешіп,  отаншыл-мемлекетшіл пиғылмен іске кіріссе − өздері жауапты аймақтарда көптеген жетістіктерге қол жеткізе алады. Мәселен, алдымен, ол үшін еліміздегі орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту картасында әрбір ауданның ерекшеліктері мен мүмкіндіктері, кадрларды даярлау мәселесі, мамандыққа бағыттау жобалары халыққа мейлінше түсінікті және қолжетімді болғаны жөн. Бұған көмек ретінде кәсіпті дамытудың методикалық негіздерін және оның өңірлік сұранысы мен талаптарын анықтап алсақ − іс қазірге қарағанда әлдеқайда ілгері басады. Себебі, елімізге алыс-жақын шамада қажет болатын кәсіпкерлік түрлерін, өндіріс орындарын, оған қабілетті бизнестік ортаны қалыптастыруды мемлекеттік тұрғыда анықтау, оның перспективасын мемлекеттік мүддеге сай түзу − тек мемлекеттік органдардың әлеуетінде. Осы бағытта барлық мемлекеттік құрылымдар өз жұмыстарын өзара және халықпен жан-жақты үйлестіріп отырғандары абзал. Әзірге ондай үрдіс байқалмайды. Әр облыс әкімдігі көбіне-көп «өз қотырын өзі қасумен» шектелуде. Сондықтан, ең алдымен, әкімқаралар қазақ халқының дербес ұлт ретінде жаңа сапалық сатыға көтерілуі шегеруге жатпайтын шұғыл шара екенін жан-дүниесімен қабылдаулары керек! Өйткені, «ұлт тұтастығы» мемлекеттің «экономикалық тұтастығымен» бір қатарда болуы аса маңызды! Оған қол жеткізе алмасақ − рулық-жүздік трайбализм мен рухани-діни-мәдени ыдырау өтінде қала беретін боламыз.

Елбасы келесі мақаласында «Ұлы даланың жеті қыры» концепциясын ұсынды. Бір есептен, бұл мақала қазақ зиялылығының абыройын сақтап қалды десе болады. Өйткені, олардың әртүрлі себептермен айта алмағанын Елбасының өзі айтып берді. Сөйтіп, 2011 жылдары айтылып, одан кейін ұмытыла бастаған «Қазақ тарихын тұтас тану» идеясы қайта жанданды. Әрине, бұл өте қуанышты жағдай − тек өз тарихын тұтас таныған халықта ғана «ұлымемлекеттік кеуде» болады! Ал орта жолдан басталатын «қуыскеуде» тарихта ол жоқ. Сол себепті, қазір зиялы қауымның алдында сылдыр сөзден нақты істерге көшетін уақыт жетті: арғы тегіміз − сақтардың батырлық дәуірін және ол заманның алып тұлғаларын бейнелейтін өнер туындылары, кітаптар, мультфильмдер жасалуы керек. Басқаша айтқанда, бүгінде біз бәріміз мақтанышпен айтатын Сақтардан бастап мұндаға дейін елін қорғап, қазірге бізді жеткізген батырларды, ұлы тұлғаларды, қазақ жауынгерлерінің «тұлғалық бейнесін» қайта жаңғыртуымыз керек... Осыған өз үлесімді қосайын деп, жуырда мен де ат спорты көпсайысының жаңа түрін ойлап таптым. Енді, «құрғақ қасық ауыз жыртады» демесін деп, осыны сіздердің назарға ұсынайын:  

 «САҚТАРДЫҢ ЖАУЫНГЕРЛІК ЖОРЫҒЫ» ат спорты көпсайысы

Бұл ат ойынының жаңа түрі. Мұнда ғасырлар бойы Ұлы даланы дүбірлеткен ата-бабалардың жауынгерлік ерлігін паш ету көзделген. Тарихта «Кентавр» деген аңыз атқа ие болған, ежелгі Сақ жауынгерлерінің жорық сәттері жарыс барысында толық қамтылады. 

Жарыстың мақсаттары:

І. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының мазмұнын спорттық шоу түрі арқылы дәріптеу, насихаттау. 

ІІ. Жастарды батырлық рухта және ұлттық болмыста тәрбиелеу, халқымыздың ұлы тарихына патриоттық және философиялық көзқарасты қалыптастыру; 

ІІІ. Салауатты өмір салтын қалыптастыру;

IV. Ұлттық мәдениетті және қолданбалы өнер түрлерін дамытуға серпін беру (қару-жарақ және құрал-саймандар жасауды дамыту);

V. Елімізге шет ел туристерін тартуға ықпал ету

Эстафеталық жарыс этаптары: 

  1. «Жау келді» − бірінші жауынгердің айналымға кетуі (1-ші этап);
  2. «Қол жию» − оң жақтан сол жаққа тастарды тасып үйіу (бұл Сақ сарбазының жорыққа аттанар дәстүрі). (Екінші сарбаздың айналымға кетуі (2-ші этап);
  3. «Жекпе жек» − найзамен нысананы шаншу. (Үшінші сарбаздың айналымға кетуі (3-этап);
  4. «Бет қаратпас» − садақпен нысана ату. (Төртінші сарбаздың айналымға кетуі (4-этап);
  5. «Гүрсіл» − шоқпармен нысана қирату. (Бесінші сарбаздың айналымға кетуі (5-этап);
  6. «Оралу-Ақсарбас» − Жеңіс. Соғыстан оралу рәсімі. (үйілме тасты орына келтіру). (Алтыншы сарбаздың айналымға кетуі (6-этап);
  7. «Елқұшақ» − жетінші сарбаздың қолдағы тумен айналымға кетуі, Туды тұғырға қадау. Сапқа тұру. Абыздың батасы. Елмен көрісу (Елқұшақ).

Айта кетейін, бұл жоба өзім тұратын Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімшілігі атынан 2018 жылы 19 желтоқсанында Президент әкімшілігінде қаралып, мақұлданған болатын. Мақсатымыз − Елбасы атап өткен «Атқа міну мәдениеті» атты ұлы мұрамызды жаңа заман тұрғысынан түрлендіріп, мәдени-спорттық шоуға айналдыру. Енді осыны іске асыру үшін көмек керек, әрине. Сондықтан, «Қазақ әдебиеті» газеті бетінен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, туризм мейлінше қарқынды дами бастаған Түркістан, Жамбыл, Алматы, Ақмола және басқа облыс әкімдерінің «құлақтарына алтын сырға» дер едім...  

Сөз соңында мына бір әпсананы еске салайын... Жаңғор шапқыншылығы заманында Абылай ханға қазақтың дана билері күшті идеология ұсынған екен. Ел тұтастығын армандаған билер сулы-нулы, табиғаты тамылжыған Жетісуды жайлаған Ағаны − «байлығым», алыс-жақын елдермен аралас-құраласы артық Ортаншыны − «ақылым», ал, қос қанаттан қыспақ көріп, найзасы қолынан түспеген Кенжені − «батырым» деп атады. Төле би бас болған қазақтың үш биінің бұл идеологияны алға тартуында қилы заманда халықты бірлік пен тұтастыққа шақыру мақсаты тұрды. Аталған «Байлық-Ақыл-Батырлық» үштағанында елі мен жерін жаудан қорғаған үш батырдың образы бейнеленген. Үш батырдың  бірінің аты -  Байлық, екіншісі – Ақыл, үшіншісі - Батыр. Бұл үш батыр бір-біріне арқа тірей жаудан қорғанып, елі мен жері үшін ұрыс салуда. Оларға бір мезетте өзін ғана емес, арқа тірескен батыр бауырларын қорғау әуел бастан қосымша жүктелген (философияда оны «априори» деп атайды).  Өйткені, үш батырдың бірі опат болса, онда қалған екі батырдың арқаларына найза қадалары анық. Ендеше, әрбір жеке батыр алдындағы жауына алдырмауға, оны қалайда жеңуге міндетті! 

Ал, ол үшін оларға не керек? Әрине, ол үшін ұрыс салып жатқан әр батырдың бойында үш қажетті ерекшелік пен қасиет болуы керек, олар: 1. «Байлық» (жауынгер ат, жақсы қару жарақ, берік сауыт-сайман), 2. «Ақыл» (ұрыстағы шеберлік,  айла-амал-тәсіл, 3. «Батырлық» (жауды жайрататын өткір көз, қайсар жүрек, мығым қол)! Міне, осы қажетті нәрселер болса ғана − жан берісіп-жан алыса шайқасқан батырлар жауын  күйрете жеңе алады! 

Билердің өмірге әкелген бұл идеологиясын «ел тұтастығын, ынтымағы мен бірлігін, шешуші сәттерде жұдырықтай жұмылуын, жігерін, ақылмен шешім қабылдауын, береке мен байлығын, жауынгершілігін бір мағынаға тоғыстырған және шешуші кезеңде халықты жігерлі әрекетке шақырған идеология болды»  деуге әбден болады! 

Мұндай даналық кез келген халықтарда бола бермейді! Енді осыны отаншылдықпен, ортақ үйіміз – мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға, дамытуға жұмсасақ, өз халқыңа, төл мәдениетіңе деген сүйіспеншілікпен ұштастырсақ − аздаған уақыттарда қазақ халқы үлкен табыстарға жететін болады!


Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

философ-публицист, 

Алматы қаласы Жетісу ауданы Ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары.

(«Қазақ әдебиеті», №15, 12-сәуір)

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...