Алматылық Қуыршақ театры «Анкара» фестивалінен оралды

ТЕАТР
1325

Болашағымыздың жарқын, келер ұрпақтың білімді, салиқалы болуы бала тәрбиесіне тікелей байланысты екені хақ. Сол себепті де, әлемдік бәсекеге сай, рухани тұрғыдан бай, жан-жақты, білімпаз ұрпақ тәрбиелеу жолында Алматы қаласындағы республикамыздың тұңғыш Мемлекеттік қуыршақ театры аянбай еңбек етуде. Елімізде орын алған карантиндік шараларға қарамастан, өнер ордасы биылғы 86-шы маусымында бірнеше театр фестивальдеріне қатысып, қанжығаларын майлады. Тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырғаны анық.

Үстіміздегі жылдың маусым айының 7-13 күндері аралығында  Татарстан Республикасы, Қазан қаласында ұйымдастырылған «Науруз» түркі халықтарының фестивалінде, 22-27 маусым күндері Ресей Федерациясы, Санкт-Петербург қаласындағы «КукART» Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондай-ақ, қазан айының 4-8 күндері аралығында Көкшетау қаласында өткен «ТеАRT – Көкше» III Халықаралық театр фестивалінде қуыршақ театры дана данышпан, ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы ғана емес, сонымен қатар, жалпы адамзат туралы ой-толғаныстар, мақсат-мұраттар мен суреткердің рухани жалғыздығын қамтыған ересектерге арналған «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» спектаклін ұсынып, «Үздік режиссер» номинациясын иеленді. Ал 11-16 қазан аралығындағы «Сын – шын болсын...» Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестиваліне әлемдік классика кейіпкерлерін тұңғыш рет қуыршақ театрында сөйлеткен әйгілі махаббат оқиғасы «Ромео мен Джульетта» трагедиясымен қатысып, жүлделі I орынға ие болды.

Оңтүстік астананың мәдени деңгейін арттыру және қуыршақ театры өнерінің әлем кеңістігінде танылуына ықпал ету мақсатында театр ұжымы 2021 жылдың 20-26 қазан аралығында Түркия Республикасы, Анкара қаласында өткізілген VII Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлар фестиваліне қатысты. Өнер додасында театр ұжымының ересектерге арналған «Макбет.Иллюзия» (реж.: Д.Жұмабаева) және балаларға арналған «Үйшік» (реж.:А.Зайцев) қойылымдары сарапшылар мен көрермендер назарына ұсынды. Биылғы фестивальде Түркия, Бельгия, Молдава, Грузия, Нидерланды театрларымен бірге еліміздің қуыршақ өнерін халықаралық деңгейде ұсынған театр ұжымы арнайы диплом мен алғыс хаттарға ие болды.  

Фестивальдің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көкжиегін кеңейтіп, халықаралық стандартқа сай ете отырып, кәсіби театр мамандары мен театр суретшілері, режиссерлері, продюсерлері мен қарапайым өнер сүйер қауымның талабынан шығу, жаңа тынысын таныту. Фестиваль барысында қойылымдардан тыс арнайы дәрістер, семинарлар оқылып, қуыршақ театр өнеріне байланысты көрмелер ұйымдастырылды.

Айта кетерлік жайт, театр ұжымы фестивальден тыс Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлының қабылдауында болып, ел Тәуелсіздігің 30 жылдық мерейтойының аясында Түркия Республикасында қазақ мәдениеті мен өнерін танытуға қосқан үлесі үшін арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Гүлім Көпбайқызы

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...

Жаңалықтар

Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагоги...