«Астана Опера» XI театр маусымын ашты

ТЕАТР
1101

«Астана Опера» жаңа маусымын залға лық толы жиналған көрермендердің зор қошеметімен ашты. Көпшілікке ең үздік қойылымдардың бірі – Мұхтар Әуезовтің либреттосына Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы ұсынылды. Спектакль елордалық театр афишасында әлдеқашан негізгі орын алған, ал 5 жыл бұрын «Астана Опера» осы қойылым үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. 


Қос композитордың керемет музыкасына, театрдың бас дирижері әрі спектакльдің қоюшы дирижері Алан Бөрібаевтың жоғары кәсіби жұмысына және барлық әртістердің тамаша орындауына ұжым үшін осынау салтанатты күнде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баға берді. Спектакль аяқталғаннан кейін ведомство басшысы «Астана Операны» XI театр маусымының ашылуымен құттықтап, ұжымға зор жетістіктер мен шығармашылық табыс тіледі. 


Әйгілі баритон Жанат Шыбықбаев басты партияны вокалдық және актерлік жағынан  керемет алып шықты. Ал Абайдың шәкірті Айдарды танымал тенор Мейір Байнеш орындады. Ол өз кейіпкерінің эмоционалдық жағдайын ашып көрсетіп, оның ішкі уайымын жеткізе білді. Тамаша сопрано Айгүл Ниязова Ажардың рөлінде шебер актерлік жұмысты көрсетті, оның дауысы әуеде ұшқан құстай қалықтады. Қарлығаштың партиясын Татьяна Вицинская шебер орындады. Көкбайдың рөлінде сахнаға дарынды әртіс Ержан Саипов шықты. Болат Есімханов Сырттанның, Талғат Ғалеев Жиреншенің бейнелерін сомдады. Әзім – Бейімбет Таңарықов, Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес –  Хайдар Мұстапин. 


Екі жастың тыйым салынған махаббат хикаясы залда отырғандардың көбін тәнті етіп, таңдай қақтырды. Қос ғашықтың романтикалық сезімдері мәңгілік адами құндылықтар тұжырымдамасымен тығыз байланысқан. Қорытынды сахнада тыңдармандар көз жастарына ерік беріп, әртістердің шеберліктеріне тік тұрып қол шапалақтады.


– Бізге әрдайым «Абай» операсының бір ғана пайымдамасы бар секілді көрінетін, алайда «Астана Операның» қойылымы олай емес екенін көрсетті. Тыңдармандарға Қазақстанның тәуелсіз опера өнері рухындағы интерпретация ұсынылды. Ең алдымен, оркестрдің әуелеген керемет үнін атап өткім келеді, бұл маэстро Алан Бөрібаевтың еңбегі екені сөзсіз. Қоюшы дирижер партитура мәтінімен көп әрі тыңғылықты жұмыс істеген, сондықтан композиторлардың ұлттық фольклордың үнін, Абай Құнанбайұлының төлтума әуенін өзіне сіңірген кемеңгер музыкасы шын мәнісінде әсерлі естілді, онда терең драматургия көрініс тапқан. Менің ойымша, қойылымның жоғары деңгейінің, жарқын кейіпкерлер шоғыры мен ұлттық жауһарға деген жаңа көзқарастың арқасында «Абай» операсы әлемдік классиканың мәңгі өшпес туындыларымен бірге тайсалмай бір қатарда тұра алады, – деді Талғат Ибраев есімді көрермен спектакль аяқталғаннан кейін әсерлерімен бөлісе отырып. 

Хормен жұмысты театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітов жүзеге асырды. Қоюшы балетмейстерлер – Тұрсынбек Нұрқалиев, Ғалия Бөрібаева, қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов, сценограф – заманымыздың көрнекті суретші- сценографы Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов.

Спектакль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.

Қоғам

Елімізде жалғызбасты әкелердің саны 70 мыңнан асады , деп хабарлады madeniportal.kz. Саят есімді жа...

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...