Семейде «Қозы көрпеш-Баян сұлу» пьесасы сахналанды

ТЕАТР
3534

Халық ауыз әдебиетінің қайнар көзінің бірегейі лиро-эпос жырлары. Осы күнге дейін саф алтындай сақталған рухани қазына. «Күлше қыз» «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  сияқты шығармалар фальклордың классикалық үлгілері. Аталған дастандардағы басты тақырып бас бостандығы, адам еркіндігі, әлеуметтік теңсіздік, сүйіспеншілік пен махаббат мәселелерін көтерді. Сонымен қатар тұрмыстық дәстүрлер, әдет-ғұрыптар да кеңінен қамтылатынын оңай байқаймыз.

Ел арасына көп тараған осындай жырлардан халқымыздың интелектуалды деңгейі мен ұлттық ерекшеліктерін аңғармау мүмкін емес. Өзге жұрттың көзқарақты адамдары да ерекше назар аударған. А.С.Пушкин, С.Кастанье, Г.Потанин, Н.Пантусов сияқты ірі ғалым-жазушылар қызығушылық танытып, жоғары баға берген. Қазақ халқының, арысы түбі бір түркінің ортақ қазынасына айналған рухани жауhарлар бүгінге дейін маңыздылығы мен мазмұнын еш жоймаған. Көздің қарашығындай сақталған мұрамыз ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.      

Бүгінгі сөз шығындап отырған дүниеміз «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  пьесасы жайлы болмақ. XIII-XIV ғасырлардан жырланып, XIX ғасырдың ортасында хат-қағазға түсіп, кейінен Ғабит Мүсірепов халық жыры негізінде 1939 жылы пьесаға айналдырғанын білеміз. Қалың жұртшылықпен сахнада сан мәрте қауышты. 

Жә, енді әңгіменің негізгі бөліміне ойысайық. Театрға деген құрметіміз ерекше болғандықтан, ары-бері жүргенде афиша аңдып өтетін әдетіміз бар. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінің премьерасы болады деген хабар көзімізге оттай басылды. «Дариға-ай» жастар теарының қойылымын асыға күттік, аптасы толып, күні жеткенде премьераға келдік.  

Басшы-қосшыны күту дәстүрімен сәл кешігіп сахна шымылдығы да ашылды. Күңірене шыққан жыршының дауысы бірден көрерменді құлаққа ұрған танадай қылды. Аталған рөлде жастар театрының алдыңғы буынына айналған Рауан Бейсенұлын көрдік. Театр құрамымен таныс болғандықтан Рауан артиске Қарабай рөлі бұйырған шығар деп келгенбіз. Олай болмады. Бірақ өзіне жүктелген образды оңай алып шықты. Негізінде жыр-дастанды домбырамен немесе қобызбен орындағанда әлде қайда әсерлі шығар еді деп ой түйдік. 

Пьесаның алғашқы эпизоды Қарабай мен Сарыбайдың аңға шығып, Сарыбайдың өлім құшуы сәл жұмбақтау болды. Сарыбайдың өлімі Қарбайдан келді ме, аңның киесіне ұрынды ма, өз-өзіне қол жұмсады ма түсініксіз көрінді. Шығарма сюжетін білмейтін көрерменге күңгірттеу тартты. Әлде Біздің сау ақылымыз жетпеді ме?! 

Оққа ұшқан буаз аңның киесі жайлы картина сәтті шықты. Бұл арадан спектакльдің биін қойған Карина Жиренбаеваның еңбегі деп ойладық. Сымбат Ахметова – марал бейнесін мардымды ойнады, спектакль аяғына дейін қалпын жоғалтқан жоқ. Әуенмен көркемдеген Нұрболат Қыдырбаевтың еңбегі де осы араларда байқалды. Бірақ шұрқыраған жылқының дыбысын естімдік, анда-санда адасқан айғырдың кісінегені мен қалың дүбір ғана құлаққа келді. 

Қарабай бейнесіне қайта оралсақ. Оқиғаның барлығын шиленістіріп, байланыстырып тұратын ең қиын образ, театрдың маңдай алды артисі Еркебұлан Нұғымановқа жүктеліпті. Қарабай – қатыгездіктің, дүниеқоңыздықтың типтік бейнесі болғандықтан өте ауыр екенін біз де сезінеміз, артистке екі есе қиын. Пьеса классикалық дүние болғандықтан салмағы да ауыр. Бұған дейін Еркебұлан Нұғымановты Шәкәрім образын сомдағанын көріп қол соғып қуанып қайтқанбыз. Маған сол сақалмен қайта шыққандай көрінді. Бұл деталь спектакль суретшісі Әсел Лукпановаға қатысты деп ойлаймын. Шәкәрімге үйренген көзімізді алдай алмадық. Негізгі дүние артистің шеберлігінде. Тіс қаққан, сақа сахна шебері Еркебұлан Нұғыманов көрерменді оқыс қимылдарымен бір күлдіріп бір жылатты.  Мәтінен тыс ізденгенін байқадық. «Қарабайды тым жеңілтек қылып жібермеді ме?»- деген алғашқы ойымыздан қайтып, қойылымға өзгеше рең бергенін іштей мойындадық. 

Спектакль барысында ерекше есте қалған бейне Қодар болды. Қодарды сомдаған Думан Өмірбаев шығармаға қан жүгіртіп, шөлімізді басып отырды. Режиссердің шешіміне, артистің шеберлігіне жұртпен қосылып қолымыз талғанша қошеметтеп отырдық. Дәл таңдалған екен. Артистің фактурасы, сахнадағы еркіндігі, дыбыстың анықтығы бәрі-бәрі ғажап. 

Қозы мен Баянның шешелерін ойнаған Мейрамгүл Алепарова мен Айнұр Жадыранова әбден бабында. Екі ананың серттескен сюжеті есте қалды. Әсерлі.  Таңсық, Күнекей сынды Баянның құрбы қыздары орнында. Басы артық, аяғы кем дүние көрмедім. Қарлыға Сыбанова мен Алина Аптеева және де басқа қыз-қырқын, бозбала-бойжеткен образындағы жастарға спектакльге әлі де жан бітіруге болатынын айтқым келеді. Массовка аздығы да әсер еткенін байқадық. Жастар театр труппасының әлі де толығу керек екенін, қатарлары көбею керек екенін үнемі аңғарамыз. Шағын труппамен классикалық туындыны сахналау оңай шаруа емес. 

Туындыны тұтастай байланыстырып, жүйесінен бұзбай, жүлгесін үзбей жүрген Жантық пен Жарқын бейнесі. Жарқын образындағы Ғалым Тасболатов сәл баяу қозғалғандай көрінді. Добырамен бір «әу» дейтін жерінде дауысы үшінші қатардағы бізге әрең жетті, соңғы орындағылар естімей де қалған шығар. Мүмкіндігі мол артиске құлақпен естіп, көзбен көргенімізді айтып отырмыз. Ал, Жантық оттай лаулап, динамикасы жоғары екенін көрсетті. Жантық рөліндегі Әділжан Серікқалиев жанама кейіпкер болса да шарықтау шегіне дейін бастапқы қуатты қалпынан кеміген жоқ. Бұл арада да режиссердің таңдауы дәл екенін айтқымыз келеді. 

Енді басты кейіпкерлер Қозы Көрпеш – Баян сұлуға қарай мойын бұрайық. Сюжеттің бас шенінен аяғына дейін бір толқында алып шығу әрине оңай емес. Ең басында Қозыға сенбедік. Сарыбайдың емес, Қарабайдың еркетотай қолбаласындай көрінді. Біз білетін Қозы ширақ, епті, өжет, өткір еді. Шығарманың ортасына дейін еркелеп жүріп алды да, ертегіге келгеніміздей күй кештіре бастады. Бұл эпизодты артист пен режиссердің қанжығасына байладық. Қозының ширап, серпіле бастаған тұсы жау қуып бара жатқан Баянға жолыққаннан басталды. Баянды күткен екен ғой деп топшыладық. Жорамалымыз дәл келді. Қозының серіктесі келмей сергелдеңде жүргені осы екен. Екі көзі шайдай ашылып, жігерленіп шыға келді. Бәрекелді дедік. Қозы Көрпеш рөліндегі Нұрсұлтан Төлеубай спектакль ортасынан соңына дейін қайта жиған жігерінен айырылмады. Алғашқы үлкен рөлі болғандықтан қобалжыған да шығар, төселіп алатынына титтей де күмән қалмады.  Қозыны тірілткен Баянға риза болдық.  Болмысы, сахнадағы мәдениеті, серіктеске құрметі, дыбысы бәрі-бәрі айқын. Біздің санамыздағы Баянды сәл де болса жақыннан көрдік. Өжет, өр, намысты Баян байқалды. Баян рөліндегі Дана Бектенова ізденісін тоқтатпай, әлі де еңбектенсе биік белестерді бағындыратын талантына тәнті болдық.  Пьеса мәтіні толық сіңбеген бе, сәл ғана асығыстық бар. Репликада аңғардық. Ал, тұтастай алғанда Қозы мен Баян образы шықты. 

Екінің бірі бара бермейтін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  пьесасын қою үшін үлкен жүрек керек. Классикалық туындының кілтін тауып, құлыбын ашу, күрмеуін шешіп, сүрлеуін табу, тау қопарғандай дүние. Неге десеңіз?! Сайқымазақ төрге озып, театр тұралайын деп тұрғанда табандылық танытып, көнеден жеткен мұраны көнетоз қылмай көрерменмен қауыштыру, заманға сай ықшамдап, трагедиялық туындының өзіне езу тартар элементтер қосу режиссердің оң шешімі деп ойлаймын. Осындай бір тұтас туынды жасаған режиссер Жұлдызбек Жұманбайға көрермен ретінде алғыс айтамыз. 


         Мерей Қарт

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...