Аббас Киаростами (пер. عباس کیارستمی; 22 маусым 1940, Тегеран - 4 шілде 2016, Париж) - ирандық кинор...
Қуандық Түменбай. Қой баққан балерон (әңгіме)
2919
Секеңдеп би билегендерді жаны сүймейтін, шошаңдап жүрген қыздардан іргесін аулақ салатын, ауылға анда-санда әртістер келіп, басына үкілі тақия киіп ап «Қамажайға» мың бұралғанда түкірігін жұтып, тамсана қараған жұртқа «мыналарға не көрінді сонша» деп таңқалатын. Мұздыбайға қолапайсыз қимылдың бәрі жасанды боп көрінетін, онан да қара қойды «шүу» деп бір қайырса көңілі марқайып, жауырыны жонданып шыға келетін. Ал, бүгін ойламаған жерден бір бәлеге жолықты. Жан дауасы - жасыл жайлауынан алып кетіп, тыржалаңаш моншаға түсіріп, тықыр алынған шашына қара бояу жағып, он екі мүшесін қылау қалдырмай жуып-шайды. «Нағыз Мұздыбай енді болдым-ау» деді айнадан өзін көріп тұрып. Бірақ, жүрек тұсы шым етіп шаншып кетті. «Осының бәрі не үшін керек болды екен? Түрмеге қамамайтын шығар? Тойға апарар ма екен? Той Мұздыбайды неғылсын. Тіпті, екі жыл бұрын «колхоздың қойын шығынсыз шығарып, жүнді сыпыра қырыққаны үшін» деп мақтау қағаз берерде: «Бұл Мұстафа Шоқайдың туысы ғой, екеуі немере» деп біреулер күбірлеп, мақтау қағазды кері қайтарыпты. «Атасына нәлет, сол қатырма қағаздың, менің тойырқанып мүжіген тоқпан жілігіме татымайды. Бұл не сонда? Жер түбіндегі орыс қаласында оқыған Мұстафаны ел-жұртына қарсы дей ме екен? Әйтеуір бір жақсы атын естіген жоқпыз, қара есекке теріс мінгізеді де қояды. Ол кісі Петерборда оқығанда мен асық ойнап жүрген баламын. Тәуірдің артынан сөз ереді, әйтеуір жамандығын көрмесек екен. Онан да тамаққа бір тойғызса екен мыналар. Моншаның ыстық буы іштегінің бәрін сорып алды ғой». Жүз жиырма шақырым Ақмешітке келіп қонақтаған Мұздыбайдың іші ұлып тұр. Күн де шекені тесердей боп шақырайып тұрып алды. Қазір майлы сорпаны сораптап ішіп, соңынан бір сапар кесе толы сұйық айранды тартып алатын мезгіл емес пе?. «Мен осы неғып жүрмін? Қамап тастамас па екен? Аты-жөнімді әрең жазатын мені түрме неғылсын. Бірақ, ауылда кетпен шапқан қатындарды да, аңызда масақ теріп жүрген кемпірлерді де қамап тастап жатыр. «Халық жауы» деген бір желеу шықты, халқына жау болды деген не сұмдық? Біреуде біреудің не шаруасы бар? Бір қатыным мен бес балам аман болса екен, қатынның аяғы ауыр, биыл тағы ұл тапса Жүндібай қоям атын, дәл қой қырқымға тап келіп тұр. Қырқым қызып жатқан кезде бұл не қырсық болды өзі?» деп ешнәрсеге түсіне алмай үстіне кигізген судай жаңа кәстөм-шалбарын алақанымен бір сипап, мойнын қысып, кіндікке дейін салбыраған жіңішке шүберекті шешіп тастағысы кеп ұстай бергенде, «Боқаев!» деген өктем дауыстан селк етті. Өзін ауылдан ертіп келген сыптығыр жігіт көз астымен қарап тұр, сірә, шала қазақ болса керек, тілін бұрап сөйлеп: «Кеттик, тамақ ишемиз», – деді.– Әбеке, мені мұнда не үшін әкелдіңіз? – деді шай үстінде ныспысын жалпақ тілмен атап.– Би билейсиң,балетте ойнайсиң.
– О не бәле?
– Көресиң.
Ақыры, өзін қалап алып, пәлен шақырым жерден ат арытып келіп, қыз көруге барардай құнттап киіндіргенде алдына қойдың жамбасы мен асықты жілік тартар деп дәмеленіп еді, сумаңдаған сұлу қыз бетінде жапырағы қалқыған бір тәрелке капуста көже әкелді. Қасына қол басындай қиғаш ыдысқа салып, бір қасық қаймақ қойды. Қасындағы серігі қаймақты қасық ұшымен түртіп ап көжесіне қосып жіберді. Бұл да көргенін істеді. Капуста көже жұмырына жұқ болмады, тамағынан өткенмен асқазанына барып жайлы қоныс таба алмады, асқазан сол күйі бос қалып, өзін қаңбақтай жеңіл сезініп отыр. Сосын мылжа-мылжа ғып езілген бір тұтам ет әкелді. Дәм дейтін дәм жоқ, сірә, тұз салуды ұмытып кетсе керек, қасында баланың саусағындай жіп-жіңішке кәртөшке. Мұны да жеп жаны сүйсінбеді, тәрелкедегі тілім-тілім қара нан ғана қарнына қағажу болды. Енді майлықпен бүркеп әкелген бір шәйнек шәйға бассалды, сүті жоқ, шәмбісі бетіне шыққан қаракүрең шәй.
– Шайды көп ишпеңиз. Сиз ұзақ тренировка жасайсиз, қуығыңыз таза тұру керек, – деп серігі тағы бір ескерту жасады.
Мұздыбай туған жерінің қадірі мен туған түтінінің дәмін енді ғана сезінгендей құлазып, үн-түнсіз қалды. «Сонда мыналар мені не істемекші? Жылда бір қошқарды бағып-семіртіп, күз түсе сойып алушы едім. Алдына күнжарасы мен көк майсасын аямай салушы ем. Қошқар да қалды тасы салбырап. Мені тәуір киіндіріп, ашқұрсақ ұстап, қайда апармақшы екен. Бір құпия дүние. Осы Мұстафа көкемнің салқыны емес пе екен? Мен ол кісіні есейген шағымда көрген де емеспін. Бірақ, әлі ол кісі туралы бір ауыз сөз сұраған жоқ. Сұрай қалса, не деймін? «Иә, әкелеріміз немере туыспыз» деймін. Туыстықты Құдайдан жасыра алмайсың. Менің әбден болдыртып отырғанымды сезер ме екен мына қырт? Қайран қара қойым, сенің алқымыңа пышақ тигізерде «жаның құдайы, жануар!» деп күбір етуші едім, сол қара қойдың киесі ме екен мені осылай қинап қойған? Бір кесек етің бір күндік қуат еді, мыналар неше тәрелке капуста көже берсе де, қарным шұрылдағанын қояр емес».
– Болдиңиз ба? – деді жұқалтаң сары бағжиып.– Болмағанда...
– Онда кеттик.
Тапал «Победа» құйындатып, бір көнелеу қызыл үйдің алдына келіп тоқтады, төрт сыныптық сауатпен маңдайшадағы жалғыз сөзді ежелеп екі бөліп оқып, «Теа-тр» деп күбір етті. «Теа-тр». «Сонда бұл әлгі ақын Нартайлар терме айтып, бишілер билейтін той-думанның орны болғаны ма? Сірә, бүгін әртістер кәнсерт қоятын болар. Енді маған соны көрсететін шығар». Мұздыбайдың ойлағанындай болмады. Құрқылтайдың ұясындай бөлмеге әкеп шешіндіріп, бұтына қыры жоқ сыптай жұмсақ шалбар кигізді. Шалбар тарлық қып, резеңкесі шіреп, жуан қарнына жетпей қалды.
– Чабан, – деп бағжия қарады киім беруші орыс әйел. Бұл ішін қатты тартып, қарнын қайта жібергенде резеңке бырт етіп үзіліп кетті. Әйел киім ілгіш жаққа қарап, тағы да орысшалап еді, сыптығырдай қазақ қыз аузын басып күліп, тағы бір қыры жоқ кеп-кең шалбарды ұстай келді. «Мынау дұрыс, үйдегі ақ дамбалыма келеді екен» деп, резеңкесі бырт етіп үзілген шалбарды шешіп беріп, далаңдаған кең балаққа аяғын сұқты. Орыс әйел қымсынайын демейді, жалаңаш денесіне бақырайып қарап отыр. «Оу, еркектің тәніне ұрғашы үңіліп қарауға бола ма екен?»
– Нормально? – деді әйел.
– Көріп тұрсыз ғой, – деді Мұздыбай.
Сосын тағы бір бөлмеге кіргізді. Ұзын жіптің өнбойына бұжыр-бұжыр сан жазылыпты, сол жіппен бойын өлшеді, бірақ өлшеуші әйел тырс етіп үндеген жоқ. Өзі қазақ екен, «1-де 70» деп күбірлеп, тілдей қағазға түртіп қойды. Мұздыбай оның артық сөз айтпағанына қуанды.
Анадай жерде гір тасы зіл тартып, таразы тұр. Кәдімгі дүкендегі ет тартатын таразы. Әкесі сойған қойдың етін құшханаға өткізуге апарғанда бұндай таразының талайын көрген. «Енді осыған мені салып өлшемекші ме?» «Таразыға тұр», – деді бұл жердегі әйел баяу үнмен. Таразыға аяқ тигізгенде-ақ гір тасының бір басы қайқаң етіп жоғары ытқып кетті.
– 183. Қойдың етін көп жегенсіз-ау деймін. Сізге салмақ қуу керек.
Қойдың етін жесе де, сиыр етін жесе де, әйелдің қазақша сөзіне іші жылып қоя берді.
– Оны қалай қуам?
– Тамақты аз ішіңіз, ет жемеңіз, – деп күлімсірей қарады. Күлімсірегені қандай әдемі, қосағы Күнімай күлімсірегенде езуіне осындай бір шұңқыр пайда болатын.
– Ет жемей қалай күн көреміз? Ет еркекке қуат бермей ме?
– Сізге қуат емес, қимыл керек, – деп тағы да күлімсіреді.
Іші удай ашып, жөпелдеме жауап берді.
– Қуатың болмаса, қалай қимылдайсың...
Келіншек бұ жолы сықылықтап қоя берді.
Осы сәт өзінің жолбасшысы жұқалтаң сары Көктен түскендей шыға кеп, «Болдыңдар ма?» – деді қабағын түйіп. Келіншек түртінектеп жазған қағазын қолына ұстатты. Жұқалтаң сары шұқшиып бір қарады да, бұған атып жіберердей оқты көзін тікті.
– Сен де бір бәле болдың ғой. Салмақ қуу керек.
– Қалай?
– Қалай болушы еді, бүгіннен бастап кашаға отырасың.
– О не пәле? – деп үрейлене қарады. Осы жолы шын қорықты. Бұған дейінгінің бәрін әшейін жүрдім-бардым нәрсе деп ойлап еді, «кашаға отырасың» деген сөз «түрмеге отырасың» дегендей көңіліне күдік ұялатты.
– Әбеке, қайда отырасың дедіңіз?
– Кашаға дедим ғой, – деді анау булығып. – Бір жетіде кеми қырық кели тастауың керек. Әйтпесе би қайда саған.
– Ол не сонда?
– Ботқа жейсиң, – деді ызаланып.
Мұздыбайдың көз алдына майбөкпенге бас қойған бес баласы елестеп кетті де, мына сөзден шынымен сескенейін деді.
– Жүр!
Жолбасшының соңынан еріп кең залға кірді, мұнда қасындағы жұқалтаңнан да өткен татар шатыс, өнбойында бір міні жоқ, сыптай киініп, сымдай тартылған тарамыс жігіт қарсы алды.
– Мынау,- деді серігі. - Уақыт бір апта. Бір айда балерон боп шығуы керек.
– Қайдам, – деді тарамыс жігіт Мұздыбайдың спорттық шалбарды шіреп тұрған тырсиған қарны мен шомбалдай иығына қорқасоқтай қарап.
– Қайдамды қойыңиз. Бұл партия тапсырмаси. Орындау керек.
Тарамыс жігіт осындағы би үйірмесінің жетекшісі әрі беделді балетмейстер еді.
– Сіз әуелі залды айналып он круг жасаңыз? – деді бұған күлімсірей қарап. Өзі басқа жақтан келсе керек, Сыр бойында мұндай мейірімді, сыптығыр сырдаң жоқ. «Астана болғасын бәрі бір жерге жиналады ғой» деп өзіне-өзі жауап берді.
– Ал, жүгір!
Мұздай тақтайды майтабанымен басып, екі айналғанда-ақ ентігіп қалды. Бала күнінде қуыспақ ойнағанда қашқанды құтқармайтын желаяқ еді, сол желаяқтығы енді қара қойдың етімен бірге қарнында бұғып қалған секілді. Өкпесі өшіп, ырсылдап, үш айналғанда-ақ тілі салақтап, аузы кеберсіп, бір тамшы су тілеп тұрып қалды. Оның үстіне тақтай еденді жалпақ табанымен басқан сайын сыздан бетер суық миынан бір-ақ шықты. «Тақтай да осындай мұздай болады екен-ау? Жұқа болса да аяғыма бір нәрсе кигізбей ме екен?» Бес айналғаннан кейін алқынып тұрып:
– Әбеке, бір жұтым су ішейінші, – деді ентігіп.
– Су ішуге, тіпті, болмайды. Суды тренировкадан кейін бір-ақ ішесің, – деп тарамыс жігіт басын шайқады. – Сіз балет билеп жүргенде кім су әкеп береді.
– Ең болмаса, аяғыма ілетін бірдеңе берсеңдерші. Мынау тақтайдың сызы миымнан бір-ақ шықты ғой, – деді әрең сөйлеп.
– Болмайды, ережеге сай келмейді. Алғашқы үш жаттығу жалаң аяқ болу керек. Оның үстіне сіз майтабансыз.
– Сонда мені не істемексіңдер?
– Балерон ғып шығарамыз, – деді күлімсіреп.
«Уһ, осы жүрісімді Күнімай көрсе ғой, ішек-сілесі қатып күлер еді».
– Неше айналым қалды?
– Әлі жартысы бар.
– Жартысы... – дей бергенде, Мұздыбай сүрініп кетіп, етбетінен түсті. Өзі денелі болғанмен бітімі осал екен, мұрттай ұшып, мұрнынан қою қан сау ете қалды.
– Фельдшер! – деп дауыстады қасындағы серігі.
Көзін ашқанда аққа малынған бір әйел жуан білегін кенеппен тартып тастап, қан қысымын өлшеп отыр еді.
– Чуть-чуть повыше. Зачем мучаете человека, – деді дәрігер әйел жыланша ирелеңдеген резеңке шылбырды жинап жатып.
– Я не виноват. Лучше помолчите, – деді сыптығыр серігі орысшалап.
Мұздыбай «бұлар ойлағанын істетпей қоймайды, осылардың айтқанына көніп, қатын-балама аман-есен қайтайыншы» деп орнынан тұруға әрекеттенді...
Осылай үш күн жүгіріп, қарнын босатты. Босамай қайтсін, жегені ақ ұнтақ быламық, ішкені бір стакан сүтсіз қара шәй. Мынау жұқалтаң сары қасынан бір елі кетпейді, «сірә мені ұрланып ет жеп қоя ма деп күдіктенетін болу керек». Кеше «Әбеке, ең болмаса екі түйір ет жейін де, қарын шұрқырап кетті ғой» деп еді, анау кәрін төге қарады.
– Үш-ақ күн қалды. Сен үш күннен кейін биге шығуың керек. Әлі бес-ақ келі салмақ тастадың. Үш-ақ күн. Не деген бәлесің өзің?
– Сүйегім ауыр ғой.
Ет сұраймын деп басы бәлеге қалды. Жүгіріп, оң мен солға бұрылғаны баланың ойынындай екен, енді жатар орын мен таңертең ерте отыз рет отырып-тұруды күнтізбеге қосып қойды. Жұқалтаң қасында жатады, сірә, қашып кетеді деп қауіптенсе керек. «Қашып қайда барам. Мен шетел асатын Мұстафа көкем сияқты оқыған емеспін ғой». Отырып-тұрғанда «бір-екі, бір-екі» деп санап, жүйкесіне тиетінін қайтерсің. «Отыр, толық отыр, немене гаршокқа отырып көрмегенсің бе?» деп естімеген сөздерді де қосып қояды. «Маған ненің гәршөгі. Біз айқай далада талтайып отырған қазақ емеспіз бе» деп іштей жауап берді. «Аузымнан сөз шығармайын, мұнан да зорын көрсетіп жүрер» деп сескенді.
Кеше көгілдір шәпке киген біреу келді. Кереуетте сәл тыныстап жатыр еді, екеуі орысша сөйлесті. Түсінбесе де, жоғары жақтан бір тықыр барлығын көңілі сезіп қалды. Екеуінің әңгімесі қазақша айтқанда мынаған саятын:
– Қалай боп жатыр? Бір апта өтті ғой.
– Азамат бастық, бір аптада бес келі салмақ тастады. Күнде жаттығу. Енді бес күнде биге шығуға жарап қалады.
– Тездет, тездету керек! Бізге нәтиже керек. Біздің делегация Парижге 30-июнь күні аттанады. Бұл белсенді, қара танцор... – деп сөзін жұтып қойды да, – анау-мынау емес, Плисецкаямен бірге барады, – деп жамбасындағы тапаншасын бір сипап, есіктен шығып кетті.
Мұздыбай бас-аяғы он бес күнде аяқ ұшымен секектеп жүрер көлде қалқыған аққу болмағанмен балеронның жұқа киімін қиналмай киетін етжеңдінің сапына енді. Қарын тұсы әлі де бұлт-бұлт еткенмен ішін тартқанда сахнаға көз тіккендердің жанарын арбайтын тұлғалы жігіттің сойы боп шыға келді. Алдыңғы қатарда жортақтаған биші болмағанмен көпшілік қауымның ортасында көзге көрініп тұрар кейіпкердің бірі боп қалды. Быламық пен қара шайға да үйренді, тіпті, таңертең быламық жегісі кеп асқазаны бір жұмсақты тілеп тұратынын қайтерсің. Анда-санда қаракесек етті ойлағанда көңілі босап кетеді де, «ауылдағы бала-шағам мен Күнімай аман болса екен» деп елжіреген көңілін тез қатайтып алады. «Осыдан үйге аман-есен жетсем бәрін де ұмытып, бір табақ етке армансыз қол салармын» деп тамсанып та қояды.
Кешеден бері тағы бір сымдай тартылған тарамыстың қармағына ілікті. Жүгіру мен отырып-тұруға жылап көрісетін күн туды, әлгі неме белтемірге асып қойып, тізесін қолымен күштеп бүгіп-жазып, топ-томпақ қос балтырын бір-біріне майыстырып қосып, жанын көзіне көрсетті. Аяғына жұп-жұқа үлбіреген нәски кигізді, өмір бойына киіз текемет басқан табаннан өткен суық тағы да шекесінен бір-ақ шықты. Топан аяқ пен майлы табан не көрмеген, бұған да көндікті, бала күнінде табаны тиген жиденің тікені бырт-бырт сына беретін, бірақ мына тастай еденнің суығы көкірегін мұздатып, тұлабойын қарып өтті. «Оу, қара тікен боз топырақтың өскіні болса, мынау тақтай еден – қу ағаш. Мына мен де қызыл тілім болғанмен сол қу ағашпен бірдеймін ғой. Қызыл тілім болғанмен жарытып сөз айтып жүрмін бе? Мені тыңдайтын құлақ бар ма? Әйтеуір атын білмеген адамды жалпақ тілмен «Әбеке» деймін, бұ жолы да: «Әбеке, тізем сыздап кетті, сәл демалайыншы» деп еді, анау баж ете қалды.
– Болмайды, сенің аяғың талтақ, соны түзетуіміз керек. Түрегеп тұрғанда екі аяғың қыздың аяғындай бір-бірімен қосылып тұру керек.
– Әбеке, маған ненің қызы... Есектің үстіне артылып, талтайып ат мінген қазақ емеспін бе?
– Көп сөздің қажеті жоқ. Итак, уақыт аз қалды, – дегенде, шошаңдап аяқ ұшымен жүріп, қазақша сөйлегеніне іші жылып қалған жігітіңнің жан сарайы тастай суық екен. «Көп сөздің қажеті жоқ» дегенде, танауы қусырылып, біздей мұрнының ұшы қызарып кетті. «Сірә, бір нәрседен сескенеді-ау деймін. Қайтсін, бұ сорлыға да бала-шағасын асырау керек шығар» деп әсіре қазақылықпен өзін ысырып қойып, өзгеге жаны аши бастады.
– Ойбай! – деп еркек басымен шыңғырып жіберді. Оң аяғымен тұрғызып қойып, сол аяғын тізеден қайырғанда, «енді балдақпен жүретін шығармын» деген сөз аузынан шығып, көз алдына бір қора қой көлеңдеп, «мә!» деп маңыраған қозы-лақтың жұғымды даусы құлағында ойнады. Табаннан өткен сыз тұлабойын түгел қарпып, басынан бір-ақ шыққанда тамағы қыр етіп, бір қақырып тастаған сілекейі тақтай еденге былш етті.
– Бүгінге осы. Тізең біртіндеп бүгіледі, сосын талтақ аяғыңды тартқаннан кейін аққудай секеңдейсің, – деді сылыңғыр серігі түк болмағандай.
Ақсандап басып, қонақ үйге жетті. «Енді қара шай болса да бір ұрттап, маңдай жібітсем» деп жұтынып қойды.
«Таңертең тағы да жанымды қинар ма екен?» деп қорқасоқтап жатқанда үсті-бастары аққа малынған екі келіншек кеп кереуетінен тұрғызбай қос балағын түріп, тізеден төмен темір етік кигізіп, шынжыр жіппен таңып тастады. «Мыналарың әй-шәй жоқ бас салғаны несі?» деген суық ой «Бұларың не?» деген сауал боп қызыл тілінен ытқып еді, «Тізеден төмен түп-түзу боп тұру керек, – деді қазақша сөйлеген келіншек. – Екі күн осылай жатасыз, тамақты әкеп береді», – деді де, бөлмеден шығып кетті. Бір мезет қос балтыры суық темір басқандай сыздай бастады. «Мыналар мені тегін тұсаулаған жоқ, бір жаққа жібермекші-ау деймін». Қос балтырынан арақтың мүңкіген иісі шығады, әлгінде сипалап бірдеңе жаққан сияқты ма еді? «Соны аяғыма жаққанша бір ұрттатса ғой, мына азаптан аз да болса жеңілдер едім. Атты тұсаулаушы едік, алысқа ұзамасын деп, мыналар мендей қазақты шідерін шеше алмастай ғып неге тұсаулап тастады екен? Жылқы шоқырақтап барып шөп жұлып жейді, мыналар...» дей бергенде, табаққа салып бір тостақ быламық пен бір стакан шай алып, сары шаш қыз кіріп келді.
– Обед дайын, – деді бетіне бағжия қарап.
Мұздыбай қара шай толы қырлы стаканды біреу алып кетердей апыл-ғұпыл қолын соза берді.
***
Темір етік кигізген сирағы түзелмеді, бұғанасы қатып кеткен еркектің жіліншігі тастай қатып, иілмеді. Әжесі «жалғызым» деп арқасынан түсірмей арқалап, талтақ боп қалған аяқ темірдің еркіне көнбеді, екі күннен кейін шынжыр жіпті шешкенде бір сантиметр де өзгеріс болмай Мұздыбайдың аяғы мұздай сіресіп тұрып алды, бала күнінде есектің бүйірінен түрткілеп, есейген шағында ер-тоқымның үстінде талтайып жүген жасқаған кәрі жілік сынбады.
– Ничего, массовкаға жарайды, аққу боп алға шықпай-ақ қойсын, – деді басқан ізін аңдыған би үйретуші серігі қасынан қалмай жүрген ең әуелгі ақылманына сыр айтып. – Бұл Парижге баратын болды ғой.
– Иә, тезірек кетсе екен...
Бірақ, Мұздыбайдың ұзын жолы күрт қысқарып, Парижге бара алмай орта жолдан қайтты. Қол-аяғын қанша түзеп, жанын азаптап, арам терін төккенмен қарау тірлік адалдың жағына қарай жығылды. Мұстафа Шоқай көкесі Парижден Берлинге қарай қоныс аударыпты. Кеңес елінің бишілері Парижге келсе, ел аңсаған саратан - Мұстафаның ет бауыры елжіреп, солар қайтқанша театрға түнер еді. Оның үстіне секеңдеп би билеп жүрген қаны бір Мұздыбайды көрсе, іші оттай жанып, сахнаға жүгіріп шығудан да тайынбас еді. Кешегі қой баққан Мұздыбайдың балерон боп қалқып жүргенін көріп, көзі тоймай, «ел іші түзелді деген осы шығар» деп таңдайын қағып, таңқалмай ма? Сонда бауыры: «Ел өзгерді, көріп тұрсыз ғой менің жүрісімді. Елге қайтыңыз, ағайынның да айтары осы, ел сіздің бір ауыз сөзіңізге зар боп отыр, өкімет те, халық та сіз десе ішкен асын жерге қояды» демей ме. Ең болмаса, елге бір көрініп, дұрыс сөзіңізді айтып кетпейсіз бе?» – деп қиылмай ма. Сөйтіп, алашшыл Мұстафаны белерон інісі ініне әкеп тықпай ма. Олар қиуын келтіре алмаған қисынсыз жобасын Мұздыбайға айтпады, Берлинге өтіп кеткен ұлтшылға құрған қақпан қағазға сызылған сурет күйінде қалды.
Бір күні түнде екі аяғын темір етік пен шынжыр жіптен босатып, керуетінде селт жатқанда кәнігі серігі келіп, «Кеттик!» – деді де, киім шешетін жерге бастап келді. Қасына көгілдір шәпке киген біреу ілесіп жүр. Салмағын таразыға тартып, бұжыр жіппен бойын өлшеген екі әйел ауылдан киіп келген шоңқайма етігі мен сырмалы шалбарын қайтып берді. Сыптай боп жабысқан шүберек шалбарды шешкенде жаны рахаттанып, тұлабойын жеңілдік баурап, жан-дүниесінен самал ескендей болды. «Бәрі осымен біткені ме?» деген бір күдік көкірегінде құмырсқадай жыбырлап тұрып алды. Кәнігі серігі бетіне күлімсірей бір қарады да, қасына ере келген көгілдір шәпкелінің қарауына берді. Өзі көңілді-ақ, Мұздыбайдан аман-есен құтылғанына қуанып тұрған сияқты. Ол: «Ал, қойшы балерон, осыған ырза бол» дей бергенде, көгілдір шәпке екі білегіне кісен сап, алдына сап айдап, мыжырайған тас түрмеге әкелді.
Қараңғы қапаста үш күн жатты. Әнеукүнгі екі мезгіл алдына қойған быламық пен екі стакан қара шай көзден бұлбұл ұшты. Тәулігіне бір тілім қара нан жеп, бір қалайы күрешке шай ішіп, төртінші күні қолына кісен сап, сұп-сұр мыржықы кірпіш кеңсеге әкелді. Иығында жұлдызы жарқырап, шіреніп отырған көгілдір шәпке киген месқарын алдындағы айқара ашулы дәптерге бір көз жүгіртіп, бұған екі езуі екі құлағына жетіп, мәз бола қарады.
– Қалай, Парижге бармай қалған қойшы балерон, салмақ тастадың ба?
– Көріп тұрсыз ғой, – деді тайсалмай.
– Мә, мына жерге қолыңды қой.
– Мен өмірі қол қойып көрген емеспін.
– Шимайлауды білетін шығарсың. Шимайлай сал.
Араб жазуы қиын еді, жазылуы мен айтылуы екі бөлек. Молдекең шыбықпен бір тартып, «Қ» әрпін айт дегенде, «Қо» дегені есінде қап қойыпты, сол әріптің сұлбасын қағазға түсірді.
– Барып, қойыңды бақ. «Аққу көлін» сенсіз де қоямыз. Сен бізді, біз сені көрген жоқпыз. Көрген-білгеніңді біреуге, тіпті қатыныңа айтатын болсаң, тауып алып, тағы да би үйретеміз, – деді.
– Мақұл, – деген сөз аузынан шығып кетті.
– Боссың. – Есіктен шығып бара жатқанда месқарын бастық ішек-сілесі қатып, темекі сасыған бөлмені тағы да дарақы күлкі көмкерді.
Мұздыбай мынау кірпішіне дейін сұп-суық мыржықы үйден шыққанша асықты. «Жұртқа күлкі ғып қойған Құдай-ай, қай ниетімнен таптым екен осының бәрін?» деп беталды безе жөнелді. Еңк-еңк етіп өксіп те алды. «Неге бізді күлкі қылады бұлар? Біз мал бағып, егін салғаннан басқа не жаздық? Тезірек бала-шағама жетейінші, Күнімайды көрейінші» деп табаны жерге тимей зытып келеді, қара жолдың әйтеуір отарба жүрер бекетке барып тірелерін біледі. Артына бір қарады. «Тағы да қуып жетіп, би үйретіп жүрмес пе екен?» Адалдың аяғы жеңіл. «Тезірек сол сұқсиған сұр үйден аулақ кетейінші» деп табаны жерге бірде тисе, бірде тимей қара топырақты борп-басып ентігіп келе жатты.
Қара рельсті қақ жарып, бақырып-шақырып, көмірдің түтініне көмілген қара парауыздың төбесі көрінді. «Тұмсығы біздің ауылға қарап тұр екен, тоқтай қалса жабысып, қызыл вагонның төбесіне қонжиып алайын. Аяғымды салақтатып отырып бір сағатта Шиеліге жетіп барамын».
Жайдақ вагонның төбесіне әкесінің үйіндей жайғасып алған Мұздыбай көзкөрім жерден маңдайшасы көрініп қалған қызыл кірпіш - сұрқылтай үйден басын бұрып әкетті. Өзі осы жерге неге келіп, неге кетіп бара жатқанын да білмейді. Ирелеңдеп, ырғалған пойыз үстінде отырып, «әйтеуір бәле-жаланың бәрі осы қара жолмен кетсе екен» деп Алладан тілеу тіледі. Жылы желге бетін тосып, Құлқулланы үш қайырды, Құраннан өзге жанына серік ештеңе таппады. Жүз жиырма шақырымды басып өтіп, бес балам мен Күнімайдың айдай жүзін тезірек көрсем екен деп алабұртқан Мұздыбайдың көңілі алай-түлей. «Осыдан бекетке жетсем, пойыз тоқтар-тоқтамастан жерге бір-ақ секірем» деп жылы желге бетін тосып, бекініп отыр.