Ұлықбек Есдәулет. Кеңшіліктің үйіне бару

ӘДЕБИЕТ
1953

Қоналқа

Студент кезім. Үзіліс кезінде біреу маған:

– Сені ақын Кеңшілік Мырзабеков шақырып тұр, – деді. Бардым. Қасында бізден курсы жоғары бір студент бар екен. Кеңшілік мені «Ұлқаш» дейтін.

– Ұлқаш, ақшаң бар ма? – деді. – Бар болса бізбен жүр.

– Сабақты қайтемін?

– Бүгінше таста. Бізден қалған оқу ғой. Ақынға көп білімнің керегі не?.. Оқу өтіп кетсе өлең жаза алмай қаласың.

Бұл – Кеңшіліктің аты аспандап тұрған тұс. Өзі университетті көп жыл сырттай оқып, бітіре алмай жүрген.

«Кеңшілік сөйтіпті», «Кеңшілік бүйтіпті» деген сияқты қауесеттерге өзі май құйып жүретіні тағы бар. Мысалы, студенттер арасында: «Кеңшілік Мырзабеков бір жерде Олжас Сүлейменовке: «Эй, «Половецкий край», иди сюда!» – депті. Сонда оған Олжас: «Иди отсюда!» – деп жауап қайтарыпты».

«Кеңшілік бір топ өлеңін оқыған екен, оған Мұқағали: «Бала, сенің тілің шығып келе жатыр, ал менің тілім ішіме кіріп барады», – депті» деген сияқты лақаптар тарап жүрген.

Кеңкең бізді «Гармошка» кафесіне бастады. Сыраны сіміріп, жырды сіңіріп отырмыз. Кеңшілік өлеңдерін өзінің ерекше мақамына салып, əндете оқиды. Оқығанда ырғалып, толқып, орындығынан ауып түсермен болады.

Күлдім, ойнадым кезінде,

Бір күн ойладым,

Сезімге

Кеудем жүргенде күмбірлеп,

Құл боп кетермін құрғыр деп.

Ақсары жүзі алабұртып, қоңырқай бұйра шашы шираты-ла түседі. Өлеңдері тұнып тұрған сурет. Керемет бояу.

Ұлттық нақыш. Балқаймақ тіл. «Анар», «Қарлығаш дəурен», «Əубəкір», «Қайрақ», «Желдер»... Шетінен ғажайып жырлар.

Ал мен өз өлеңдеріммен қатар оған оның: «Қырық бірінші жылы қырманға барғаным есімде», – деп басталатын өлеңін жатқа оқып бердім. Қуанып, мəз болып қалды.

Қырық бірінші жылы қырманға барғаным есімде, 

Тайынша жетелеп, тырбаңдағаным есімде. 

Қолымда орағым да жоқ, қайрағым да жоқ, 

Құрдан-құр барғаным есімде.


Кешке жақын, дала салқын, 

Орып алған егістік қарабарқын.

Қасымда Қайролла бар, 

Қайролла қара нар-тын...

– Кеңке, – дедім, – осы өлең өзіңдікі ме?

– Енді кімдікі?

– Қырық бірінші жылы қырманға барып жүрсең, сонда қай жылғысың?

– Бұл енді соғыстың, тылдың суреті ғой...

– Сен соғыстан соң тумап па едің? Тумай жатып қырманға барғансың ба?

– Осы менің он алты жаста жазған өлеңім. Басқалардың басынан өткен шындық. Алдыңғы толқынның бəрі майдан, тыл тақырыбын қозғағанда, еліктеп, жарыса үн қосқаным ғой. Менде бұл тақырыптағы жырлар аз емес. Көзіміз көрмесе де елден естіп, көңілде қалған жайттар.

Осылайша ұзақ отырдық. Бірімізді-біріміз бірде мақтап, бірде сынап қоямыз. Бір кезде:

– Қазақтың тілін жақсы білетін өзімнен кейінгі ақын сен ғанасың. «Ырдуан арбаң» – мықты өлең. Бірақ сол сөзді сен менен алғансың. Менің бір өлеңімде бар болатын, – деді ол.

– Ол өлеңіңді оқымаппын. «Ырдуан арба» деген біздің ауылдың сөзі, – дедім мен де жеңістік бермей.

– Мойында. Алғаныңды мойындасаңшы. Менің қанша сөзімді алғанын сен тұрмақ Мұқағали да мойындады ғой, – деп Кеңшілік те қоймады. Бір сөзге таласып, біраз жерге барып, əжептəуір кежілдесіп басылдық. Ақыры бір-бірімізді арқаға қағысып, мақтау майдай жағып, лепіріп, мəз болыстық.

Соңында Кеңшілік ағам орындықта шіреніп, екі аяғын айқастырып, үстел үстіне шығарып қойды. Оған даяшы орыс əйел шаңқылдап, айғайлап, берекемізді кетірді.

– Бəтеңкеңді түсіріп отырсаңшы, – дедім.

– Америкада ресторанда жұрт осылай отырады. Кинодан көрмеп пе ең? Кешегі Есениндер осылай жүрген. Нағыз ақын болу үшін өстіп аздап ішіп, шатақ шығарып жүру керек. «Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған», – деп Қадыр ағамыз тегін жазбаған, – деді ол.

Ақыры бізді кафеден қуалағандай шығарды. Қасымыздағы Ермек Əзімбаев бір шаруасы барын айтып, қоштасты. Мен де жатақханама қайтпақ едім, Кеңшілік жата-жабысты:

– Жеңгең Зинура ауылға кеткен. Үйде ешкім жоқ. Əңгімелесіп, өлең оқып, жата кетеміз. Ертең сабағыңа біздің үйден бара саласың. Бірге жүр, – деп жібермеді.

Ол Развилкада тұрады екен. Автобустан түскен бетте сол жердегі шағын дəмханаға бас сұқтық. Енді шарап сораптау басталды. Біраздан кейін Кеңкең көптің ішінен бір жасы үлкен адамның түп етегінен ұстап, таскенеше жабысты:

– Аға, танысайықшы.

Ол кісі атын айтса, Кеңшілік қолма-қол ұмытып қалып, қайта-қайта сұрайды. Мезі бола бастағанына қарамай:

– Аға, өлең тыңдаңызшы, – дейді тіптен жақындап.

– Шырағым, мен өлең түсінбеймін, – деп анау қаша бастады.

– Онда əңгімелесейікші, – дейді тақымдап.

– Əңгіме білмеймін.

– Сіз білмесеңіз мен айтамын, тыңдаңызшы.

Əлгі мосқал кісі үстелден-үстелге қашты. Ол қайда барса Кеңшілік соңынан қалмайды. «Қой-қойлаған» мені елең қылар емес. Ақыры ана кісі сыртқа шығып кетті. Соңынан қалмай біз де шықтық.

Кеңшілік бара құшақтамақ болып:

– Аға, неге сонша қашасыз? Қорқасыз ба? Сіз бізден қорықпаңыз. Біз ешкімге зиянымыз жоқ бір жүрген сорлы бейшарамыз. Ешкімге əліміз келмейді. Қорықпаңыз. Төбелес білмейміз. Біреу бір ұрса бітті, құлап қаламыз. Тек əңгімелесейікші, – деп тағы да қиылды.

Сол-ақ екен, қашқақтап жүрген кісіге жал бітіп, көтеріліп, айдынданып:

– Не?! Төбелес білмеймін деймісің?! Онда неменеге сонша жарбаңдап, жабысып жүрсің?! Өй, əкеңнің!.. Бір соғып шалқаңнан түсірейін бе?! – деп жұдырығын оқтанып тұра қалғанда Кеңшілік те, мен де күліп жібердік. Əлгі кісі бізге қарап тұрып-тұрып, жерге бір түкіріп, кетіп қалды.

Енді Кеңшіліктің жалдамалы пəтеріне қарай келе жаттық. Тар көшеде бала жетелеген бір əдеміше келіншек қуып жетіп, бізден оза бастады. Соңында базардан алған азық-түлікті теңдей көтерген еңгезердей күйеуі келе жатыр еді. Кеңшілік кейіндеп қалған күйеуін байқаған жоқ, тұсымыздан өте берген келіншектің білегіне шап беріп жармасып:

– Қарындас, танысайықшы, – деп желімдей жабыса кетті. Келіншектің аузына сөз түспей, білегін босатып ала алмай, бұлқынып тұрып қалды.

– Кеңке, қоя бер, күйеуі келе жатыр, – десем естімейді. Есіл-дерті келіншекте. Емініп тұр.

Сөйткенше күйеуі де келіп, қолындағы заттарын жерге қойып:

– Əй, саған не керек?! – деп арасына килікті. Менен биіктеу Кеңшілік оның қасында бота-тайлақтай болып қалды. Зіңгіттей бойды көріп, қысып ұстаған балғын білекті тез қоя беріп:

– Ə, бұл сіздің əйеліңіз бе еді? – деді сасқалақтап. Есі бірден кірді. Əйелі шырылдап ортаға түсіп, жігітін сүйрей жөнелді. Екі иығына екі кісі мінгендей дəу қазақ екен. Ашуланып үлгермеді. Құдай біледі, əйтпегенде екеумізді де оңдырмауы кəдік еді.

Сөйтіп, кештетіп Кеңшіліктің күні бойы жете алмаған үйіне де келдік. Шындығында да пəтері бос екен. Екі бөлмелі. Бір бөлмесіне маған төсек салып берді. Өзі басқа бөлмеге жайғасты. Сілем қатып, əбден шаршаған мен көп сөйлесуге де шамам келмей, тырайып, қатып ұйықтап қалыппын.

Бір заманда шырт ұйқыда жатқан мені Кеңшілік оятып тұр. Тұрғым келмейді. Басым дың-дың. Құлағыма əлдеқайдан еміс-еміс əйел даусы шалынады.

Кеңшілік еңкейіп, құлағыма сыбырлап:

– Ұлқаш, тез тұр, Зинура келіп қалды. Сен енді қайт, – деді.

– Қалай қайтамын? – деймін ұйқым ашылмай. – Сағат неше болды?

– Қазір түнгі сағат бір. Соңғы автобусқа үлгересің. Сыртқа шығайық, – дейді.

Көзімді уқалап, тырнай ашып, сыртқа шығып келемін. Кеңшілік қасымда күңкілдеп сөйлеп, ақталып əуре.

– Жеңгең «қарсы ал» деп телеграмма беріпті. Онысын мен көрмей, пошта жəшігінде қалып қойыпты. Содан ауылдан арқалаған ауыр жүгі бар, үйге əрең жеткен көрінеді. Қарсы алмағаныма қатты ашуланып келіпті. «Мына жатқан масың кім?» деп ұйықтап жатқан саған шүйлікті (Ұзын шаш қойып жүретін жиырмадағы сақалсыз жас кезім. Жеңгеміз ə дегенде алакөлеңкеде мені кіммен шатастырғанын Құдай білсін). Ұрыс естімей тұрғанда жатақханаңа қайта ғой. Бағанағы өзіміз кірген дəмхананы тапсаң, аялдаманы да табасың.

– Ол қай жақта еді?

– Міне, мына көшемен тура жүресің, содан екі көше өткенде солға бұрылсаң, тағы бір көшеден соң оң жақта аялдама, сол жақта дəмхана...

– Жарайды... Ал, жақсы, – деп дірдектеп, қара түнге сіңіп кете бардым.

Развилканың қап-қараңғы көшелерімен сенделіп келе жатып, ақыры адасып кеттім. Бір тұсқа келгенде біреулерден жөн сұрап едім, орыстың ішіп алған кілең бұзық жігіттері екен, жан-жақтан жұдырық жаудырып, өзіме жабыла кетті. Бірер ұрғандары тұмсығыма тая тиіп үлгерді. Алғашқы курстарда спортпен əжептəуір айналысып жүрген кезім, жанталаса сілтесіп бағып, əупіріммен əрең қашып құтылдым. Қараңғы көшелермен бас ауған жағыма тартып келемін. Не бір такси кездессеші... Содан тентіреп отырып, таңға жақын «Саяхат» автовокзалынан шықтым. Əжетханасына кіріп, «əшекейленген» бет-аузымды жөнге келтіріп алған соң, күту залындағы жолаушылардың арасына жайғасып алып, ұйқымды қандырдым.

Содан бір апта уақыт өткенде, жырылған ерін, сүрілген қабақ тегістеліп қалған кезде, мені Кеңшілік тағы да сабаққа іздеп келіпті. Ұмытпасам, ол бұл тұста «Жетісу» газетінде істейтін. Ақын Жүрсін Ерманов екеуі сырттай оқып, бітіре алмай жүрген.

– Қайда жүрсің? Неге хабарласпайсың? – деді ол мені жазғыра сөйлеп.

– Немене, есіңе енді түстім бе?

– Не, адасып кеттің бе?

– Қырқыма бір-ақ келмедің бе? – дедім.

– Мен саған түсіндіріп едім ғой...

– «Тірімісің? Қалай жеттің?» деп неге сұрамайсың? Əлде бүгін «Марқұм Ұлқаштың жетісін беріп жатқан шығар» деп дəмеленіп келдің бе? – дедім мен. – Қоярда-қоймай үйіңе апарып қондырып, түн ортасында қуып шыққан жоқсың ба? Жолда біреулер өлтіріп кете жаздады. Қан жаладым.

– Айып менен. Жеңгең ұрысқанда есім шығып кетіпті. Ұйқылы-ояу... Өзім қызумын... Кейін өкіндім. Сені жібермеуім керек еді... Жүрші, былай шығайық.

– Енді көрмегенім сенің үйің болсын, – дедім ызаланып. Бірақ «Ат баспаймын деген жерін үш басады» деген де сөз бар ғой...

Қалжың

Оқу бітіріп, қызмет істеп жүрмін. Əлі үйленбеген кезім. Бірде Қызылордадан ақын Иранбек Оразбаев келді. Екеуміз оның бір жерлесінің үйіне қонаққа барып, кеш қайттық. Алматының жарық түні. Жаз мезгілі. Кеңдеу көшеден такси ұстамақпыз. Мен Горный Гиганттағы жалға алған пəтеріме, ол «Алматы» қонақүйіндегі бөлмесіне бір-бірімізді сөзбен «сүйреп» келеміз.

Иранбек:

– Саған да, маған да бармайық, мынау тұрған Кеңшіліктің үйі, сонда барып қона салайық, – деді.

– Бармаймын, – дедім.

– Сенің пəтерің тар, жалғыз төсек. Менің қонақүйіме бөтен адамды енгізбейді. Ертең күн демалыс. Екі бөлініп жүреміз бе, мұнда досымыздың үйі тұрғанда? Босқа ары-бері сандалғанша...

Амалсыз көндім. Сонда да кежегем кері тартып келеді. Иранбек Кеңшіліктің пəтерін біледі екен, бірден тауып, қоңырауын шырылдатты. Біраздан кейін ар жақтан:

– Бұл кім? – деген Кеңшіліктің даусы естілді.

– Біз ғой, ашсаңшы, – деді Иранбек. Есік ашылды. Ішке ендік. Ортаңғы бөлме бос екен. Біріміз диванға, біріміз креслоға отырдық. Кеңшілік ұйқысын аша алмай, қырыстанып тұрғаны байқалды. Түрі үрпі-түрпі, қабағын түйіп:

– Бұл не жүріс? – деді. Иранбек түсіндіріп жатыр:

– Қонақтан шығып едік. Сенің үйіңе жата кетейік деп келдік.

– Сағатқа қарамайсыңдар ма? Түнгі сағат үш болды. Осындай уақытта кісі үйге келе ме екен?

– Келсек, сен бөтен емессің ғой. Өз досымызсың.

– Жоқ, сендер сынап келіп отырсыңдар. Əдейі... Үйде арақ жоқта. Соны біліп...

– Кеңшілік, сенен кім арақ сұрады?

– Сұрамасаңдар – сұрайсыңдар. Зинура болса ұйықтап жатыр. Оны оятуға болмайды, таңертең ерте жұмысқа барады... Сендерге кім тамақ береді?

– Оятпай-ақ қой. Тамақ ішпейміз, қонақтан тойып шықтық. Біз жай ғана қона кетуге келдік. Осы бөлмеге қисая саламыз. Таңертеңге дейін.

– Өстіп те кісі келе ме екен? Түннің жарымында? Əй, сағатқа қарамайсыңдар ма? Үш! Түнгі үш қой! Сынап келгенсіңдер!

– Кеңке-ау, біз бала кезден дос емеспіз бе? Саған досымыз деп келдік. Ешқандай бөтен ойымыз болған жоқ. Жай келе салдық. Бізге ештеңенің де керегі жоқ. Əлде сен дос емессің бе? Ендеше оныңды айт.

– Дос екені доспыз ғой. Бірақ, Ираш, дос болсаң күндіз келмейсің бе? Бұл келістерің достың келісіне ұқсамайды...

– Кеңшілік, достық деген круглосуточное понятие емес пе? Əлде сен күндіз дос болып, түнде дос болмайсың ба?

Бұл тапқыр сұрақтан тосылған Кеңшіліктің аузына сөз түспей қалды да:

– Жарайды, Иранбектікі жөн делік, ал, Ұлықбек, саған не жоқ? – деді маған бар денесімен бұрылып. Онсыз да зордың күшімен келіп, əрең шыдап отырған мен орнымнан атып тұрып, сыртқа ата жөнелдім. Иранбек те ілесе шықты. Екеуміз де түтігіп кеттік.

Төменгі қабатқа түсіп, аулаға шықсақ, Кеңшілік балконында дамбалшаң күйі қалқайып тұр екен:

– Иранбек, Ұлықбек, қайтыңдар! Қалжыңдадым, қайтыңдар! – деп түнді басына көтере айғайлады. Қарамадық. – Қалжыңды түсінбейсіңдер ме-е?! – дейді даусы соңымыздан жаңғырығып... Қайырылмай кете бардық. Қалжыңды түсінбедік. Түнгі үште де солай қалжыңдасуға бола ма екен?

Кім білсін, күндіз қалжыңдасса түсінген болар ма едік?..

Кеңшілік пен «Клеопатра»

«Жазушы» баспасында жүргенде Кеңшіліктің кітабына редакторлыққа бекітілдім. Жұмысбасты болып, қолжазбасын реттеп, өткізуге қолы тимей жүрді. Екеуміз бір жолы əңгімелесіп келе жатып:

– Кеңке, баяғы кезде оқыған «Қарлығаш дəурен» деген өлеңің қайда? Ешбір жинағыңнан көрінбейді ғой? – деп сұрадым.

– Сол өлеңімді шығарта алмадым, ылғи алынып қалады, – деді ол.

– Ендеше осы кітабыңа енгізші, мен шығарып берейін. Классика ғой, – деп едім, балаша қуанды.

Дариға, біздің баста да Қарлығаш дəурен көп тұрмас.

Жығылсақ – жер ғой баспана, Жер бізді көкке лақтырмас, –

деген шумағы жатталып қалған еді, соны оқып бердім де:

– Мұның несінен қауіптеніп жүргендерін түсінбеймін, заңға қайшы ештеңе жоқ қой, – дедім.

– Білмеймін, бір-екі кітабымнан алынып қалған соң енгізуді қойғанмын.

– Саспа, шығарамыз, – дедім сеніммен. Осы əңгімеден кейін Кеңшілік құлшынып, жаңа кітабының қолжазбасын тез арада дайындап берді. Бұрын жарық көре алмай жүрген бірнеше өлеңі қосылған сол кітап «Замандасқа сыр» деген атпен баспадан шықты. Кеңшілік риза. Кітабын жуғысы келіп, ретін келтіре алмай жүрді.

Бір күні Алматыда жүріп жатқан Голливудтың атақты «Клеопатра» фильміне қырғын кезекке тұрып, өлдім-талдым дегенде «Алатау» кинотеатрына екі билет сатып алдым. Қасымда келіншегім бар, армандай екі билетті қолға түсіріп, кассадан қуанып шыға бергенімізде, Кеңшілік ағам, қайдан келгенін білмеймін, тұтқиылдан сайтандай сап ете қалды. Көктен түскендей:

– Келіннің қасыңда болғаны қандай жақсы болды! Киноны қойыңдар, үйге қонаққа жүріңдер, – деді бірден.

Көптен ынтықтырып жүрген «Клеопатраны» енді көреміз бе деп сайланып тұрған біз ат-тонымызды ала қаштық. Бірақ Кеңкең қоя ма, үйіне барудан қанша бас тартып баққанымызбен, əрең жеткен билетімізді қолымыздан жұлып алып, киноға кіре алмай жүрген, танымайтын, көлденең біреулерге ұстата салып, аузымызды аппақ қылды. Мəз болып олар кетті. Кеңшілік, əй-шəй жоқ, Бейсенгүл екеумізді екі қолтығымыздан алып, көшеге қарай дедектете сүйреп шықты. Ықты-жарды тыңдау қайда?

«Шақырғанда бармасаң, шақыруға зар боласың», – деп те қорқытып қояды. Тіпті əншейінде ұстатпайтын такси де аяқ астынан табыла қалып, алды-артымызға қаратпай үйіне ала жөнелді.

Күн кештетіп қалған. Заулаған такси аулаға кіргені сол, Кеңшілік:

– Сендер бара беріңдер, мен қазір келемін! – деп көліктен түсе сала, құйын-перін бір жаққа жүгіре ұшып жөнеліп, көзден таса болды. Көп қабатты, көп есікті, бір-біріне жалғанған ұзын-шұбақ үйдің ауласында қала бердік. Ұлы Қытай қорғанында тұрғандаймыз. Тым құрыса пəтерінің нөмірін де айтпай кетті.

Неше жыл бұрын Иранбекке еріп бір келгенім есіме түсіп, əйеліме:

– Үйін білемін. Қазір табамын. Төртінші не бесінші қабат болуы керек, – деп қоямын. Бірақ табу қайда? Есте қалмаған. Ел орынға отырған кез. Көз байланған. Подъездер де қараңғы. Есік алдында кездескен бірер тұрғындардан:

«Ақын Кеңшілік Мырзабеков қай пəтерде тұрады?» – деп сұрап көріп едік, мандыған жауап болмады. Көп дайындалып, көксеген «Клеопатрасын» көре алмай, қолына ұстап тұрған билетінен де айырылып қалған келіншегімнің бұртыңы енді бұрқылға ұласа бастады. Екі оттың ортасында қалғандай болдым.

Сол аулада Кеңшілікті жарты сағат күттік. «Əне-міне келеді» деп күткенде уақыт өте ме? Шіркіннің шыбын-шіркей болып, қайда шауып кеткені мəлімсіз. Бізді айдаладай аулаға тастап, жөншілігін айтпай кеткені де жанға батты. Қашанғы күтеміз? Таксиді тұсынан тоқтатып түскен екі подъездегі барлық пəтерлердің есігін шырылдатып шықтық. Бес қабатты екі айналып шықтық. Аяғы ауыр келіншегім əбден шаршады. Табылар емес. Пұшайман болып аулада тұрмыз. Бір мезгілде дəл қасымызға бір такси келіп тоқтай қалып, жолаушыларын түсірді. Босағанын көріп, отыра қалдық та, «шүу қарақұйрық» деп үйге тартып кеттік. Кино да, дастарқан да жоқ. Екеуінен қоса қағылдық. «Клеопатра» да, Кеңшілік те бұйырмады. Салымыз суға кетіп, қарадай қапаланып, жүдеп-жадап қайттық. «Көрмегенім Кеңшіліктің үйі болсын», – деймін іштей кіжініп.

Ертеңіне жұмысқа Кеңшілік хабарласты. Ренжулі.

«Кеше қайда кетіп қалдыңдар? Таппай қалдым ғой?» – дейді.

«Өзің қайда кетіп қалдың?»

«Сендерге «Үйге бара беріңдер» деп, жүгіріп, жабылайын деп жатқан дүкенге бардым. Үйде арақ жоқ еді. Дүкеннің директоры бір əдемі келіншек болатын, орнында екен, соны айналдырып, тілін табамын дегенше, уақытты байқамай отырып қалыппын. Екі шөлмек коньяк, бір сервелат алып, үйге келсем, жоқсыңдар. Сендер үйде ет салдырып қойып, Зинурамен əңгімелесіп, шай ішіп отырған болар деп асықпай келсем... Қап!..»

«Бұйырмаған деген сол. Алдымен дастарқаныңды сайлап алып шақырмаймысың? Немесе пəтеріңнің нөмірін айтып кетпедің бе?»

«Баяғыда тастай қараңғыда тауып келіп едіңдер ғой. Сен білетін шығар дедім. Сендерді көргенде қуанып кетіп едім, арақ жоғы жолда есіме түсті ғой. Ендеше, давай, үйге бүгін келіңдер. Бəрі дайын, ештен кеш жақсы».

«Осы тойғанымызға риза болайық, Кеңке. Бүгін біз «Клеопатраға» барушы едік».

«Онда ертеңге...»

«Жо-жоқ, рахмет! Ертең де «Клеопатраға» барамыз!» Міне, сөйтіп, алматылық өмірде Кеңшілік пен Клеопатра сыйыспады.

«Қуырдақ дайын»

Содан бергі Кеңшілік ағамның көп мақсатының бірі «өкпемді тарқату үшін» мені үйіне бір келтіру болды. Мен де шамам жеткенше бұлтарып, бармаудың талай əдіс-тəсілдерін қолданып-ақ бақтым. Бұлтарғаным бар болсын, қаншама дəмнен, қаншама қазы-қарта, сыбаға, соғымнан қағылдым десеңізші...

Оның шақыруы да қызық. Неге екенін білмеймін, кездесе кеткендегі əдемі əңгімеміздің бір тұсында əйтеуір:

– Үйден бір дұрыстап дəм татуың керек еді. Келіннен де ұят болды, – деген сөз шығатын.

Бір күндері жұмыс кезінде, түске таман:

– Ұлқаш, үйден келіп қуырдақ жеп, жүз грамм ішіп кет, – деп звондайтынды шығарды.

Баспа жұмысынан шыға алмаймын. Түскі үзілісте барып-келіп үлгеру қиын. Бірде тағы қоңырау шалды. Сөз арасында:

– Екінші жеңгең қуырдақ қуырып жатыр еді, – деп бір қойды. Осы «екінші жеңгең» деген сөз тағы бір күні естілгенде мен шыдамай:

– Кеңке, ұсталып қалмайсың ба? Үйге əкелгенің не? Қауіпті ғой. Мұныңды қойсаңшы, – деп едім, ол:

– Неден қорқам? Үлкен жеңгең күндіз жұмыста. Екінші жыл, осылай күндіз үйге тамақ істетіп жүремін. Сен де сөйт. Рахат! – деді бет бақтырмай. Өзінің үйреншікті ырбаңы. Өзіне жарасатын.

Бірақ сол «рахаттан» тез-ақ ши шықты, енді бір сағаттан кейінгі даусын танымай қалдым.

– Ұлқаш, Ираш бар ма? Ираш? Тез Иранбекті телефонға шақыршы, – деді даусы дірілдеп.

– Не боп қалды?

– Болды ғой... Пəле болды... Ешкімге айтпа. Ирашты тапшы! Ираш керек! – Үні жалынышты.

Телефон құлағын ұстата бердім. Сөйлесіп болған Иранбектің түсі сұрланып:

– Анау ағаң үйінде бір қатынмен ұсталып қалыпты. Əйелі үстінен түскен көрінеді. Шатақ шығып, бүлініп жатыр. Бармасам болмас, – деп тез жиналып, Сағи Жиенбаевтан сұранып, шыға жөнелді. Одан ары не болғанын кейін егжей-тегжейлі естісем де, баяндамай-ақ қояйын, оның қызық-шыжығын Иранбек өзінің «Жел-Жуан» комедиясында əсірелеп-ақ жазды. Мен осы оқыс оқиғаға қатысты болған басқа бір жайтқа тоқталайын.

Жігітшілік жасаймын деп, «ұрлық» үстінде қолға түсіп, тордағы торғайдай болған Кеңшілікті əйелімен жарастыра алмай, əуре болып, қажыса керек:

– Зинура, Кеңшілік біреумен жүрген екен, одан өшіңді алып, сен де біреумен жүр, – деп Иранбек ақыл беріпті.

Сөйтсе, қатты сасқан қайран Кеңкең:

– Ираш-ай, өйтіп үйретпеші, ондай ақыл айтпашы, – деп жалынатын көрінеді. Ашу мен қызғаныш, намыс буған жеңгеміздің беті қатты. Іс насырға шауып, ушығып, жағдай қиындай бастайды.

Содан Иранбек пен Кеңшілік басқа бір амал ойлап, сол үйде көрші тұратын ақын Шөмішбай Сариевке барып:

– Шөке, мына Кеңшіліктің көңілдесімен ұсталып қалғанын естідің. Соны сен өз мойныңа алмасаң, əйелімен ажырасып кететін болды, – деп қолқа салады.

Аңқылдақ Шөмішбай:

– Жарайды, мойныма алсам алайын, бірақ Жұмагүлге ескертіп қоймасақ пəле болар, – деп елп ете қалады.

Содан Шөмішбай əйелі Жұмагүлді көндіріп, «Кеңшілікті құтқару» операциясына кірісіп кетеді. Екеуі шыны-аяқ сылдырлап жатқан шаңыраққа келіп, «мəн-жайды» түсіндіре бастайды. Ашу меңдеп, «ажырасамнан» басқа сөзді ұмытып қалған Зинура жеңгейге Шөмішбай: «Ол қыз менің көңілдесім, үйлеріңе ертіп келген мен едім. Кеңшіліктің түк қатысы жоқ. Арақ əкелуге дүкенге шығып кеткенім сол-ақ, дəл сол мезгілде өзің келіп қалып, шу шығарыпсың», – деп сендіре бастайды. Жұмагүлдің көзінше Кеңшілікті сүттен ақ, судан таза етіп, ақтап сөйлеп, бар «күнəні» өз мойнына алып, ант-су ішіп отырған Шөкеңнің сөзіне сенген Зинура жеңгей райынан қайтып, дастарқан жайып, шай демдепті. Ішектеріне жүз грамм жүгіріп, жылы қабақ орнай бастаған тұста Кеңшілік жарықтық көңілденіп кетіп:

– Осы Шөмішбай үйіне қанша қыз əкелсе де бір ұсталмайды. Мен өмірімде бір рет əкеліп едім, ұсталып қалдым, – деп шынын айтып қойып, бəрін бүлдіріпті. Енді бұрынғы бұрынғы ма, бір емес, екі əйел қоса тулап, қос шаңырақ қоса сілкініпті.

Шөмішбай досы, көршісі Кеңшілікті құтқарам деп, өз басына тілеп алған «пəледен» əрең құтылған көрінеді.

«Бірінші нөмірлі журналист»

Сексенінші жылдардың ортасында Кеңшілік «Қазақ əдебиеті» газетінде қызмет істейді. Мұнда да ол «Жетісу», «Социалистік Қазақстан» газеттеріндегі үрдісін жалғастырып, құлаш-құлаш көркем очерктер, көлдей-көлдей эсселер жазады. Журналистің қазанын қайнатып, қара сөзбен жырлап бағады. Тілі шұрайлы, сезімге бай туындылардың бірінен соң бірін береді. Жұрт жабыла мақтасады. Бір жолғы лезде-меде Көпен Əмірбеков тұрып:

– Кеңшілік Мырзабековтің қара сөздері өлеңдерінен де мықты! – деп мақтапты.

Сөйтіп, жиналыстан соң Көпен өз мақтауына риза болған шығар деген оймен қолын алайын деп Кеңкеңе жақындап келсе, ол ашудан жарылардай болып:

– Əй, Көпен, сен неге менің ақындығымды төмендетесің?! Сонда сен мені ақын емес дегенің бе?! – деп дүрсе қоя береді. Сасып қалған Көпен «əке-көкелеп» əрең қашып құтылыпты.

Дегенмен, мұндай мақтауларды ести-ести көңілі өскен Кеңшілікке бірде күндізгі бір басқосуда желпініп отырған кезінде:

– Жұмысың сені іздемей ме? Ішіп көзге шалынсаң шығарып жіберуі мүмкін ғой, – депті бір ағасы. Кеңшілік:

– Жоқ, мен ішкенде көзге көрінбеймін ғой. Жұмысқа бармай қалсам да түк етпейді, – дейді Сырдың суы сирағынан келмей.

– Неге?

– Бастық мені «кетем» десем де жібермейді. Өйткені «Қазақ əдебиетіндегі» бірінші нөмірлі журналист менмін. Сондықтан ең керек адам да менмін. Менен асатын ешкім жоқ! – деп есе түсіпті.

Сонда бірге отырған бір қызметтесі:

– Ең керек адам болсаң, «Жұмыстан шығамын» деп өтініш жаза қойшы, тексеріп көрейік, – дейді отқа май құйып.

Лепіріп отырған Кеңшілік бас редактордың атына өтініш жазып бере қояды.

Содан жұма күні асықпай жұмысқа келсе, бас редактордың бөлмесінде жиналыс өтіп жатыр екен. Кешіккеніне кешірім сұрап кіріп келіп, отыра қалайын десе, бас редактор Шерхан Мұртаза:

– Кеңшілік мырза, сіз өз өтінішіңізбен жұмыстан босатылғаныңызға екі күн болды, бара беріңіз, – деген екен. Бұл əңгімені мен Көпен Əмірбековтен естідім.

...Маған кейде Алматының бір көшесінен Кеңшілік ағам шыға келіп: «Ұлқаш, үйге жүрші...» – дейтіндей болып көрінеді.

Сондайда бір жолғы «Шақыруға зар боларсың» деген сөзі еске түседі...

author

Ұлықбек Есдәулет

АҚЫН

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...