Менің әкем қарғаға ұқсайтын. Кішкентай бала кезімнен мен оны қарғаға ұқсатып едім: бір күні "Ни...
Заман Төлеуовтің «Қарақуыс» романындағы «еркіндік» архетипі
Қазіргі алмағайып заман мен заман адамының келбетін шынайы таныта алар қасиет нағыз өнер туындысына тән екені белгілі. Сондай өнердің бірі де, бірегейі де жазушылық өнер деуге болады. Зерттеушілердің айтуынша, жазушылық өнерді үйренуге болмайды. Өйткені, қандай да болмасын нағыз өнер табиғи дарыннан туады. Соның бір айғағы, ұлттық әдебиетімізде І. Есенберлин, З. Шашкин, Ғ. Мұстафин, әлем әдебиетінде Ф. Достоевский, А. Чехов, Ф. Кафка, Дж. Лондон, Л. Кэролл сияқты тұлғалардың кәсіби мамандықтары математик, дәрігер, инженер тағы басқа болғанмен, жазушылық өнерге бет бұрғандығы туабітті қасиеттің нышаны болса керек.
«Қарақуыс» романынының авторы Заман Төлеуовтің де ұзақ жылдар сауда, медицина саласында қызмет еткенін, спорт түрлерімен, мүсін, сурет, музыка өнерімен де әуестенгенін, алайда жас шағында жазушылық өнерін танытуға қанша ұмтылғанымен тағдыры таршылық еткенін аяулы жары Гүлмира Ажиханованың жазушы дүниеден өткеннен кейін жазған өкініш, зарға толы жоқтау мақалаларынан («Мәдениет порталынан» т.б.) оқып білген едік.
Дегенмен, Заман Төлеуовтің шығармашылық өмірбаянына көз салсақ, әдебиет әлеміне егде тартқан шағында танымал болған жазушының өзі туып-өскен Алакөл ауданында әдебиет, мәдениет ісіне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқанына көз жеткіземіз. Заман Төлеуов өзіне бұйырған шақтаулы өмірінде өз бетінше әдебиеттен, өмірден оқып-тоқығаны аздай, заманауи талапқа сай әдеби білім алады, тіпті шет тілін де үйренеді. Бұл да оның әдебиет ісіне деген жанкештілігі болса керек. Заман Төлеуовтің шығармалары облыстық, республикалық әдеби жүлделерді, ал біз сөз еткелі отырған «Қарақуыс» романы 2020 жылы Лондонда өткен «Алтын қалам-2020» халықаралық әдеби конкурсында «Үздік роман» номинациясы бойынша Бас жүлде иеленеді. Жазушы Заман Төлеуовтің «Қарақуыс» романының көркемдік-эстетикалық құндылығы да кейіпкер тағдыры арқылы бүгінгі қазақ қоғамының шындығын көркем бейнелеп көрсетуінде болса керек.
Бүгінде оқырман назарындағы «Қарақуыс» романының бас кейіпкері Ғаламның болмысынан биографиялық автордың жеке басына тән қасиеттерді танығандай боламыз. Көрнекті әдебиет теоретигі Б. Қ. Майтанов М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында «жеке басына хас дүниетаным мен философиялық, психологиялық айшықтар кешенін» кейіпкерлерді бейнелеуде мол пайдаланғаны даусыз екенін түбірлей келіп: «А. Потебняның психологиялық мектебі жазушы мен персонаждың ажырамас бірлігін негіздеуді құнттады» -деп жазады. «Қарақуыста» негізгі кейіпкер Ғаламның ауылдағы тыныс-тіршілігі, мінез-құлық ерекшеліктері, оның егде жасқа келгенде жазушылық дарынының таныла бастауы секілді жайлардың жазушының өмір деректерімен сәйкестік тауып жататынын байқауға болады. Алайда, көркем нарративтегі фиктивті әлем мәселесін ескерген жөн. Ғалам бейнесі жазушының нақты өз бейнесі екен деп ойлауға әсте болмас. Себебі, көркем туынды объективтілік және субъективтілік байланыстарға негізделеді. Мәселен, шығармадағы объективтілік суреткердің көзқарасы арқылы бағаланады. Суреткердің бағасы, көзқарасы арқылы бейнелеу объектілері субъектендіріледі.
Қазақ прозасында ауыл өмірінің қай кезеңі де кеңінен бейнеленгені мәлім. Ауыл прозасы дәстүр мен жаңашылдық ауқымында қуатты дамып, кең өріс тапты. Сонау Ж. Аймауытов, Б. Майлиндердің туындыларынан күні бүгінгі дерлік О. Бөкей, Д. Исабеков, Ө. Кәріпов, С. Асылбеков, Н. Дәутаевтардың ауыл прозасына дейін тартар болсақ, бәрінен кең даланы, тау тасты, өзен-көлді мекен еткен ауылдықтардың тіршілігінің тірегі мал екенін, тіпті компьютер заманында да ауыл адамы «жаным малымның садағасы» деп отырғанын З. Төлеуовтің «Қарақуыс» романынан да көреміз. Дегенмен, сол ауылдың кешесі қандай еді, бүгіні қандай деген сауал төңірегіндегі әлеуметтік-философиялық толғаныс «Қарақуыста» айқын із тастайды. Ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, аңсары, ділі, өмірлік құндылықтарға көзқарасы көркем пішінде өріледі. Автордың табиғи дарынынан туған «Қарақуыс» романының экспозициясы дәстүрлі романдардағыдай басты кейіпкер Ғаламның балалық, жастық шағын емес, оның егде тартқан шағын суреттеуден басталады: «Ғалам биыл ғана үкіметтің жұмысынан қол үзген, алпыстан енді ғана асқан егделеу адам. Кезінде тәп-тәуір спортшы атанған, қимылы әлі де ширақ. Әрине, жаны қиналып, қаламсаптан ауыр ешнәрсе көтеріп көрмесе, өзінен-өзі кісі тоза қоймас... Ол, өз жасынан әлдеқайда жастау көрінеді. Осындайда: «Әлі жігіт сияқты боп жүргені менің арқам! Осы еңбегімді ақтаса жарар бұл!..» деп қырық жыл отасып келе жатқан қара кемпірі – Қатшаның оңды-солды есіп отыратыны бар» [1,7 «Қарақуыс»].
Бұл үзілімде авторлық мінездеме бар. Дегенмен, қос үнді сөзге ұқсас авторлық баяндауға төл сөз аралас келеді. Автор-баяндаушы үнемдеу стратегиясына бірден бет бұрады. Экспозицияда классикалық әдебиеттегідей орта, мекен ерекшеліктерін, кейіпкерлердің қарым-қатынасын (мысалы, Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпан» романының экспозициясы) бұтарлап суреттемейді. Ғаламның жас шамасы, кәсібі ғана қаперге алынады, ал онымен қырық жыл отасқан жұбайы Қатшаның сөз қалыбы эмоционалды кернеу туғызады. Ортақ төл сөзге ұқсас авторлық баяндау үрдісінен психологиялық бағдар шаң бере бастағаны аңғарылады.
Авторлық баяндау көктем шыға аздаған малын жекеменшік малшыға қосып, қыстайғы мал бағу тауқыметінен арқасы босаған кейіпкердің сана сферасын шарлайды: «Адам ұлғайған сайын бірдеңені қосқанның орнына – барынан айрыла беретін сияқты ма? Бұрын доп ойнамаса өмірі тоқтап қалғандай құлазушы еді. Енді, уайымдамақ түгілі, мүлдем ұмытып барады. Тіпті, сонысы қазір – алтын уақыт зая кеткен, сау адамға жараспайтын дараң тәрізді...». Егде тартқан кейіпкер тек «доп ойнаудан» қол үзгеніне ғана емес, одан да маңызы зор әлденеден айрылып қалғанына өкінетінін мәтін астарына жасырады. Әрине, З. Төлеуовтің «Қарақуыс» романы постклассикалық модернизмге иек артқанмен, психологиялық талдау өнерінің тәсілдерінен қол үзбек емес. Сондықтан, романның баяндау жүйесінен ортақ төл сөз (қос үнді сөз) телімдерінің жиі орын алуы қалыпты заңдылық болып табылады. Көрнекті әдебиет теоретигі Б.Қ. Майтанов: «Прозалық мәтінде ортақ төл сөз көтеретін жүк ауыр екені мәлім. Сондықтан, Ол кейіпкер психологиясын жеке меншіктеген күйде емес, өзгенің ішкі дүниесіне куәгер, сезім-толқынысына еншілес ендікте отырып, сыр толғаудағы баға жетпес астыртын көркемдік айла»,-дейді.
Негізінен, «Қарақуыс» романының баяндау жүйесіне тән құбылыс - лаконизм, суреттіліктің нақтылығы, тілдің ықшамдылығы. Иә, кез келген жазушының шеберлігі ең алдымен, тілінде болса керек. Жазушының сөздің дәмін сезініп қолдануы, көпсөзділікке бармауы қай заманда да шеберлік талабы саналаты рас. Шағын көлемді романда классикалық әдебиеттегідей асқан шешендік те, қазіргі постмодерндік туындылардағыдай тіл тұтар сөйлем де жоқ. Мәтінтанушы М. М. Михайлов айтқандай, автор баяндау тіліне көркемдікті «зорлап» таңудан аулақ. Жалпы, бұл тектес стильдік ерекшеліктер Заман Төлеуовтің барша шығармаларының өн бойына тән сипаттар екенін бағамдауға болады.
«Қарақуыс» романының баяндау жүйесі Заман қаламына тән қарапайымдылығымен (көркемдігімен), ұлттық реңкімен ерекшеленеді: «Жабағы жүні түскен дала сағат сайын түлей бастапты. Жас өскіндердің қаламсап ұштығы бой көрсетіп, жер аяғы құрттаған кез. Жапырағы бозала болып жайылған, жантақтау гүл ботатабанның шоғы әр-әр тұстан мен мұндалайды». Осы пейзаждық пассаждағы «даланы» сипаттаушы «жабағы жүні түскен» эпитеті және «жер аяғы құрттаған кез» ментальдық ұғымы ұлттық таным тұрғысындағы стилистикалық эффектіге ие болса, флора атрибуттарын бейнелеудегі «жас өскінді» «қаламсап ұштығына» ұқсатуы кейіпкер мен жазушы танымының бірлігін танытады. Әр жазушының пейзажы өзіне ғана тән суреткерлікпен өріледі. Заман Төлеуов пейзажының сюжет құрылымындағы семантикалық мәні де әралуан. Қыстың көктемге ауысқан өліара кезеңіндегі құбылысын ежелгі халықтың тотемдік түсінігі негізінде экспрессивті бейнелейді. Ежелгі адамның табиғатпен үнсіз тілдесуінің өзі тотемдік түсініктерді тудырғаны белгілі. Ежелден ел арасында тараған «көктемде шалық тиеді», «құс келдісі бар» деген сөздер сол тотемдік түсініктен қалған болса керек. Ауыл адамдарының санасында бұл түсініктің әлі күнге өшпегені де рас.
Романда автордың осы құбылысты: «Тегі, көктем айларында күн көзінен ұшқындаған сәуленің сан тарам бояуы асқына жарқырап, ауадағы ақ пен қараны суалтып, жер бетіне алуан түрлі ніл төгетіндей. Осы бір аласапыран шақта адам санасы да шәмкестеніп, делебесі бостары ушығып, салқынға ұшырайтын тәрізді. Осындайды аңдығандай: батыстан керуен-керуен болып, келіп жатқан жыл құстарының қанатына жабысып, ақ жүрек періштелер мен қанқұйлы жын-перілер де жайнаңдап жететіндей...»-деп жазушы көктем көріністерін діни-мистикалық сипатта бейнелегенмен, бұл әрі динамикалық, әрі психологиялық пейзаж үлгісі болып табылады. Алайда, мәтін семиотикасы жер жаратылғаннан бері әлемде ізгілік пен зұлымдықтың бітіспес күресіне, ізгіліктің ғана осы тайталасқа араша түсіп, адамзат жанына сәуле түсіретініне, алмағайып заманның адам жанына түскен ауыртпалығына меңзейді. Романның басында бір, соңында бір қайталанатын психологиялық параллелизм дала көктемінің сиқырлы да әсем құбылысы секілді адам табиғатының да тереңінде жатқан жұмбақ құбылыстардың сыр-сипатына меңзейді, қазіргі адамзаттың мейірімге зәру заманында олардың бір-біріне деген жүрек жылуы «күн көзінен ұшқындаған сәуле» секілді нұрын шашып, еркіндігіне қуат бітіретінін бейнелегендей. Сондықтан, бұл психологиялық пейзаж тілімі романның көркем идиолегемасымен тұтастық тауып жатқандықтан да, романның соңғы нүктесі іспетті қайталануы да осы ерекшелігінен болса керек. Жалпы, романдағы табиғат, адам, орта – психологиялық үшбұрышы роман мәтінінің мағыналық қабаттарын құнарландырып отырады.
Ал, сол көктем көрінісіне елтіп келе жатқан Ғалам ауыл адамының дағдысынша қыр басына күртесін жайып жата кеткен еді. Осы қарапайым көріністі баяндаушы былайша қалыптайды: «Арқасын алып Алатаудың өркештенген сілеміне сүйеп, ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласына көсілте көз жіберді». Шығармада реалистік, постклассикалық элементтермен қатар романтикалық элементтер болатынын жоққа шығаруға болмайды: «Арқасын алып Алатаудың өркештенген сілеміне сүйеген» жан да, тіпті, кең далада «көкке ұмсынып, өмірге талпынған табиғатты үзуге қолы батпаған» жан да тегін адам болмаса керек. Осы орайда, авторлық рай да шаң береді. Жалпы, мәтінде ландшафт көріністері денотат сипатын иеленгенмен, таңбаланушы құбылыс кейіпкердің туған жеріне деген сүйіспеншілігі болып табылады. Автордың баяндауынша, Ғалам салт-дәстүрге де берік жан. Өмірінде кемпіріне гүл сыйлап көрмеген. Қазақи мінезге тән «әзілкештігі» де жоқ емес. «Танымал тұлғаға қойылған ескерткіш түбіндегі бір себет әдемі гүлді» баяғы, сол кемпіріне сыйлаған. Ғаламның бұл қылығы юмор туғызғанмен, қазақтың өзге елдің салт-санасын жұқтырғыш көрсеқызарлығын көзге түрткендей. Осы тұста да жазушы мен кейіпкердің дүниетанымы тоғысып жатады.
Ғалам қазақы әдетпен қыр басына шынтақтаған Ғалам қалғып кеткен. Бір ырықсыз психологиялық күйге түседі. Онейрикалық мәтін мазмұны қысқаша қайырар болсақ, бұған сағым арасынан шыға келген Үшеу тіл қатады. Бұлардың өзара сөйлесулері сырттай полилог сипатында болғанмен, монодиалогқа жақындайды. Өйткені, Ғалам өз ішіндегі Сыңарларымен сөйлесуде. Елес Ғаламға арызын айта келген дөрекілеу жас жігіт нейлон көйлегінің түймесін ағытып, емшек тұсынан төмен салынған пышақ орнын көрсетеді: « – Егер сен өзіңе пышақ салмағанда мен де аман жүрер едім»,-дейді жас жігіт. Оқырман әлгі елес Үшеудің Ғаламның «іргелес дүниедегі» сыңары екенін Егде адамның сөзінен ұғады. Осыған қарағанда, Ғаламды айыптаушы жиырма бес жасында өз-өзіне пышақ салған жас жігіт те, қырықтан аса мойнына қыл арқан салған, бұның кесірінен өмір бойы тұншығып келе жатқан азамат та, Егде кісі де Ғаламның өзі екен. Әлгі елес Ғаламды емес, ұйықтап жатқан Ғаламды кінәлайды. Ал, Егде кісінің оған қояр кінәсы тіпті таңғаларлық: бұл Ғалам Жаратушының о баста бұның бойына берген қабілетті бағаламапты, талантын шыңдай түссе, ғажап жазушы я ақын болмақ екен. Соның кесірінен сыңарлары азап шегуде, өзі мәңгі-бақи тұншығуда.
Ақыры, бұл Сыңарлары ендігі жерде еңбегімнің зейнетін көрем деп алаңсыз ұйқыда жатқан Ғаламды оятып, жасында жасамаған ісін қартайғанына қарамастан жасатып, өз бастарындағы «мәңгі өлім, мәңгі тұншығу мен мәңгі адасудан» арылтып, оның жан әлемін мәңгілік еркіндік жолына бастамақ болады. Жазушының көру нүктесі түстегі кейіпкерлердің жан дірілін бағдар етеді, шағын ремаркалар олардың өзара сөйлесулеріндегі драматизмді нығарлай түседі. Жалпы, кейіпкердің өңінде де жанын мүжитін түпсанасындағы «көлеңке архетиптері» түсінде сыңарлары болып келеді. Осы түстегі Үшеудің елес Ғаламмен тілдесуі полилог секілді көрінгенмен, Ғаламның өзін-өзі талқылауы-монодиалог кейпіне ие. Монодиалог тәсілін онейрикалық мәтін аясына сыйғызу – композициядағы сығымдау тәсілі немесе автордың үнемдеу стратегиясы ғана емес, қаламгер стиліндегі жаңашылдық деуге де болады. Бір жағынан, түс сюжетінде ретроспекция да жоқ емес.
Түстегі Үшеудің тілдесуі негізгі кейіпкер Ғаламның басынан өткен тағдырды баян етеді. Ерінің зейнетке шығуын ұнатпаған дүниеқоңыз Қатшаның ерінің басынан өткен жайларды мысқылмен еске түсіруі негізінде қайталау арқылы автор болған жайдың шындығына көз жеткізбек болады. Жалпы, адамның түпсанасында орнығып қалған құбылыстарды басқаша кейіпте түсінде көруін ғылым да жоққа шығармақ емес. Шындығында, Ғалам түсінде ғана емес, өңінде де егде тартқанша өзін-өзі іштей мүжумен күн кешкен адам. Алпыстан асқан ауыл адамы Ғалам кеңес заманын өткерген, тәуелсіздік кезеңінде өмір сүріп отырған адам екенін білесіз. Бірақ, автор-баяндаушы бұл жайларды ашып айтпайды. Зейнетке шығарда ауылда бір кісідей қызмет еткен Ғаламға басшысы: «так что, бір соғымды сайлай беріңіз..»,-дейді астамсып. Қазақ сорлының қыр соңынан қалмай келе жатқан араны ашылған қасқырдай қарау жемқорлықты қайтерсің. Бұл сөзді естігенде онсыз да талай күйген Ғалам іштей шарт сынды да, «құжатындағы туған күні жеткенде, арызын жазып жұмыстан жалт берген-ді».
Романда экзистенциалистік сарын Ғаламның жасында ауылдан ұзап кете алмауы, білім алып, бойына біткен дарынды танытудың жолын таба алмай қыстығып, өзіне қол жұмсауы, қоғамдағы әділетсіздікке, жемқорлыққа ашық қарсы шыға алмауы, құдай қосты деген қосағы Қатшаның ерінің бойындағы дарыны былай тұрсын, ауыл ортасындағы кісілік абыройын, отбасындағы әкелік, отағасылық еңбегі мен қамқорлығын бағаламай, сырт көзге «қияли» атандыруы, ақыры бәрінен түңіліп, елден жырақтағы ескі қыстауға кетуі секілді сан тараптағы әрекеттерден көрінеді. Қоғамда өз ойын еркін айта алмай, өз ортасының келеңсіздіктеріне көз жұма қарап, тұншығумен жүрген жанның ең басты дерті - әлгі түсіндегі Егде сыңары үлкен мін еткен Тәңірдің сыйы - жазушылық өнерін іштен шығара алмауы. Дегенмен, Ғалам қоғамдық орта қайшылықтарына да көз жұма қарайтын жан емес. Алайда, тұншығумен жүреді. Ауыл ортасында бұны түсіне қояр пенде көрген емес. Құдай қосқан қосағы Қатша да кезінде бұның өліміне аңыраған әке-шешесімен, балаларымен қосыла ара түскенмен, ішкі дертіне ортақтасар жан емес. Адал, еңбексүйгіш, дарынды жанның жанындағы жарықты тоғышар Қатша көре алмайды. Ғаламның бойындағы кіршіксіз кісілік мінездің орнына оның пенделігін көргісі келетін Қатшаның іс-әрекетінен «қызғаныш архетипі» танылады. Кезекті үй-ішілік шарпысуда ерін «сенің бір шабадан шимайың кімге керек, отқа тамызыққа да жарамайды», - деп қорлайды.
Тоғышар, дүниеқоңыз, ер қадірін білмейтін Қатша - «әйел үстемдігінің» жаршысы. Қазақ прозасындағы Мәніке, тырыли арық Қарақатындардың бүгінге жеткен жалғасы десек болады. Сырт көзге «біртүрлі қияли» кейіпте көрінетін Ғалам қаладағы балаларының анасына төзіп бағады, биіктен қарайды. Дегенмен, Қатшасы қасақана жоқтан өзгеге шаптығып, есе бермей кеткенде, бұл да бұйда жібін үзіп кететіндей тулайды. Егде тартқанша күн көріс қамы, қызмет бабымен тынымсыз тіршілік етіп жүрген еріне «асыраушым» деп қана масылдық көзбен қарайтын Қатша да Ғаламға осал кедергі болмаған. Әйтсе де, Ғалам жан түкпірінде еркіндікке бұлқынған өнер тұлпарын әр кез жалынан сипап қойып, қалам тартатын, онысын ешкімге жария етпейтін сәттерін місе тұтумен жүрген, барлық игіліктер адам үшін жасалатын қоғамды, адам еркін өмір сүріп, ділі мен тілін көздің қарашығындай сақтай білетін қоғамды алпыстан асқанша аңсаумен жүрген кейіпкерді көреміз. Осы тұрғыда, әдебиет теоретигі, Б. Майтановша айтқандай, романда «еркіндік» архетипі бой көрсетеді. Көктемгі қыр басында жатып қалып, «денесіне, яки санасына бір салқынның тигеніне еш күмәні қалмаған» Ғаламның «дертті» болып үйіне келеді. Қанша ем-дом алса да, ауыл имамы «үстінен шайтан аттап кеткенге» жориды. Авторлық баяндауда езу тартқызар юмор да жоқ емес. Жазушы бұл юмордың мәнін тарқатуды XXI ғасыр оқырманының еншісіне қалдырады.
Жазушы Ғаламның өз болмысынан қажыған, егде тартқанша өзін-өзі іздеумен жүрген, жаратылысы бөлектеу жан екенін аңғартады. Соның бір куәсі кемпірімен тәжікелесіп қалған «сондай күндердің бірінде Ғаламның «иесі ұстап», қырық жыл отасқан қара кемпірі Қатшамен бітіспес дауға қалады». Қартайғанда өз үйінен кетпек болған Ғаламды Қатша есі ауысқанға жориды. Ақыры, Ғаламның алған бетінен қайтпасын біліп, зейнетақысын өзі иеленіп қалуды місе тұтады. Сөйтіп, Ғалам сол баяғы іштегі серігімен «қол ұстаспаса, жан тыныштығын таппасын» сезініп, өз үйінен кетуге бел буады. Автор Ғаламның бұл әрекетінің сырын оқырманға алдын ала жайып салудан аулақ, көркем әдебиеттегі жасыру тәсілімен көмкереді. Бірақ, романда Ғаламның жалғыздықты күйттеуі әлгі түсіндегі Егде сыңары айтқандай, «жасында жасамағанын, қартайғанда жасап, мәңгі тұншығудан арылмақ ниетінен» болса керек. Ғалам ауылдан шалғай Қарақуыстағы қыстауға кеткенде, үйіне қайта-қайта келіп, кітаптарын арқалап алып кетуі көп жайдың ұшығын аңғартады.. Иесіз қыстауды қара басының тірлігіне ылайықтап жамап-жасқап алып, «Қатшаның билігімен дүкеннен өлмес тамағын алып тұрған» Ғаламның «жоспарлаған жобасы» - «жазу» бірден орындала қоймайды, баяндаушы тілімен айтқанда, «бастапқы ойлары үріккен қойдай быж-тыж қашып, бірде-бірі сирағынан ұстатпады».. Дегенмен, шіркін, сол бойын қысқан «тәңірі сыйы» бүкіл тұла бойын балқытып, бүкіл дүниенің қыспағынан босатып, ой-санасын, сезімін де еркіндік өрісіне, жаңа өріске бастаса деген түйткіл момын шаруа кейпінде ілбіп күн кешіп жүрген Ғаламның ішкі әлемінде жаңғыра бастаған еді.
Автор шығармашылық үдеріске тән сипатты интуитивті бейнелейді. Осындай шығармашылық дағдарыста уақытын босқа өлтірмес үшін қара тірлікке еті үйреніп қалған Ғалам Қарақуыстың жон төбесіндегі «Телемұнара» бекетіндегілердің тоқпен балапан бастыратынын біліп, солардан сары үлпек балапандар сатып алып, әуреленіп, асырап өсіреді. Шібилер тауық болғанда, бір қабын Қатшасына апарып береді. Әкелік, ерлік борышын ұмытпақ емес. Жазушы осы орайларда, кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, ауыл тірлігінің әркім біле бермейтін қыр-сырын шынайы әрі көркем суреттеп, оқырманмен ойнай біледі. «Жаза алмаған шақтар» шығармашылық психологиясына тән құбылыс екенін аңғаруға болады. Қатша да, ауыл адамдары да «иесі ұстадыға» жорыған Ғалам өз бойындағы осы күнге дейін ашылмай келе жатқан «жаратушының сыйын пайдалануға» ынтық болған алакөңілмен «алыстан үңірейіп көрінетін қара қуысқа», елсіз қыстауға кетіп, неше алуан кітаптар оқып, руханият әлеміне бойлай түседі. Жазушы мен кейіпкердің шығармашылық тұрғысының жалпы сипаты тағы тоқайласады.
Біздің көз алдымызда Ғаламның шығармашылық тұлғасы мүсінделе бастайды. Осы тұрғыда, Г. Флобердің «Бовари – мен» дегеніндей, биографиялық авторды кейіпкеріне ұқсатуды жоққа шығара алмаймыз. Романның баяндау жүйесінде сюжеттік уақытты қысқарту да, созу да кездеседі. Басты кейіпкердің іc-әрекеті, ой-қиялы баяндауда шетін суреттелгенмен, оның тіршілігіне Қатша, ауыл әкімі, кезбе бала т.б. араласуы сюжеттік уақытты соза түседі. Мәселен, Ғалам ауылдан шеттеп, Қарақуысқа кетіп қалса да, әлдекімдер бұған тыныштық берер емес. Ақ «Нива» мінген ауылдық округ әкімі Ғаламды іздеп келеді. Автор-нарратор ауыл әкімі мен Ғаламның диалогтары арқылы оқырман көкжиегін кеңейте түседі. Роман кейіпкерлері қарапайым, дәл сөйлейді. Олардың ауызекі сөйлеу тілі нанымды. Ауыл әкімі: -О, братан, хал қалай?-, деп амандасады. Бір кезде Ғаламнан «соғым» сұраған «доптай домалаған» әкімсымақ ауылға келетін делегацияға осы өңірдегі тарихи ескерткіштер жайын айтып беруді өтініп жалбарынады. Баяндаушы-нарратордың көру нүктесі ауыл әкімінің сөз саптауын (О, братан, хал қалай? т.с.с) шынайы келтіру арқылы оның өз ауыл аймағының тарихынан хабарсыз, «елдің сиқын кетірер» даңғой екенін мысқыл етеді:
- Аманшылық па?
- Аман екеніміз аман...Бірақ, бір мәселе сізге тіреліп тұр. Қоғамдық жұмыс ақсап жатыр. Аудан мен облыстың тілін өзім ақ табар едім, тексеру сонау республикадан келмекші. Бірдеңе істеу керек...
- Көздерін бояйтын ба?
- Одан басқа не дейсіз? Оларға да сол керек. Сенбейтін нәрсеге өздері сенгісі келсе, амал нешік.
- Яғни, өздері де көзбояумен шұғылданады да?
- И-и, көке-ай! Кім кімнің көзін боямай жүрген заман...Шылғи өтірік екенін біліп тұрып-имандай ұйыған түр көрсетеміз. Өйткені, бәрінің арты былғаныш. Құйрықтары бір-ақ тұтам... [2,15 «Қарақуыс»].
Көру опикасы дәл болғандықтан, автор диалогтарға ремаркаға беруге сараң. Ғалам мен ауыл әкімінің диалогында қазіргі қоғамда өріс алған сөз бен істің алшақтығы, көзбояушылықтың кейпі ашылады. Әйтсе де, өз ауылының тарихын білмейтін ауыл әкімінің де іші қыз-қыз қайнайды екен. «Күресерге дәрмені жоқ». Жалған намысын жеңе алмайды. Құлдық санаға өзін билетеді. Ал, Ғалам «жазылмаған заңдарға» өз әлінше қарсылық танытады. Ауыл әкімінің кейбір адами жағымды мінездері болғанмен, оны тобырлық сана билейді. Иә, Ғалам басқа, ол егде тартса да, ежелгі құт мекені Қарақуыста жатып алып, әлем классиктерін оқиды. Әлгі әкімсымақ комиссия алдында ел тарихын айтқызу үшін бәйек болып, арақ-шарабын да ала келіпті. Әңгіме үстінде Ғалам: «-Айдан асты ғой татып алмағалы...-десе, -Біздің аузымыз құдайдың құтты күні құрғамайды»,-деп бет аузын тыржитып, басын қасыған әкім мен Ғалам нашақорлық пен дін жайын сөз етеді. Әкімнің аузына баяндаушы: «Ал наша шегу мен діннің айырмасы жоқ сияқты. Екеуі де сөз тыңдамайды. Біреуі – осы дүниелік «жұмақты» қаласа, екіншісі – О дүниелік ұжмақты көксейді. Сонда бұл дүниенің шаруасын кім істемек?».
Жалпы, әкім ессіз жігіт емес. Айыбы көнбістігі, құлдық санадан арыла қоймағандығы. Диалогтарда адам мінезі ғана емес, заман болмысы, қоғам жайы қозғалады. Ақпараттық мәні бар мәтіндерден интертекст сипаттары айқындалады. Өйткені, жазушы диалогтардағы шындықты тікелей ел өмірінен алып мәтінде пайдалануы мүмкін. Роман жанрына тән философиялық толғаныстар осындай кейіпкер диалогтарында кестеленеді. Алайда, бұл диалогтардың моральдық-этикалық мәніне автордың бейтараптығы танылады. Автор философиялық, психологиялық маңызға ие жайларды көркем диалогтық пішінде айшықтап, публицистикалық баяндау сарынынан бас тартуы құптарлық жай.
«Қарақуыс» сайындағы ескі қыстауда жатқан Ғаламға өз атын өзі білмейтін баланың келуі роман сюжетін ширықтыра түседі. Ғалам баламен тілдесіп, оның болмысы өзіне ұқсаған, тіпті ой-өресі өзінен асып тұрған ешбір құжаты жоқ жиырма бестегі ғана сөзуар баланы паналатады. Екеуінің әңгіме ауаны қоғамдағы адамның құнсыздығы, ата заңның арзандағаны, әділ қоғам, ел басқару жайына ауысқанда жігіт Ғаламға: «-Cіз ел басқара алмайсыз»,-деп түйеді. Себебін, Ғаламның кіршіксіз адалдығынан іздейді. Баланың сөзі тыңдаушысын күлкіге батырады. Жігіт: «Жер деген не?» деп қитұрқы сұрақ қойып алып, оған Ғаламның берген жауабына қанағаттанбай: «Жер жеу дегеннен шыққан»,-деп қоғамдағы жемқорлықты жерлейді. «Қорқыныш»,«тылсым», «жан», «мәңгілік өмір» туралы ой толғайды. Ғалам Қарақуысқа оқшауланып кеткенмен, ауылдағы үй жайының қамын жасауды ұмытпайды. Қатша Жолкеннің өзіне пышақ салып өлген түйеші шалдың баласы емес екенін айтқан. Бұл оның ауылда Ғалам сияқты өзіне қол жұмсаушылар көп болғанын аңғартуы болса керек. Бұдан кейін Жолкен ауылға барудан бас тартады. Жалпы, жазушы қиялынан туған Жолкен бейнесі егде Ғаламның еркіндік, әділет, отаншылдық, адамгершілік туралы ой-армандарының болашақтағы жалғасы іспетті.
Ақ боран қыста Ғалам мен Жолкен күнін әзер көріп жүрген жұмыссыз ауыл адамдарымен бірге бір байшікештің қар астында қалған қырық гектар «дәндері баданадай батсондық күнбағысын» жинап, қара кемпірге апарудың қамымен суықта арпалысып жүріп, екі қапты толтырады. Тәуелсіздік алған өліара кезеңде жұмыссыз ашыққан елдің қар астында қалған байшікештің ватсондығына аш қасқырдай ұмтылған сәтін автор: «...дәндері сау-сау етіп қапқа төгілген дәндерден бойына қуат дарып, сол елестің соңынан ерген ашқарын жұрт қырық гектар егіндікті шегірткеше отап жатыр...» ,-деп суреттейді. Осы аласапыран жай романда бар жоғы бір екі бетте бейнелегенмен, өліара кезеңдегі елдің күнкөріс жайы терең ашылады.
Үскірік боранда қаптарын арқалаған көліксіз екеудің жайын баяндаушы: «Төңіректі қараңғылық басып, дүние бір уыс қана болып кеткендей. Жанкештілікпен қаптарын сүйреп, алдыға ұмтылған қос бейбаққа бұл жалғанның жаны ашымайтын тәрізді. Азынаған бұрқасын қойны қоныштарын кеулеп, суық сілекейлі, зәрлі тілімен тәндерінің жалаң жерін жалап жалап өтеді». Баяндаушы «қараңғылық басқан» дүниені бір уыс деп литоталық теңеумен береді де, «азынаған бұрқасынды» кейіптеу тәсілі арқылы аса әсерлі суреттейді. Өлімші халде отырған Ғалам «осы күйді баяғыда, әлдебір кезеңде басынан кешірген сияқты екенін» айтса, Жолкен «мәңгілік өмірде жүргенін» айтады. Екеуі тағы да философиялық толғаныстарға бой алдырып, «ақиқат», даму туралы ой таластырып отырып, үсігендерін сезбей қалады.
Адамдары «үсіп өліпті» деген атаққа қалмаудан қорыққан әкім тергеуші алдында безек қағады. Үсіген екеу ауруханадан бір-ақ шығыпты. Жолкенді өлдіге жорыған дәрігерлер «мәйітті шешіндіріп, тас төсекке үстіне дәке жауып, жібісін деп қалдырады. Бүгін союға жарар деп қасапшы дәрігер бара қалса, анау тас төсегінен аяғын салбыратып отырады-мыс. Небір сұмдықты көрген қасапшы дәрігердің жүйкесі мынадайға шыдамай, естен тана құлайды. Есін жиса аққа оранып, тыр жалаңаш тас төсекте өзі жатады. Киімдерін әлгі мәйіт киіп кеткен сықылды. Содан кебінді бұтына орап, аттан ойбайды салып, бүткім жұртты өре тұрғызады. Жолкен сол кеткеннен оралмайды. Жалпы, романда Ғалам мен Жолкенге қатысты сюжетті оқырманмен ойнау деуге болады. Дегенмен, қоғам шындығы да ашылады. Автордың Жолкені ертегі сюжетіне тән көмекші кейіпкерге, ғажайып бала мотивіне де жақындайды. Бұл автордың иррационалды ойлау ерекшелігімен сабақтас. Дегенмен, Жолкен де Ғаламның рухани сыңары іспетті. Өмірден өз орнын таба алмай адасумен күн кешкен бейбақ.
Автор Ғаламның Жолкен туралы ойларын ортақ төл сөз аралас авторлық баяндауда әсерлі жеткізеді. Ғалам өзіне қол жұмсап, тәнін өлтіріп, бұл өмірдің бейнетінен құтылам деудің бекершілік екенін түйсінеді. «Төбелтаз тергеушінің» «мәйіттің қашып кетуіне» кінәлі араққұмар қасапшы-дәрігер екенін анықтауы, ауыл әкімі ол туралы жұмған аузын ашпауы, үсіп өлген тағы бір екі адамның сүйегі көктемде қар астынан шығуы, олар да аузы арақтан құрғамайтын іздеушісі жоқ құнсыз біреулер екені, ауыл әкімінің көзжұмбайлығы авторлық баяндауда әшкере етіледі. Авторлық баяндауда күлкі аралас трагизм (мениппеялық күлкі) мен драматизм бой көрсетеді.
Авторлық көру оптикасы Ғаламның осы оқиғалардан кейін томаға тұйық күйге түсіп, қалтарыстау бұрыштар мен талдың арасында жасырынып, жазу жазатынды шығарғанын аңғартады. Өстіп жүргенінде, фейсбукте бір қыз бала достық ұсынады. Ғаламның жазбаларын ұнатқанын айтады. Виртуальді әлемде Ғалам қызбаланың достығын қабыл алады. Осыдан соң егде тартқан Ғаламның сұрғылт, сүреңсіз өмірі өзгеше өң ала бастайды.
Ғаламға достық ұсынған бейтаныс қыз бала Қырмызы еді. Автор-баяндаушы Қырмызы бастан кешкен ауыр оқиғаны басынан бастап баяндамай, оның шешімін, салдарын көз алдымызға келтіреді. Бұндай көркемдік тәсіл детективтік шығармаға тән сипат екені белгілі. Бастапқыда Қырмызы бастан кешкен көптеген іс-әрекеттерді автор романда барынша сығымдап беруге әрекет етеді. Автор Қырмызының өткен күндерін емес, алдымен Қырмызының бүгінгі жағдайын көз алдымызға әкеледі. Қырмызы мүгедек халде, сонда да айналасына мейірім төгеді, бәріне көмектесіп жүреді. Суреткер жасыру тәсілі арқылы Қырмызының қалай мүгедек болып қалу сырын оқырманға бірден аша қоймайды. Алайда, автордың көру нүктелері әрқилы: қосүнді сөздер, төл сөз түрінде берілген кейіпкер көзқарастары. Тәңірлік дүниетанымнан арыла қоймаған ел адамдары қатарлы әулие Гауһар ана кесенесіне дертіне шипа іздеп келушілердің бірі - «түн ортасына дейін жұлдызды аспанға қарап жататын» арманшыл қыз Қырмызы. Әсіресе, арбаға таңылған жасөспірім бала өзіндей мүгедек халдегі Қырмызыдан мейірім тілейді. Бойжеткен қыздың ұшырасқандағы жымиысы баланың үмітін жалғайтындай. Қырмызы да құлақ-тілден айрылған.. Автор Қырмызының университет бітірген, мейрімді, «көңіл сарайы самаладай бір ғажап бала» екенін өзге кейіпкерлер көзімен шебер мүсіндейді. Авторлық баяндауда әрқилы көру нүктелерімен қатар, нақты мекеншақ аясында ел аузындағы әңгімені еске алу - реминисценция да көзге түседі. Баяндау мәтіні көпүнділік сипат иеленеді, авторлық рай да шеткері емес. Сөйтіп, жазушы Қырмызыға берілетін авторлық мінездемені шетін үлгіде шекиді.
Осы тұстағы баяндау мәтіні шығарманың көркем идеологемсынан сырт қалмайтын «Жаратушы бала сүю бақытын бермеген Гауһар ана» жайлы әлқисса да орын алады. Авторлық баяндаудағы «өзін сол тылсым күштің бір бөлігіндей, етене ортаның мүшесі іспетті сезінетін»,-дейтін синтагма мағынасы Қырмызының Жаратушыға, қасиетті Ана рухына ғана емес, өзіне өзі бекем сенген жан екенін ұғындырады. Қырмызының «жан жағына мейірім шашқан, шаралы сұлу қос жанарын» көргенде, сал бала ғана емес, Қырмызыдан қасиетті орынға келген өзі секілді басқа жандардың күш-қуат алуының сыры да жас бойжеткеннің өмірге деген шексіз құштарлығын танытады. Осы орайда, қос үнді сөзге шырайлас жеңіл тынысты авторлық баяндау діни-мистикалық пафостан үмітшілдік сарынға қол артады.. Жазушының публицистикалық сарыннан ада, ықшам баяндау тактикасына құрылған суреткерлігі оқырманды бейтарап қалдырмайды.
Романда үзілмелі мекеншақ ерекшеліктері танылады. Автор Қырмызының мүгедек халдегі бойжеткен шағынан кері шегініс жасап, оның балалық шағына ойысады. Қырмызының мектепте үздік оқығаны, үй ішінің оған деген мейірімі бір екі ауыз сөзбен тұйықталады да, автор жасөспірім қыз бойындағы әже тәрбиесін, немере мен әженің бір-біріне деген шексіз сүйіспеншілігін, әжесінің немересінің ерекше көріктілігінен шошынуын, өмірді көрген қарт ананың көңіліне ырықсыз бір күдік келгендей болуын Қырмызы мен әжесі арасындағы ремаркасыз диалогта кестелейді. Этномәдени дәстүр сипатындағы өзара тілдесудегі рефлексологиялық құбылыстар, когнитивті эмпатия ерекшеліктері кейіпкерлердің кіршіксіз жан әлемін айшықтайды.
Автор ретроспекциялық баяндауда Қырмызының мектепте сол ерекше адалдығына сай белсенділігін, өзіне хат жазған мектептесін де жиналысқа салмақшы болғанын, әпкесінен әлдеқайда жасы кіші інісінің Қырмызыға «үздігіп жүрген ұлдарға» Қырмызы атынан хат жазып, «қылмыс үстінде» Қырмызыға ұсталған қылықтарын баян етіп, сюжетті соза түседі. Бір жағынан, мектеп өмірінен өткен адамдардың басында жиі болатын бұндай таныс жайлар қанша шебер баяндалғанмен, сюжетті созудың тәсілі екені белгілі. Әрі жазушыға ел аузынан жеткен интермәтін сипатына ие. Қырмызының балалық шағындағы психологиялық мінездемесін әртүрлі көру оптикасынан бедерлеген автор қайтадан Гауһар ана кесенесіндегі сал бала мен Қырмызы жайына оралады. Қырмызы қол арбадағы баланы кесене маңындағы бұлаққа апарып, аузына су тосады. Сол сәтте сал бала Қырмызының күлгеніне таңырқайды. Қырмызы бауырымен шексіз құшақ қуанышқа бөленеді. Міне, осы тектес роман сюжетінде ретардация құбылысымен қоса, қазіргі постмодернистік романдарға тән сюжеттің бей-берекет араласу (контоминация) сипаттары жиі кездеседі. Бір қызығы, кейіпкерлер бір мекеншақтан екінші мекеншаққа оп-оңай ауысып кете береді. Мысалы, қасиетті орында дертінен айыға бастаған Қырмызы бұдан кейінгі сюжет өрісінде аудан орталығындағы саябақта өзіне сырттай таныс Сырым атты аққұба жігітпен кездеседі. Екеуі де әдепті, мәдениетті жандар.
Автордың баяндауынша, Мәскеуде оқитын Сырымның да, үшінші курсты бітірген Қырмызының да демалыста жүрген кезі екен. Осы танысудан кейін, олардың арасында «үзілместей бір жіп пайда болған сияқтанды». Жігіт пен қыздың кездесу-айрылысу мотиві нарративте орын алады. Алайда, сюжеттік контоминация өзегінде орын алған ретроспекция оқырманды қайтадан Қырмызы мен сал бала арасындағы әңгімеге оралтады. Шығарма семиотикасындағы синтактикалық қатынас ауқымындағы Қырмызы мен сал баланың іштей ұғынысуларын, психологиялық жамылғының (код) астарлы мәні - сал баланың дерттен құтылу амалын іздеуі. Бала Қырмызыны іздеп келген. Бала екеуі жазып қана түсініседі. Бала түсін Қырмызыға жорытады. Бала Қырмызының жорамалына рухтанып, өзгереді. Әйел семиозисі - коннотациялық (көпқырлы) құбылыс. Қырмызының сал балаға деген мейірімі, қамқорлығы оны өмір сүруге құлшындырады. Жалпы, әйел туралы халық мәдениетінде де, Құранда да, өнер туындыларында да әртүрлі тәмсілдер бар: «әйелдің махаббаты әлемді құтқарады», «әйел адам атаның қабырғасынан жаралған», «жұмақ ананың табанының астында», «араздық алмасы» т.б. Қырмызы іс-әрекеттерінен тек қана жақсылық, адам баласына деген сүйіспеншілік байқалады. Қатша Қырмызыға антипод бейне болып табылады. Қырмызының жарымжан халіне сәйкес келмейтін іс-әрекеттерге бел шешуі (сал балаға мейірімі мен көмегі, өзіндей басқаларға қол ұшын беруі)-оқырманның күтпеген көкжиегі.
Алайда, жазушы авторлық баяндауда бейтараптылық сақтайды, моральдық-этикалық насихаттан аулақ. Дегенмен, жазушы Қырмызының жаралы тәні ғана емес, жаралы жанының құпиялы қалтарыстарын, оның семиотикалық маңызын саралау үдерісінен жалықпайды: Қырмызының ауылға қайтарда құлағы қатты шуылдаған құлағы кенеттен есту қабілетіне ие болуы-қыздың жаратылыстың құдіретіне, тылсымға деген сенімі артуы. Объективті шындыққа негізделген оқиғалар мен кейіпкер іс-әрекеттерінен концептуальді, перцептуальді, онейрикалық (түс көру) кеңістік ерекшеліктері танылады. Жалпы, Қырмызы бейнесін тұлғалауда автордың көру нүктелерінің әралуандығы (ортақ төл сөздер, диалогтар семиотикасы, төл сөздер), кейіпкерлерінің ой-арман, аңсарын, түйсік-сырларын сезіндіруде психологиялық танымға жүк артуы нарратив жүйесінен автор образын шеттете алмайды.
Автор жасыру тәсілі арқылы Қырмызының мүгедектік халде қасиетті орында, ауруханада болуының себеп-салдарын оқырманға жеткізуге асықпайды. Жүруден қалған, кейінірек тіл ауыздан да айрылған Қырмызыны ата анасы Алматыдағы ауруханадан алып қайтқан-ды. Әсіресе, әжесінің жанына қатты батады. Қарт ана эзотериялық үрей құшағында Аллаға жалбарынумен тақсірет тартады. Әжесінің айтқанындай, сұлулықтың жауы көп екен. Кешқұрым ауылға оралған жас бойжеткен Қырмызыны «алып қашу» ниетімен қапыда соқтыққан ауыл сотқарлары оның нәзік жаны мен сұлулығына таяқ тигізеді. Осы бір қанқұйлы жағдайды жазушы: «Тұла бой тұңғыштары гүл атып, енді жайнап келе жатқанда сабағынан сынды»,-деп экспрессивті-эмоциональді бейнелейді. Кетсе қарғайтынын айтып, алдына көлденең жата кеткен бір кемпірдің қылығын автор: « Ол аттап бұттап таяй бергенде жатқан кемпір бір аяғынан шап беріп тарс құшақтап, қақпанша қарысты. Қалғандары да жетіп есі ауысқан қызды жабыла жықты», - деп суреттейді. «Жабыла жықты», «қақпанша қарысты» деген синтагмалардың экспрессивті-мағыналық әсерін, эмфатикалық энергетикасын сезінуге болады. Автор аң тектес тірі адамдардың суық іс-әрекеттерін темір қақпанға ұқсатады, екінші синтагма бағзы дүниеде үңгірді мекен еткен ата бабаларымыздың қорек үшін аңды жабыла жығып жатқан тастағы бейнелерін көз алдымызға әкелгендей. Сюжет желісіндегі тұрпайы, жиренішті әрекеттер тізбегін эстетикадағы сорақылық пен масқаралық категориясына қатысты пайымдауға болады. Әлгі кемпірлердің: «Е, бәріміз де өстіп, үсті басымызды жыртып, «сосын көнгенбіз» сосын оншақты бала таптық!...» Тырқ тырқ күлкі..».
Жазушы ащы сарказм арқылы арсыз, санасыз, жиренішті күлкіні жаныштайды. Қырмызы зорлықшылдардан құтылудың амалын жасап, уксус ішеді. Зорлықшыл босағадан сұлап шығады. Үрейі ұшқан отбасына дәрігер ғана дем береді. Қызын зорлықшылдардан құтқарып алу орнына ескі салттың уысынан шыға алмаған қыз анасының назасын автор: «Әттең-ай, егер ана жүрегі осындай күйдің басқа түсерін білсе, көлденең жатқан кемпір қара қарғыстың көк шешесі болса да бүйірден бір теуіп, аттап жүре берер ме еді...Әттең-ай!»,-деп мағыналық астары қалың ортақ төл сөз үлгісі арқылы баяндайды. Қыз анасы ғана емес, әкесі де ескі дәстүрдің құрбаны болғандарына өкінеді. Алайда, ауруханадан шығып келгенде «есікті теріс қарап тұрып ашқан» әкесіне Қырмызы арын сақтап қалғанын айтқысы келгенде, әкесі бет бермейді. «Кіндікқатынас үзіліп кеткен сыңайлы»..Осы орайдағы автор байламы терең.
Ауыл сотқарлардың жан түршігерлік хайуандық әрекеттерін баяндауда авторлық интенция айқын танылып тұрғанмен, жазушы моральдық-этикалық тұрғыдағы көзқарас білдіруден аулақ. Жазушы иісі қазақ жұртына таныс «қыз алып қашу» әлқиссасының өмір шындығынан алынған көрінісін кейіпкер басына көшіреді. Мәтінде масқаралық категориясы қанат жаяды. Әсіресе, бұрындары ауыл ішінде жиі кездесетін «қыз алып қашу» оқиғасының роман мәтінінде интертекстік сипаты да жоқ емес.
Автор оқырманды етегімізді жауып, ел болдық деген жұртымыздың дәстүрімізге жат қаныпезер әдеттен әлі де арылмай келе жатқаны, бұған қоғамның ұзақ уақыт бойы тоқтау сала алмауы неліктен деген ойға қалдырады. Автордың баяндауынша, Қырмызы көз жасын төккенмен, қаңқу сөздерге мойымайды. Күткен жігіті келмейді. Студенттердің де қимас ұстазына айналған Қырмызы жұмыс орнында кезекті дәрісін оқу үстінде инсульт алады. Дәрігердің емінен соң ғана тыншу табады. Жұмысы жалғыз серігі. Десе де, көп жылдар бойы көз салған әлдекімдерге жуыспады. Дегенмен, ешкімге жібіместей болған жүрегі талай түндерде сыр білдіріп, жалғыздық жасына булығады. Жазушы Қырмызының сондай күйінішті сәттерін монолог арқылы кестелейді. Дегенмен, романда кейіпкер монологтары ішкі монологтан гөрі қос үнді сөз пішініне жуық деуге болады.
Роман сюжеті Қырмызының виртуалды әлемде өзінің жан дүниесіне өзгеріс әкелген бейтаныс жанмен танысуынан дами түседі. «Егде жастағы , әлдебір шалғайда тұратын адам күннен күнге бұған жақындай түсті» дейді баяндаушы. Қос үнді сөзге ұқсас авторлық баяндаудың эмфатикалық энергетикасы зорая түседі. Танысқандарына аз уақыт болса да, сөйлеспей қалса екеуі де мазасыздана бастайды. Қырмызы әлгі ер адамның егде жаста екенін ұмытып кететін. Автор бұлардың арасындағы сұхбатты: «Ол бір ғанибет сұхбат еді! Ер мен әйел арасындағы пенделік емес-Тәңірдің қалауымен құдіретке ие болған, тылсымнан туғандай ерекше сырласу еді.Сірә, сондай күштің әсері ғана Қырмызының жүрегін еріте алған сынды. Ол өмірі көрмеген қайдағы жайдағы сияқты бір адамның өз жан дүниесін өзінен артық өткір көңілмен түсіне алғанына таң қалды», -деп бейнелейді. Ғалам мен Қырмызы кездесуге бел буады. Автор «үнемдеу» стратегиясын іске қосып, кейіпкерлердің тілдесулерін келтіріп, мәтінді ұлғайтпай-ақ, олардың сұхбаттарын прагматикалық аяда қабылдап, олардың психологиялық ахуалын қос үнді сөз арқылы интиуитивті сезіндіреді.
Ғалам Алматыға келеді. Ауылда жүрген момын шаруа адамының қалаға келгендегі мінез құлқының көркемдік моделі классиаклық әдебиеттен де табылады. Дегенмен, әдебиеттанудағы сабақтастықты ғана емес, әр жазушы бойындағы табиғи дарын құдіретін ескерсек, автордың дүниеқабылдаушылық қасиетінің де әрауандығын ұғынамыз.
Қалаға жиі келіп жүрмегендіктен Ғаламның барар бағытын межелей қоюы қиын болады. Автор қала өмірін Ғаламның көзімен суреттейді. Қала көшелеріндегі жұрттың «тірлікке ұқсамайтын сенделісі-кісі таңғалдырады». Бұл астарлы сурет. Жазушы қала өміріндегі әлеуметтік келеңсіздікті-жұмыссыздықты меңзейді. Кейіпкер «арқырай ағылған көлік нөпірін» түрлі түсті қоңыздарға ұқсатады. «Ұрлық жасаған адамша емес, көздерін ала қашқан» қалалықтарды да сол темір қоңыздардың бір түріне ұқсатады. «Бірін бірі елемейтін, көрмейтін, енді қайтып жолықпаса өкінбейтін – сезімсіз нөпір». Жазушы қазіргі қала өмірін, қала өміріне тән жатсыну көріністерін нап-нақ суреттеуде шеберлік танытады. Қос үнді сөз үлгісі өрнек салғанмен, кейіпкер дүниетанымынан автор дүниетанымы, білім деңгейі әлдеқайда биік екенін автор образына қатысты ұмытпауға тиіспіз.
Ғалам мен Қырмызының таныстығы арта берген, телефонмен де сөйлескен. Автор баяндаушы егде Ғаламның Қырмызы атты қыз баламен кездесер сәттегі ішкі толғанысын, алақұйын сезімдерін: «Сірә, осы күнге дейінгі тұмшаланған түнек тәрізді күйкі тірлігін сілкіп-сілкіп бір түйір шаң қалдырмайтын – теңдесі жоқ тазалық таяп келе жатқандай ма? Жөні жөн-ақ ...Бірақ, сол өзгеріске Ғаламның өзі әзір ме десеңші...» -деп ортақ төл сөз және соған ұқсас авторлық баяндауды ықшамдаудың оңтайлы тәсілі етіп алады.
Автор Ғаламның қалаша киінген жас қыз алдындағы өзінің «жерден шыққандай» түрін қомсынуын, күйзелісін интроспекциялық жағдайда сезіндіреді. Автор осы ішкі оңашалық күйді былай келтіреді: «...Көзге ілерлік бір елеулісі жоқ, бәр жағынан жүдеу, егде адам ғана екен ғой. Қай бетімен осы кездесуге келді?!». Қаламгердің кейіпкердің монодиалогын беруден гөрі қос үнді сөз үлгісін оңтайлы көруі де модернистік туындыға жат емес болса керек. Қырмызы «арбалған құстай» болған Ғаламның көз алдында тұр. Автор Қырмызының психологиялық портретін Ғаламның көзімен толыстыра түседі: «...осыншалы ұялы, ойлы, терең мұңы қарашығында дірілдеген, мұхит сынды ғаламат қуаты бар көзқарас...». Жазушы бір ғана психологиялық құбылыстың (көзқарастың) саналуан сипаттарын эпитеттер мен күрделі теңеулер арқылы ассоциативті бейнелейді.
Авторлық шегініс арқылы Ғалам мен Қырмызы арасында мессенжерде жазысқан диалогтың мазмұны «адалдық, арлылық, сертке беріктік...» туралы толғанысқа толы екені анық. Диалогта тілдесушілердің бірін-бірі жақын тануға деген ынтызарлығы ғана емес, кейіпкерлердің мінез қырлары, дүниетанымы, білім-білігі жайындағы ақпараттар да оқырман көкейіндегі сауалдарды шет қалдырмайды. Ғалам қызбен тілдесе отырып, «күн көрістік кәсіп жасар ғана білімі бар», «ой мен қиялды бала кезден ермек еткен» малшы баласы екенін айтады. Осы сәтте кейіпкер жайлау төсінде «Батырлар жырын» жаттап өсіп, қурайды ат қып мінген балалық шағын еске түсіреді.
Иә, суреткер Ғалам мен Қырмызының виртуальды әлемдегі танысу-диалогтарын, лирикалық шегіністер бере отырып, тағы да сюжеттік уақытты соза түседі. Содан кейін ғана кейіпкерлердің бет-бет тілдесулері бедерленеді. Ремаркасыз диалогтардың эмфатикалық энергетикасы танылады. Бойжеткен қызбен жолығысқан сәтте аузына сөз түспей Ғаламның абдыраған күйі жеңіл юмормен беріледі. Қыз да виртуалды әлемде Ғаламды басқаша елестеткенін айтады. «Оныңыз рас!.. Мен өзіме-өзім кейде ұқсай бермеймін...Сізбен араласқан Ғалам ауылда қалып, оның сырт киімі құсап мен келдім»,-деген Ғалам. Ғалам ойында өзін осы күнге дейін «тірі өлік» санаушы еді. Ғалам Қырмызымен «қоңыржай әңгімеден» кейін «бойы да, ойы да сәл шираңқырап» қалғанын сезінеді. Дегенмен, сырт көзден де жасқанады Қырмызы оның иығына басын сүйейді, Ғалам «ақырын ғана маңдайынан сүйді»: « - ...Кешіріңіз, өмірімде алғаш рет бір кісінің иығына сүйенгім келіп кетті...-деді де басын көтеріп алды. - Сіз басқаша ойлап қалмаңыз...мына қыз көре сала жабыса кетті ғой деп. - Құдай сақтасын, қандай адам екеніңізді іштей білем ғой... - Етегімді ешкім көтермеген, өзімді арзан санамайтын, жүрек қалауым болмаса-пәниден жалғыз өтуге тайынбайтын бір қырсық қызбын!». Авторлық көру нүктесі Ғалам мен Қырмызының кездесу сәтіндегі диалогтарын өткір өрнектеу арқылы олардың жан сырларын, адами мінез сапаларын терең ашады. Ғалам Қырмызыны өзіне «табиғи туыс», «ауа мен су секілді өмірлік қажет қасиетке ие жан» секілді сезінеді. Қырмызы Ғаламның «Тәңірдің берген құдіретін кезінде түсінбегендіктен» өмірі азаппен өтіп жатқанын айтады. Ғаламмен тіл табысып кетуін де тылсымға жориды. Ғалам өз басынан ешқандай құдіретті де, тылсымдық қасиетті де аңғармағанын айтады. Шынында, Ғалам құпия болса да қалам мен қағазды серік ететіні – табу болатын. Шығарма мәтінінде олардың бақыт, махаббат, жақсылық туралы толғаныстары диалог үлгісінде бедерленеді.
Ғаламның махабатты дертке теңеуі, бақытты екіұшты ұғым деп бағалауы, бұл жалғанның баянсыздығы туралы өзіндік көзқарасы бойжеткенді ойға қалдырады. Ғаламның аузымен айтылатын махаббат құдіреті, махаббаттың кемелдігі, адами құндылықтар туралы философиялық толғаныс, байламдарды образ ерекшелігінен гөрі, адамзаттың руханият әлемінде сансыз қайталанып, жаңғыра талқылана беретін смулякр ұғымына сыйғызуға болады. Жалпы, З.Төлеуовтің «Қарақуыс» романындағы философиялық, әлеуметтік толғаныстардың бүкіл роман бойында бұтарлана орын алуы да постмодерндік стильге тән ризоматикалық құбылысты назарға іліктіреді. Дегенмен, диалогтардың философиялық мәні Ғаламның шығармашылық тұлға сипатындағы идеолектін таныта түседі. Жазушы бұдан арғы диалогтарда да кейіпкерлердің шарқ ұрған ой-қиялдарына, бірін-бірі тануының сырларына үңілтеді. Ғаламның «кванттық физика ғылымы бойынша адам сұлбалары бір әлемде өлетін болса, екінші әлемде тіршілік кешіп жататындығы, адам өз өлімін ешқашан да көре алмайтындығы, мәңгі тіршілік, тіршілік сыры туралы пікірлердің өзгермелілігі, ғылымның да шексіз ізденіске бағышталғаны туралы толғаныстары, адамның ақиқатты бар кезінде діндарлардың о дүние туралы ертегісінен іздемей, шынайы өмірден табу керектігі, адамның өзін қойып, Жаратушыны тануға ұмтылуы, адамның бар болуы мен жоқ болуының Ойдан туатындығы туралы риторикалық сауалға толы философиялық толғаныстарынан автор образы да айшықталады. Ал, Қырмызы тіршілік сыры хақында өзін толғантқан сауалдарға жауап ала отырып, өзінің бір ғажайып тылсым күштің барлығына сенетінін, оны да Ғаламның жазғандарынан аңғаратынын, адамдардың өздері шығарған заң, шариғат жолы бар болғанымен тылсымға сене бермейтіндігі, басына күн туа қалса ғана шарасыз халде ғайыптан көмек тосатындығы жайлы өз көзқарастарын Ғалам толғаныстарымен жарыстыра толғайды. Қырмызының тылсым туралы ойы Ғаламды толқытады. «-Тылсымды пенделік қолмен ұстап, сезбесек оның бар екендігін қалай ажыратамыз? – деген Ғалам: «-Сонда біз бір-біріміздің ойымыздағы бармыз ба? Яғни, Жаратушының өзі де ойдың жемісі болды ғой? - деп Ғалам Қырмызыға жымия қарады».
Диалогтың әрқашан келісімге құрыла бермейтіндігін байыптауға болады. Автор шынайы өмірдегі адамдардың «тылсым» хақындағы көзқарастарын Қырмызы толғаныстары арқылы типтендіре жинақтап бергенімен, «тылсымның күші - сөз қуаты арқылы сезілетінін» сезінгенмен, әлі күмәнды кейіпкер арқылы діни-мистикалық ұғымның заманауи адам санасындағы жаңғыру үдерісін бейнелейді. Диалогтағы Ғаламның өмір, бақыт, махаббат, ақиқат, ғылыми ізденіс шексіздігі, мәңгі тіршілік, Жаратушы туралы ой толғаныстары романдағы авторлық тұжырымдамамен қанаттас екенін тануға болады. Ғалам қалаға арнайы шақыртумен текті апасының асын басқарып өткізуге келгенін айтқанда Қырмызының әлденеге секем алып қалғанын сезгендей болады. Десе де, Ғалам үшін ең маңыздысы Қырмызыны көру болатын. Классикалық үрдістегі Бақтығұлдың, модернистік бағдардағы Раскольниковтың көркемдік иірімі мол монодиалогымен қатар қоймағанымызбен, осы сәттегі Ғаламның пендешілік өміріне, ауылдан алысқа ұзай алмаған «келте кісілігіне» өкінген, жан түкпіріндегі сыңарымен ырғасқан өзін-өзі талқылауын (монодиалог) бедерлейтін пассаждың ішәжуаға толы, драмалық сипаты суггесивті екенін жоққа шығаруға бола қоймас. Қырмызы Ғаламнан сыр тартып, оның ішкі күбірінің сырын танып, «болмысындағы тайталастың себебі-индивидтің сатылық даму заңдылығының бұзылуынан екенін», адамның «бір әлеуметтік топқа еніп, сол ортада мойындалуы тиіс» екенін ғылыми тұрғыдан дәйектеп, тәпсірлеуі де диалог үлгісінде өрнектелгенмен, интермәтіндік сипатқа ие. Қырмызы психолог маман ретінде адам психологиясы, жан туралы ой толғайды. Қырмызы да Ғаламның ой көрігін қыздырып, сауал тастап отырады. Ғалам есте қаларлықтай түстерін баяндайды.
Автор Ғаламның ауылдағы мал-жанмен, үй шаруасымен арпалысып жүрген сәтін қапысыз бейнелейді. Ғаламның терезеден әлгі шаруаларды жасап жүрген өзін көруі, тіпті сыртқы есікті аша бергенде қарсы келе жатқан өзін көруі, «бұны ауа секілді тесіп өте шығуы», «Ғалам өзінің дене бітімін сипап көргенде, қолға білінетін кәдімгі зат секілді екенін аңғаруының» сырын автор оқырман алдына посмодернистерше тастай салады. Біздіңше, қара тірлікке жегіліп жүрген тәні ғана. Ал, жаны өзгеше рухты әлемде күн кешеді, айнымас сыңарындай. Кейіпкердің бұл дүниесезінуі мистикадан гөрі, «жанның екіге жарылу» құбылысына жақындайды. Жалпы, жазушының Ғалам бейнесін кескіндеу өнері реалистік дәстүрден де, постмодернистік үрдістерден де алыс емес, екеуі шектесіп жатады деуге болады. Осындай күйдегі Ғалам өзін үй ішінің қара тірлігіне жегіп, құлақкесті құлындай жұмсағанына айызы қанатын Қатшасымен қақтығысып қалады. «-Сенің шатырың кетейін деген! Жан адаммен сөйлеспейсің, сенің үйің мал қора!», - деп шатынаған қара кемпіріне: «-Сенімен арпылдасқанша малдармен үнсіз әңгімелескенім артық!»-дейді Ғалам. Ғалам мен Қатша арасындағы қарым қатынасты бұдан артық бейнелеу артық та болар. Автор кейіпкерлердің ремаркасыз репликаларында ауызекі сөйлеу дағдыларын, дауыс екпінін шынайы кескіндеу арқылы мінез құбылыстарын ашады. Ғалам Қатшаның «Кетсең кет» деген сөзін «әр естіген сайын жаңаша қабылдап», кетуді де ойға алады. Тіпті, «сөзіне еті үйреніп, мән бермеуге де болатын» Қатшасынан ғана емес, «шөптің тамырын қорек етсе де тек мынау қоғам деген қараңғылықтан құтылғысы» келеді.
Ретроспекциялық баяндау Ғаламның Қаратаудың қойнауындағы Қарамеңді атты қоныста мал баққан ата анасымен өткен балалық шағын есіне түсіруімен сабақтас өріледі. Ғаламның Қырмызымен кездесуі, қоштасуы жан дүниесін ерекше толқытады. Ғаламның көлік жүргізушісін өзіне ұқсатуы –елес, оның – «табиғат аясы іспетті» үйге келуі, екі балалы Қырмызы мен оның күйеуін көруі, өзінің талықсыған күйі, Қырмызының бұны көргенде жанары жасқа толып, абдырап күйеуіне қарауы - Ғаламның көліктегі түсі. Бұл тұстағы онейрикалық мекеншақтың - Қырмызының болашақта бақытты болуын (түстегі Қырмызының отбасылық бақыты) тілеген ниеттің, Ғалам жуықта бастан кешкен сезім сапырылыстарының түпсанасындағы іздері, болашақ іс-әрекеттердің болжалы іспетті көркемдік қызмет атқарады.
Ғалам әкесі алашорда қайраткерінің қызы болған туыстас апасының асына келіп, қолына микрофон алып сөз сөйлейді. Автордың Ғаламның текті апасымен көзі тірісінде сұхбаттасып, жазған толымды мақаласын облыстық облыстық газетте отырғандардың «қайдағы-жайдағы» деп жариялағысы келмегенін, Ғаламның саясат бөліміне шағымын, сонау ұлт азаттық көтерілісі жылдарында туындаған қазақтың бауырлас екі тайпасы арасындағы өшпенділіктің іздері суымай, бүгінде «рушылдық» ауруына ұласып келе жатқанын сын ете сөйлеп, апасының қайраткер әкесі туралы әңгіме шерткен сөзінің мазмұнын публицистикалық сарында баяндайды. Өйткені, кейіпкер әлеуметтік мекеншақ аясында тұлғаланады. Ғалам апасының қиын тағдыры, оның қайраткер әкесі туралы әңгіме шертіп, «бетімен кете жаздаған» көпшілікті сөзіне ұйытады, «шешіле сөйлейді», «адами құндылықтарды» уағыздап кеткенін де аңғармай қалады. Ғалам бұл жайды Қырмызыға қоңырау шалып, ел алдында біраз шындықты жайып салғанына қабаржиды. Автор Ғаламның өмір бақи ойларын бөлісетін қызды аңсауын, әлдекімдердің бұған «осқырына қарап, ақыл есі ауған деп қауесет таратқанын, содан бастап оның ішінен тынғанын, қысқасы сырласарға «арасынан қазақтың жігіт таппай» жүргенде, «түнектегі жанын жылытатын» қиялындағы қызбен жолығатынына сенгенін, ақыры Қырмызымен жүздескенін еске алып толғанатын монологын ықшам түрде өреді. Автор бір мекеншақтан екіншісіне оңай өтеді. Романда жарыспалы сюжет үлгісі дерлік ретроспекция арқылы бірде Ғалам, бірде Қырмызы жайына еркін ауысып отырады. Кейіпкерлердің жеке мекеншағы үзілмелі, монтаждау тәсілі басым болғанмен, тұтастық табады.
Автор баяндаушы Ғаламның балалық шағына қайта оралады. «Қарамеңді» қонысында малшылар көктемде жер кеппей, көлік қатынасы болмағандықтан сабақтан ай жарым кешіккен балалары Ғалам мен Сәрсенбекті әкелері аттарына мінгестіріп, ары бері өткен көліктер ала кетер деп, Алтуайтта тау аузында отырған «Быт-быт» аталған шопанның үйіне әкеліп тастайды. Жол қиындығынан көлік келмеген соң, екі бала киім кешегін, жатқан үйінен «жырып» қалған аздаған азықтарын арқалап жолға шығады. Автор пейзаж көріністерін де кейіпкерлердің іс әрекет (итерме арбаны сүйреп келе жатқан екі ұлдың әрекеттері, күйзелістері), көңіл күйлерімен астастыра суреттеу дәстүріне қол артады: «Қыстан қалған жусан, шыларжын, изен, көде сынды ұсақ шөптер мен аракідік топтаса кедесіп қалатын көкпек пен тобылғы адым аштырмады. Әр тұстан ақсүңгі қабырғалары ырсиып, сексеуіл де жолығады». Кей жерден жаңа көктің жаршысы болып: инедей ұсақ көк пен сасыр да жалбыр ұшты тілдерін шығара бастапты». Автор пейзаж телімінде флора атрибуттарына жан бітіре суреттейді. Мысалы, сексеуілдің әралуан белгілерін («ақсүңгі қабырғалары ырсиып», «сексеуілдің жолығуы») танытып, эпитеттік метафораны шебер қолдану арқылы сексеуілді аруақ кейпінде бейнелейді. «Инедей ұсақ көк пен сасыр да жалбыр ұшты тілдерін шығара бастапты» деген синтагма да кейіптеу ұғымын береді. Жол азабын көріп келе жатқан бұларды сиыр іздеген бала құтқарып қалады. Көп күттірген көлік те келеді.
«Құтқарушы» мотиві де иррационалды ойлау ерекшелігін танытады. Автор бала психологиясының қалтарыстарын шебер бейнелейді. Қағілез пішінді Сәрсенбектің қуақы, пысықайлығы, мақтанқұмарлығы, сабырсыздығы, жанаярлығы, қорқақтығы, шымыр денелі Ғаламның батылдығы, тәуекелшілдігі, адалдығы, турашылдығы, қиялшыл, ойшылдығы, ұстамдылығы контрасты пішін табады. Балалардың ойы тапқыр. Автор олардың кейбір іс әрекеттерін жеңіл юмор астарында бейнелейді. Тілдесу заматындағы дауыс екпіні, ым-ишараттары, ауызекі сөйлеу дағдылары, мінез ерекшеліктері шынайы ашылады. Әрине, мал баққан қазақ өмірі, жайлау табиғаты қазақ көркем прозасында кеңінен көрініс тапты. Осы орайда, дәстүрмен сабақтастық танылады. Көпке танымал «Менің атым Қожадағы» Сұлтан мен Қожаның достығын еске түсіретін «Қарақуыстағы» Ғалам мен Сәрсенбектің серіктестігі жайын баяндайтын сюжет жүлгесінің реминисценциялық сипаты мен өзіндік шымыр бітімін тану да қиын болмаса керек.
Романның тұтас бітімінде болмаса да, кейбір тұстарынан постмодернистік дүниетаным да аңғарылады. Ғаламның өң мен түстің арасында жүруі, жиі түс көруі, елес сыңарымен қақтығысып қалатын сәттері, романның кейбір тұстарында кейіпкерлердің есімі аталмауы, Ғаламға ұқсағанмен автордың оның атын атамауы, кейіпкердің ішкі әжуәсының молдығы т.б. постмодерндік үрдіс үлгісі танылады. Әдебиет теоретигі Б.Қ. Майтанов постмодернизм сипаттарын: «Постмодернизмде ең үлкен дүниетанымдық ерекшелік-керітартпа романтиктердегі сияқты өзіне таныс өмір сиқынан түңілушілік. Олар айналаны өзгертуге тырыспайды. Бәрін шарасы таусылған көзбен, тіпті бейтараптықпен, қажыры кетілген, көбінесе өзіне қаратылған ащы мысқылмен (самоирония, самопародия) топшылайды. Үкім айтуға ұмтылмайды. Сырт қарап қана ілбіп отыратындай. Шын мәнісінде бұл сияқты бет перденің (маска) ішінде кереметқарсылық тулап жатады. Олардан сыншыл сарын, реалистік элементтерді таба алмаушылық қателікке ұрындырар еді», - деп тұжырымдайды. Осыған қарағанда, Заман Төлеуовтің реалистік дәстүрден қол үзбейтін «Қарақуыс» романынан постмодерндік сипаттар танылатындығын құптауға болады.
«Қарақуыс» романында баяндау мен суреттеуді жиі құнарландырып отыратын көркемдік тәсілдің бірі де диалог деуге болады. Мәселен, автобус жүргізушісі мен оның бетпақ әйелі арасындағы репликалар, жүргізушінің әңгімесі, қайыршы шал кейпіндегі қарттың әңгімесі сырттай әңгіме ішіндегі әңгіме дәстүрін жамылғы еткенмен, кейіпкер диалогтары сюжет өрісіндегі драматизм тынысын аша түседі. Бұл орайларда, автор-нарратор әңгіме тізгінін наррататорға ұқсатады. Жалпы, романда баяндау инстанцияларының әралуандығын да композиция поэтикасындағы жаңашылдыққа балауға болады. Көлік жүргізушісі мен оның шаптыққан «жирен шашты пішінсіз» әйелінің ұрыс-керісі қарт адамның көзімен суреттеледі. Ол жұрт бұзылған көліктен әлдеқашан түсіп кетсе де, артқы орындыққа жайғасып, көліктің жүруін күтеді. Беттен алып, төске шапқан бетпақ әйелі кеткен соң, жігіт қарияға сыр ашады. Туыс ағаларының арқасында қалаға келіп, еңбекке араласады. Жүргіуші болып жүріп, әлгі «бәтуасыз» бойжеткенге құмартып қалады. Еңбегінің арқасында үш бөлмелі пәтерге қолы жетеді.
Бұның тапқанын жайшылықта ұқсатпайтын әйелі пәтерді бизнеске саламын деп сатқызады. Банкрот болады, жағдайлары тұралап қалады. Сөйткен әйел енді жөн жосықсыз Кеңесті мақтайды. Жүргізуші де егде адамның репликасына құлақ қоя отырып, «іштей бір тың шешім қарастырмаққа» бел буғандай болады. Аты жоқ қарт «дана қария» архетипін еске салады, айналасына «еркіндік дәнін» егіп жүрген жан ғана емес, адам жанын азап пен қорлық құтқарушы, азаткер бейнесінде көңілге ұялайды. Алайда, қарт адам өзін жүргізушіге: «Мен атым да жоқ, затым да жоқ бірнәрсемін», «Солай, қарағым... Оянсам бір жерде отырам. Сірә, көзім ілініп кетсе, қайта жоқ болатын сияқтымын»,- дейді. Аты жоқ қарт адам жүргізушіге тағы бір әңгіме айтады. Қарт өзінің тағы бір оянып кеткен сәтінде бір зәулім ғимараттың есігінің алдында телпегін жайып қайыршы кейпінде отырғанын сәтінде «көргенін» де, «естігенін» (алдыңғы көрдім деген оқиғаның кейіпкері болған жігіттің басынан кешкен тағы бір оқиғасы қарттың құлағына өзі жетуі) жүргізушіге баяндайды. Жүргізуші аң таң. Қарт «бар болған нәрсе ешқайда жоғалмайтынын, өзгеше өңге айналып төңіректе көлкілдеп жүретінін айтады. Бай мен кедейдің о дүниеде теңесуіне үміттенетін жүргізушіге қарт: «Теңесетін дүниені көрмедім. Бағыныштылық бар жерде-теңдік болуы мүмкін емес. Мына мен өзімнің тегімнен жаңылып, жоқ іздеумен шарқ ұрып жүрмін. Егер сол бастауымды тапсам, мүмкін теңесетінімді де сол жерден таба алам ба деп аңсаймын...»-дейді. Авторлық идея осы «аусарлау» көрінген қарттың аузымен айтылады. «Қарттың «көрдім» деген жағдаяттары ремаркасыз диалог түрінде өрнек табуы да композициялық ерекшелік болып табылады.
Жазушы аты жоқ қарттың жүргізушімен әңгімесі арқылы осы күнгі қоғам өміріндегі келеңсіздіктердің бетін ашады. Романға арқау болған «еркіндік» архетипінің семиотикалық маңызы айқындала түседі. Қарттың әңгімелері жүргізушінің күйзелеген жанына жарық түсіргендей болады.
Бұл романның көркем сюжетіне астар болған фабулалық желі болғанмен, әлеуметтік мекеншақ аясындағы кейіпкерлердің арпалысқа толы өмірінен, «тегінен жаңылған» рухсыз кейпінен, әйел «үстемдігінің», ақша мен байлық үстемдігінің аяусыз әрекеттерінен, тоғышарлық, масылдық мінез-құлықтардан, мәселен, бай әкесінің күшімен шетелде оқитын құлдық, тобырлық сана меңдеген қыз бен жігіттің көрсеқызар маххабатынан, жол үстінде келе жатқан сол жігіттің қымбат көлігіне құмар ойынның салдарынан банкрот болған жігіттің ақша табу ниетімен қасақана соқтығу жағдаятынан адамзат қоғамының деградациясы танылады. Автор ел өміріндегі әлеуметтік теңсіздікті кейіпкерлер көзімен, олардың тілдесулері арқылы шебер суреттейді. Жалпы, З. Төлеуовтің «Қарақуыс» романындағы диалог семиотикасының қатпарлары қалың. Жүргізуші мен аты жоқ қарттың диалог пішінді тілдесулері роман ішіндегі әңгіме сұлбасы танылады.
Ғаламның қаладан ауылдан оралу жайын суреттеу де алдыңғы эпизодпен идеялық көркемдік жағынан тұтасып жатқандықтан монтаж тәсілі қолданылады. Жазушы ауыл таңын: «Ғалам отырған автобус таң елең алаңда - ағаш ұштары мен үй шатырлары қараң құраңдаған, таң алдындағы ащы ұйқыда жатқан ауыл шетіне ілікті. Бұл жаққа түнімен қар жауып, ауыл көшесі малтығып жатыр екен.» Таң алдындаға ауыл бейнесін әрқилы суреттеуге болар, ал қаламгердің көру оптикасы шындық бейнесін нақты суреттейді. Бейнеленетін нысанды алыстан: «... (қысқартқан-біз) ағаш ұштары мен үй шатырлары қараң құраңдаған» деп суреттеуі шындыққа сай болғанмен, кез келген адам байқай бермейтін сипаттар екені рас. Алайда, бұл шындықтың да нарративте фиктивті баяндау үлгісі екені рас.
Ал, «...(қысқартқан-біз) ащы ұйқыда жатқан ауыл», «ауыл көшесі малтығып жатыр екен» деген синтагмаларда ауылды жанды кейіпте суреттейді. Кейіпкерді де «үйіне қарай бүлкектей желді»,-деп суреттеуінде де мән бар (қара кемпірінен сескенеді, әлденеге өзін кінәлі санаған адамдай), адамның асығыс жүрісін жылқы малының жүрісіне теңейді. Жалпы, жазушы Ғаламның да іс әрекетін көбінесе оның өз ортасындағы құбылыстармен шендестіруі жиі байқалады. Ғаламның өз үйіне келгенде «қақпаның сыртын күреп жүрген әлдекімді көзі шалуы», онымен тілдесуі, оны Қатшаның «көк аязға айдап шыққанын» айтуы, Ғаламның кейпіндегі егізі, «...мәңгілік шырғалаңда жүрген елес» екенін айтуы – мистика емес, әрине елес. Ғаламның өз «елесімен» тілдесуі сыртқы пішіні диалогтық үлгіде болғанмен, психологизмдегі монодиалог тәсілі екені анық. Ғалам Қатшасымен Сәрсенбектің үйіне келеді. Сәрсенбек досының «автобусник інісі қоңырау шалып, бұны сұрағанын айтады. Ғалам Сәрсенбекке «өң мен түсті ажырата алмайтын халге жеткенін» айтады. Ол шошып, бұл жайды Қатшаға айтпауын, ол естісе, жындыханадан бір-ақ шығаратынын айтып сақтандырады. Автор Ғаламның күйін жан досы Сәрсенбек те, тіпті бар айналасы, Қырмызыдан басқа ешкім түсіне алмайтынына меңзейді.
Қатша қыздарының үйіне кеткелі, Ғалам Қырмызымен үнемі виртуалды тілдеседі. Қырмызы Ғаламның өткен өмірінің жайын сұрайды. Кітап бетін ашпадым деген Ғаламды Қырмызы білімді кісіге ұқсатады. Кейіпкерлер білім, тән азығы мен жан азығы жайын талқыға салады.. Шынында, бұл жайлар әрісі Аристотель, Платон, Фараби, Ибн Сина, Спиноза, Паскаль, берісі Абай секілді әлем ойшылдарының еңбектерінде талқыланғаны белгілі жай. Сондықтан, бұл диалог реминисценция деуге болады. Романда көбінесе кейіпкерлер дүниетанымы, кейіпкерлердің ішкі сөздері философиялық толғаныстар өзегі болып табылады. Мәселен, Ғалам «ғажап қыз бала» дейтін Қырмызының бұның бойында тылсым күш бар дейтін сөзі жиі есіне түседі. Қырмызы жұмысымен жуырда үш айға Нью Йоркке ұшатынын айтқан. Қорадағы төлдеп жатқан малын қарап, жалғыз өзі үйде қалған сәтінде «ғажап баланың» «жан деген не?» деген сауалына жауап іздеп, оны ойынан бір елі шығара алмай торыққан Ғалам өзі жатқан сықырлауық төсегімен сөйлесуі монодиалог үлгісі екені айқын. Алайда, адамның жансыз затпен тілдесуінің фольклорлық негізі бар.
Әсіресе, жазушы романның баяндау жүйесінде мол қолданылатын көркемдік тәсіл –диалогтың этнолигвистикалық тұрғыдағы шынайылығын тәрк етпейді. Мәселен, көктемде қар суы ерігенде ауылды су алу оқиғасы да диалогта арна түзеді. Ащысай ауылын су алғанда ауыл адамдары «Қызылағаш оқиғасынан» сабақ алып, алдына ала сақтық шараларын жүргізбеген, қаржы жоқтығын сылтау етіп, ауыл ақсақалдарын жинап, өнбес іс жасап, көзжұмбайлыққа салған әкімсымақтарға, қарапайым халық ырысын қымқырып жемқорлыққа белшесінен биліктегілерге бір зейнетақысына телміріп отырған ауыл қарттарының жанайғайы репликаларда эмоционалды-экспрессивті сипатта шебер бейнеленеді. «-Әй, осы біз қандай мемлекетпіз? Жер асты, жер үсті толған байлық, алтын сандықтың үстінде отырған елміз деп көкиміз де «қаржы тапшылығы» деген сандырақты айтамыз! Жемқорлықты жою керек! - Дұрыс айтасың! «Алтын сандықтың» үстінде жалаңбұт отырған елміз!-Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Мылион тонналап мұнайды кшайттап жатыр! Қайда сол!-Қайда болушы еді! Бес-алты адамның қалтасында кетіп жатыр...» - Ау, мүмкін, «асарымызды асадық, жасарымызды жасадық»...енді шал шақпұттар шынымен «Ащыбұлақтың» арнасына көлденең жатып, суды тоқтатайық!» – Бұл не деген берекесіздік! Шығыңдаршы, кабинеттен! - деп әкім бұлқан-талқан болып, стөлін бір түйді».
Осы мәтін үзіліміндегі кейіпкер сөздерінің лепті өрнегі ыза, ашу толқынын, әсіре күлкіні айшықтағанмен, күлкінің меннипеялық – қайғылы сипаты айқын. Ғалам қарындасының ақылымен су келетін тұсқа қарды жиектеп үйіп, арпалысқа түсіп, «қара жыландай» тажал тасқынның бетін қайтарады. «Жынды шал» атаған көршілерінің де үйлерін құтқарып қалады. Жалпы, суреткер әлеуметтік мекеншақ аясындағы оқиғаны қазық ете отырып, билік пен қарапайым халық арасындағы келеңсіздіктерді бейнелейді. «Қызылағаш», «Ащысай» оқиғалары ел өмірінен алынған нақты дерек болғандықтан, мәтінде көркем, әрі реминисценциялық қалып иеленеді. Дегенмен, су тасқыны алып, апат жайлаған ауылды суреттейтін авторлық баяндауда көркемдік элементтер болғанмен, публицистикалық сарын иеленеді.
Мысалы: «Елі қашып, шатырлары қалқиған бос үйлер-су бетінде қалқыған жапырақтай ағараңдайды» немесе: «Нұх пайғамбардың кемесі құсап, соңындағы тіркемеге адам тиеген тракторлар ғана әр-әр тұстан қараңдайды»,-деген сөйлемдер мағыналық, мазмұндық жағынан ыңғайлас үдемелі өрнекке ие және сөйлемдердегі теңеулер ақиқат құбылыстың белгілерін нақты бейнелейді. Екінші сөйлемде сарказм аралас теңеудің көпқырлылық мағынасы қоғам дамуының қайшылықты сипатымен төркіндес болса керек. Ал: «Шеккен зиянын өкіметтен талап етпек болған біраз жұрт арыздануға кірісті. Кейбірінің үй-жайлары заңдастырылмапты. Кезінде үдере көшкен орыстардан арзан бағаға сатып алып, «екі жеп биге шықтым» дегендер де жетіспеді. Үй иесі өздері болмай шығып, көздері алақтады,»-деген авторлық баяндаулар эссеизмнен шет емес.
Романда Ғаламның әлеумет ортасындағы өмірі мен жеке тұрмыс жағдайындағы тіршілігі алма-кезек суреттеледі. Үйде жүрсе де, түзде жүрсе де «ояу жүрген сәтінде» Қырмызы «Ғаламның көкейінен» шықпайды. «Осы Қырмызының өзі де Ғалам сияқты әлдебір шалыққа жолыққан құпия жан ба екен? Тегі, төңіректі өзгеше көріп, өзгелерге ұқсамайтын тірлік кешіп, ой түзу-қарапайым орта үшін «қалыптан» ауытқу шығар? Ал, негізінде жалпыға бірдей қалыпты кім ойлап тапты? Ол да саясат деп аталатын бір қитұрқының амалы да... Демек, Ғалам мен Қырмызының әлемдері де бар болуға құқылы. Ол түгілі есінен ауысқан адамның да сандырақ әлемі бар ғой...». Қосүнді сөз үлгісіндегі авторлық баяндау Ғаламның Қырмызыға деген аңсарының сыры жалпы жұрт түсінігіндегі махаббат жайлы жадағай жалаң түсініктен бөлек өзгеше дүние екенін, өзінің қызындай балаға ниетінің таза екенін танытады. Қырмызының жолығуы тығырыққа тірелген тағдырына сәуле түсіргенін білдіреді.
Романда Қырмызыға контраст бейненің бірі – өткен заманның жемісіндей Қатша бейнесі. Ол отбасындағы әйел «үстемдігінің» айқын көрінісі. Көктемде малды отар-табынға қосып, арқасы кеңігендей болып, таңертеңгі уақытта сақал-мұртын қырып жатқан Ғаламға дегбір тапқызбаған Қатшаның сөзі де сүйектен өткендей: «Мә, атау-кереңді құйып іш! Мені балаларым шақырып жатыр. Бақша көктегенше сонда болып, жазғы демалысқа бір ақ алып келем. Отыр өзің. Сенің де, менің де құлағым тыныш болсын. Жасайтын жұмысың бастан асады. Тізімін жасап кетемін.» Қатша құдай қосқан қосағын ерім деп сыйлаудан жаңылған әйел. Бұндай әйелде еріне де деген сыйластық былай тұрсын, аналық мейірім бар дегенге сену де қиын. Әйтсе де, өмір бақи әкелік парызын мүлтіксіз орындап, отбасының қамын ойлаған Ғалам кейде шарт сынса да, «іштегі желі шыққан кезде жөніне кететін» Қатшасының «бәтуасыздығына» шыдап баққан-ды. Ғалам Қатша синдромынан да қажыған. Қатша Ғаламның дара мекеншағына үстемдік жүргізеді. Ол «әйел үстемдігінің» уақыт пен кеңістік шарттарына, өзгерісіне тәуелді екенін санамен қабылдай алмайды. Тегінде, Қатша тоғышарлықтың типтік бейнесі. Ғаламның өңі мен түсін айыра алмауы-ол өмір сүрген әлеуметтік ортада шындық пен жалғанның да шекарасы өшіп бара жатқаны, шындықтың шалажансар күйіне наразылығы.
Сондықтан Ғаламның елес дүниеде жүруі мистика емес, оның айналасынан, өз ішінен өзін іздеп шарқ ұруы. «Құдайдың берген сыйын» толық азаматтық еркіндігі болмағандықтан да іске асыра алмаған. Алайда, әкелік борышын еш ұмытпаған, тапқаны тамағынан артылмаған соң, ауылдан ұзап кете алмаған. «Құдайдың берген сыйы» ма, соны қабыл алмағаннан ба, әйтеуір өз ортасынан жерініп, «тұншығып», әлденеден түңілгенде өзіне талай қол салған. Әдетте, постмодерндік туындыларда өмірден өз орнын таба алмаған, тығырықтан шығудың жолын іздегісі де келмейтін кейіпкерлер өзін мерт ететін. Алайда, Ғалам «өң мен түсі бірдей елес дүниеде сенделумен» күй кешіп жүргенде, өзіне ойы да, жүрегі де ұқсас ертегідегідей көмекші, құтқарушы есепті «ғажап қыз бала»-Қырмызы кездеседі.
Қырмызының Америкада жүріп, Ғаламға ватсаф жазған жазбаларынан – роман ішіндегі әңгіме сұлбасы айқындалады. Қырмызы әлқиссалардағы әңгімеші тізгінін ұстайды. Шындығында Қырмызының аузынан айтылатын әңгімелер біздің қазіргі өмір – тұрмысымызда: ауыл, қала тұрғындарының ауызекі әңгімелерінде, ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі талқыланатын жайлар екенін жоққа шығаруға болмас. Сондықтан роман композиясынан елеулі орын алатын бұндай сөз ойымдарының да кейіпкер болмысын айшықтай түсуге үлесі бары анық. Мәселен, Нью-Йоркте жүрген Қырмызы метрода тілдескен баланың әкесі миллиардер болғанына қарамастан көппен бірге метрода бара жатқанына таңырқағанын, біздің «байшыкештердің» балаларын «оқ өтпейтін беренді көлікпен мектепке тасымалдайтынымен» салыстырғанын айтады. Олардың олигархтарының саясаты мемлекет саясатымен ұштасып жататынын т.б. еліміздегі келеңсіздіктермен салыстыра екеуара әңгіме өзегіне айналады. «Билікті айтпағанда, ақыр-аяғында ғылым білім, өнердің барлығын шаласауатты өркөкіректік, ертеңсіз иттердің басқарып кеткені мемлекет үшін ажалмен тең!...», - деп Қырмызы ватсаф желісінде жазады.
Қырмызы толғаныстары Ғаламға қаратылып айтылғанмен, адресаты Ғалам ғана емес, көпшілік оқырман екені рас. Ғалам да өткен заманның ақ қарасын ашып, бүгінгі келеңсіздіктерді талқыға салады. Олардың ойталқыларында заман мен адам шындығының бет пердесі сыпырылады. Олардың сөздерінен ұлтжандылықтың қызыл жалыны бет шарпиды. Осы орайдағы, дискурс стилистикалық, синтаксистік тұрғыдан ауызекі сөйлеу дәстүрі элементтерін иеленгенмен, диалогтық ауқымы шексіз, эмоционалды-экспрессивті қуаты мол ауызша шешен сөз дәстүрі танылады. Кейіпкер сөздері автор интенциясынан шеткері емес.
Қырмызы Америкадан келген соң, Ғаламға хабарласады. Сырқаттанып қалғанын біліп, дәрігер сіңлісіне өтініш жасап, ауруханаға жатқызады. Ас-суын әкеліп, жағдайын біліп тұрады. Әйтсе де, екеуі де сырт көзден қымсынады. Ғалам Қырмызының шынайы бала көңілмен: «Сізді сағындым» деген сөзіне де қысылып қалады. Бірде Ғалам өзіне деміл деміл тамақ, кейде кітап әкеліп әуреленіп жүрген Қырмызыға: «Соғым бордақылағандай болдыңыз!» деп әзілдеді. Әзілі оспадарлау шықты ма, Қырмызы жақтырмаған сыңай танытты.-Сіз тым тұрпайы сөйлейсіз. Сізге бұлай сөйлеу жараспайды. Егер сіздің жазғандарыңызды оқымасам, бұлай демес едім». Автор бұлардың осындай тілдесулерін келтіре отырып, жас ерекшеліктерін ғана емес, қала адамы мен дала адамының сөз саптау мәдениетіндегі өзгешеліктерді, әрі олардың бір бірін тану әрекеттерін де бедерлейді. Автор Ғалам Қырмызыға өзімен бір бөлмеде жатқан әлдебір ақынның «бүгінде бұрынғы ақын жазушылардың көбі о дүниеге аттанып кеткенін», «бұрынғыдай әдеби орта жоқ» екенін, «жазушының өсіп өшуі ру, тайпа көсемдерінің қолында» екенін айтып, бұны «руының көсемімен таныстырмақ болғанын» айтады.
Ғалам ауруханада өзімен бір бөлмеде жатқан әлдебір «атақты ақынның» «қазіргі әдеби ортаның жоқтығы», «жазушының өсіп өшуі ру, тайпа көсемдерінің қолында» екені жайлы әңгімелерін айта бастағанда Қырмызы: «-Сізге олардың қажеті қанша? Сіз жазушы емессіз...» дейді. «Иә, білем...екі арадағы делдалмын...» деп күмілжіп қалған Ғаламға Қырмызы: «...Ал, сізге құдіреттің ауыр аманаты артылған, қысқаша Жаратушы алдында жауаптысыз...Ақын жазушының да өз миссиясы бар шығар. Бірақ, олар әлі күнге көз алдындағы күйкі тірлікті суреттеуден аса алмай жүрген сияқты» дейді. Автордың суреттеуіне қарағанда, Қырмызы сөздері коннотациялық сипатқа ие. Ғалам «олар (жазушылар-біз) да арнайы аманатты арқалап, ел санасына шуақ сіңірді емес пе, Қырмызы бұны неге олардан қорғаштап әлек» деген ойға қалады. «Сіз жазушы емессіз» деген сайын Ғаламның еңсесі түсіп, өзінің кім екенін айыра алмай, ойы адасып, санасы сарсылады». Ғалам «осынша жасқа келгенше, қанша оқып-тоқып, кей күндері он он бес сағат отырып, стөл басынан қалжырай құлағанмен, жазушы бола алмағанын, жөнелткен газет жорналдардан теріс хаттар келігенін, енді күтетіндей қаншалықты ертеңі қалғанын» ойлап налығанын суреткер ортақ төл сөз арқылы баяндайды.
Қырмызының: «-Ешқашан жазушымын деп ешкімге айтпаңыз. Сіз, расында кішкентай бала сияқтысыз. Біреу мақтаса екен деп емексіп тұрады екенсіз...»,- дейтін ойлары Ғаламның әлі танылмағанын ескерткені болса, әрі жазушыларды дарынды, дарынсыз деп екіге жаратындығын аңғартса керек. Әрине, суреткер бүгінгі қоғамның қай саласында да желбуаз, дүмбілездердің жүргенін кейіпкердің көзқарасы арқылы аяусыз әшкерелейді: «Жазушы –қазіргі біздің қоғамдағы ең сатқын, абыройсыз, жезөкшеден де жаман жеркеніш тудыратын, «халық қалаулысы» деп аталатын депутат мырзаларға ұқсас мансап...». Ғалам Қырмызының «жазушылықты сонша сөгіп, «мансап» дегенін» ойлап, әлгі бөлмесіндегі «ақын» ақын мен жазушының айырмасын сұрағанда, өзін «ақын» санаған ол аспандап кетеді, жазушыны тауыққа теңеп, «тауық» деген поэма жазып кетеді. Ғалам Қырмызының сөзіне көзі жетеді. Суреткер «ақынсымақтың» сандырағы мен Ғаламның шынайы жазушылық өнер туралы толғаныстарын бейнелеу арқылы сюжеттік уақытты соза түседі. Жалған өнерден жирендіру мақсатындағы интенция көзге шалынады.
Қырмызы Ғаламнан өзінің жұмыстағы басшысы Әмина ханымның анасының жылдығына қарай кітап шығарғысы келетінін айтып, оны жазуды Ғаламнан өтінеді. Әрине, Ғалам «бүгінгі жазушылардың бірін танымайтынын, өзінің жазушы емес» екенін айтып, ат тонын ала қашқанда Қырмызы: «-Иә, бұны жазушы емес кісі жазуы тиіс. Сізге тапсырам», деп сенім білдіре қарағанда, Ғалам өзінің бұл іске қалай «бел буғанын» да аңдамай қалады. Ғалам Қатшаның айғайынан құтылмақ болып, үй ішінің, малға қыстық азық дайындаудың барлық қам қарекетін жасап, үй тірлігін тындыра жүріп, Қырмызыдан тірлігінде өз анасына қызметін сылтау етіп, оның ата тегі, өмір туралы айтқан өнегелі әңгімелерін немқұрайдылықпен тыңдап, байлық, мансап қуып жүріп, қарт анасына мейірім танытпаған «шахиняның» аса текті, мейірбен анасы туралы деректер алғаннан кейін жазуға кіріседі. Автор Ғаламның өмірінде көрмеген Мәрзия есімді қарт ананы «өз анасындай елестетіп, сар жапырақ болған сағынышын, кезінде жеткізе алмаған балалық махаббатын қалың нөсерше төкпек болуға бел байлағанын, аналардың айырмасы жоқтығына кәміл сенгенін» баяндайды. Әуелі қаламы жүрмей біраз әуреге салады. Ойланып толғанып ақыры кітапты «шахинияның» өз атынан жазады. Әминаның анасының ата тегін, өміріндегі қайғы-қуаныштарын, өз еңбегімен тіршілік еткенін, ерін қадірлейтінін, өнегелі өмірін, бала шағасына деген мейірімін, айналасына қайырымдылығын, Әминаның анасына деген құрмет, махаббатын төгілдіре жазып, «электронка арқылы Қырмызыға салып жіберіп», оның хабарын тағатсыздана күтеді.
Автор Ғаламның жазу үстіндегі сәтін: «...Бұл жазбаны жазып отырғанда өзінің теңіздей толқып, неше қабат көзіне жас толып, тіпті кей жерлерінде кемсеңдеп жылағаны есіне түсті. Осынша ынты шынтысымен беріліп жазған дүниесі ешкімнің назарын селт еткізе алмаса, онда Ғаламның бойында ешқандай құдіреттің болмағаны да?..»,-деп суреттейді. Шынайы дарын иелеріне тән сипатты өз қаламының қарымымен жаңғырта суреттейді. Жазушы мәтінде кейіпкердің жазбасын тырнақшада береді. Алайда, жазушы сюжеттік уақытты созу арқылы жазушы Ғаламның шығармашылық болмысын танытуды діттейді.
Ғалам жазбасын бітірген соң да, Қырмызыға «ана жайлы естелікті ермек етіп» жазбағанын білдіреді. Суреткер кейіпкердің ана қадірі жайлы толғанысын ежіктей түседі. Қырмызы естеліктің Әмина ханымға ұнағанын, анасы есіне түсіп, «маңқасы аққанша жылағанын» айтқанмен, Ғаламның сонша қиналып жазғанына өкінген сыңай танытады. Өйткені, мейрамханадан шықпайтын, ақша қуған бай бағландардың сөз қадірін түсінбейтін жандар екеніне шек келтірмейді. Дегенмен, автор ендігі эпизодта Қырмызының қызмет жайына ауысып, Әмина ханым мен оның күйеуінің тіршілік тынысына үңілтеді. Бірнеше отбасы бар Марлен мырза отбасы бизнесі тығырыққа тірелген сәтте ішуге әуестеніп, мейрамханадан шықпайтын Әмина ханымды кінәлайды.
«Өмірінде алғаш рет жүз доллар қаламақы алып қуанышы қойнына сыймаған Ғалам, онысын отбасымен бөліседі. Ғаламның бұдан кейінгі шабытты күйін жазушы: «...Қырық жыл көмейінде кептелген өксігі-ықылық тәрізді атқылап, әр жолы доп домалақ ой түйіндер мен шап шағын көркем әңгімелерді дүниеге әкеле бастады»,-деп суреттейді. Сөйтіп, Ғаламның қаламгерлігі аудан аймағында танылады. Ауылдас оқырмандарын сүйсіндіреді. Ғаламды «өнеге, мақтан ретінде елдің алдына шақырған жұрттың сырт айнала бере Ғаламға-кекесінмен, жын тиген, делқұлы кісідей қарайтын сияқтанды»,-деп автор ауыл адамдарының алысқа кете алмайтын санасындағы «көлеңке архетипін» де айшықтайды.
Автор дарынын біраз жұрт таныған Ғаламның көктем келгенде үйден қашуды қойғанын, «таң бозынан қызыл іңірге дейін компьютерге емініп отыратынын, Қатша аттандамаса «өз бетімен тірлік жасаудан мүлде қалғанын» баяндайды. «Жазушылық тірлігінің» қызығына түсіп кеткен Ғаламға Қырмызы жұмыс бабымен Әмина ханым мен Марлен секілді шефтерімен бірге алыс шетелдерде жүргенін, олардың Отанын емес, тек өз қалталар ойлайтынын әңгімелерін естіп, шошынғанын жазады. Ғалам Қырмызының халыққа ортақ қазынамызды талан таражға салуды баюдың жолы етіп алғандардың жолын кесіп, мемлекетімізді қалай құтқарып қалуға болады деген жазбасын оқып, ойға қалады.
Ғалам таныла бастағаннан кейін, Сәрсенбек те ауыл тарихын бірге жазуды ұсынады. Ғаламды «шын жазушы» боласың деген Сәрсенбек досының пейілі де қанаттандырады. Қатша болса, Ғаламның «шын жазушы» болғанын қаламайды. Ал, қаламақы десе кеңірдегін созады.
Ғалам Қырмызыға «танымалдыққа жол ашатын» әдеби конкурстарға қатыспақшы болған ниетін білдіреді. «Құдіреттің аманаты әңгіме жазу емес, уақыты келгенде оны өзіңіз түсінесіз» деген Қырмызы «ел мақтады екен деп» астамшылдыққа бармауды ескертіп, Ғаламның танымалдыққа ұмтылуын қоштамайды. Ғалам Қырмызыны өзін келемеждеп жүргендей сезініп, дүниенің «Мен дейтін негізден жұрдай» жалғандығы туралы толғанып барып: «Егер осы жалғанда өзіңізді кезіктірмегенде, мен осы жасыма дейін бұғып келген қапасымда әлі күнге дейін жүре берер ме едім. Әлде, меңдеген дерттің кесірінен ендігі көз жұмып, топырақ астында жатар ма едім. Тағы сол елес келеді көз алдыма. Түр түсін ажырата алмасам да өзіңізге ұқсайтын бір жанның жолығатынын анық білгем...»,-дейтін монологында Ғалам Қырмызы «күлкі қылатын екі қораның арасындағы тырпылдан-маңдайына жазылған тағдырдан бас тартқысы келетін», «ертеңінен Қырмызының бейнесін көретінін», кешесі «бұлыңғыр тұман» екенін, алдында бір тұтам «қаракеші» қалғанын, сол ертеңіне ынтызар екенін» жеткізеді. Перцептуальді уақыт ауқымындағы виртуальды жазба-диалогтары жалғаса береді, бір күндері Қырмызыдан «көлемді жазба түседі»: мамырда елге қайтатынын хабарлапты.
Балиде екенін, ол жердің табиғатын, ол елдегі жұрттың қанағатшылдығын, момындығын, қайсарлығын қашанғы ауыл қазақтарына ұқсататынын, мұхитты көргенін, «егер Құдірет атты қуат күші бар болса, Ғаламға осы ғаламат көріністі міндетті түрде көрсетуі тиіс екенін», тіпті Ғаламға сыйлықтар алғанын айтады. Ғалам да Қырмызыға жауап ретінде терең толғаныстарын жаза келіп: «Сіздің ойыңызша , менің құлағыма тәңір сыбырлайтын кез келетіндей.», деп ойын бір түйген ол: «Интернеттен мынадай нәрсе оқыдым: «Қарақуыс материалда дүниенің қоймасы боса, Аққуыста рухани дүние сақталады-мыс».. .Яғни, мен - «Қарақуыста» жүрген болдым ғой? Егер қателеспесем, Сіз мені рухани ғана емес, рухтар әлеміне шақыратын сияқтысыз...Рас, қазіргі күйім кісі қызығарлық емес, орнынан қозғалып кеткен сең тәріздімін» ,-деп келетін ойларын жеткізіп, «ардақтысына айнала бастаған Қырмызы қызбен» мессенджерде уақытша қоштасады.
Қорыта айтқанда, Заман Төлеуовтің «Қарақуыс» романы жазушының табиғи дарынының шығармашылық тәжірибесімен біте қайнап, толысқан шағында дүниеге келген туынды екені рас. Романның «Қарақуыс» деген атауы бір жағынан, М. Әуезов әңгімесіндегі Күшікбай кезеңі секілді эмоциональді- таңбалық белгі, романның басты кейіпкері Ғаламның балалық шағы өткен ескі қыстау. Екінші жағынан, екі заманды да көрген Ғалам өз ортасын жатсынып, Қарақуысқа келіп пана тауып қана қоймай, егде тартқанына қарамастан руханият әлеміне бет бұрады. Сондықтан, «Қарақуыс» атауы романның семиотикалық маңызын арттыра береді. Оны «Қарақуыс» романының адресаттары, зерттеушілері тани береді. Заман Төлеуовтің «Қарақуыс» романында елдің азаттығы, ұлттың дамуы, қоғамның жаңғыруы, ділдің беріктігі, адамның бақыты мен тыныштығы адамның еркіндігінде екені көркемдік-эстетикалық тұжырымдама деңгейінде танылады.
Сондықтан романда тәуелсіздік идеясы, «еркіндік» архетипі өркен жаяды. Романда кешегі және қазіргі ұлт өміріне куә өнер адамының өзінің дарынына ғана емес, қоғамның мәдени-экономикалық дамуына тұсау болған әділетсіздік, көзбояушылық, жемқорлық, ұлттық ділдің солқылдақтығы, тарихи тамырынан ажырау, қоғамда адамның рухани азғындауы секілді қайшылықтарға наразылығы, қалам қуатымен күресі көркем образ ауқымында эпистемаға айналады. Алыс ауылда күн кешкен қарапайым еңбек адамының арының кіршіксіздігі, адамгершілік тұлғасы, биік азаматтық парасаты, адам баласына деген сүйіспеншілігі оның өнеріне жол ашады. Оның өмірлік аңсары да жазушылық өнері арқылы адам жанын ізгілендіру, адамның өз өмірінде еркіндік пен бақыттың шынайы дәмін татуына қолқабыс ету еді. Әрине, кешегі ғана емес, бүгінгі қазақ прозасында да өнер адамының тағдырын тұлғалаған шығармалар бар екені белгілі. Алайда, Заман Төлеуов «Қарақуыс» атты психологиялық романының сюжеттік-композициялық бітіміне реалистік, әрі постмодерндік үрдістерді сіңіре отырып, нарратив жүйесінде елеулі жаңашылдыққа қол жеткізеді.
Романда бүгінгі заман адамының келбетін мүсіндеудегі суреткерлік ұстаным, шығармашылық тенденциясының мығымдығы, психологиялық тәсілдерді, көркемдік бейнелеу құралдарын қолданудағы ерекшеліктері, сюжеттер контоминациясы, кейіпкер бейнелерінің коннотациялық мағыналары, дәстүрлі «жанның екіге жарылу» құбылысын суреттеудің өзіндік интерпретациясы, мәтін құрылымындағы смулякр, роман жанрының заман талабына сай сапалық өзгеріске түсуі, шығарма тіліндегі көркем лаконизм, астарлы мәтіндер, диалогтар семиотикасы тағы басқа да эстетикалық-көркемдік құндылықтар жазушы қаламына хас шеберліктер екені айқын.
Раушан Әбдіқұлова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті
Мәдениет порталы