Сезімталдыққа құрылған балеттің айтулы премьерасы

ТЕАТР
984

Вольфганг Амадей Моцарттың музыкасына Иржи Килианның «Кішкентай өлім» танымал бір актілі балеті тұңғыш рет Қазақстанда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында 13 және 14 мамыр күндері орындалмақ. Көрнекті еуропалық хореограф классикалық қимыл-қозғалыстың жоғары стандарттары орын алған балетте махаббаттың сезімдік тұсын талғампаздық әрі әдептілікпен паш етеді.  


Иржи Килианды хореография кемеңгері дейді, тап осылай атайды. Оның спектакльдерін қою – кез келген театр үшін абырой екені мәлім, ал балет труппасы үшін – мұнымен бірге жоғары шеберліктің танылуы.  Әлемдік балет жұлдызы, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен хореографиялық көрініс елордалық театр репертуарына сән бермек.

- Мен «Астана Операда» классикадан бастап неоклассикаға дейін балет тарихында болған үздік шығармаларды көрсеткім келеді. Балетте біртұтас бағыттың негізін қалаған Иржи Килиан заманымыздың ең кемеңгер хореографы саналатыны сөзсіз. Заманымыздың балетмейстерлерінің жаңа саңлақтар тобы дәл содан басталады. Әлбетте, театрымызда Иржи Килианның қойылымдары өтсе екен деп армандайтынмын. Оның данышпандық тұнған балеттері көп, әйтсе де ең танымалдары – «Алты би» мен «Кішкентай өлім», бұлар «ақ-қара түсті» балеттер топтамасына жатқызылады, себебі аталмыш спектакльдерде түрлі-түсті костюмдер мен декорациялар жоқ, –  деп атап өтті Алтынай Асылмұратова. 


Естеріңізге сала кетсек, былтыр наурыз айында «Астана Опера» сахнасында чех хореографының «Алты би» балетінің тұсаукесері зор табыспен өткен болатын. Әзіл-оспақ сюжеттік қайшылықтарға емес, таза хореографияға негізделген комедиялық балеттің сирек кездесетін өзшеге түрін елордалық өнерсүйер қауым ыстық ықыласпен қабылдады.

- Бастапқыда труппа «Алты би» қойылымын игеріп алғандықтан, бәлкім, өзін жақсы көрсеткеннен кейін, біз келесі қадамға барып отырмыз және бізге сахнамызда «Кішкентай өлімді» қоюға рұқсат етті. И.Килианның балеттерін орындауға барлық труппаларға рұқсат берілмейтіні белгілі, себебі  әртістер мінсіз шеберлікті меңгерулері тиіс. Бұл балет Моцарттың таңғажайып музыкасына құрылған және әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар керемет дуэттермен әрлене түскен. «Кішкентай өлім» атауының өзі бейәдеп мағынадан ада, махаббаттың шарықтау шыңын білдіреді. Килианның данышпандығы да осында – ол еліктіргіш көрініс жасай отырып, тәуекелге белін буады. Балет 1991 жылы Зальцбург фестивалі үшін қойылған, көп уақыт өтсе де ол әлі де өзекті, ескірмеді, жыл өткен сайын құндылығы арта түсетін қымбат зергерлік бұйым іспетті «тозған жоқ», – деп сөзін жалғады көркемдік жетекші. 

Балет труппасы қазір дайындық процесіне кірісті, әртістер қарапайым деген бидің артында ауыр жұмыс тұрғанын көріп отыр.

- Бұл балетте трагедия жоқ, бірақ сезімталдық бар. Ер әртістер қылышпен өнер көрсетін көрініс – керемет бастама, олардың барлығы барынша бірізділікті көрсетуі керек. Бұл, әсіресе, бишілер қылышты саусақ ұшымен асылып тұрған күйде ұстайтын сәтке қатысты, алтауы да бір уақытта қимылдайды, ешкім артта қалмауы тиіс. Қадам – бұрылу – лақтыру және қылыш шеңбер бойымен айнала отырып, орындаушыға оралады. Бұл, әрине, цирктегідей сәттер емес, бірақ олар үлкен шеберлікті талап етеді. Содан кейін әртістерді қара кенеп көмкеріп, оқиғалар ошағын өзгертеді. Менің ойымша, бұл өте қызықты шешім. Балет шынымен де күрделі, жарқын және мен оның репертуарымызды толықтыратынына өте қуаныштымын. Бұл іс біздің қолымыздан келеді деп үміттенемін, – деп қорытындылады Алтынай Асылмұратова.

Нидерланд би театрының балетмейстері әрі премьері Стефан Жеромский Иржи Килианның ассистенті болады. Көркемдік-қойылым бөлімінің жетекшісі Юст Бигелар болмақ, ол жарықпен, декорациялармен және костюмдермен шебер жұмыс жүргізуі тиіс. Аталмыш балетте ең бастысы – сахнадағы жарықтандырудың айқындылығы мен тазалығына қол жеткізу. Сценографиялық шешімдерге келетін болсақ, қойылымда қара жұмсақ декорациялар мен роликтердегі жылжымалы кринолин көйлектер қолданылады. Барлығы минималистік стильде, ақ-қара түсті ұстанған. 

Билеттер қазірдің өзінде сатылымға шықты, премьералық спектакльге деген қызығушылық артуда, себебі әркімнің әлемдік заманауи хореография жауһарын тамашалауға таласы бар!

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...