Атырауда алғаш рет қуыршақ театры ашылады. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының дирек...
Жетісай театрында жаңа шығарма
Қазақ театрлары сахналарында соңғы кезде аналар тақырыбы көптеп көтеріліп жүр. Мәселен, Е. Ионовтың «Ана жүрегі» (Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры), Ә. Рахаттың «Туған күніңізбен, анашым» (StartDrama театр лабораториясы), Ф. Зеллердің «Ана» (Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры), т.б. шығармалары бойынша қойылған спектакльдер қоғамдағы ана орнының маңыздылығын айқындап береді.
Сондай тақырыпты қозғаған Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында ағымдағы жылдың қыркүйек айында Аридаш Оспанбаеваның режиссурасымен башқұрт жазушысы Айгиз Баймухамбетовтың «Тастамашы анашым» повесі бойынша сахналанған спектакльдің премьерасы өтті. Театртанушы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы Айжан Ахмет, осы оқу орнының «Театртану» мамандығы бойынша білім алып жатқан 4-курс студенті Құралай Асанқызы мен 3-курс студенті Алима Нисангалиева аталмыш спектакльдің премьерасын көруге және талқылауға арнайы шақыртылды.
А. Оспанбаева басты кейіпкер Ілияс пен Даянды орындайтын артистерді екі құрамға бөле отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдаған. Негізінен бұл қойылым Ілиястың ішкі күйзелісімен қоса ата-аналарынан айырылған басқа да жетім балалардың аянышты тағдырын баяндайды. Режиссер алғашқы көріністе Ілияс пен бауырларының әкесінен айырылуын ағашқа ілінген шапанды көтеріп шығып, сахнаның оң жағындағы ашық тұрған ойға жылдам әрекетпен тастай салуы арқылы білдіреді. Бұл іс-қимылдан олардың әкелері Ғизаттан ерте айырылғанын түсінеміз. Сондай-ақ, осы көріністе ұлттық дәстүр бойынша марқұмның үстіне құм тастап, құран бағыштайды.
Бірінші құрамда ойнаған Бейбарыс Ұзақбаев ата-анасынан айырылған Ілиястың жан айқайын сезіне отырып, ерте есейген қатқыл мінезді бозбаланы бейнелесе, екінші құрамдағы Елдос Ақылов пьесада суреттелген кішкентай баланың ерке мінезін көрсетті. Яғни, бірінші кейіпкерге балалық жетіспесе, екіншіге есейгендік аздық етті. Ата-анасынан ерте айырылған Ілияс – Б. Ұзақбаев оларды есіне алып жылаған сәтінде біз оның ішкі дүниесіндегі сағыныш сезімін, жан айғайын байқаймыз. Ал, Ілияс – Е. Ақылов әкесінің көзі тірісінде-ақ оған деген балалық махаббатын көрсете білсе, әкесінен айырылған тұста да сол қалпында еш өзгеріссіз қалып қойды.
Денис пен Ахметті қатар орындаған Асылбай Тәжен екі түрлі кейіптегі, екі түрлі мінездегі екі адамның бейнесін шынайы жеткізе білді. Қулығы да бар, бірақ өте аңғал, арманшыл Денис – А. Тәжен Ілияспен бірге авансценаға барып отырады. Екеуіне түсірілген жарықтың аясында Денис аяқ киімінен ұрлап алған бір түйір алма шығарады. Олар жанған шамның жарығында армандарын айтып, алманы теңдей бөлісіп жейді. Көпшілікке жақын отырған мизансценасынан әрбір көрермен кейіпкерлердің әлеміне еніп, екі достың арманына бірдей сапар шеккендей болады.
Балалар үйіндегі асыраушыларға қалай жағымпаздануды, көзге қалай түсуді, қалай момақан бола қалуды, қалай сәлемдесуді Ілиясқа үйреткенде Денис – А. Тәжен достарын сендіре алатын өзіндік қылықтарымен, сахналық сөйлеу мәнерімен көрермен назарын ұстай білді. Ал, Ахметті тағдыр ерте есейткен, өз істегеніне жауап бере алатын, ештеңеден жүрексінбейтін батыл кейіпте көрсетеді. Тіпті ол тастап кеткен анасын тауып, одан жылы сөз күтеді. Алайда сағынып барғанда көкірегінен итерген анасының әрекетіне төзе алмай, оны өлтіруге мәжбүр болады. Оның бас бостандығынан айырылғанын сахна сыртынан берілген «Ахмет өз анасын өлтірді. Ол өзі істеген ісін мойындап, өкінбейтінін айтты. ҚР қылмыстық кодексінің 99 бабының 22 тармағына сәйкес бас бостандығынан айырылды» деген хабарламадан байқаймыз. Осы сахнаны А. Оспанбаева кейіпкердің үстіне қызыл бояу төгіп, ағашты балтамен шабуы арқылы көрсетеді. Әрине бұл – жас бозбаланың балтамен шабылған өмірі.
Балалар үйінің жетекшісі Мавлинаны Бақытгүл Калдарбекова орындайды. Аяғына киген қызыл туфлиінен оның қанша қатал болса да ішкі дүниесі нәзіктікке толы жан екенін аңғару қиын емес. Қойылымның алғашқы күнінде оның қызыл аяқ киімі ойнатылмай, бұл детальдың мағынасы түсініксіз болып қалғанын жасырмаймыз. Алайда талқылау барысында айтылған сынды ескеріп, өз қателіктерімен, кейіпкермен жұмыс жасап, нәтижеге қол жеткізуі өз роліне деген жауапкершілікті көрсетеді. Актриса шығарманың екінші қойылымында қызыл туфлиді алдыңғы планға шығарды.
Қойылымда ерекше ойынымен көзге түскен Фарит роліндегі Сахитжан Арипханов тұтығып сөйлейтін, аяғын сылтып басатын баланың бейнесін жасаған. Пьесадағы кейіпкердің бойында жоқ мұндай кемшіліктерді қосу арқылы режиссер А. Оспанбаева мен актер С. Арипханов қоғамдағы ақсап жатқан мәселелердің барын аңғартады.
Даянды да біз екі түрлі кейіпте көре алдық. Алғашқы қойылымда Ө. Айдаровтың дене бітімінен, оғаш іс-қимылынан қаланың сотқар баласын көрсек, Нұрғиса Искендировтан шығармадағы нағыз Даянды аңғарамыз. Ол балалар үйінің үлкені ретінде ұл-қыздарға тапсырмалар беріп, қоқан-лоққы көрсетеді. Балалар үйінде тәрбиеленушілерді жинап, біреуіне «тамақ әкел», енді біреуіне «тәтті әкел» дейді. Ал, Ілиястың ақылдылығын, қайсарлығын сезіп, оған «қалтам толатындай ақша әкел» деп басқаларға айтпаған өзгеше тапсырмасын береді. Сол кезде басқа жеткіншектер көрермен отырған залға шығып, әркімге қолдарын созып, көмек сұрай жөнеледі. Қолдарынан келгенше тапқан заттарын алып баруға тырысады. Одан кейінгі көріністе өзара ойнап отырып, Фаритты Даян терезенің алдынан итеріп қалады. Сөйтіп, жарымжан болып туылған бозбала өлім құшады. Осы тұстағы Фариттің өлімін оның өзінен деп тануы, яғни балалар үйі қызметкерлерінің үнсіз қалуы біздің қоғамда қаншама бүлдіршіннің жазықсыз құрбан болып жатқанын айғақтайды.
Махаббаттың буына еріп, соңында аяғы ауыр болған Алинаның бейнесін Жанар Әнуарқызы алып шықты. Оның тағдыры қазіргі жастардың өз өмірлеріне, өздерінің болашағына деген жауапкершіліктің жоқтығын анықтап береді. Сонымен бірге бұл жерде бүгінгі жеңіл ойлы жігіттердің де бейнесі бар.
Жалпы бала кезінен-ақ осындай түрлі тағдырлы, өмірдің қиындығын бастан кешкен балалардың халін баяндайтын, ата-ананы тірі кезінде қадірлеп, аялау керектігін ұғындырған бұл қойылым жетісайлық көрерменге ерекше әсер етіп қана қоймай ой сала білді деп білеміз. Екі күн қатарынан қойылған спектакль барысында айтылған сынның уақытында орындалғаны, роль орындаушылардың өздерінің кейбір қателіктері мен жетіспей жатқан тұстарын түсініп, әрі қарай жақсы жұмыс жасап, ізденіп жатқандары қуантады. Сондықтан ұжымның жоқтан бар жасап, өздерінің шығармашалық-сахналық қарым-қабілетіне сай спектакль қойып жатқандарының өзін айтарлықтай жетістік деп білеміз. Мәдени орталықтан алыс жатқан Жетісай театрының репертуарынан алдағы уақытта көркемдік деңгейі бұдан да жоғары қойылымдар көруге ниеттіміз.
Алима НИСАНГАЛИЕВА,
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, 3 курс студенті