Мадиев Даулет. Аманқос Ершуов шығармашылығына арналған эссе

ӘДЕБИЕТ
715
Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың шығармашылығына арналған қаламгерлер арасында «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар» атты республикалық эссе байқауына

Аманқос Ершуов
«Ауыр салмақ басқанда ер иығын, Адастырып кетеді пері-құйын. Аралап аспан астын, жердің жүзін Асанқайғы таппаған жер ұйығын. Ақкиізтоғай! Жерұйық сенде ғана, Жын қуып, жыр іздеген мен де бала. Көңілдің кірі кетті, денем сергек Шайынып шыққандаймын Жемге жаңа...» Бұл – Ершуов шығармашылығын оқуға бел буғанда жырларының ішінен менмұндалап тұратын, Жерұйықты іздеп талай «бар» мен «жоқтың» арасында тербеліп жүрген жандардың тамырынан басатын көркем өлең. Мен өзім ең алғаш ақынның осы өлеңіне ғашық болып, ары қарай өміршең өлеңдері жазылған парақтарын көзіммен гүлдендірген едім. Оның әр өлеңіндегі Тәңірімен тілдескен сәттегі жан тебіренісі мен жүрек бұлқынысы оқыған адамды толғандырмай қоймайды. Ақын сезінген ұлы сезімнің бір ұшқынын сезінуге өзі Жерұйық санаған Ақкиізтоғай мекеніне, «көңілдің кірін кетіріп», ғұмырдың сыныққанат сәтінде қиял теңізіне шайынып шығу үшін Жем өзеніне бардым. Жаныңа тыныштық іздеп Жемге бара қалсаң қараңғы жартас пен өлі өзеннің құшағындағы жалғыздықтың тар қапасынан шыға алмай, әнші қырдың ысқырығын тыңдап, көзіңді тек айналаға, күзгі табиғи көрініске салуға ғана жаратқандай күйде отырасың. Жаураған аспанның көзі ісіп, беті күнге қақталған қызыл өңді бақташыдан айнымаған жирен ай мен оның бетін жабуға тырысқан буаз бұлттар, өңі қашқан жарты жапырағы жоқ терек-талдар не түрлі үміт пен үрейдің мүрдесін көтерген санасыз қалпында қатып тұр. Тағдыр берген тәтті айқайдан шайлыққан тірі табиғаттың да жейделерінен ұйқы жұпары аңқып, кеуделерінде жалғыздық жасыған. Мүмкін, бұл Ершуов сезінген жалғыздық шығар, мүмкін Аманқосын сағынған Жемнің жалғыздығы ма?! Әйтеуір, Жем қалың ұйқы құшағында. Ештеңе ұғынбаған күйі шашыраңқы ойларым қонарға жер таппаған қарлығаштай шырылдап ұшты да кетті. Тек мұнда өлі өзеннің ерніне тәнін сүйгізген жағалауы ғана бақытты. Ақын атамыз жазған жырларды кезекпен оқып, табиғат тербеткен айналаны өлеңмен әлдилеп отырмын. «…Атымды қойып ата-анам, Айналған мені гүл қадап. Анау бір үйде жатаған Өмірге кеппін іңгәлап...» Кенет қылышынан қан тамған жылдар кезеңіне тап келген оның балалық шағы көз алдымнан жүгіріп өтті. Мезгілсіз жеткен сұм ажал, сұрапыл соғыс, зарлаған ана, жесір келіншекке толы ауыл одыраң қаққан ордалы жаудың көзі қашан жойылатындығын күтіп, үмітін сеніміне жалғап әлек болып жатырған кезде туылып, сол заманның ырқына көнбей өмір сүру – үлкен батырлықты талап етпей ме? Ақынның атын да сол соғысқа кеткендер аман оралсын, ортаға келіп қосылсын, Жеңіс орнасын деген ниетпен Аманқос қойған деседі. Жалпы сол заманда ғұмыр кешкен адамдарды біз секілді шырайлы күн мен тыныш түндерді кешіп жүрген жастардың ұғына алуы қиынға соғады. Балалық шағын сағына отырып өзінің айтуы бойынша жастайынан зерек болып өсуіне ауыл ақсақалдарының, аға-буын өкілдерінің қосқан үлесі зор. Бәріміз де Ақкиізге көршілес ауыл баласымыз. Өз атамыздың, оған келген ақсақалдардың оң жақ тізесіне отырып әңгіме тыңдағанды жанымыз сүйетін. «Оңашада пенде ғой, жылайды анық, Кәрі көңіл күл татып, лайланып. «Ең болмаса тоқсанға жетсем екен Туған жерді құласам бір айналып. Жатар едім, еһ сонда сәл тыныстап, Бұл фәнидің жүзінде – алтын ұшпақ.» «Шалдың жаны тәтті» , - деп кейбір милау Күледі екен ажарын салқын ұстап. » - деп әр сөзі еңгезердей Ершуов айтқандай асарын асап, жасарын жасап болғанымен әлі де тіршілік еткісі келіп, жалғанды қимайтын ақсақалдардың даланың иісі шығатын ескі әндерін тапжылмай тыңдайтынбыз. Кезекпен оқылған өлең, айтылған ән, пәтуалы әңгімелер үздіксіз тартылған сол кездегі темекінің түтінімен бірге ауада билеп жүретін. Кебінге оралған ойлар мен алқымға тірелген өксік Ершуовтің емірене жазған жырларымен бірге менің де бала күнімді сағынғандырды... Көкеміз тағы бір өлеңінде:  «Қиын екен ақынжанды боп туған Ұстаймын деп жалаң қолмен от қуған. Бар бақытты қас қағымда жиып ап Қас қағымда бар бақытын жоқ қылған...» - дейді. Шынымен, бергісі талайды тамсандырған, арғысы Тәңірден келген тарту болғанымен ақын-ғұмыр өте ауыр. Мұндайда Шерхан ағамның «Сертің болса қолыңа қалам алу, Дертің болар бойыңа тараған у. Өлең деген күн сайын өртке оранып, Өлең деген түн сайын жаралану..» дегені еске түседі. Ауыр жолмен талай қиын сәттен сүрінбей өтіп Жемнің жағасынан Алатаудың баурайына дейін мойындатып келуі біз айтып жүретін ұлы мақтаныш. Өз заманында өлеңдеріне Жұмекен, Хамит, Меңдекеш ағалары оң баға беріп арқасынан қаққан ақынның жырлары масаң түнде жұтылған елестердей жоқ болып кетпей, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жетуі заңдылық болса керек-ті. Тым болмаса жоғалған замандардың хатында, оралған дәуірлердің сөзінде... Бірақ, санада «Неге ақын сол кезде Алматыда тұрақтап қалмады?» - деген бұ дүниенің шеңберіне сыймайтын бұлыңғырлау ақыл-естің сұрағы қалықтаған күйін жоғалтар емес.  Тіпті, Жұбан Молдағалиевтің өзі «Сол баланы осында алдырыңдар, мен баспана беремін» деген екен ғой. Қадыр Мырза Әлі Одақтан жұмыс тауып беріп, мырзалық танытпақшы болған. Оның үстіне Ақындардың арасында «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» дейтін бір ұстанымға іспеттес сөз бар емес пе еді?  Расында, алма төс, алтын зерлі, Алатаудың жалғыз қызындай Алматы –  өзіміздің де балғын шағымыз, қайта айналып келмейтін студенттік өміріміз өткен алып шаһар. Біз оқыған кезең мен Ершуов дәуіріндегі қала салыстыруға келмес. Дегенмен 2,5 мың жылдық тарихы бар еліміздің оңтүстік астанасы қай кезде де сұлу болған шығар-ау. Мені бір толғантатыны өсем деген пендеге барлық жағдай жасайтын, кемшілігінен кеңшілігі көп әсем қалада қалмауға қандай себеп, не кедергі болуы мүмкін?  Кейіннен біз сөзбен толқындатып отырған Аманқос Ершуовтың «Шек қоймас ақыл-санаңа, Отырар сені дана деп. Кетерде сәнді қалаңа Жусанның иісін ала кет!» - деген өлеңі еске түседі. Демек, ақынды елге қайтарған жусанның иісі мен атамекенге деген мәңгілік сағынышы ма?  Жем жағасында да бір ақын жүруі керек деді ме екен, әлде? Ол жағы бізге беймәлім... «Абай – үлкен дария. Мен одан шөміштеп қана іштім...» - деп алашқа аты мәшһүр Мұхтар атамыз айтқандай Аманқос Ершуов шығармашылығынан біз де көңіл толарлықтай мағлұмат ала алдық. Теңіздің суы шөлді қандырмайды. Тек одан сайын шөлдете береді деуші еді. Марқұм атамыздың отты жырлары да дәл сондай. Кезекпен оқи бергің келеді. Ақынжанды жұмырбасты пенделердің бәрінің өмір бойы арпалысатын жалғыз ғана ойы болады. Ол – талай түндерде толғатып, ешкім жазбаған тың дүниені өмірге әкелу. Тіпті, біз көзін көрмеген Әділ Ботпанов деген ақын ағамыз болған екен. «Өз ғасырымда ешкім жазбаған өлең жазып әкелем» - деп айтып жүретін ақын 1996 жылы 28 жасында ұшты-күйлі жоқ болып кеткен деседі. Содан әлі күнге дейін хабар-ошарсыз. Оны әлі-ақ келеді деп күдері үзілмеген халықтың да қарасы аз емес. Қиял теңізіне ылғи сапар шегетін ақындар осылайша жаны жұмбақ болып келеді. Тіпті, біз тілге тиек етіп отырған Аманқос Ершуовтің өзі  «Бақытты болу қас-қағым еді Шабытың бар да маздаған. Бір өлең жазып тастағым келді, Өзгелер әлі жазбаған...» - деп асыл арманын өлеңге қосқан. Бірақ, киелі Кең Жылыой жұртшылығы үшін ғасырларға жететін жыр жазып кеткендігін өзі мойындай алды ма екен?  Сетінеп кеткен сәттердің сырғалы сөзін айтуға жан қиналып, тіл күрмеліп, үнсіздіктің сызып берген шеңберінен шыға алмай, жетім ойларды құшақтаған күйде Жем жағасын қимай ұзақ отырдым... Сынған айдың сәулесіне байланып, көкке қарап ақын әруағына дұғамды оқып, шығыстан соққан самал аймалаған жүзімді қолыммен сипап өтіп, кемеңгер ақынның тағы бір өлеңін оқумен Ақкиізді артқа тастап, жолға шықтым...  Иегі кемсең қаққан күзгі аспанның бетіне шымылдық бола бастаған бұлттар күзгі дала көрінісінің сәнін арттырғандай... «Ақ бұлттар... Қара бұлттар.. Ала бұлттар... Байқасаң аспанда да алалық бар. Біреуде жас болса да даналық бар Біреуде қарт болса да шалалық бар...» Мадиев Даулет
author

Аманқос Ершуов

АҚЫН

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...