Astana Opera Халықаралық опера академиясы бірегей шығармашылық жобаға қатысуға үміткерлерді іріктеу...
Жапондық махаббат хикаясы
Жанып тұрған жас вокалистер, Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары үлкен сахнаны бағындыруды жалғастыруда. Сонымен, ең танымал әлемдік опералардың бірі – Джакомо Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсында академистердің айтулы дебюттері орын алады деп күтілуде, спектакль көпшіліктің назарына «Астана Операда» 31 мамыр мен 1 маусымда ұсынылады.
Беделді халықаралық байқаулардың лауреаты, баритон Азат Мәлік америкалық консул Шарплестің партиясын дайындауда.
– Ең әуелі, Джакомо Пуччини – менің ең сүйікті композиторларымның бірі екенін атап өткім келеді. Шарплестің рөлін репертуарыма бұрыннан қосқым келіп жүрген еді, енді міне сондай мүмкіндік пайда болғанына өте қуаныштымын. «Мадам Баттерфляй» операсы шын мәнінде өзінің әсемдігімен, кемеңгер музыкасымен және драмалық оқиға желісімен баурап алады. Бүгінгі күнге дейін бұл опера әлемдегі ең көп орындалатын туындылардың бірі болып табылады. Өкінішке қарай, Шарплес жағдайды өзгерте алмайды. Чио-Чио-сан бойжеткенмен болған барлық әділетсіздіктердің куәсі болу өте қиын деп есептеймін. Қыздың шынайы әрі пәк сезімдері өзіне қасірет әкелді, десе де менің кейіпкерім бұлай боларын танысқан кезде топшылап, Пинкертонға ескерткен еді, – деді Азат Мәлік.
– Айта кетуім керек, менің репертуарымда Дж.Пуччинидің «Богема» секілді тағы бір ұлы операсында партияларым бар. Бұл Марсельдің рөлі, онымен өзіміздің «Астана Опера» театрының сахнасына шыққан болатынмын. Сондай-ақ Шонардың бейнесі де бар, оны Будапешт қаласындағы Венгрия мемлекеттік опера театрында суретші-сценограф Густав Олахтың 100 жылдық мерейтойлық қойылымында 5 спектакльде сомдадым. Сонымен қатар біртуар композитордың көптеген жауһарларынан жекелеген ариялармен өнер көрсеттім, атап айтсам олар «Манон Леско» операсынан Лесконың ариясы, «Вилли» операсынан Гульельмоның ариясы және тағы басқалары. Сол себепті Шарплестің рөліне дайындық вокал тұрғысынан аса қатты қиындық туғызып жатқан жоқ. Кейіпкерді тереңірек ашып, оны көрерменге жеткізу үшін бейнемен күн сайын жұмыс істеймін, – деп пікірімен бөлісті әртіс.
Сонымен қатар, қойылым болатын күндері Ханзада Ямадори мен Чио-Чио-санның ағасы Бонзаның партияларын ұсынуға халықаралық байқаулардың лауреаттары – баритон Дінмұхамед Көшкінбаев пен бас Жандарбек Еркінбаев дайындалуда.
«Астана Операның» Симфониялық оркестрі, хоры, опера труппасының солистері мен миманс әртістері «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді. Қойылымның музыкалық жетекшісі – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев, хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, қоюшы режиссердің ассистенті – халықаралық байқаулардың лауреаты Еренбақ Тойкенов.
Спектакльдердің басталуы 19.00-де.