Қазақстанда 15 сәуірде дәстүрлі түрде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні немесе Ғашықт...
Жеңімпаз «Спартак» Алматыдағы гастрольді ашып берді
«Астана Опера» балет труппасының гастролі 25 мамырда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында зор табыспен басталды. Талғампаз театр сүйер қауымға біртуар балетмейстер Ю.Григоровичтің хореографиясында А.Хачатурянның аңызға айналған «Спартак» балеті таныстырылды. Басты партияда қазақстандық және әлемдік балет жұлдызы Бақтияр Адамжан жарқын өнер көрсетті.
Елордалық труппа Абай атындағы театрға гастрольдік турмен соңғы рет 2021 жылы келген болатын. Екі жылғы үзілістен кейін әртістердің алматылық көпшілікке көрсететін тың дүниелері баршылық, себебі «Астана Операның» репертуары толығуымен қатар, труппаның құрамы да жасарып, жаңарды. Жуырда труппа қатарына Қазақ ұлттық хореография академиясы мен А.Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінен келешегінен үлкен үміт күттіретін түлектер қосылды. Алайда жетекші құрамы өзгерген жоқ, ол бұрынғыдай таңдай қақтырады.
Сонымен, гастрольдің бірінші күні балет жанкүйерлері сахна шеберлерінің орындауындағы асқақ өнермен шынайы рақаттана алды. Спартак партиясында сахнаға Бақтияр Адамжан шықса, Фригияның рөлінде Мәдина Өнербаева өнер көрсетті, Эгинаның бейнесін Әйгерім Бекетаева таныстырды, ал қаһарлы қолбасшы Крассты Арман Уразов, Гладиаторды Серік Нақыспеков сомдады.
– Жаңа ғана бүкіл зал тік тұрып қол шапалақтады, мен де сондай сезімде тұрмын, оларға толығымен қосыламын. Біріншіден, қойылымды көрген және оған кәсіби баға берген сыншының көрермен ретінде әсерге бөленуі – спектакль үшін ең үлкен қошемет. Спектакльді тамашалаған көрермен ретінде мынаны айта аламын, «Астана Опера» өзінің еліміздің бас театры екенін анық көрсетіп берді. «Спартак» – ерлердің спектаклі, алайда стиль, қол позициясы, мектеп, құрам жағынан әйелдер кордебалетінің деңгейі қаншалықты өскенін атап өткім келеді, бұл – жоғары кәсібиліктің белгісі. Труппаның Ю.Григоровичтің хореографиясына асқан мұқияттылықпен және құрметпен келгенін де айта кетуім керек, онда ешқандай кемшін тұстар, түсініксіз пантомималық көріністер болған жоқ, барлығы тамаша жасалған. Осының барлығының сақталып қалуы – тәлімгерлердің, балеттің көркемдік жетекшісінің еңбегі. Сондай-ақ ең алдымен, нюанстардың сақталып қалғаны маңызды, себебі мұнда барлығы би болып табылады, бұл драмалық балетте әрбір пируэт, секіру драмалық мағынаны алып жүреді, – деп атап өтті танымал балет сыншысы Флюра Мусина.
– Мен Бақтияр Адамжанды 2014 жылы маусымда премьерада көрдім, сонда ол әлі жас Спартак болатын. Қазір ол бейнеге көптеген психологиялық нюанстар енгізген. Оның Спартагы есейіп, ер жеткен, ол сондай әсерлі шықты, секірулердің мағынасы болды, бұл жеңістің секіруі, жауынгердің секіруі болды. Бұл бишінің харизмасы туралы көп айтудың қажеті жоқ, өйткені ол бәріне белгілі, алайда оның сахнаны ғана емес, бүкіл көрермендер залын өзінің энергетикасымен толтыра алатын қабілеті – бұл деген керемет. Спартак шын мәнісінде оның партиясы деп ойлаймын, ол сонымен бірге өсіп келеді және бүгінгі таңда тамаша нәтижеге қол жеткізді. Бақтияр Адамжан мен Мәдина Өнербаеваның дуэті ғажап, олар бір-бірін өте жақсы сезініп, толықтырып отырады. Мәдинаның театр примасы екеніне дау жоқ, өйткені ол өте ақылды балерина, бұл көрініп-ақ тұр және де осы бейнеде ол сондай келісті және ұқыпты. Екеуінің дуэті блокбастерді еске салады. Балетке таңғалу, оның әсемдігіне сүйсіну, секірулерге тамсану бізге үйреншікті құбылыс болып кеткен, десе де мұнда үш актіде еліктіріп әкететін дүние болды. Бұл бүгінгі күнге алып келетін ғаламат, мәңгілік оқиға, сонымен бірге мәңгілік махаббат, парыз, әділдік пен жауынгерлік ар-намыс хикаясы. Әйгерім Бекетаева сомдаған Эгина өте қызықты болды, себебі Әйгерім – бірегей әртіс, ол барлығын өзінше жасайды. Оның Эгинасы басқаларына ұқсамайды. Ол жасаған бейне жүректі қозғап, таңғалдырды және сендірді. Ол соңында тіпті өзінің ойын қосты, Эгина барлығын Крассқа деген махаббаты үшін жасайды. Бұл оның айрықша дарыны және оны театрда сақтап, оған ұқыптылықпен қарап келе жатқаны өте керемет. Кордебалет туралы жеке айта кетейін, ол спектакльдің тәні секілді көрінді. Әйелдер құрамы да, ерлер құрамы да, жалпы тұтас сахнада өнер көрсеткен барлық әртістер Григоровичтің хореографиясын нақышына келтіріп орындады, ол бұған қуанар еді, – деп сөзін қорытындылады балет сыншысы.
Әлемге әйгілі балерина, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова «Астана Опера» балет труппасын халықаралық аренада дамытудың және ілгерілетудің өзіндік айрықша жүйесін құруда, әлбетте бұл арада гастроль басты орын алады. Алматыда өнер көрсету балет труппасының көркемдік жетекшісі үшін де және әртістер үшін де ерекше қуаныш екені белгілі, өйткені мұнда олардың қалыптасқан өз көрермендер аудиториясы, балетті жақсы көретін және бағалайтын жанкүйерлері бар.
– Біз айтарлықтай күрделі бағдарламаны алып келдік, бұл ауқымды Спартак балеті. Бізде жақсы орындаушылар бар болғаннан кейін дәл осы балетті көрсеткіміз келді, олар: тамаша Спартак – басқа елдердегі әйгілі театрларға шақыру алып жүрген Бақтияр Адамжан, керемет Красс – Арман Уразов, ол өз партиясын жақсы сезінеді. Тамаша жетекші солистеріміз, біздің жұлдыздарымыз – Мадина Өнербаева, Әйгерім Бекетаеваны да атап өткім келеді, – деді Алтынай Асылмұратова.
– Мен таңғалып тұрмын, осындай жоғары орындаушылық деңгейді көремін деп күткен жоқпын. Жақсы солист болатынын білгенмін, алайда тұтас труппаның керемет билейтіні, теңдессіз кордебалет – бұл мен үшін жаңалық болды. Солист Бақтияр Адамжан – жұлдыз, ол тіпті жарқырап тұр. Осы ретте айта кетейін, оны Шехеразадада көрген болатынмын, ол сол кезде бүкіл спектакльдің сәнін келтірген еді. Бүгін солистер біз үшін нағыз мереке жасады, оларға рақмет, – деп пікірімен бөлісті Юлия есімді көрермен.
– Труппаның жұмысы өте керемет, мін жоқ, мен осы спектакльде болғаныма өте қуаныштымын. Алған әсерім орасан зор, Мәдина Өнербаева, Әйгерім Бекетаева есімді солистеріміз өте керемет, ерлер құрамынан Бақтияр Адамжан мен Арман Уразов жоғары деңгейді ұстап тұр. Әлбетте, Григоровичтің қойылымы бізге таныс, оны Үлкен театрда көрген болатынбыз. Ол – кемеңгер балетмейстер, сондықтан бұл арада баға беру артық болар. Труппа мен ұстаздарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деп атап өтті атақты балерина, А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы Тамара Мальбекова.
– Біздің жолымыз болды, өйткені Ю.Н.Григоровичтің қойылымындағы «Спартак» балетін әйтеуір өз сахнамызда көрдік. Біз өзіміздің алматылық нұсқаны түсіне алатынымыз маңызды, мұнда да өзінің жақсы жақтары бар, десе де бұл спектакль, әлбетте кемеңгер. Спартак Бақтияр Адамжанның бүгінгі күннің өте үздік бишісі екенін бұрыннан белгілі, ол халықаралық жарыстармен бірге өзінің басты партияларымен күллі әлемге гастрольдік сапарға шығып жүр. Труппадағы ғажайып Эгина – Әйгерім Бекетаева – ғажайып балерина, иілгіш, мәнерлеудің хас шебері, оның жүзінен қуаныштың сәулесі төгіліп тұрады. Ол лирикалық тұрғыдағы балерина екеніне қарамастан, бұл балетте керемет өнер көрсетті. Фригияның рөлін сомдаған танымал биші Мәдина Өнербаева марқұм Фарида Қойгелдинадан білім алған. Оның шәкірттерінің арасында Қазақстанда қалған жалғыз оқушысы осы Мәдина. Және ол өз ұстазының есімін абыроймен асқақтатып жүр, – деп атап өтті Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, ұстаз, балет әртісі Эдуард Мальбеков.
Гастрольдік турды 27 мамырда өтетін Гала-балет жалғастырады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін елордалық театр репертуарындағы тың дүниелер енген бірегей бағдарлама әзірленді. Бұлар заманымыздың көрнекті хореографы И.Килианның «Алты би», «Кіші өлім» «ақ-қара» балеттері, сондай-ақ гала-нөмірлердің мазмұнды бағдарламасы. Айта кетейік, гастроль аншлагпен өтуде, сондықтан қазір спектакльдерге билеттердің табылуы екіталай. Әртістердің тарапына «Бәрекелді!» деген лебіздер мен зор қошемет толастамауда.