Дәулетбек Байтұрсынұлы. Алақандай әңгімелер

ӘДЕБИЕТ
3729

ӨЛМЕСТІҢ СУЫ БАР МА?

Бұл осыдан 19 жыл бұрын болған оқиға еді. 
Батыс Қазақстан облысы, Жайық өзенінен өтіп, ең түкпірдегі Тасқаланы артқа тастап, Ресейдің Саратов өңірімен танысып, онан ары Еділге бет түзедік. Волгоград губерниясының қазақтар көбірек қоныстанған бір ауданына жетіп жұртшылықпен кездесу аяқтап, еркін әңгімеге көшкен кезіміз еді. Жөн сұрасып, танысып-біліскен соң, әр тақырыпты бір қозғап отырғамыз. Менің Қытайдан келгенімді естіген әлгі ағайын:
- Саған таң қалып отырмын. Қазақстанға не үшін келдің? - деп сұрады. Мен де ол кісіге таңданысымды жасыра алмай:
- Тәуелсіз Отаным болған соң келдім, - дедім.
Бауырымыз маған аса бір аяушылық сезіммен:
- Естісек, Қытайда жағдай жақсы екен. Қарын тоқ, киім бүтін дегендей, ал сен болсаң, не істерін білмей отырған, ала дорба арқалаған елге келіпсің!
- Мейлі, қалай десеңіз де, ол біздің Отанымыз ғой!
- Мүмкін сенің Отаның шығар, менің отаным емес. Менің родинам – Россия, - деді дауысын қатқылдау шығарып. Онан ары ойын білгім келіп:
- Жарайды, сіз жасыңыз келген адамсыз. Үйде бала-шаға, ұрпақ бар дегендей!.. - дей беріп едім:
- Олардың да туған жері осы жақ. Кім қайда өмірге келсе, ол соның Отаны! Қай жер өмір сүруге қолайлы болса, сол сенің қонысың! Басқаның бәрі - бос сөз!
- Ұрпағыңыздың қазақ жеріне көшуін қаламайсыз ба?
- Бәрібір емес пе, аспан барлығымызға ортақ бір шатыр, жершары ортақ үйіміз. Оның үстінде қайда жүрсең де, ажал келеді. Онда өлдің не, мұнда өлдің не? Жоқ, әлде Қазақстанда өлместің суы бар ма? - деген ағамыз менен асыға жауап күтті.
- Жоқ, әрине. Туғаныңыз қандай шындық болса, өлетініңіз де сондай шындық. Дегенмен, біртүрлі ойлайды екенсіз, - дедім сыпайылық танытқан пішінде.
- Түк те біртүрлісі жоқ. Алыстан келген қонақ болған соң, сендерге амандаса келдім. Қандай патшаның басқаруы мәселе емес, бәрі де өтпелі. Ең бастысы, мен ата-бабамның қасиетті топырағында жасап жатырмын! - деді әңгіме осымен бітті дегендей.
Ертегілер мен аңыздардан өлместің суын іздеген батырды білетінбіз. Әлдебір қиял қанатында қалықтап, әлгі өлместің суын ішкіміз келгені бар еді. Бірақ ондай мәңгі жасартатын судың жоқ екенін есейе келе біліп, көзіміз жетті. Ал, өлмеу дегенді - ақыл-парасатты желкен етіп, жанқиярлықпен еңбектеніп із қалдыру деп түйдік. Біреулер тәрбиелі ұрпағын, енді біреулер жазған шығармасын, тағы біреулер шеберлікпен жасаған өнер туындысын қалдырады... Бізге әңгімесін әрлемей, нәрлемей  дәл жеткізген ағамыз үшін өлетін адамға көп мазаланудың керегі жоқ екен. Көшіп жүргеннің көбі ақымақтар саналады. Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан, Моңғолиядан, Қытайдан миллионға жуық қандастар қарашаңыраққа қоныс аударды. Сол «ақымақтардың» арасында мен де болдым. Өзімді-өзім тергей бастадым:
- Дәулетбек, сен бұл жерге тамақ іздеп келдің бе, әлде жайлы қабақ іздеп келдің бе?
- Тіптен олай емес!
- Онда не үшін келдің?
- Тәуелсіз Отанымның азат ұлы болып өмір сүрейін деп!
- Бұл сенің ғана ойың! Қазақ елінің бар қазаққа ұстанған жүйесі бірдей. Айталық, сен келдің, ол келмеді. Біреуді кеудесінен кері итеріп, енді біреуді тартып жатқан ешкім жоқ. Біреу өлместің суын іздейді, біреу үйлесімді өмір ырғағына тербетіледі. Жаның нені қаласа, сол жағалауға жақындайсың... Бәрібір менікі дұрыс, - дейді ішімдегі үн.
- Өйткені мен, тәуелсіз еліме жетуді басты арман еттім. Қазақстан мен іздеген «Өлместің суы». Кім қалай қабылдаса, өз еркі... Мен өлместің суын тапқан адаммын. 
Еділден өтіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесі «Мамай қорғаны» деп аталатын биік төбеге шықтық. Биіктігі жүз метрге жуық мүсін тұр. Қылыш көтерген қыз сонадайдан көзге ұрады. Ұлы жеңіске ескерткіш ретінде қойылған айбынды мүсін алысқа назар салып тұр.
Фашистер Батыс жақтан келіп қаланы қанға бөктіріп еді. Мынау сүйірленген суық қаруды биік көтерген алып адам Батысқа емес, Шығысқа қарап тұр.

ӨЗІМДІ ІЗДЕП ЖҮРМІН

Жиырма жылдан кейін туған ауданымдағы орта мектептің қақпасынан аттадым. Ең алдымен көзіме түскен бірінші жаңалық - кезіндегі өз қолымызбен қызыл кірпіштен қаланған қоршау құлатылып, оның орнына басқаша, биік қорған орнатыпты.
Біздің 7 сынып оқып жүрген кезіміз. Мектептегі төменгі сыныптың балалары қол арбамен, әкпіш ағашпен, есек арбамен үш шақырым жерден кірпіш тасыдық. Бейне илеуіне азық тасыған құмырсқа секілді жолдың бір жағымен кірпіш арқалағандар ақ тер-көк тер болып мектепке кетіп бара жатса, енді бір жағымен затын жеткізіп, жеңіл басып құмданға бара жатқан шұбырған оқушылар. Қабырғаң қайысады, омыртқаң майысады деген ешкім болған жоқ.  Жоғары сыныптың оқушылары қоршауды қалаумен айналысты. Тек әр баланың ойында жоспарды орындауға деген жанқиярлық. Сөйтіп айлап жүріп салып шыққан дуал мүлде бөтен. Ішке кіргенде байқадым, мектеп ауласы да өзгеріпті. Кезіндегі бір қабатты мектептің орнына үш қабатты оқу үйі салыныпты, алды-арты әсем безендірілген, мүлде танымастай. Жолдар бетондалып, жағасына қарағаш отырғызылып, әдемі етіп қырқып тегістеліпті.
Айналаны қызықтап ақырын аяңдап, оқу бинасына да ендік. Түр-түсі, мөлдір көздеріне қарап, қазақтың қара-домалақтары екенін жазбай танисың. Мен олардың өздерін көріп қана емес, сөздерін де ести бастадым. Таңырқау мен жатырқаудың көкесі енді келді. Әлгі шүпірлеген балалардың біреуі қазақша сөйлесе не қыл дейсің!.. Барлығы да қытай тілінде. Әңгімесі, бақырып-шақыруы, дарылдай күлгені, бір-біріне тиіп-қашып жүгіргені, бәрі-бәрі қытайша. Бажайлап қарап едім, шаш қоюы, киім киюі де өзгере бастапты. Бірін-бірі қуалаған бірнеше бала аңтарылып тұрған мені қағып-соғып, коридордың екінші басына шүлдірлеген күйлері жүгіріп өтті... Дәл осы у-шудың арасында тұрып, араның ұясына кіріп кеткендей мазам кетті. Енді аз тұрсам,  жан-жақтан ұшып келіп, көзі-басымнан шаға жөнелетіндей, айнала гу-гу!.. Кенет қоңыраудың ащы дауысы естілді. Дәліздегі дауыс қандай қатты болса, мынау электр қоңыраудың үні «шарылдап» онан да асып, бәрін басып түсті. Сабақтық мұғалімдер өз кеңселерінен шығып, дәріс беруге сыныптарға беттеді. Қалың бала жан-жаққа ыдырап, әр есікке кіріп кетіп жатыр. Сәлден соң құлаққа ұрған танадай жым-жырттыққа шомды. Сырттан кешігіп кіріп, арпақ-тұрпақ жүгіріп бара жатқан бірді-екілі балалардан өзге дауысы қатты, үні шаңқылдап шығатын ұстаздардың айтқандары еміс-еміс естіліп қалады.
Мен бір кезде осында оқып едім. Тіпті десеңіз, алғашқы қызметімді де осында бастап, аттай он жылымды өткіздім десем өзге тұрмақ, өзім де сенбестеймін. Күні кеше ғана мың қазақ баласы бар орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып қазақ балаларына, қазақ тілінде ғылым-білім үйретіп, тәрбие жұмысын жүргізіп едім десем, бағжия қарап, мазақтап күлетін шығарсыз. Мен секілді бір қазақтың мынандай «қытай» мектебінде  болғанына ешкім де сенбес... Ешкім танымайды. Бейтаныс біреу келе жатыр-ау деген сана болсашы! «Елу жылда ел жаңа» деуші еді, міне, мен жиырма жылда мектебімді танымай тұрмын!..
Ойпыр-ай, неткен тез өзгеріске ұшыраған деші! Малшы мен диханның балалары, өзіміздің ұл-қыздарымыз дегенге иланармысың?! Жаңа ғана байқадым, кезінде мүлде болмаған, көзге көрінбейтін қытай мұғалімдердің қатары қалыңдапты. Көзілдірікті апайлар мен ағайлар қасымнан өткенін анық көрдім.
Директордың кабинетіне кірдім. Қасында бірі қазақ, бірі қытай екі кісі отыр. Шамасы өзінен кейінгі көмекшілері болуға тиіс. Сәлем беріп, қастарына жақындадым. Өзімізден кейінгі жастар. Дәл тани алмадым. Қысқа-қысқа амандық сұрасудан кейінгі тыныштықты төрде отырған бастықтың үні бұзды.
- Кім боласыз, мұнда кімді іздеп келдіңіз?
- Атым Дәулетбек. Балалығым қалған, жастық шағым өткен мектебім еді, «өзімді іздеп жүрмін»! - дедім, әзіл-шынын араластырып. Мен кіргелі бір-екі рет маған назарын бөлген бейтаныс жігіт қайтадан орнынан тез көтеріліп:
- Е, Дәулетбек мұғалім, сіз екенсіз ғой. Жаңа шырамытып едім. Мен 20 жылдың алдында сізден физика сабағынан білім алған Толқын деген оқушыңыз боламын, - деп мені бастығы мен әріптес ханзуға таныстыра бастады.
- Бұл жалғыз қазақ мектебі еді, ал қазір мүлде басқаша болып кетіпті. Осынау перзенттеріміз ертең кім болады?! - дедім ақырын.
- Заман солай. «Қос тілді» саясат басталып кеткен. Өскелең, озық, білімді  ұрпақ қалыптастыру жолында қызмет етіп жатырмыз. Дәл қазір осы орында сіз болсаңыз да осылай істеген болар едіңіз, - деген директор көзінің астымен ханзу басшыға ақырын қарады. Бір жақсысы, біздің не айтып жатқанымыз оған керек те болған жоқ. Қолындағы кітабын аударыстырып отыра берді. Директор маған биіктен дауыстағандай нығыздап тұрып:
- Сіз енді өзіңізді таба алмайсыз! - деді.

ҚЫПШАҚ ҚЫСТАҒЫНДА БЕНЗІН БАР

Амудариясын жағалап өрге салып келеміз. Бұл Хорезм уалаятының мақта егетін елді мекендері. Жол бірде қырға сіңіп құм төбелердің арасымен, бірде жазық ойпаңдармен созылып жатыр. Соққан желмен сусыған қызыл құм асфальт бетінен бір қабат торғын перде жасап, жылжып барады. Екпіндеген көлік дөңгелегі әлгі майда қабықтың үстінде қалқып келе жатқандай.
Машинаның жанармайы таусылуға жақын. Алдын ала естіген мәлімет бойынша, осы маңнан қол көтеріп жол тосқан балалар кездесуге тиіс. Бұл жақтағы техникалардың бәрі дерлік газбен жүреді. Жол бойы ондай газ құю бекеттеріндегі километрге созылған очередті жиі-жиі көріп келеміз. Бензин болса мүлде жоқ. Әлдебір жасырын жолмен, аткезшілікпен келген жанармайды тек қолдан ғана табасың. Төменгі жақтан естіген сөзімізге сеніп, баланың сұлбасы байқалмас па екен деп, жан-жағымызға қарап келеміз.
Алдымыздағы тағы бір қырдан асып түскенімізде, қараңдаған екі кісіні алыстан көрдік. Олар да орындарынан тұрып, жол жиегіне жақындады. Қол көтеруін күтіп жатпай-ақ жүрісімізді баяулатып, алдыларына келіп тоқтадық.
Бізге көз қадап, көліктің мемлекеттік нөміріне қарап алған екі бала, алыстан келе жатқан жүргінші екенімізге сенгендей:
- Қыпшақ қыстағында бензин бар! - деді.
Аман-сәлеміміз осылай басталды. Өзіміздің де іздеп келе жатқанымыз осы бензін еді. Енді аз болмағанда жол үстінде ыдыс көтеріп, қолымызды шошайтып қалар едік. Ары қарай өтіп өзге балаларды іздеуге де, баға таңдауға да мүмкіндік жоқ.
Баланың біреуі жол жағасында қалды да, екіншісі бізді оң жақтағы қырдан асырып алып кетіп барады. Қасымыздағы сөйлемесе басы ауырып кететін ағамыз сұрақтың астына алды.
- Атың кім? Қай туғансың? Оқисың ба?.. - деген көп сұраулардан соң білгеніміз: Соңғы кезде жанармай тапшылығы өршіп, ақшасы бар байлар ғана жүре алатын болған. Арзан газды құйғызуға бір күн уақыт кетеді. Біз кездескен балалар қазақ екен. Қазір жаз кезі. Каникул болған соң, жол бағып, көлік аңдып, бензині біткен жолаушыларды ауылға апарып, қожайынға «сатады» екен. Бес-алты шақырым жүріп барып «Қыпшақ» қыстағына кірдік. Ол бізді бір қақпаның алдына әкеліп тоқтатып, өзі ішке кіріп, үлкендеу сақа жігітті ілестіріп шықты. Қасымызға келген азамат көзімен шолып, көңілімен сүзіп, сәл кідірістен кейін көлігімізге өзі отырып ауылдың екінші жағына ала жөнелді.
Тұрқы өзгеше үйдің биік қақпасын аштырып, ішке кіргізді. Қақпаны жауып, іліп қойды. Сонсоң барып сұраған бензинімізге қол жетті. Бакты толтырып, қолда бар қуыс ыдыстарға құйған соң ол жерден шығып, әлгі алғашқы үйге келдік. Баланы көлікке отырғызып артымызға қайттық. Қолына ақша ұстап көңілденіп қалған жас бала әңгімеге араласа бастады.
Жол бойында отырып тоқтатқан шоферлерді ілестірген бұлар анау алғашқы көкелеріне жеткізеді. Ол «тексеруші» міндетін өтейді. Өйтпесе, осы өңірдің милициялары кәдімгі жолаушылар секілді балаларды алдап келеді екен де, қара базардағы бензинді тәркілеп, күн көріп отырған ағайынды шығынға батырып кетеді. Егер келген кісілер күдікті болса, «Кім айтты бензин бар деп, ондай әңгіме жоқ!», - деп балаларды дуалды асыра қуып, келген машинаны ізімен қайтарады екен де, бәледен құтылады. Ал, біз секілді мүсәпір, кіріптар жүргіншіні жазбай танитын «тексеруші» сұранысты өтеп береді. Балалар сатылған заттың литріне қарап ақша алады. Жүргізуші неғұрлым көп алса, солғұрлым жақсы. Сонымен келісім бойынша баланы алған орнымызға жеткіздік. Әке-шешелері қожайындарға жалданып мақта жияды. Ал, өздері тәулік бойы жол тосады. Қолдарына іліне қалған бірді-екілі көлік болса, көңілдері кәдімгідей көтеріліп қалады. Жасырын бензин сатқаны үшін «контрабанда» деген жаман аты тағы бар. Содан қорқады. Босқа қарап отырса, халдері қиындайды. Бұл өңірде жеткілікті етіп салып қойған жанармай құю бекеті жоқ. Енді келіп халық өзі сатайын десе, құлғанадай қуып тексереді, қорқытады, үркітеді.
Амудария жағасындағы шағын ғана «Қыпшақ» ауылы артта қалып барады. Жол бойында өзбек акаларға жалданған қазақтың қара сирақ екі баласы ыстық күнде қызыл құмның жиегінде, жол үстінде қаздиып тұр. Аңызақ желде жүздері қап-қара болып, қабарып күйіп кеткен. Тотыққан жүздерінен балалықтың бақытты нышаны байқалып тұрған жоқ. Аяқтарына қытайдың арзанқол тәпішкелерін іле салған. Күстенген тірсектері қайыстай қатып қалыпты. Көзіне қарап едім, шоқтанып жанып тұр екен, қайсарлықтың, төзімділіктің ұшқыны шашырайды.
- Ағалар, сіздерге көп рахмет, бірнеше күнге жететін азық алатын болдық, - деді бізбен бір сағатқа жолдас болған бала қоштасарда. Машинамыз алыстап барады. Жол бойында қолдарын бұлғаған «Қыпшақ» қыстағының екі баласы қимас сезіммен қол бұлғайды.
Қарнымыздың ашып, ішегіміздің шұрылдағанын сезіп келеміз. «Жиырма шақырым жерде «Нұр-Ислам» деген асхана бар. Мұндағы бір ауқатты кісі Нұрсұлтан көке мен Ислам аканың құрметіне екеуін қосып солай деп атаған. Қарындарыңыз ашса, сол арадан тамақтана аласыздар. Онан ары Бұқараға беттейсіздер», - деген жаңағы бала. Алдымыздан қарауытқан үйдің сұлбасы көрінді. Шамасы, «Нұр-Исламға» жақындап қалдық. 

ӘРУАҚТЫ ЖЕРДЕН АТ ҮРКЕДІ

Бұл осыдан он тоғыз жылдың алдында болған кішкентай оқиға еді.
Он үш кісі 35 күнде жиырма мың шақырым жол бастық. «Шекара өңіріндегі қазақтардың жағдайымен танысу» Экспедетциясы Астанадағы Бәйтеректің түбінен басталып 360 градус шеңбер жасап Қазақстан, Ресейдің тоғыз облысы, Моңғолияның Баянолгейі, Қарақалпақ, Өзбекстан елдерін аралап Бәйтеректің түбінде соңғы нүктесін қоюға бірер күн ғана қалып еді. Жолымыздың ақырына жетіңкіреп қалғанда бір кілтипан болды. Семейден шығып Қарағандыға тартып келеміз, одан ары Астана. Межелі мезгілде жету үшін күні-түні аялдамай көлікті көсілтіп айдап келеді.
Қарқаралы қаласына таң ата ілініп, артымыздан шоқтанып күн шығып таңғы сәулемен аудан орталығына кірдік. Алғашқы кездескен кісіден «Құнанбай қажы мешітін» сұрадық, бағытымызды туралап жіберді. 
«Бұл жерге соқпай кетеміз» дегеніне қарамай, жол бастаушы бастығымызға батыл талап қойып ат басын бұрғызғамыз. «Мың естігеннен бір көрген артық» деп, Қажы атамыздың табаны тиген жерін көрмей, салдырған мешітіне түспей қалай ғана өте шығамыз?! Бастық бырыс-тырыс болып, міңгірлесе де, көптің тілегінен аса алмады. 
Мешіттің алдына келіп тоқтадық. Ертай Айғали аға, Молдияр Серікбаев аға бар көліктен түсе-түсе қалып мешіттің есігін тартып көріп едік құлыптаулы екен, терезесінен ішке үңілдік. Құнанбай қажы «Аға сұлтан» болған кезінде осы Қарқаралыда тұрып билік жүргізгені, Абайда 4-5 жас шамасында дәл осы жерде болғаны тарихтан аян. Алдымыздағы ағаштан жасалған мешітті Құнанбай Өскенбайұлы өзі салдырыпты. Осы мешітте талай мәжіліс құрылып, ортаға Аға-сұлтанды алып талай уағыз айтылғаны белгілі. 130 жылдық қасиетті мешіт көз алдымызда тұр.
Көкірегімізде исламға деген құрмет пен Құнанбай қажыға деген құрмет қатар бой көтеріп, Абай атамызға деген сағыныш санамызда жаңғырып, құштарлықпен жеткеніміз шын еді.  Қайткен күнде мешіттің ішіне кіріп екі ракағат намаз өтеп, артынан әруақтарға бағыштап Құран оқып шықсақ деп түйдік. Имам әлде мазүн жақын жерде болу керек, мешітті ашқызып кіргеніміз дұрыс деп шештік. Таяу тұрған үйдің есігін қағайық, жөн сұрайық деп оқтала бергеніміз сол еді, бастығымыздың қатты ренішке толы ашулы дауысы саңқ етті.
-Әй, қызық адам екенсіңдер!.. Осы жаққа бұрылмайын десем қоймадыңдар, енді мешітке кіреміз, намаз оқимыз деген не сөз? Көлікке шығыңдар! Кетеміз! - деді бізге тепсініп.
-Ағатай, мықтағанда жарты сағат кетеді, тіпті оданда аз, мешітке бас сұғып, Құран оқып аттанайықшы!..
-Жоқ деген соң, жоқ! Онсыз да уақыттан кешігіп барамыз, машинаға шығыңдар! - деді, қатаң түрде бұйрық раймен.
Басшыға бағынбасақ тағы болмайды, амалымыз құрып артымызға шегіндік. Бірақ, бәріміздің көкірегімізде «қап, әттеген-ай!» деген өкініш қалды. Сонша жерден келгенде мешітке еніп, екі бас намаз оқи алмай қалғанымыз ақылға симай аттанып кете бердік. 
 Тау бөктеріндегі Қарқаралыдан шығып, Қарағанды қайдасың деп жолға түстік. Шопыр бала көліктің газын басып ышқынтып келеді. Ауылдан шығып шамасы жеті-сегіз шақырымдай жүрген болармыз, көліктің біржағы қисайыңқырап жолдың шетіне тарта берді. Шұғыл түрде тормозын басып кілт тоқтатты. Бәріміз тымырайып үнсіз келе жатқамыз, елеңдесіп еңсемізді тіктеп көліктен сыртқа шықтық. Алдыңғы оң жақ дөңгелек жарылып, желі шығып кетіпті. Балон жапырылып, дискінің қыры жерге тиіп тұр. Көлігіміз тоқтаған жердің оң жағында шағын ғана көл жатыр. Шопыр жігіт дереу қимылдап машинаның артын ашып оны-мұнысын түсіре бастады. Бастық «От, Йолки!» деп санын сарт еткізіп ұрып қалды да, темекісіне қол созды. Бізден теріс айналып анадай жерге барып тағатсыздана сорып түтінін будақтатты. 
Өйтіп-бүйтіп дөңгелегін ауыстырып, запщастарын оындарына қойып біткенше бір қауым уақыт өтті. Сағатқа қарап тұрғамын, тұп-тура бір сағат кетті. Бағана жарты сағатқа рұхсат етпеген бастық бір сағат бойы бедірейіп күтуден басқа ештеме істей алмады. 
Басқалардың не ойлағанын білмеймін, мен мешітке кірмегенімізден болды дедім. Мешіт Алланың үйі, бас сұғып аят оқып, ғибадат жасау мұсылманның парызы, оның бергі жағында Құран дәметкен қаншама әруақтар жатыр... Ал, біз болсақ, жау шапқандай тұра қаштық, оқыра тиген тайыншадай тайып тұрдық. Енді міне, қара жолдың үстінде қабарып қарап тұрмыз. «Әруақты жерден аттамас болар!» деген осы шығар, Межелі жерге Алла бұйыртса жетесің, бұйыртпаса жетіп көр!...

ЖИІРКЕНУ

Өмірі Ауғанстан мемлекетінде өтіп, Атақонысқа атбасын бұрған ағайынмен әңгімелесіп қалдым. Ол сөйлеп отыр, мен тыңдап отырмын.
«Ауғанстан елінің соғыстан көзашпай келе жатқанын жақсы білесің, ол жерде қақтығыстар, кедейшілік, жоқшылық, қайыршылық, қантөгіс ушығып тұр. Оның алдындағы не түрлі алапатты айтпағанның өзінде 79-89 жылдар арасындағы совет одағының салған ойраны, онан кейінгі талибаншылардың лаңы, онан кейінгі америка әскерлерінің басып кіруі бірінен кейін бірі жалғасып жатқан соғыс, бүлік, аласапыран тірлік оларды әбден тұралатты. Сіз білесіз бе, Неге осыншалық қасіреттер Ауғанстан елін айналдыра береді? Себебі сыртта емес, Ондағы ел-жұртының өз ниетінде. Ендеше мен айтайын. 
Бірінші, олар адамзатқа апат әкелетін апиынды (героин) таратушы. Көкнар егеді, өңдіреді, дүниеге жөнелтіп жан біткенді жамсатып, соның ақшасына нан жейді. 
Екінші, Қойдың (қаракөл қойдың) қарнын тірідей жарып жіберіп ішіндегі қозысын алып терісін сыпырады. Себебі, тірі қойды жарып, оның тірі қозысының терісін сыпырса тітіркеніп елтірінің бүйрасы жазылмай әдемі, сапалы болады екен. Недеген қанішер обалды әрекет десеңші!.. 
Үшінші, Ол елде пашуаздық ұшына шыққан. Пашуаздық дегенім, еркектермен еркектердің, ұятсыз жыныстық қатынасы. Биші жасөспірім ұл баланы базарға салып ақшалы бай-манаптар «сатып» алып нәпсісін қандырады. Онсызда назары түскен еркек баланы «зорлап» кету оларға түк емес. Міне көріп отырсыз, осының бәрін өзін «мұсылманмын» деп жүрген пенделер жасап жүр. 
Сіз кешіріңіз, бұл үшін Дін-Ислам кінәлі емес. Өз нәпсілері мен пайдасын көздеген азғындаған адамдар айыпты. Тарихтағы жаман дағдысын тастай алмай келе жатқан індет айыпты. Құдай тағалада түзелгісі келген, өзгергісі келген халықты тура жолға салады. Кері кеткен, біле тұра суға сиетін қауымды қайтпек!.. Ол жерден қайғы қасіреттің арылмауы, соғыстың сойқан салуы осы жағымсыз әдеттерінің жемісі деп білемін».

Тыңдап отырып жаным түршікті. Шынында... өмір сүрудің басқа қайырлы жолдары көп емес пе? Неге олар ең сорақысына тастай жабысып қалды екен? Ал, бізде ші? Халықты қанқақсатқан ұрлық асқынып тұр. Әлсіз аш-арықтардың хақы сұраусыз кетіп жатыр. Жоғары мен төменнің парақорлығы, жемқорлығы асқынғаны соншалық мемлекет, билік дабыл қағуда... сонда да тоқтайтын түрі жоқ. Зинақорлық көрнекті, көмескі болып елдік деңгейде етек алған... Осының бәрі Алла тарапынан айыпталып тиым салынған харам әдеттерге жатады. Құран мен Хадисте анық үкімдері бар. Бәрін Жаратушы Жаббар Ием көріп тұр. Осының бәрі арқаға аяздай батады. Бірдің кесірі мыңға тиіп жүрмесе жарар еді!

БІР САЙҒА БАСЫ СИМАҒАН

 Ерлі-зайыпты екеуі жастары елуден асқанша ата-бабасының қонысынан табанын аудармай ескі жұртта отырды. Әке-шешесін бағып күтті, соңғы деміне дейін ас-суын беріп ардақтады. Оларда мәужіреп тұрған кісілер емес, дилы, өз ортасының беделді қарттары санатында соңғы сағаттарына жетіп, бақиға аттанған еді. Жазы салқын жанында ағып жатқан өзені бар, қысы жәйлі ықтасын сайдың іші болатын. Малын өсіріп, қалаға барып-келіп бала-шағасын оқытып оңаша өмір сүріп жатыр еді.
Дәл сол кезде ертерекете оқу іздеп қалаға кеткен әулеттің үлкен ұлы пайда болды. Мықты жұмыстар атқарып іші майланып қоңды болып ауылына оралды. Зейнетке шығыпты, оның баласы қалада қызметте, күйеубаласы ақша санаудан ерінетін, үстелдің үстінде үйіліп жатқан жерінен білегімен сырғытып әкеліп мөшекке бумасымен дүкірлетіп түсіретін бір жұмыста екен. Не керек олар келіп тып-тыныш тіршілік етіп жатқан бауырын бір айдың ішінде басқа жаққа «көшіп кетуін» талап етті. Әңгіме сотқа түседі, топқа түседі... Бұл әулеттің тұңғышы екені рас, жұрттың бәрі біледі. Ағайынды ықтырып, бұқтырып сөйлегендіктен ешкім алдынан шыға алмады. Жоғары-төменнің аузын жапқан өктем аға шынында айдан асырмай інісін келінімен қоса ауылдан айдап шығады. Мынау кең дүниеден басқа жер құрып қалғандай «қара шаңырақтың Иесі менің әулетім болу керек» деген менмендік бауырын сырғытып тынады. 
Көптен көздеген қарақшы ма, әлде тосыннан келген кесапат па кім біледі бай аға бір түні шабуылға ұшырайды. Түн қараңғысын жамылып келген топты жендеттер отағасын қинап өлтіріп, жұбайын өлміші етіп қол-аяғын байлап үйдегі бар дүние, қымбат бағалы заттар, сейфтегі ақшаны түгін қалдырмай үптеп кетеді. Тартып алған қоныстың, жиған дүниенің қайыры болмай жантүршігерлік өліммен бір-ақ түнде адуын аға пәниден озады.
Одан беріде көп жыл өтті, қара шаңырақтан күштеп көшірілген іні басқа ауылға барып қоныс теуіп ел қатарлы өмір сүріп, ақ өлімімен күні кеше ажалы жетіп ақ босағасында арадан озды. 
Көптен танитын кісі еді, отбасына көңіл айтып намазына тұрайық деп таң ата асығып жеттік. Жаназа намазы оқылған соң қаралы көш ауылдан шығып бет түзеді. Қайда апаратынын білмесекте жүздеген жеңіл көліктің бірі болып ілестік. Ақ қар көк мұзда тоқтамай ұзақ жүрді. Бір кезде тақтақ жолдан қиыс өрге салып жота басындағы үркердей азғана зиратқа келіп тірелдік. Анау аңғарда осы кісілердің байырғы қонысы ағаштары аяздан ақ бұйраланып сайдағы судың буы бұрқырайды.
Мәйіт көмілді, топырақ үйілді, молда Құран оқып жұрт бетін сипап дүр етіп көтерілді. Осы кезде қасындағы ескі молаға көзім түсіп құлпытастағы жазуды оқыдым. Ой, жалған дүние-ай!.. баяғы "Мына жердің иесі Мен!" деген ағасы жатыр. Міне, енді оның қатарына қуылған інісі келіп жайғасты. Бір сайға басы симаған бір әкенің ұлдары бір төбенің басында көрші болып томпиды.

ТАҒЫ БІР ШАНА 

Көптен бері қар жаумағандықтан қыстың қызығына қанбаған балалар ақ қар мен көк мұзды көп күтті. Жаңа жылдан кейін жауған қар алдымен Алатауды бүркеп, онан ақ көрпесін етекке қарай соза түсіп тауға сүйеніп жанбастай жатқан Алматыны толығымен жапты. Ағаштарға оратылып мақтадай байланған қар тон киген атадай күжірейіп алған. Көшелер күреу бермей жол жағасы үймек-үймек ақ қар. Жатақхана алдында қалың бала ойнап жүр. Қыс қызығына арқа-жарқа болған олар суыққа қарамай мәз-мәйрам. Жатақхана алдында артын жимай кететін құрылышылардан қалған үйілген құм жататын, сол төбешікті қаптап тастаған қар таптырмайтын сырғанаққа айналыпты. Базардан келе жатып қарынның ашқанына қарамай жүрісімді баяулатып, шуылдаған балалардың ойынына еріксіз мойын бұрдым. Олардың арасында өзімнің ұлым мен қызымда ойнап жүр. Ойнап жүр дегенім әшейін сөз, басқаларының бәрінде арнайы сырғанаққа лайықталған разінке дөңгелектер мен базар шаналары бар. Төбешіктің басына сүйреп шығып басын бұрып отыра қалып жолындағы балаларды қаға-соға зуылдап жүр. Менің ұлым мен қызымның қолдарында жәшіктің жыртылған картоны. Аналармен таласа-тармаса төбешікке шығып қарға төсеп үстіне құйрықтарын қойып екі аяқпен тебініп сырғанайды. Сар қағаз қанша ұзаққа барар дейсің, тоқтап қала береді. Оларды артынан келген шаналар соғып өтіп ұмар-жұмар болып жатқаны тағы. Оған қарап жатқан олар жоқ аяздан қып-қызыл болған жүздерінде қуаныштың табы, күлкінің ізі...
Күн еңкейіп ақшам үйіріліп келеді, екі бетімнің ұшы дызылдап суықтың кәдімгідей өтіп бара жатқанын сездім де, менің мұздағаным мынау, балаларда тоңған болар деп жақындап барып дауыстадым. Мені көрген ұлым мен қызым қағаз «шаналарын» көтеріп алып маған беттеді. Жұрттың балларының бәрі базар шанамен сырғанап жүр де менің құлындарым қағазбен қалбаңдайды. Көңілім нілдей бұзылып қолқама тас тығылғандай шиыршық аттым. Жасаураған жанарымды оларға көрсетпей жатақханаға қарай беттедім.
Барахолка деген ханбазарда қытайға біржағы аудармашы, бір жағы жеке күзетшісі, енді бір жағынан сатушысы болып жұмыс істеп жүргемін. Келіскен айлығымнан сырт әр күні түскі тамағым үшін 200 теңге беруші еді. Айлыққа әлі бірталай уақыт бар, оған қарасам қар еріп кетуі мүмкін. Мен ертесінен бастап шақылдаған сар аязға қарамай төрт күн түскі тамақты ішпей ақша жинадым. Қалтама 800 теңге түскен соң ойыншық сататын жерге барып шана іздедім. Ол кездегі баға бойынша 750 теңгеге шана сатып алып, 50 теңгені автобусқа төлеп үйге жеттім. Ол күні күндегіден ертерек қайттым. Жатақхана алды ыю-қыю балалар майрағайда-тайрағай сырғанақ теуіп ойнап жүр екен. Кәдімгі соғыстан жеңіспен оралған солдаттай жақындап келіп ұлымның атын атап «Өркен» деп шақырдым. Ойнап жүрген балалар маған мойын бұрды... Балам орнынан тұра сала қолындағы картонына бір қарадыда анадай жерге лақтырып жіберіп тұра жүгірді.
-Бізге шана әкелдіңіз бе?
-Иә, сендер ойнасын деп шана әкелдім. Қарындасың екеуің кезектесіп сырғанаңдар!
Жүзіне қарап едім қуаныштан екі көзі бал-бұл жанып тұр екен. Балалардың алдында иығы көтеріліп еңсесінің өскені сөзсіз. Өзімде өмірде бір іс тындырғандай жүрегімді мақтаныш сезімі кернеп шаттанып тұрмын. Ақша дегеннің де адамды бақытқа бөлейтін кезі болады-ау!..

Өтіп бара жатқан өмір, әне-міне дегенше жиырма жыл артта қалыпты. Ашта болдық, тоқта болдық. Барда болдық, жоқта болдық. Тіршілік өз ырғағымен тербетіп барады. Ешбір өкінішіміз жоқ. Немерем үш жасқа толып бір кезде қолымыз жетпеген ойыншықтарын алдына үйіп жатырмыз. Жуықта ғана аударып бітірген кітаптың қаламақысы да қолыма тие қалды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Жұмыскердің маңдайының тері кеппей еңбек ақысын төлеңдер!» деген екен. Міне, кеше біткен жұмыстың бүгін ақшасын санап алуда бір рахат. Баяғы барахолкаға тарттым. Астаң-кестең болып базардың орны өзгеріп, бір кездегі континерлер әкетіліп, оның орнында қабат-қабат сауда орталықтары жұтынып тұр. Салған жерден ойыншық базарына беттедім. Көзіме оттай ыстық болған шананы сұрадым. Бағасы 3500 теңге. Құны жиырма жылда бес есе өсіпті. Шананы көтеріп үйге келдім.
-Мінеки, немереме қаламақыма шана алып келдім. Күнде бір уақ сыртқа шығып көршілердің баласымен ойнасын!
-Е, жақсы болған екен, баяғыда суық күнде тамақ жемей ақша үнемдеп балаңа шана әкеліп едің, енді екпеттеп жатып қағаз кеміріп шана әкелдің... Бұғанда шүкір! - дейді немеремнің апасы.
Осы кезде сөзге араласқан балам:
-Иә, есімізде!.. Бізге шана әкеліп ойнаттыңыз, міне, енді, немереңізге шана әкелдіңіз. Алла бұйыртса енді жиырма жылдан соң шөбереңізге бір шана әкеліп беріңіз! - деді жүзіме тура қарап. Шыныменде, енді бір шана әкелетіндей уақыт болсағой!..


Дәулетбек Байтұрсынұлы, Тел: 87073754041, daulet.bek@mail.ru


author

Дәулетбек Байтұрсынұлы (Бек Сүйіндік)

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...