Джаз жұлдыздарының дерті не?!

МУЗЫКА
1134

Әлемге әйгілі жапон жазушысы Харуки Мураками джазды жақсы көрді. Ол 1974 жылы Токионың Кокубунджи шағынауданында өзінің «Питер Кэт» атты джаз-барын ашқан екен. Оған қоса батыс музыкасы жөнінде бірнеше нұсқаулық шығарған көрінеді. Атақты постмодернист джаз күй-табақтарынан коллекция жинаған. Күй-табақтар саны – 40 мыңды құрайды. Ал оның «Джаз портреттері» («Джазовые портреты») атты кітабында 55 музыкант жайлы эсселер топтастырылған. 

Бұл – джазды тереңірек түсінгісі, зерттегісі келетіндер үшін таптырмас жинақ. Өнер иелерінің өмірдерегі барынша қызықты жазылған. Кітаптың алғысөзінде иллюстратор Макото Вада өзінің джаз деген таңғажайып кеңістікке қалай енгенін және оған не себеп болғанын баяндайды. Оның 1992 жылы «JAZZ» атты көрмесі ұйымдастырылып, оған 20 джаз музыкантының суреті қойылған. Сол картиналардан ерекше шабыт алған Мураками эссе жазуға білек сыбана кіріскен. 1997 жылы «SING» көрмесі өтіп, содан соң 26 музыкант енгізілген «Джаз портреттерінің» алғашқы кітабы жарық көрген.

– Мойындаймын, Мураками мырзаның джаз жөніндегі таным-түсінігі менен әлдеқайда терең. Көрмелердегі картиналар жан-жаққа таралып кеткен болатын. Бірақ қаламгердің арқасында менің барлық музыканттарым қайтадан бір жерге жиналды, – дейді Макото Вада. 

Стен ГетцКітапты оқып отырып, тың мағлұматтарға тап болдым. Джаз өкілдерінің туындыларын тыңдағанда кейбір сәттер, сәулелі естеліктер көз алдымнан өтті. Чет Бейкер, Бенни Гудмен, Чарли Паркер, Фэтс Уоллер, Арт Блэйки, Дюк Эллингтон және Элла Фицджералд шығармашылығы ерекше тебірентті. Әсіресе, Элла Фицджералдтың «Summertime» атты туындысы жанға тыныштық, көңілге үміт сыйлады. «Just Squeeze Me», «My Little Brown Book», «Jitterbug Waltz», «Manhattan», «Almost Blue» – менің жанымның көшірмесі іспетті. Әуендерден өз-өзімді тапқандай болдым.   

Чарли КристианАйта кетейік, ғаламтор беттеріндегі мәліметтерге сүйенсек, алғашқы джаз музыкасы 1880-1890 жылдары пайда болған. Бұл жоғары интеллектуалды өнердің салқын джаз, прогрессивті джаз, қатты боп, модальді джаз, авангард, еркін джаз, фьюжн секілді стильдері бар. Стильдер қатарын әлі де жалғастыра беруге болады. 

Чет Бейкер

Джаз аспанында қанатын жазған...

Чарли Паркер – джаз жанрының жампозы. Бұрынырақ американдық актер, режиссер Клинт Иствудтың «Алтын глобус», «Оскар» және Канн кинофестивалінің екі бірдей сыйлығын иеленген «Құс» («Птица») атты фильмін тамашалаған едім. Бұл – Чарли Паркер жөніндегі биографиялық кино. Чарли саксофонда ойнағанда джаз көгінде құс секілді қалқиды. Оның екінші есімі – Құс. Джаз аспанында қанатын жаза қалықтаған Құс...

Чарли Паркер

Паркер өміріндегі маңызды кезеңдердің коллажы, оның тұла-бойды балқытатын блюздары қалың ойға шомдырады. Фильмде өнер иесінің АҚШ-тағы Канзас-Сити қаласындағы, Миссури штатындағы балалық шағы, Нью-Йоркте кешкен күндері суреттеледі. Чарлидің лирикалық әуендері талайға таңдай қақтырған. Ол өнер көрсеткенде жан-тәнімен беріліп, қара терге малшынып, музыканы шынайы жеткізеді. Кинода оның есірткіге тәуелді болғаны ашық көрсетіледі. Не себепті бибоп (АҚШ-та 1940 жылдары дамыған джаз стилі) бағытының үздігі есірткіге тәуелді болды? Қанша уақытын жоғалтып алды? Ол небары 34 жасында өмірден өтті. 

Қара түске боялғандар...

Муракамидың кітабынан тек Чарлидің емес, басқа да музыканттардың есірткіге құмартқанын байқадым. Мәселен, Чет Бейкер. Ол 1960-1973 жылдар аралығында, бақандай 13 жыл бойы есірткінің кесірінен көпшіліктің алдында өнер көрсетпеген. Стен Гетцқа да соның залалы тиді. Билли Холидей керемет дауысын жоғалтты, бес күн жалғанмен ерте қоштасты. Бұл джаз әншінің тағдыры туралы ойлағанда, оның өзі түгіл, менің жаным ауырып кетеді. 28 жасында ішімдікке «тұншығып» өлген Бикс Бейдербек бала күнінен пианинода ойнаған, 15 жасынан бастап кларнетті меңгерген. Кәсіби гитарист Чарли Кристиан 25-ақ жасында о дүниеге аттанды. Ғұмыры қысқа болғанмен, өнерге деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Джерри Маллиган да, альт-саксофоншы Арт Пеппер де, Декстер Гордон, Лестер Янг сынды тенор-саксофоншылар да есірткіден зардап шекті.  

Бикс БейдербекІшімдікті кезінде Сергей Есенин ішті, Мұқағали Мақатаев ішті. Өмірінің көп бөлігін ішімдік ішумен өткізген ақын-жазушылар, әрине, көп-ақ. Бұрын маған ішпейтін, темекі тартпайтын жан мықты ақын немесе жазушы бола алмайтындай көрінетін. Болса да, олардың жазғаны шынайы шықпайды деп ойлайтынмын... Билли Холидей

Айтайын дегенім, джаз жұлдыздарының арасында да «жақсылап ішімдік ішпесең, ара-тұра есірткінің дәмін татпасаң, сапалы музыка тудыра алмайсың» деген түсінік қалыптасты ма екен, кім білсін?! Неліктен олар өмірін қара түске бояп алды?! Бірін түсінгендей боламын, ал, бірін мүлде түсінбеймін... 

Марлен ҒИЛЫМХАН


author

Марлен Ғилымхан

АҚЫН

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...