Ресей сарбаздары берілген украин тұтқындарын атып тастаған, деп хабарлайды madeniportal.kz Ulysmedia...
Байқоңырда бес баласына қатыгездік көрсетті деген күдікпен анасына қылмыстық іс қозғалды
ашық дереккөз
Байқоңыр қаласында кәмелетке толмаған бес баласына қатыгездік танытты деген күдікпен 40 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Құзырлы органның мәліметінше, жергілікті тұрғын ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған. Прокуратура әйелге қатысты қылмыстық іс қозғау туралы шешімнің заңдылығын растаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2026 жылдың басынан бері бес баласының денсаулығына, тәрбиесіне және білім алуына тиісті деңгейде көңіл бөлмеген. Сонымен қатар оның балаларға қатыгездік танытқаны анықталғаны хабарланды.
«Күдікті 2026 жылдың басынан бері кәмелетке толмаған бес баласының денсаулығы мен рухани-адамгершілік тәрбиесіне қамқорлық жасауға, олардың негізгі жалпы білім алуын қамтамасыз етуге міндетті болған. Алайда ол балалардың тәні мен жанына жарақат салмай, дұрыс тәрбиелеудің орнына оларға қатыгездік танытып келгені анықталды», – деп мәлімдеді прокуратурадан.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Әзірге балалардың қазіргі жағдайы, оларға қандай көмек көрсетілгені және күдіктіге қатысты қандай бұлтартпау шарасы қолданылғаны жөнінде қосымша мәлімет жарияланған жоқ.
Айта кетейік, күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.