ҚАЗАНАМА Жоқ!.. Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар, Жазсам жайрап жаралы далаң қалар! Аруанадай аңыра...
Белгілі Бекеновтер белгісіз...
Ақмола өңірінде 1920–1950 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы деректер ІІМ арнайы архивінің Ақпараттық-аналитикалық орталығында сақталған.
Олардың мәліметіне сүйенсек, Ақмола облысы бойынша 6 090 адам қуғынға ұшыраса, 5 661-і ақталған. Ал 429-ы әлі ақталмаған. Қуғын-сүргінге ұшырап, «халық жауы» атанып, атылып кеткендердің қатарында Бекеновтер әулеті де бар.
Жүніс Бекенов – Солтүстік Қазақстан облысы (бұрынғы Чкалов ауданы) Көкшетау ауданы Қарағаш ауылының тумасы. Қарапайым шаруа, өмірінің көбі жалшылықта өткен. Кішкентайынан Қызылжардың бай-шонжары Майсовқа жалданып, өмір сүрген. Байлардың отымен кіріп, күлімен шыққан шаруаның ең үлкен байлығы – балалары еді.
Үлкен ұлы Сүлеке Бекенов – қанды репрессияның құрбаны. Ол да ағалары сияқты еңбекке ерте араласты. Жастайынан әкесінің жанында жүріп, тұрмыстың ауыртпалығын бір кісідей сезіп өсті. Еңбекқор, бейнетқор баланың қиындықта шыңдалып өспеуге құқы жоқ еді. Қарағаш ауылының дамуына ерекше үлес қосқан жанның бірі. Архивтен Сүлеке Бекенов туралы мынадай деректер таптық. Құжатта: «Қара-Ағаш аймақтық ауылдық кеңесінің Селько артеліндегі жолдас Бекеновтің ауызша мәлімдемесіне сәйкес, сіздер көршілес Тапшыл колхозына 700 гектарға жуық жер учаскесін нақты жер пайдаланудың бір бөлігін жобалап жатырсыздар, бұған Қара-Ағаш өкілі қарсылық білдіруде. Сонымен қатар мұнда Қара-Ағаш процесі көрсетілген, бұл жобаны жүзеге асыру кезінде олардан жалғыз суару шұңқыры кетеді, ал екінші колхоздың үй орталығы шекараларға жақын болмайды, бұл болашақта бірқатар түсінбеушіліктерге әкеледі. Жобаларды құрастыру кезінде мұндай кемшіліктерден аулақ болу керек» делінген.
Оның аты-жөні «Коммунистік Террор құрбандарын еске алу» кітабына енген: «1888 жылы туған, Солтүстік Қазақстан облысы Көкшетау ауданы, Қарағаш колхозында туғаны жазылады. Білімі – орташа, қызметі – колхозшы. Туған жері – Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Қарағаш ауылы. Тұтқынға алынған күні – 03.09.1937. Ұстаған – Көкшетау аудандық НВКД-сі. Сотталған күні – 26.11.1937. Үкім – ату жазасы» деп жазылған. Сүлеке Бекенов 1963 жылдың 28 желтоқсанында ақталған. «Қылмыс құрамы болмауы себебінен ақталды» деп жазылады. Осы бір жапырақ қағаздан басқа Сүлеке туралы ақпараттар жоқтың қасы. Неге сотталды, неден жазықты атанды, ненің құрбаны? Белгісіз... Миллиондаған құрбандықтардың қатарында тағы бір жан атылып кете барды. Сүлеке Жүнісұлының кінәсі бар ма деген азамат болған жоқ. Архив құжаттарындағы бірнеше беттік қағаз ғана жанын алуға себепкер болды. Ел жауларын ұстау үшін құрылған қара «құзғын» НКВД үшін қара танығанның бәрі жау еді. Тарихшы ғалымдар «бірнеше жылға созылған репрессия 1934 жылғы 1 желтоқсанда Саясибюро мүшесі және ВКП(б) ОК хатшысы, Лениградтық обкомның бас хатшысы С.Кировтың атып өлтірілуінен басталды» деп жазады. Кировтің өлімі Сталинге өзінің қарсыластары мен халыққа қарсы күш қолдануға мүмкіндік берді. Енді оған қарсы оппозиция өкілдері және саяси қызметтен кеткен тұлғалардың барлығы дерлік тұтқындалды. Зиялыларды жаудай қырған бұл зұлмат Сүлеке Бекеновті де жұлып кетті.
Жүністің екінші ұлы – Елжас Бекенов. Ол қазақ совет әдебиетінің көрнекті тұлғасы, әдебиетке өзіндік үлесін қосқан тұлға. Ол 1922–1924 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқыған. 1925–1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер, 1929–1931 жылдары Петропавл округтік «Кеңес ауылы» газетінде редактордың орынбасары, кейін редакторы болады. 1931–1933 жылдары «Ауыл коммунисі» журналында редактордың орынбасары, 1935–1938 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы «Ленин туы» газеттерінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік құпияны баспасөзде сақтау жөніндегі бас басқармада редактор болып қызмет атқарған.
Ол, яғни Елжас Бекенов – Смағұл Сәдуақасұлының сенімді серігі болған. Бұл туралы журналист Тілекқабыл Боранғалиұлы зерттеу мақалалар жариялаған. Бір суреттің тарихына қатысты «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тағы да Смағұлдың жігіттері» атты мақаласында: «Екінші қатарда сол жақтан екінші отырған Елжас Жүнісұлы Бекенов. Сәкен мен Сәбиттің сенімді серігі. 1925 жылдың қаңтары мен 1926 жылдың 15 қарашасына дейінгі аралықта «Еңбекші қазақта» тілші, партия-кәсіподақ бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Кейіннен «Ауыл коммунисі» журналы редакторының орынбасары, «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы болды. Жауапты қызметтер атқарып, көркем шығармашылықпен айналысып жүрген кемелді шағында 1938 жылдың құйынында кетті» деп жазады.
«Бидің жауыздығы» атты ең алғашқы әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланған. Кейінірек осы журналда «Ұлтшыл» атты әңгімесі мен өлеңдері жарық көреді. Одан бөлек, «Жәмила қалай сауатты болды», «Жаңа сәуле», «Біздің еңбек», «Жаңа жол бойында» атты әңгімелері мен повестері бар. Бекеновтің шығармалары Азамат соғысы, коллективтендіру кезеңіне, Түрксіб темір жол құрылысшыларына арналған. 1935 жылы «Ұлттық қозғалыс және ұлттық әдебиет» атты еңбегі жарық көреді.
Сәкен Сейфуллин өзінің «Көкшетау» поэмасын бірқатар ақын-жазушыларға арнаған, оның қатарында Елжас Бекеновтің де есімі бар.
Бекенов сын еңбектер де жазған.
М.Әуезов, С.Мұқанов, Ш.Иманбаеваның жекелеген шығармаларын талдап, пікір білдірген. 1936 жылы шыққан «Ұлт қозғалысы және ұлтшылдық әдебиет» атты ғылыми-сын еңбегі – осының дәлелі. 1938 жылдың қырғыны болмағанда, Елжас Бекеновтің қазақ әдебиетіне қосар үлесі зор болар еді. Оның қаламынан әдеби сын зерттеулер, көркем дүниелер туар еді.
Ұзақ жылдардан кейін Елжас Бекеновке Көкшетауда көше аты берілді. 2004 жылы Көкшетау қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімімен Застанционный поселкесіндегі Абай көшесін Елжас Бекенов атына ауыстырады. «Орнында бар оңалар» деген – осы, бүгінде ұлы Болат Бекенов әкесінің жолын жалғап келеді. 2003 жылы «Құмырсқаның көлеңкесі» атты кітабы шықты.
Ортаншы ұл – Кәкім Бекенов. Кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдардарға жалданып, жұмыс істеп ер жетеді. Көзін тырнап ашқаннан жоқшылық тауқыметін тартқан бала Кәкім де ауқатты байлардың үйінде жалшылықта болған. Бірақ бала кезінен бейнетқор, сергек сезімді бала тұрмыс ауыртпалығының астында бастырылып қалған жоқ. Ол өз бетімен талпынып, ауыл молдасынан хат таниды. 1915 жылы ауылға келген алғашқы мұғалім Сабыр Шәкіровтен дәріс алады. Қазан төңкерісінен кейін өз қолы өз аузына жетіп, еңбекке араласа бастайды. Алғашқы құрылыс жұмысына, яғни Көкшетау – Қызылжар жол құрылысына қатысты. Бұл – 1922 жыл болатын. 1928 жылы олар «Қарағаш» колхозына бірігіп, алғаш рет артель құрады. Оның төрағасы ретінде Кәкімді бекітеді. Артельге он отбасы қосылып, бірге жұмыс істей бастайды. Мұның бәрі кешегі кедей шаруалар еді. Көктемгі егіс науқанына қажетті құрал-жабдықты өкімет өзі қамтамасыз етеді. Алғашқы егіннен мол өнім жинап алады. Бір жыл ішінде кедей шаруалардың тұрмысы түзеліп, дәулеті арта бастады. Шағын артель кеңейіп, 50 әулетке жетті.
1925 жылдың шілдесінде аймаққа ақын Сәкен Сейфуллин келді. Елге белгілі революционер ақынның келетіні туралы ақпардан аймақтағылар хабардар болатын. Ол жылдары аудан орталығы Аймақ ауылында орналасқан. Аймақтағылармен емен-жарқын әңгімелескен ақын ауылдағы ағайынның береке-бірлігіне тәнті боп, жас төрағаның жұмысын жоғары бағалайды.
Бұл уақыт – бай мен кедейдің тартысы жүріп жатқан кезең. Шаруаға жер жетпейді, байлар өз нәсібінен айырылғысы келмейді. Шонжарлардың иелігіндегі аймақты кедейлерге бөліп беру үшін біраз айтыс-тартыс болады. Сол кезеңді көзбен көрген Әшім Ақтайлақов кейін өз естелігінде: «Талай шешен адамдарды көріп едім, Сәкен Сейфуллиндей білімді, білгір адамды бірінші тыңдадым» деп жазады. Сол жолы Кәкім Бекенов Сейфуллиннің сенімді серігіне айналып, ол айтқан тапсырмаларды бұлжытпай орындап, көңілінен шығады. Сәкен жас жігіттің арқасынан қағып, қанаттандырып қайтады.
Түрлі басшылық қызметті атқарған ол, 1942-45 жылдары Ұлы Отан соғысына аттанып, совет әскері қатарында сұрапыл соғыстың да дәмін татты. Бір әулеттің ортаншы ұлы Кәкім туралы жылы естеліктер өте көп. Қарапайым, еңбекқор, әділ, шыншыл азаматты айналасы да ерекше қадір тұтты.
Кәкім аға одан кейін де талай жауапты жұмыстарды атқарды. Өз ісін терең меңгерген жігіт Қарағаш, Тапшыл секілді ауылдардың негізін қалады. Елдегі ағайын да Кәкім Бекеновті құрметтеп, өздеріне дос, сенімді серік санаған.
Жүністің ең кенже ұлы Кәрім Бекенов те қара жаяу болмаған. Ол 1898 жылы дүниеге келіпті. Көкшетауда мектеп бітіріп, Алматыдағы педагогика институтын тәмамдаған. Қазақ педагогикалық институтында аспирантурада оқи жүріп, Қазақ медицина институтында қазақ тілінен дәріс оқиды. «Қазақ тіліндегі сөзжасамның анықтамалық категориясы мен синтаксистік тәсілі» атты диссертация тақырыбын бекітеді. Диссертациясын Ленинградта (Санкт-Петерборда) қорғаған. Оның тұрған үйі де белгілі: Добролюбов даңғылы, 6/2 үй, 142 пәтерде тұрды. 1937 жылы диссертациясын сәтті қорғап, филология ғылымдарының кандидаты аталады.
Кәрім Бекенов Мұхамеджан Қаратай, Хамза Есенжанов, Ағыбай Ордабаевпен жақсы жолдас болған. Ағыбай мен Кәрім Ленинградта бірге оқыған. Сол кездері оқу-ағарту саласында қызмет істеген қазақтың көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлері Сейтқали Меңдешов, Темірбек Жүргенов, қазақ тілінің теориялық негізін салушы профессор Құдайберген Жұбановтың назарына іліккен бір топ талантты қазақ жастары Ленинград қаласындағы университет аспирантурасына жіберіледі. Олардың қатарында: Тайыр Жароков, жазушы Хамза Есенжанов, академик Мұхамеджан Қаратаев, профессор Мәулен Балақаев пен Белгібай Шалабаев, Кәрім Бекенов пен Ордабай Ағыбаев та болған. Кәрім мен Орадабай 1937 жылы аспирантураны үздік бітіріп, сол жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Кәрімнің ғылыми жетекшісі Александр Константинович Боровков болған. Ол 1904 жылдың 16 наурызында Ташкентте дүниеге келген. Тіл білімін терең меңгерген ұстаздан дәріс алған шәкірт диссертациясын да сәтті қорғап шығады.
Кезінде Ленинград университеті Кәрім Бекенов, Ордабай Ағыбаев пен М.Балақаевтың жұмысына қатысты мынадай пікір берген екен. «Осы жылдар ішінде олардың білім алуға деген құлшыныстары артып, көкжиектері кеңейген. Ағыбаев пен Бекеновтің дайындығы жаман емес. Жыл соңында, жалпы тіл білімі мен жалпы фонетикадан курс алып, тілге қатысты сауалдарды жіктеп, жіліктей алатын болды. Қазақ тіліне қатысты зерттеу тақырыптарын да өздері таңдап, терминологияны да меңгеріп шықты. Әлі де болса орыс тілін меңгеру үшін көп жұмыс істеу қажет» дей отырып, олардың жұмысына 4 деген баға қойғанын айтады. Кәрім Жүнісұлының диссертация жұмысының көшірмесі, мінездеме, шолу, пікірлердің дені Санкт-Петербор Мемлекеттік университетінің архивінде сақталған. Ол құжаттардың көшірмесі ғана қолға тиді. Ал негізгі жазбалар сонда қалып қойған.
Қуғын-сүргін басталған 1937 жылдың дүрбелеңі Кәрім Бекеновтен айналып өтпеді. Сол жылдың 17 сәуірінде Ленинградта тұтқындалады. НКВД-нің үштігінің қаулысы бойынша тұтқынға алынып, атылып кетті. Айып – «Алашордашылардың белсенді тобының басшысы» болғаны...
Дереккөздерге сүйенсек, Ленинград қаласы мен өңірлерінде тұрған, 1937–1940 жылдары репрессияға ұшыраған тұлғалардың дені Ленинградтағы Левашов поселкесінде жерленген деседі.
Жалпы, зұлмат жылдардың, әсіресе репрессия іс-әрекеттерін айғақтайтын құжаттарға көптің қолы әлі жеткен жоқ. Бұл туралы қанша жазылып, айтылып жатса да, толық зерттеліп-зерделенбеді. Ақтаңдақтарды ашуға ешкім асығып отырмаған секілді. Тарихи құжаттар толық елге оралған жоқ. Бекеновтің бірі Ленинградта, бірі Көкшетау өңірінде атылса, енді бірінің қайда қуғындалғаны белгісіз. Ешқандай дерек жоқ.
Атаусыз кеткен аталарының жоқтаушысы болып жүрген бір жан бар: ол– сенатор Талғат Жүнісов. Бекеновтер әулеті туралы деректер мен дәйектерді іздеп, архив құжаттарын ақтарып жүрген де жалғыз өзі. «Тектінің тұяғы, асылдың сынығы» деген осы шығар. Талғат Тұрлыбекұлы – қазір Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі. Әділетті Қазақстан қоғамын құруға белсене атсалысып келе жатқан азамат.
Талғат Тұрлыбекұлы 1963 жылдың 3 шілдесінде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген. Көкшетау Ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик, «Фемида» заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Техника ғылымдарының докторы, академик. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ассистент, доцент, ауыл шаруашылығы институты директорының орынбасары, сырттай оқытатын бөлімшенің деканы, проректор лауазымына дейінгі қызмет жолынан өткен. Білім және ғылым министрлігінде қызмет атқарған. 2002–2008 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры, 2008–2012 жылдары Рудный индустриалдық институтының ректоры, 2012–2014 жылдары Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, 2014–2016 жылдары Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры болып қызмет атқарды. «Ұлттық аграрлық ғылыми-оқыту орталығы» ҰАО Басқарма төрағасының орынбасары болды. Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы, Ақмола облыстық мәслихат төрағасы болып еңбек еткен.
Кезінде тоталитарлық билік жүргізген зорлық-зомбылық науқандары мен саяси қуғын-сүргіндер қасіреті бұл әулетті айналып өтпеген. Көптеген құжат мемлекеттік архивтерде қатталып жатқаны баршамызға мәлім. Сол архивтерді жаңадан парақтап, құпия сандықтары ақтару қажет-ақ. Бір ғана Бекеновтер әулеті ғана емес, сондай-ақ жазықсыз сотталып, «итжеккенге» айдалған, қылмысы дәлелденбесе де, «халық жауына» айналып, атылған, оққа ұшқан талай азаматтың қасіретті тағдыры туралы деректерді тауып, тарихи әділдікті қалпына келтіргенді жөн деп білеміз.
Г.ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ
aikyn.kz